[cg_gallery id=»6″]
Қазақ фольклорында бірде ұнамды, бірде ұнамсыз кейіпкер ретінде сомдалатын, көп шығармаларда негізінен жағымсыз бейне ретінде танылатын тылсым күш иелерінің бірі – диюлар, дәулер және алыптар.
Қазақ мифологиясын зерттеуші ғалым С.Қондыбай: «Дәу» – парсы поэзиясы арқылы енген термин, ол жалпы үндіевропалық «диос», «дайва», «дэв» – сөзінен өрбіген, мағынасы «жарық аспан» дегенді білдіреді, – деген пікір айтады. Ғалым «Дию» образының түп төркіні ирандық болып келеді, – дей келіп, – дәу образын қарастырғанда екі мәселені білу керек, бірінші – иран-парсы сөзі мен образдарының қазақтарға белгілі болуы, екіншісі – дәу, алып адам тәрізді мифтік пенде образының басқаша атпен ежелгі түркілерге белгілі болуы. Ирандық образ ежелгі түркілік образды толықтай дерлік ығыстырып шығарған, – деп қорытады.
Фольклор – халықтың сонау ерте заманнан бүгінгі күнге жеткен құнды қазынасы. Фольклорлық туындылар оны жасаушы халық туралы тілдік, этнографиялық, тарихи тұрғыдан мол мағлұмат береді.
Алғашқы қоғам дәуіріндегі адамдар ұғымында табиғаттың кез-келген құбылысының иесі (таудың, тастың, орманның, көлдің киесі) бар. Ол сол жерді қорғаштап жүреді деп сенген. Яғни, өзінің иемдену мүмкіндігі болмаған жердің бәрінде (айдалада, елсіз жерде немесе жердің астында ие –Құдайлар яғни Дәулер образындағы құдайлар болады деп есептеледі.
Кейін адам санасының өзгеріп табиғат сырын тани бастаған тұста тау мен тасты қозғайтын дәулер қаңбақ шалдан жеңіліп дәрменсіз күйге дейін өзгеріп, түрленген.
Зерттеуші Б.Әбжеттің пікірінше, «Түркі және Иран халықтары ертегілеріндегі мифологиялық кейіпкерлер» кітабында «Дәу сері», Авестада daeva, пехлева тілінде dev деп ежелгі үнді тілінде deva болып, мағынасы Құдай дегенді білдіреді.
Евразия халықтарының көпшілігінде, Үндістанда, Грецияда өзінің бастапқы мағынасын сақтайтын бұл сөз иран тектес халықтарда тек ертегілерде ғана кездесетін мифологиялық сарқыншақ ретінде сақталған, бұған Заростризм дінінің әсері қатты болуы мүмкін. Өйткені кез келген жаңа дін бұрынғы наным-сенімдердің негізін жойып, өз мәртебесін мойындатуға күш салады.
Алып, дәу, дию аталатын асқан күш иелері туралы шығармалардың мазмұны жағынан әркелкі болып келуін, бір бейненің бірде ұнамды, бірде ұнамсыз кейіпте сомдалуын заман ағымы мен діни танымның даму ерекшелігіне байланысты деп түсіндіруге болады. Фольклорлық туындыларды салыстыра зерделегенде жоғарыда аталған кейіпкерлердің көркем бейне ретінде эволюциялық өзгеріске ұшырап, атқаратын қызметтерінің ауысып отыратынын көреміз. Енді осы кейіпкерлерге жеке-жеке тоқталып, суреттемесін берейік.
- ДИЮ – көбіне шығыстық сарындағы қисса-дастандарда кездеседі. Фольклорлық мәтіндерге сүйене отырып, дию – сиқырлы күш иесі, ол ұша алады, адамның тілегін орындай алады деп анықтама бере аламыз. Қазақ фольклорындағы осы қорқынышты алып құбыжықтың есімін ғалым С.Қондыбай парсылық «див» сөзінен таратады. Диюлар пері, жын, шайтандар тәрізді қауымдасып күн кешеді. Олардың өздерінің елі, құрған патшалығы болады. Қазақтың дәстүрлі дүниетанымында жын, дию, пері – аспан әлемі мен жер бетіндегі аралықта өмір сүретін тылсым күш иелері. Фольклорлық шығармалардағы диюлар – адамдар секілді тамақ ішеді, үйленеді, көбейеді, өледі. Еркек диюлар сұлу қыздарды ұрлап әкетіп, зорлықпен некелесіп, жұптық өмір сүреді. Осы тұрғыдан алғанда оларды екі рухани әлемнің қасиеттері бар, аралық бейнелерге жатқызамыз.
Зерттеуші И.С. Брагинский «Из истории таджикской и персидской литературы» атты еңбегінде: Ежелгі үнді-европа халықтары мифологиясында дию құдай бейнесінде суреттеледі. Мәселен, бұл сөз «daіva» (түптөркіні dіu – «жарық беру, сәуле түсіру», «аспан») деген түбірден туындаған. Кейіннен, нақтырақ айтқанда б.з.б. ғасырда иран патшасы Ксерокс диюға қарсы үкім шығарып, Ахурамазда (Заратуштра) культін халыққа дәріптейді. Сол себептен де «Шахнамада» парсы батыры Рүстем диюға қарсы күресуші қаһарман ретінде сомдалады. Осындай өзгерістердің салдарынан дәудің жағымсыз тұлғасы қалыптасады да, біртіндеп парсы тілінде «dіv – жын-шайтан, қаскөй күш, құбыжық, нақұрыс» деген мағынаға ие болады. Тәжіктерде «сафед–дәу», яғни ақ дәу мейірімді, ал қара дәу қаскөй күш, – деп бұл бейнеге анықтама береді.
Ғалым Р. Бердибаев «Қазақ-башқұрт фольклорлық байланысының кей сұрақтары» атты зерттеуінде «Башқұрттар мен Қазан татарларында «дию-пері» демонологиялық кейіпкер болып табылатындығын айтады. Ғалым: «Олардың түсінігінде дию-пері жер астында, терең судың түбінде өмір сүреді, адамдарды есін адастырып ұрлап әкетеді, үйленеді, кейде үйіне қонақ етеді, ас береді. Дию-пері әртүрлі пішінде болады, негізінен адам келбетті, олар дастарқан жайғанда «бисмиллә» деп қалсаң, ұсынған тамағының бәрі жылқының құмалағына айналады да, өздері зым-зия жоғалып кетеді-мыс. Сонымен бірге башқұрт мифологиясында дию-пері желдің иесі, адам секілді тіршілік етеді-мыс. Башқұрт халқындағы «Кузы-Курпес, Маян-Хылу» эпосында тағы бір дию-пері деген жаны берік мақұлық кездеседі, оның тек қана өкшесін жаралап өлтіруге болатын көрінеді» – деген мағлұматты береді.
Алғашқы қауымдық құрылыста өмір сүрген адамзат баласының ұғымында кез келген мекеннің, таудың, даланың тоғайдың, орманның, көлдің, т.б. өзіне тән киесі, сол жерді қорғаштап жүретін өз құдайлары бар деп түсінген. Мифологияда кездесетін дәулер сол кездегі адамдардың ұғымындағы әр мекеннің, жердің иесі, ұсақ құдайлары болып есептелген. Қазақ ертегілерінде немесе түсінігінде дию соншалықты қаскөй күш ретінде суреттеле бермейді.
- ДӘУЛЕР сиқырлы күштен гөрі қара күштің иелері. Олардың атқаратын қызметі екі сипатты болып келеді, яғни бір сюжеттерде олар жақсы қасиеттерге ие болып, адамға көмектеседі, ал екінші сюжеттерде олар адамға қарсы күш ретінде сипатталады.
Дәудің шығу тарихы туралы Б.Әбжеттің «Түркі және Иран халықтары ертегілеріндегі мифологиялық кейіпкерлер» (Түркістан, «Тұран» баспаханасы, 2007) еңбегінде: «Ертегілерде кездесетін мыстан кемпір де, дәу де Азия халықтарының ішінде кең тараған көне образдар екендігі анық. Оның шығу тарихы сонау қола дәуірінде өмір сүрген адамдардың алғашқы наным-сенімдерінен бастау алады. Жарық дүние құдайлары мен өлілер дүниесінің билеушілері жалғыз көзді дәулер арасында болатын соғыс жайлы исседондардың дуалистік мифінде кездесетін сюжеттер кейін скиф тайпаларына өтіп, одан европа халықтарына тарайды, – десе, ғалым Е.Тұрсынов: «Итак, образ глупца, все делающего невпопад, генетически восходит к представлениям о мире мертвых и его обитателях, возникшим в эпоху разложения первобытных верований и окончательно оформившимся в эпоху бронзы. Конкретнее – к бытовым рассказом, в которых герой надевал личину обитательность и одержать над ниму победу или что-либо выкрасть. Значительное число таких рассказов вошло составной частью в героический эпос, в бытовую и волшебную сказку» деген деректерді келтіреді.
Енді осы бейнелерге жеке-жеке тоқталайық:
- Адамға қас, онымен қоректенетін хтоникалық бейне:
1.1. Қара дәу – «Құйым батыр» ертегісінде кездеседі. Ол – Бұтыр ханның қорығының күзетшісі. Ертегіде Қара дәуді: «Ол бір құлағын жамылып, бір құлағын төсеніп жатып күзетеді екен. Қара дәу айғайлағанда мал тұрмақ, құрт-құмырсқа да ол маңайға жоламайды екен» – деп сипаттайды. Бұл топтағы дәулер негізінен адам етімен қоректеніп, елсіз тау мен тасты мекендейді. Адам аяғы баспайтын жерде адамзаттың қолына түспейтін дүниені күзетеді. «Үш жолаушы және дәу» ертегісіндегі дәу де осы топқа жатады. Ертегіде дәудің күшінен гөрі ашкөздігін сипаттау көзделген. Мұнда дәу жолаушыларды үйіне шақырады. Ертегіде: «Баяғыда бір дәу болыпты. Оның үй-жәйі, әйелі болыпты. Үйінің есігі төбесінде болған. Келген адам сол есіктен кіретін болыпты» деп, дәудің үйін адамның үйінен өзгеше етіп суреттейді. Үйіне кірген жолаушыларды байлап-матап тастап, жеуге көшеді.
1.2. Жалғыз көзді дәу – бейнесі бірнеше ертегіде кездеседі. Соның ішінде «Жалғыз көзді дәу» атты ертегіде Дәу дүлей күштің иесі ретінде суреттеледі. Ертегідегі:
Бір күні аң аулап, шаршап, қатты ұйықтап кеткен екен, жер сілкінгендей дүбір, жер жарылғандай айғайлаған дауыстан оянып кетеді.
«Бұл не сұмдық», – деп орнынан ұшып тұрып, сарайдың терезесінен қараса, маңдайында жарқыраған жалғыз көзі бар дәу айғайлаған даусы жер жаратындай, астындағы мінген қара тұлпарының тұяғы тиген жер жерошақтың орнындай опырылып, буы бұрқырап, осқырынған күйінде сарайға шауып кіреді.
Жігіт сарайдың иесі осы жалғыз көзді дәу екенін біледі. Жалғыз көзді дәу тұлпарынан түсіп, сарайда бөтен иістің бар екенін сезіп, жалғыз көзі отша жайнап: «Кім бұл менің сарайымды иемденген, қазір көзіңді құртайын?!», – деп айғай салады» деген үзіндіден оның осал жау еместігі көрінеді.
Ертегіде дәу қырық күн, қырық түн ұйқы көрмей, тамақ ішпей, ел шауып, неше түрлі зұлымдық істеп, сарайына әбден әлсіреп келеді екен. Ол сарайына келген соң, қырық күн ұйықтап әбден әлденіп, қайтадан жорыққа шығып отырады екен деп баяндалады.
Мұндай адам жегіш дәу «Ақжан батыр» ертегісінде де бар. Оны өлтіру де оңай емес. Бұл ертегіде: «Есіктің тұсына таман қарсылай жүрсе, үйдің нақ ортасында жалғыз көзді дәу қолына үйде қалған байдың інісін алып, оны отқа қақтап жеп отыр екен дейді. Ақжан батыр киіп кетіп, жалғыз көзді дәудің тап көзінен көздей отырып, саржамен атады. Сол кезде дәу алты қанат киіз үйді көтеріп ала жөнеледі», – деп суреттеледі.
Жалғыз көзді дәу қазақ иран, араб ертегілеріне ортақ образ. Бұл жөнінде ХІ Көроғлы Геродот еңбектерін терең талдап жазу арқылы түсіндірген.
Батыс пен Шығыс халықтарының көпшілігінде кездесетін жалғыз көзді дәу образы жайлы Едіге Тұрсынов ежелгі түркілердің дуалистік мифінде айтылып, кейін скифтер арқылы гректерге өткен деп тұжырым жасаған.
Зерттеушілердің болжамы бойынша қазақ ертегілеріндегі дәулер жалғыз көзді болса, парсыларда екі басты дәу жиі кездеседі. Яғни бұл мифологиялық кейіпкерлердің әр халықтың фольклорындағы ерекшелігін көрсетеді.
1.3. Жеті басты дәу – «Керқұла атты Кендебай» ертегісінде бейнеленеді. Ертегіде: «Бір уақытта алдарынан бір үлкен тау көрінеді. Тау теңселіп, қозғалып бұларға қарай жақындап келеді. Бұл, жеті басты дәу еді…
Кендебай қолына жүз батпан шоқпарын алып, Керқұла аттың барлық шабысымен дәуге қарсы шаба жөнеледі. Көзді ашып-жұмғанша ағып өтіп бара жатып, салып кетеді, Дәудің бір басы ұшып түседі. Кейін қарай шауып, тағы соғып өткенде, екінші басы ұшып кетеді. Осылай ерсілі-қарсылы жеті өтіп, жеті рет соққанда жеті басы бірдей ұшып кетіп, дәу төңкеріле құлайды. Кендебай дәудің көзін ойып, қоржынға салып алады», – деген үзіндіден дәудің болмыс-бітімін анық аңғаруға болады.
1.4. Шойынқұлақ – «Ер төстік» ертегісіндегі ұнамсыз бейне. Қазақ фольклорында дәулер бейнесіне тән трафареттік қасиеттер бар. Олар: жалмауыздың баласы, әкесі не күйеуі болады, адам аяғы баспайтын жерді мекендейді, асқан күш иесі болады, жанын оңайлықпен бере қоймайды.
Жолаушыны алдап түсіріп я болмаса, дәулермен арасын бітістіретін дәулердің шешелері туралы көп айтылады. Яғни бұндағы дәулердің шешесі ежелгі матриархат дәуірінен қалған белгілер.
Осы трафареттік қасиеттердің бәрі Шойынқұлақтың бойында бар. Ол – жалмауыз кемпірдің жалғыз ұлы. Перінің қызы Бекторы оны жер асты патшалығынан жер бетіне шығатын жолды күзеттіреді. Оның жаны бөлек жерде сақталады. Асқан күштің иесі болып табылады. Сөзіміз дәлелді болу үшін ертегіден үзінді келтірейік:
Арт жағынан қайқы қара елік те суға бас қояды. Еліктер өте шөлдеп қалған екен, суға тойып, қарындарын қампитып, қайқайып шыға береді. Әсіресе, қайқы қараның қарны жер сызып, суаттан бұрыла берген кезде, Төстік қарнынан дәл көздеп садақты тартып қалады, қарны ақтарылып, тоғыз қара сандық жерге сау ете түседі. Ең кішісін ұстап алып, Төстік ашып жіберсе, іші толған балапан, шүпір-шүпір етеді. Санап жіберсе, тоғыз балапан екен. Сегізінің мойнын жұлып алып: «Шойынқұлақты шалажансарында бір көрейін!» – деп соның үйіне тартады.
Шойынқұлақтың үйіне жақындағанда Күңке алдынан шығады.
«Шойынқұлақ қалай?» – деп сұрайды Ер Төстік.
«Шойынқұлақ әлсіреп жатыр», – дейді Күңке.
Келсе, Шойынқұлақтың кірпігі зорға қимылдайды, болар болмас қана демін алып жатыр екен. «Е, батыр, қалайсың?» – деп, Ер Төстік мазақтап жақындай бергенде, Шойынқұлақтың қолы Ер Төстіктің жағасына сап ете қалады. Екеуі алыса кетеді. Төстік: «Оп-оңай-ақ жерге жаншып тастаймын ғой», – деп ойлап еді, Шойынқұлақ әл бермейді. Енді біраз алысқан соң, Шойынқұлақтың күшейіп бара жатқандығы байқалады. Төстік буынып қара терге түсіп, әлі кетіп бара жатады. Төбесінен тау басқандай, денесін темір тор шырмағандай болып көрінеді. Осы үзіндіден көріп отырғанымыздай, Ер Төстік Самұрық құстың ақылымен Шойынқұлақтың жанын қолына түсіріп, тоғыз балапанның басын бұрап үзгенде ғана оны жеңе алады. Әйтпесе, Шойынқұлақты жеңер дәрмен жоқ.
- Адамға қастығы да жоқ, адамға достығы да жоқ аралық бейнелер:
2.1. Үлкен дәу, ортаншы дәу, кіші дәу – «Тотан батыр» ертегісінде бар. Ертегіде: «Күндердің бір күні бұларға Ұлытау көрінеді. Жақындағанда таулар біріне-бірі соғылып, қозғалып тұрады. Бұлар таңданысып тұра қалады. Бәрі жақын баруға қорқады. Жолдастарын осы араға қойып, Тотан өзі барады. Егер бір жанжал бола қалса, жолдастары көмекке әзір тұрады.
Келсе, бұл тауды бір дәу мекен етеді екен. Оның үш баласы бар екен. Балалары еншіге таласады екен. Әкесі: «Олай болса, әрбіріңе күштеріңе қарай енші беремін. Қайысыңның күшің көп болса, өзімде қаласың!» – деп, тауды көтертіп тұр екен. Таудың бірдей болмауы себебі – әрқайсысының жасына, күшіне қарап көтерткен екен. Тауды көбірек қозғап тұрған кіші ұлы екен, – делінеді. Бұл ертегіден дәудің бала-шағасы болады деген түсінік айқын аңғарылады.
Қазақ ертегілерінің көбінде дәулерді үш ағайынды деп суреттеу жиі кездеседі. Бұл сюжет «Қаңбақ шал» ертегісінде де бар. Ертегідегі:
– Аспанға лақтырсам, аспан жерге айналып түседі ау деп, жерге қақпай түсірсем, жер ортасынан ойылып түсе ме деп қауіп қылып тұрмын дейді. Сонда дәу келіп, шалдың қолынан ұстай алады да:
– Ақсақал лақтырмай ақ қой, текке қырыламыз – деп жалынып қойғызады.
Дәудің ақылы таяздығын біліп шал ерленіп, дәуге:
– Кел жердің ішек қарнын шығарйық – дейді» немесе,
– Басқы дәудің басын ас, ортаншы дәудің төсін ас, ол жетпесе досым дәудің өзін ас! – дегенде, кемпір пышағын алып тұр ұмтылады. Үш дәу тым тырақай қаша жөнеледі, – деген үзінділер дәудің ерен күштің иесі болғанмен ақылы аз екенін байқатады.
Фольклорлық сюжеттерді талдай келе осы топқа жататын дәулерге мынадай сипаттама беруге болады: Олар – дене бітімдері ерекше жаратылған, ебедейсіз үлкен. Сол үлкен дене бітіміне сәйкес орасан зор күшке ие. Бірақ өздері аңғал, алаңғасар болып келеді. Ешкімге зияны жоқ, ен далада зерігіп өмір сүріп жатқан жердің алғашқы тұрғындары іспетті мифтік образдар.
- Адамға дос, генезисінде табиғат рухтарының сипаты басым бейнелер:
3.1. Аю дәу – бейнесі басқа ертегілердегі дәулермен салыстырғанда ұнамды бейнеге жатады. Ол «Аю дәу» ертегісіндегі бас қаһарман. Бұл дәу адам мен аюдың некелесуінің нәтижесінде өмірге келеді. Сол себепті де ертегіде дәуді: «Күндерде бір күні қыз аюдан бір ұл туады, ұлы күніне бір жасайтын болды, өзі дәу, өзі батыр, келбеті адам, түрі адам нәсілді болды… Мұны есіткен, баланы көрген патша қапа болып, ел-жұрттан намыс қылып, қызына «кет» деуге өз перзентіне айта алмайды, «кетпе» дейін десе, ертіп келген баласынан ел-жұрт қорқатындай, көргенде адамзаттың денесі түршігеді. Бет-аузын жүн басқан, адам қорқарлық… Оның үстіне Аю дәу бір жегенде қырық кісінің жейтұғын тамағын жейтін болды. Бір ұйықтаса, жеті күн, жеті түн ұйықтайтын, бір ұйықтамаса жеті күн-жеті түн ұйықтамайтын болды» деп сипаттайды.
Жалпы дәулердің немесе батырлардың ұйқысын ұзақ әрі қатты етіп суреттеу кейіпкердің ерекше жаратылысын танытады.
3.2. Таусоғар – бұл кейіпкерлер бас қаһарманды мұратына жеткізу үшін қиын жолда кездесетін сиқырлы кейіпкерлердің қатарынан алынған. Ол «Ер Төстік» ертегісінде жылан Бапы ханға Темір ханның қызын әкеп бермек болып, жолға шықан Төстікке кездеседі. Ертегіде оны «Жұрттан асқан алыппын, жердің үстінде де, астында да маған шақ келетін адам жоқ, қайратым ішіме сыймаған соң, тауларды көтеріп ермек қыламын. Таусоғар деген ермін!» деп бейнелейді. Таусоғар бейнесі «Күн астындағы Күнікей қыз» ертегісінде де бар. Үзіндіге қарасақ: «Бірнеше күн жүріп келе жатса, алдынан екі алақанына екі тауды салып жүрген бір дәу кездеседі. Бала бұл дәуден жөн сұрайды, сонда дәу.
-Күн астындағы Күнікей сұлуды іздеп бара жатқан бала сен болсаң, мен жолдас болғалы жүрмін, – дейді. Бұдан Таусоғардың Ер Төстік ертегісінде де, «Күн астындағы Күнікей қыз» ертегісінде де бір қызметті атқаратынын байқаймыз.
Таусоғар – қиял-ғажайып ертегілері иен ежелгі эпос кейіпкерлерінің бірі. Ол ‘’арғы әлем’’ мен ‘’осы әлемнің’’ шекаралық мекенінде өмір сүретін мифтік бейне. Таусоғар достарымен бірге екі әлемнің аясында ертегі кейіпкерлеріне көмектесіп,’’арғы әлем’’ өкілдерімен кездесіп, кейіпкерлердің жеңіске жетуіне ықпал етеді. Ертегі сюжеттерінде кейіпкер зәулім бәйтерекке шығып,самұрыққа мініп,’’ өзге әлемге ’’сапар шегеді, сол тұста Таусоғарға жолығып достасады. В.Я.Пропп,С.Қасқабасов сияқты фольклортанушы ғалымдар қиял-ғажайып ертегілерінің аталмыш кейіпкерлерін табиғаттың дүлей күштері елесінің адам қалпына түскен бейнесі екендігін айтады. Ежелгі түркілердің түсінігінде бұл кейіпкерлер табиғат күштерінің, рухтың иелері саналған. Олардың әрбірінің өзіндік мекені бар, олар сол межеден аспай, өз мекенінде қала береді, демек сол кеңістікте ғана билік жүргізе алады. Мифтік таным бойынша Көлтауысар – көл иесі, Желаяқ – жел иесі, Таусоғар – таудың рухани иесі саналған. Ал ертегілерде Таусоғар бас кейіпкердің көп көмекшілерінің бірі ретінде ғана көрінеді,Таусоғардың мекені тауда немесе таумен тығыз байланысты. Оның бұл қасиеті алып дәу бейнесіне ұқсас келеді,бірақ екеуінің арасында айырма бар. Алып дәу-жартылай адам, жартылай мифтік тұлға,оның дене бітімі кейде құрал-сайманы тауға айналып кетеді. Мысалы оның Толағай тауына, Тасбас шоқысына,енді бірде Бөрітастаған тауына айналады.
3.3. Көлтауысар – ертегінің бас кейіпкеріне жолдас болу үшін жолын тосып жүрген сиқырлы көмекші. Ертегіде: Тағы да жүріп келе жатса, алдынан екі көлдің суын екі ұртына ұрттап жүрген тағы бір дәу кез болады.– деп сипатталады.
3.4. Саққұлақ – ертегінің бас кейіпкеріне жолдас болу үшін жолын тосып жүрген келесі көмекші. Ол бір құлағын жерге төсеп, жер беті мен жер астында не болып жатқанын біліп отырады. Саққұлақтың қасиеті Қара дәудің қасиетімен бірдей. Бірақ Қара дәу өзінің ерекше қасиетін зұлымдық жасау үшін қолданса, Саққұлақ өзінің қасиетін жақсылық жолында жұмсайды. Бірінде құбыжықтық сипат басым болса, екіншісінде дегдарлық бар.
3.5. Желаяқ – сиқырлы көмекшілердің бірі. Ол екі аяғына екі батпан тас байлап алған, ойдан-қырдан жүгіріп жүреді.Таусоғар, Көлтауысар, Желаяқ, Саққұлақ бейнелерін «Күн астындағы Күнікей қыз» ертегісінде дәулер деп сипаттайды.
Көріп отырғанымыздай, қазақ ертегілерінде ДӘУ аталған мифтік бейнелердің атқаратын қызметі сан қырлы. Бұл бейнелерге типологиялық салыстырулар жасау арқылы ғана оның генезисін анықтай аламыз. Үш түрлі сипатта келетін бұл бейнелерді сомдаудағы қолданылған көркемдік айшықтардан ұлттық психологиямыз айқын аңғарылады.
- Алыптар қазақ фольклорында дәулермен қатар келе жатқан мифтік бейнелердің бірі. Олар негізінен екі сипатты болып келеді. Бірінде жақсы қасиеттерге ие болып, адам баласына көмектессе, екіншісінде дүлей күшін жамандықтың жолына жұмсайды. Осы ретте, алыптардың дәулерден айырмашылығын атап өткіміз келеді. Бұл айырмашылық мынау: дәулерде хтоникалық сипат басым болса, алыптарда ілкі бабалық сипат басым, яғни дәулер адамды қорек етіп, жезтырнақ, жалмауыздармен жұптасса, алыптар адамды табиғи апаттан құтқарады, шығу тегі жағынан адаммен бірдей болып келеді.
Әлем мифологиясында алыптардың денесінің бөлшектенуі барысында ғалам жаратылды деген мысалдар жиі кездеседі.
Алыптар туралы М.Стеблин-Каменский: «Он живут в горах и пустынях, сами они – полубоги, полугоры», – дейді. (Стеблин – Каменский) Миф. – Л. Наука, 1976.
Түркі-Монғол мифологиясындағы алыптардың функциясы арық-канал тартып, өзен-суға бөгет, көпір салу екендігін айта келіп, зерттеуші А.Тойшан Түркі-Монғолдарға ортақ Сартагтай алыбын талдай келіп, бұл алыптың атқаратын қызметі қазақ фольклорындағы Алаңғасар мен Арсалаң алыптардың функциясымен үйлесетіндігін айтады.
Алаңғасар алып туралы сюжеттер қазақтарға ғана емес, Еділ бойындағы халықтар: татар, башқұрт, удмурт, марш, қалмақ, сонымен қатар ноғайларға да тән екендігін ең алғаш Ә. Марғұлан айтқан болатын.
Енді қазақ фольклорында кең танымал болған алыптар бейнесіне тоқталайық.
4.1. Толағай – асқан күш иесі, алып бейне. Ол туралы ел арасында бірнеше нұсқадағы аңыз бар. Аңызда Толағайды былайша суреттейді: Күндердің күнінде бір отбасында алтын айдарлы, алып бала дүниеге келіп, ел-жұрты болып, үлкен той жасайды. Сол нәресте жыл санап емес, күн санап ержете бастайды. Туған-туысқандары да көркейіп келе жатқан баланы өз атымен атамай, көз тимесін деп, Толағай дейтін болыпты. Сөйтіп баланың аты «Толағай» атанып кетеді.
Жер қуаңшылық тартып, жаңбыр болмай, ел күйзеліске ұшыраған кезде Толағай халықтың басына түскен ауыртпалыққа қатты мазасызданып, Дана деген қарт ақсақалға барып, ақыл сұрайды. Енді аңызға үңілейік:
Сонда қарт айтқан екен: «Қарағым, Толағай, біздің жеріміз жазық, бұлт үйіріліп тоқтайтын тауы жоқ. Жаңбырдың болмауы сол себептен» дейді. Толағай айтқан екен: «Ата, сіз рұқсат етсеңіз, мен барып, бір жерден тауды арқалап, алып келсем болмай ма» дейді. Сонда қарт айтқан екен: «Шырағым, Толағай, еліңді ойлап егіліп тұрсың-ау! Тау арқалап, әкелу оңай болмас, дегенмен ондай талабың болса, оңтүстік өлкеде Алатау деп аталатын алып таулардың ақсақалы бар, рұқсатты сонан сұрарсың» деп батасын береді. Сөйтіп, тауды арқалап әкелуге сайланған Толағай сапарға шығыпты. Арада ай өтеді, жыл өтеді. Бір күндері ақ басты Алатауға жетіп, «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем беріпті, өзінің талап-тілегін айтыпты. Маңғаз Алатау талапты ерге зор қошемет көрсетіп, етегінде орналасқан бала тауды Толағайға арқалатып қоя береді. Алғашқыда аяғын ширақ басқанымен иығына түскен салмақ еңсесін езіп, бірте-бірте әлсірете бастайды. Арада көп уақыттар өтеді. Арқасында тау, әлсіреген, қансыраған Толағай елінің шетіне іліге бере тізесі бүгіліп, құлап түседі де ұйқыға кетеді. Арқасындағы тау болса батыр жігіттің үстінен басып қалыпты. Сонан сол Толағай күні бүгінге дейін тау астында ұйықтап жатыр дейді. Ал, жаңағы бала тауды ел «Толағай» деп атап кетіпті.
«Толағай» туралы халық аңызының Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті кафедрасының фольклорлық экспедициясы Тарбағатай өңірінен жазып алған, қолжазба нұсқасы осы кафедраның арнайы қоры мен Әдебиет және өнер институтының «Қолжазба және мәтінтану» бөлімінде сақтаулы нұсқасында оқиға былайша өрбиді: Бұрынғы өткен заманда, үлкен өзен бойында Саржан деген аңшы өмір сүргендігі, жылдар жылжып, күндер өткенде оның әйелі Айсұлу өмірге ұл әкелгендігі, қуанған әке-шеше дүбірлетіп той өткізіп, балаға Толағай деген ат қойғандығы айтылады. Ертегі желісіндегідей сюжеттер бой көрсетіп, Толағай ай санап емес, күн санап өседі. Төрт жасында нағыз батырға айналып, жетіге келгенде белдесуге шақ адам табылмайды. Әкесімен бірге аңға шығып, атақты аңшыға айналады. Бірде олардың мекеніне жұт келеді. Жауын жаумай, қуаңшылық болады. Шөлден мал қырылып, адам өледі. Күннің ыстығынан киіз үй- ді паналап, анасымен әңгімелесіп, Толағай одан жаңбырлы жерді сұрайды. Анасы қиыр шетте өткен жастығын еске алып, ешқашан құрғақшылықты білмейтін, шөбі шүйгін мекеннің бар екенін айтады, таулары аспан тіреген жер жаннаты Тарбағатай жайлы ұзақ әңгімелейді. Ол көп жүріп шыңдарын қар басқан асқар тауларды тауып алады, оған биік тоғайлы, құстары сайрап, төбесін бұлт жапқан бір ғана тау ұнайды. Ол осы тауды құшағына алып, қатты ырғайды да арқасына салып, кері еліне қарай қайтады. Ол шаршамай ұзақ жүреді. Халық жылжып келе жатқан үлкен тауды көреді. Оны көтеріп келе жатқан Толағай екенін біледі. Найзағай ойнап, күн күркіреп, жауын селдетеді. Халық «Толағай» деп ұрандап, қуанышпен қарсы алады. Қуарған шөп көтеріліп, жан-жануар мөңіреп-азынап шулайды. Шаршаған батыр тау астынан шыға алмай «Апа!» деген жалғыз ауыз сөзге ғана шамасы келеді де, мәңгіге тау астында қалады. Бақытты ана айғайлы жылауға басады, халық қайғы жамылып, тау да бұған шыдай алмай көзінен жас бұлақ болып ағады. Содан бері бұл тау «Толағай» деп аталады.
«Алыптардың ұйықтап кетіп, тасқа айналу» мотиві де қазақ фольклорында кең тараған мотивтердің бірі.
4.2. Ерсары – асқан күш иесі, аңыз кейіпкері. Аңызда «Ерсарының бойының биіктігі сондай, ол жатқанда аттылы кісі бір күн бойлай шабатын» деп суреттейді. Ерсары ертеңгісін ұйқысынан оянып, керілген сәтінде көлеңкесі 350 шақырымдық жерге дейін түсуші еді. Бірде Ерсары қатты ұйқтап жатқанда, аяғын әлдекім қытықтағандай болады. Ұйқысын қимаға батыр келесі жамбасына аунап түсіп, жата береді. Ал таң атқанда бір башпайын қасқырлардың мүжіп тастағанын байқайды.
Аңызда Ерсарыны асқан күш иесі ғана емес, адамдардан көмегін аямайтын мейрімді, адал кейіпкер ретінде көрсетеді. Бір жылы таудан аққан су мол құйылып, Үстірт пен Ақтаудың маңын су басарлықтай қауіп төнеді. Көмек сұрай келген жұртқа жауап ретінде Ерсары найзасын алып, жыра сызады. Тасыған су Ерсары сызған жырамен ағып, Каспийге келіп құйылып, жергілікті елді шайып кетуден сақтап қалады.
Алып Ерсары туралы әңгімелерде шығыс Сұмса Құмы Ерсарының төсегі, ал Бостан құмы оның күреп тастаған ошағының күлінен пайда болған, ол асасымен түртіп қалғанда Үстірт пен Ақтау сілеміндегі іркілген көлемді су Каспийге ағып, тау сілемінде үлкен жолақ пайда болған делінеді.
Өзен мен Сенектің аралығында бір жағынан төрт-бес құшақ, екінші жағынан екі құшақ сиғандай үлкен тас бар. Бұл тасты ел әлі күнге «белбеуіне бос қыстыра салғанда түсіп қалған Ерсарының шақпақ тасы» деп түсіндіреді.
4.3. Ұлтан – Алпамыс батыр жырындағы ұнамсыз кейіпкер. Жырда ұлтанды:
«Кеудесі болды кепедей,
Мұрны болды төбедей,
Күрек тісі кетпендей,
Кеңірдегінің тесігі
Жүгімен түйе өткендей.
Құлағы болды қалқандай,
Мұрынына қарасаң,
Сығымданған талқандай.
Көзі терең зындандай,
Басқан ізін қарасаң,
Көрінед оттың орнындай.
Аузы үлкен ошақтай,
Азу тісі пышақтай.
Иегі бар сеңгердей,
Бір батыр болды сол күнде-ай,» – деп суреттейді.
Өз баласындай көріп әлпештеп өсірген Байбөріге күн көрсетпей, Ұлтан жырда тек ұнамсыз қырынан суреттеледі. Зерттеуші Р.Абилхамитқызы «Түркі Мифологиясындағы Дәу Мен Айдаһар Бейнесі» атты мақаласында қазақ фольклорындағы дәу мен дию бейнесіне типологиялық және генеологиялық сипаттама жасай келіп: «Кейін адам санасы дами бастаған уақытта, табиғаттың тылсым күшін ұғынып, өз-өзін тани бастағаннан кейін, сол ескі сенімдегі дәулер енді өз қуатын жоя бастаған. Ескі түркі мифологиясында тау мен тасты көтеріп жүрген дәулер батырға көмекке келсе, одан кейінгі мифологияда батыр дәумен алысып, оны жеңіп мұратына жеткен. Бертін келе қоғам дамығаннан бастап қалыптасқан мифологиясында, дәу Қаңбақ шалдан жеңіліп жүрген ақымақ, жарым ес кейпіне түсіп, тек қара күшінен басқа ештеңесі жоқ бейшара ретінде алынып, ажуа мен күлкіге қалады, – деп бұл бейненің эволюциялық өзгеру барысын түсіндіреді.
Алыптардың сатиралық ертегілердегі көрінісін «Делдір тентек» ертегісінен байқауға болады. Баяғыда үш ағайынды жігіт болады, ең кішісінің аты – Делдір тентек. Бұл ертегіде фольклордағы кенже бала – ақымақ бала бейнесі сатиралық сипатта көрінген. Өз шешесін, жиен інісін жазатайым өлтіріп қоюы, малды қыруы – ақымақтық болса, жолбарысты, дәулерді өлтіруі ерлікке пара-пар, бірақ Делдір тентек өзінің орасан зор күшін пайдалана алмайды, дұрыс бағытқа жұмсауды білмейді. Бір затты екінші затпен шатастырады, ақымақтың абсурдты іс-әрекеті күлкі туғызады, басқаларға (ағаларына) келеке болады. Бұрын басқаша шешім қабылдау (инакомыслие) ақылдылық болса, енді ақымақтыққа баланады. Осы сюжетте трикстер туралы ертегілердің уақыт өте келе өзгеріске ұшырағаны көрінеді: алапат күш иесі бола тұра кенже ұл ақымақтығынан ажал құшады. Белгілі бір драмалық және күлкілі жағдайлардың ішкі қарама-қарсылығын баса көрсететін алогиялық көркем тәсіл қолданылған. «Делдір тентек» ертегісінің композициялық құрылымында да өзгешелік байқалады: бірнеше сюжеттен тұратын тиектелген композицияға құрылған.
«Делдір тентек» ертегісінің хикаялық дастан жанрындағы нұсқасы «Телім тентек» деп аталады. Шығарма мазмұны ертегілердегі халықаралық «ақымақ бала» туралы сюжетке құрылған. Өмір жағдайына бейімделе алмай, сондықтан ақымақ болып көрінетін Телім екі ағасына ұқсамайды. Дастанда қатыгез байдың сараңдығы мен Тентектің екі ағасының әділетсіздігі әшкереленеді.
Қорыта айтқанда, қазақ фольклорындағы алып денелі ерекше күш иелерін теориялық талдаудан өткізу арқылы бұл бейнелер ежелгі түркілік бейне болғанымен даму эволюциясында біраз өзгеріске ұшыраған, сол себепті атқаратын қызметтері мен сипаттары да әркелкі болып келеді дей аламыз.