[cg_gallery id=»5″]
Қазақ фольклорында бірде ұнамды, бірде ұнамсыз кейіпкер ретінде сомдалатын, көп шығармаларда негізінен жағымсыз бейне ретінде танылатын тылсым күш иелерінің бірі – диюлар, дәулер және алыптар.
Қазақ мифологиясын зерттеуші ғалым С.Қондыбай: «Дәу» – парсы поэзиясы арқылы енген термин, ол жалпы үндіевропалық «диос», «дайва», «дэв» – сөзінен өрбіген, мағынасы «жарық аспан» дегенді білдіреді, – деген пікір айтады. Ғалым «Дию» образының түп төркіні ирандық болып келеді, – дей келіп, – дәу образын қарастырғанда екі мәселені білу керек, бірінші – иран-парсы сөзі мен образдарының қазақтарға белгілі болуы, екіншісі – дәу, алып адам тәрізді мифтік пенде образының басқаша атпен ежелгі түркілерге белгілі болуы. Ирандық образ ежелгі түркілік образды толықтай дерлік ығыстырып шығарған, – деп қорытады.
Фольклор – халықтың сонау ерте заманнан бүгінгі күнге жеткен құнды қазынасы. Фольклорлық туындылар оны жасаушы халық туралы тілдік, этнографиялық, тарихи тұрғыдан мол мағлұмат береді.
Алғашқы қоғам дәуіріндегі адамдар ұғымында табиғаттың кез-келген құбылысының иесі (таудың, тастың, орманның, көлдің киесі) бар. Ол сол жерді қорғаштап жүреді деп сенген. Яғни, өзінің иемдену мүмкіндігі болмаған жердің бәрінде (айдалада, елсіз жерде немесе жердің астында ие –Құдайлар яғни Дәулер образындағы құдайлар болады деп есептеледі.
Кейін адам санасының өзгеріп табиғат сырын тани бастаған тұста тау мен тасты қозғайтын дәулер қаңбақ шалдан жеңіліп дәрменсіз күйге дейін өзгеріп, түрленген.
Зерттеуші Б.Әбжеттің пікірінше, «Түркі және Иран халықтары ертегілеріндегі мифологиялық кейіпкерлер» кітабында «Дәу сері», Авестада daeva, пехлева тілінде dev деп ежелгі үнді тілінде deva болып, мағынасы Құдай дегенді білдіреді.
Евразия халықтарының көпшілігінде, Үндістанда, Грецияда өзінің бастапқы мағынасын сақтайтын бұл сөз иран тектес халықтарда тек ертегілерде ғана кездесетін мифологиялық сарқыншақ ретінде сақталған, бұған Заростризм дінінің әсері қатты болуы мүмкін. Өйткені кез келген жаңа дін бұрынғы наным-сенімдердің негізін жойып, өз мәртебесін мойындатуға күш салады.
Алып, дәу, дию аталатын асқан күш иелері туралы шығармалардың мазмұны жағынан әркелкі болып келуін, бір бейненің бірде ұнамды, бірде ұнамсыз кейіпте сомдалуын заман ағымы мен діни танымның даму ерекшелігіне байланысты деп түсіндіруге болады. Фольклорлық туындыларды салыстыра зерделегенде жоғарыда аталған кейіпкерлердің көркем бейне ретінде эволюциялық өзгеріске ұшырап, атқаратын қызметтерінің ауысып отыратынын көреміз. Енді осы кейіпкерлерге жеке-жеке тоқталып, суреттемесін берейік.
- ДИЮ – көбіне шығыстық сарындағы қисса-дастандарда кездеседі. Фольклорлық мәтіндерге сүйене отырып, дию – сиқырлы күш иесі, ол ұша алады, адамның тілегін орындай алады деп анықтама бере аламыз. Қазақ фольклорындағы осы қорқынышты алып құбыжықтың есімін ғалым С.Қондыбай парсылық «див» сөзінен таратады. Диюлар пері, жын, шайтандар тәрізді қауымдасып күн кешеді. Олардың өздерінің елі, құрған патшалығы болады. Қазақтың дәстүрлі дүниетанымында жын, дию, пері – аспан әлемі мен жер бетіндегі аралықта өмір сүретін тылсым күш иелері. Фольклорлық шығармалардағы диюлар – адамдар секілді тамақ ішеді, үйленеді, көбейеді, өледі. Еркек диюлар сұлу қыздарды ұрлап әкетіп, зорлықпен некелесіп, жұптық өмір сүреді. Осы тұрғыдан алғанда оларды екі рухани әлемнің қасиеттері бар, аралық бейнелерге жатқызамыз.
Зерттеуші И.С. Брагинский «Из истории таджикской и персидской литературы» атты еңбегінде: Ежелгі үнді-европа халықтары мифологиясында дию құдай бейнесінде суреттеледі. Мәселен, бұл сөз «daіva» (түптөркіні dіu – «жарық беру, сәуле түсіру», «аспан») деген түбірден туындаған. Кейіннен, нақтырақ айтқанда б.з.б. ғасырда иран патшасы Ксерокс диюға қарсы үкім шығарып, Ахурамазда (Заратуштра) культін халыққа дәріптейді. Сол себептен де «Шахнамада» парсы батыры Рүстем диюға қарсы күресуші қаһарман ретінде сомдалады. Осындай өзгерістердің салдарынан дәудің жағымсыз тұлғасы қалыптасады да, біртіндеп парсы тілінде «dіv – жын-шайтан, қаскөй күш, құбыжық, нақұрыс» деген мағынаға ие болады. Тәжіктерде «сафед–дәу», яғни ақ дәу мейірімді, ал қара дәу қаскөй күш, – деп бұл бейнеге анықтама береді.
Ғалым Р. Бердибаев «Қазақ-башқұрт фольклорлық байланысының кей сұрақтары» атты зерттеуінде «Башқұрттар мен Қазан татарларында «дию-пері» демонологиялық кейіпкер болып табылатындығын айтады. Ғалым: «Олардың түсінігінде дию-пері жер астында, терең судың түбінде өмір сүреді, адамдарды есін адастырып ұрлап әкетеді, үйленеді, кейде үйіне қонақ етеді, ас береді. Дию-пері әртүрлі пішінде болады, негізінен адам келбетті, олар дастарқан жайғанда «бисмиллә» деп қалсаң, ұсынған тамағының бәрі жылқының құмалағына айналады да, өздері зым-зия жоғалып кетеді-мыс. Сонымен бірге башқұрт мифологиясында дию-пері желдің иесі, адам секілді тіршілік етеді-мыс. Башқұрт халқындағы «Кузы-Курпес, Маян-Хылу» эпосында тағы бір дию-пері деген жаны берік мақұлық кездеседі, оның тек қана өкшесін жаралап өлтіруге болатын көрінеді» – деген мағлұматты береді.
Алғашқы қауымдық құрылыста өмір сүрген адамзат баласының ұғымында кез келген мекеннің, таудың, даланың тоғайдың, орманның, көлдің, т.б. өзіне тән киесі, сол жерді қорғаштап жүретін өз құдайлары бар деп түсінген. Мифологияда кездесетін дәулер сол кездегі адамдардың ұғымындағы әр мекеннің, жердің иесі, ұсақ құдайлары болып есептелген. Қазақ ертегілерінде немесе түсінігінде дию соншалықты қаскөй күш ретінде суреттеле бермейді.