[cg_gallery id=»7″]
Халқымыздың сан ғасырлық тұрмыс-тіршілігінен мәлімет беретін, ұлттық мәдениетіміздің деңгейін көрсететін асыл қазыналарымыздың бірі – фолклорлық туындылар. Бір қарағанда қиял дүниесі болып келетін фольклорлық шығармаларды халықтың тарихы, наным-сенімі, дүниетанымы туралы қаншама құнды мәлімет бар.
Миф – қоршаған ортаға қатысты қалыптасқан қоғамдық сананың көрінісі. Мифтің бүгінгі күнге жеткен нұсқаларынан діни сенімнің, әлеуметтік оқиғалардың, ұрпақтарына айтылатын өсиет пен тәлім-тәрбиенің ізін байқауға болады. Қазақ фольклорында төменгі әлемді қара түнек түрінде қабылдау жиі кездеседі. Аспан әлеміне сапар шеккен қаһарман алып бәйтерекке жол тартса, жер астына аттанған жолаушы шыңырау құдыққа түседі. Қараңғы шыңыраудың түбінен жер асты әлемі басталады.
Ертегінің басты қаһарманы осы үш әлемді шарлап, барша мұратына жету жолында небір қиыншылықтарға тап болады.
Жоғарыда айтылған үш әлемді, яғни бүкіл космосты, үлкен зәулім ағаш түрінде де суреттеу бар. Бұл ағаш көп жағдайда мифтік үш әлемді вертикальді түрде жалғастырып тұрады. Ғылымда оны «әлемдік ағаш» (мировое дерево) немесе «космостық ағаш» (космическое дерево) дейді[1].
Әдетте, зәулім ағаштың түбінде, яғни төменгі әлемде орасан жылан жатады, ал ұшар басында, яғни жоғарғы әлемде құстар патшасы тұрады, ұялайды, бұлардың бәрі мифтік батырдың өмірінде үлкен рөл атқарады.
Академик С.Қасқабасов: «Қазақ мифологиясында мұндай рөлде Бәйтерек көрінеді. «Бәйтерек» сөзі – ежелгі түркі сөзі, «бәй» – «үлкен» деген сөз, «бай» сөзінің өзгерген түрі («бәйбіше» – «үлкен әйел», «бәйшешек» – «үлкен гүл» деген ұғымдар), ал «терек» – «ағаш», ежелден «терек» деп қолданылған. Демек екі сөз бірігіп, «зәулім ағаш» ұғымын білдіріп тұр. Көнеден келе жатқан біздің мифологиямызда бәйтерек күллі космосты бейнелейді» деп тұжырымдайды.
Осы әлемдерді жалғап тұратын фольклорлық бейне – бәйтерек бейнесі. Ғалым С.Қондыбай «Бәйтерек – ғалам моделінің бір нақтыланып көрсетілген нұсқасы және ғаламның үш дүниесінің кіндік-өсі, жалғастырушысы» – деп анықтама айта келіп, бәйтерек сөзінің этимологиясы бәй – «байырғы, түпкі, алғашқы, бірінші», терек – «тіріг» сөздерінен құрылып, «өмір беруші», «алғашқы өмір» дегенді білдіреді,
Енді бәйтеректің басты сипатына тоқталайық:
Бәйтеректің бірінші сипаты адам аяғы баспайтын қиянда, бір бұлақтың басында өсіп тұруы болып табылады. Оған жету үшін бас кейіпкердің темір етігі тебендей, темір таяғы теңгедей болып, әбден азып-тозады. Мәселен, «Ер төстік» ертегісінде жер үстіне шығатын есікке дейінгі алты айлық жолдың ауырлығына шыдамай қырылып, Күңке деген бір күңі мен Шалқұйрық, Ер Төстік үшеуі ғана аман қалады.
Бәйтеректің екінші сипаты оның ұшар басында құстың ұясы орналасып, ұяның ішінде шуылдаған балапандардың болуында. Бұл көрініс аталған ертегіде былайша беріледі: «Үшеуі шаршап бір бұлақтың басына келіп жатады. Бұлақтың басында бір үлкен бәйтерек тұрады. Бір мезгілде сол бәйтерекің басынан шуылдаған ащы дауыс естіледі. Қараса, шуылдаған балапандар екен, бұларды жеуге бір айдаһар жоғары өрмелеп бара жатыр екен.
Ер Төстік садағын алады да, өрмелеп бара жатқан айдаһардың екі көзінің арасынан дәлдеп тартып қалады, айдаһар жерге сылқ ете түседі. Айдаһардың жерге құлап қалғанын көрген соң, балапандар шуылын тоқтатады. Ер Төстік жайланып ұйқыға кіріседі»
Бәйтеректің үшінші сипаты оның алыптығында. Жайып жібергенде бір қанатының өзі бір айлық жерге жететін самұрық құс келіп қонғанда, құстың салмағына бәйтеректің бұтағы майысқанымен, сынып кетпейді.
Оны фольклорлық туындыларда былайша суреттейді: Жер мен көктің кіндігінде жападан жалғыз өскен киелі бәйтерек бар. Бұл бәйтеректің басы аспанмен тілдескен. Түп тамыры жер астымен жалғасқан. Ол – көзге көрінбейтін киелі ағаш. Бұл бәйтеректе жайқалып өскен әрбір жапырақ – жер жүзінде жасаған әрбір адамның өмір тіршілігінің нышаны. Жер жүзінде тіршілік етіп отырған әрбір адам осы киелі теректегі жапырағы жарылғанда, өмірге келеді (туылады). Жапырағы жайқалып өскенде өсіп, үлкейіп, кемеліне келеді. Жапырағы мезгілсіз сарғайса, қайғы-қасіретке тап болады. Жапырағы солып, қураса, қартаяды. Жапырағы үзіліп, жерге түссе, қазаға ұшырайды (өледі). Осы үзіліп түскен жапырақ басқа адамның жапырағына соғылса, ол адамның құлағы шақырады (шулайды). Оң құлағы шақырса, бұл адам үшін хауіп-қатерлі болмайды. Сол құлағы шақырса, жаманаттың жаршысы болады.
Бәйтеректің төртінші сипаты оның бойында сиқырлы да шипалы нәрдің болуында. Мәселен, «Ералы батыр» ертегісінде бәйтеректің бұтағын «Айханның қолы емес, Күнханның қолы» деп шапқанда, балта тиген жерден нәрлі су ағып, оны ішкен адам да, жануарлар да бойларына күш-қуат жинайды.
Бәйтерек – бас кейіпкердің мақсатына жету жолында кездесетін басты құрал. «Патша қызының оқиғасы» атты ертегіде алма ағашы, «Ералы батыр» ертегісінде тал, «Құйын батыр» ертегісінде «аспанмен тілдесіп тұрған бәйтерек» бейнесі шаршап, әбден әлсіреген бас қаһарманның алдынан шығып, жақсылыққа жетудегі дәнекердің міндетін атқарады.
Қазақ халқы үшін киелі бәйтерек мифтік образ ғана емес, оның астары діни наным-сенімге келіп тіреледі. Халқымызда әлі күнге дейін жапанға біткен жалғыз ағашты ардақтап, алуан түрлі ырым-кәделерді жасау кездеседі. Жапан дүзде өсіп тұрған жалғыз ағашты көрсе, оны қадірлеп, басына түнеп, тілек тілейді. Ағаштың бұтақтарына шүберек, орамал байлап, өз ниеттерін айтады. Тіпті, ағаштың қасына әкеліп, құрбандыққа мал шалатын жайттар да кездесіп жатады.
Үш әлемді дәнекерлеп, жалғастырып тұратын космостық ағаш бейнесі, әсіресе, шамандық нанымда жақсы сақталған. Сібір халықтарының шамандық әдет-салтында, мифологиясында әлемдік ағаш өзінің мифтік ұғымдағы функциясын толық сақтаған. «Сібірлік шаманизмде, – деп жазады Е.М. Мелетинский, – әлемдік ағаш пен шаман арасындағы байланыс өте тығыз әрі жан-жақты. Оның көрінетін жері: шаман әлемдік ағаштың көмегімен адамдар мен құдайларды, жер мен аспанды байланыстыра алады, яғни ол дәнекер, медиатор қызметін атқарады»40.
Қазақ арасында да осындай түсінік болғаны жайлы С.Сейфуллин былай дейді: «Көкте деген «ұлы тәңір–иемен» және жердегі әр түрлі заттарды билейді деген көп «иелермен» адам баласы тілдеседі деп нанған. «Тәңір–иелермен» тілдесуші, кей «иелерге» тілін алғызушы – бақсылар деп сенген»41.
Ертегілердегі кеңістік концепциясында ерте дәуірлердегі өлілер мен тірілер мекені туралы көне түсініктер кеңінен орын алады. Археолог ғалымдар дәлелдеуінше, адамзатты екіге бөліп қарау жоғарғы полеолитте пайда болған (А. Марғұлан, Акишев, Оразбаев). Көне танымдар бойынша о дүниенің сипаты ғана емес, оның өкілдерінің сипаты бұл дүниеге мүлде кереғар сипатта түсінілген. Бұған Ш.Уәлихановтың зерттеуіндегі: «Аспанда ел бар. Ондағы адамдар белдікті тамағынан тартады, біз ортада, жер бетінде тұрамыз, сондықтан белдікті белімізге байлаймыз, ал, жердің астындағы адамдар белдігін аяғына орайды, олардың өздерінің күні, айы, жұлдыздары бар» (Собр.соч. Т.1.1961) деген жолдар мысал бола алады. Яғни, басқа дүние өкілдерінің бәрі тілі, киімі, дене құрылымы, әрекеті, реалды адами өмірге кері түсінілді. Бұл дүние жүзі халықтарының көпшілігіне ортақ.
Фольклордағы Бәйтерек образы көптеген халықтардың ертегілеріне ортақ. Бұл – әлемдік ағаш туралы түсініктің қалдығы. Үш әлемді дәнекерлеп жалғастырушы космостық ағаштың шамандық түсінікте жақсы сақталғандығын Сібірмен шаманизм бойынша Е.М. Мелетинский дәлелдесе. С.А.Қасқабасов қазақ бақсыларының қолына ұстайтын асатаяғын осы космостық ағаштың кейінгі көрінісі деп тұжырым жасайды[2].
Бәйтерек, жалғыз ағашқа қатысты наным-сенімдер жөнінде Ш.Уәлиханов: «Жаһанда өсіп тұратын жалғыз ағаш немесе бұта қадірленіп, оның басына түнейді. Оның қасынан өтіп бара жатқан адамдар бұтақтарына шүберек байлайды, ыдыс тастайды, я болмаса аттың жалын түйіп тастайды» – деп жазған[3]. Ал Бәйтерекпен байланысты алынатын Алып қара құс, Самұрық образдары да Ертегінің қиял-ғажайыптық , батырлық түрлерінде көбірек кездесіп, кейіпкердің ерекше қасиетін даралай түсуге қызмет ететін сюжеттің шиленісті тұсы кейіпкерлердің Жалмауыз кемпірмен кездесуіне байланысты мотивтерге қатысты көрінеді.
Әсіресе қиял-ғажайып ертегілерінде адамзаттық ұғымдарға қарама-қарсы адамзаттың емес образдардың (дию, албасты, марту, жезтырнақ, шойынқұлақ, жалғыз көзді дәу) мекенінің жіктемелісі айқындалады. Бас кейіпкердің қарсыласы көбіне жеті қабат жер астында я болмаса ара, мұхиттың жағасында мекен етеді. Ал аспан әлеміне қатысты ұғымдар алып «Бәйтерек», алып қара құс секілді символдық мәні бар ұғымдармен байланысты мазмұндалады да кейіпкердің жер үстіне шығуының себептері ретінде алынады.
Қорыта айтқанда, бәйтерек – қазақ фольклорында өлілер мен тірілер дүниесін байланыстыратын, тамырымен жер асты патшалығын, діңімен орта әлемді, ал бұтақтарымен аспан әлемін жалғап тұратын мифтік бейне.
[1] Топоров В.Н. О структуре некоторых архаических текстов, соотносимых с концепцией мирового дерева // Труды по знаковым системам. Тарту, 1971. Вып. 5. С.6-92.
[2]С.А.Қасқабасов. Қазақтың халық прозасы. А., 1984.
[3] Ш.Уәлиханов. Ч.Ч. собр. соч. В 5-ти т. А-Ата, 1961, т.1. 113 б.