Жалмауыз бейнесі

[cg_gallery id=»2″]

Қазақ фольклорында әйел бейнесінде беріліп, адамға зұлымдық жасайтын қаскөй образдар көп. Сол образдарды шартты түрде екі топқа бөлуге болады. Біріншісі – адам сипатты ұнамсыз кейіпкерлер, екіншісі – адам сипатынан гөрі құбыжықтығы басым, қаскөй күштер.

Шығарманың бас қаһарманына қарсы адам сипатынан гөрі құбыжықтығы басым, қаскөй күш Жалмауыз болып табылады. Жалмауыз – ашкөз, тойымсыз тажал. Ол шығармаларда кемпір түрінде берілгенімен, оның адам сипатынан гөрі тылсым күші басым суреттеледі. Ол адамның бойында болмайтын жойқын күштің иесі. Оны өлтіру оңай емес. Мәселен «Құламерген-Жоямерген» эпосында жалмауызды  былай суреттейді:

Бір денеде малғұнның,

Жеті басын көріңдер.

Әр басында кемпірдің

Жүз кісінің күші бар, – делінеді.

Барлық пәлені бастап жүретін жеті басы бар жалмауызды өлтіру өте қиын. Оны алты ай қуып ұстауға айналады. Осындай қиын сәтте Құламергеннің екінші әйелі Баллумаржанның ақыл-ұсынысымен артында қалған баласы Жоямерген көмекке келеді. Жалмауыз кемпірді қуып жетіп алтын оқпен маңдайдағы жалғыз көзінен атып өлтіреді. Айласы өте көп жалмауызды осылай жеңеді.

Фольклорлық туындылардан  жеті басты жалмауызбен қатар бұл бейненің төмендегі түрлерін де ұшыратуға болады:

– су астын мекендейтін жетпіс басты жалмауыз (діни дастандарда)

адам жейтін жалмауыз,

– қарғысқа ұшыраған, адамнан құбыжыққа айналған жалмауыз,

–басқан ізінің өзі қорқынышты жалмауыз,

– кенже балаға қиын тапсырма беріп жұмсаушы жалмауыз,

 «Құламерген» көне эпосында Құртқаның жер астында тұратын шешесі жеті басты жалмауыздың баласы Орақ Жоямергенмен шайқасады.

«Қисса Дотан Құбақанбайұғлы» дастанында Құбақанбайдың қырық ұл, қырық қызы ел іздеп шығады. Жолда бір тоғайға түскенде, жалмауызға кездесіп, оның бұйрығымен кенже бала Дотан Күнікей қызды іздеп жеті жылдық жолға шығады.

«Орақты батыр» тарихи жырында жалмауыздың екі түрі көрініс береді: бірі – ізінен кісі шошитын орасан зор, адам жейтін жалмауыз, оны батыр атып өлтіреді, екіншісі –қарғысқа ұшыраған, адамнан құбыжыққа айналған, бас жағы адам, бөксе жағы ит кейпіндегі жалмауыздар.

Он төртінші ғасырда Жалайыр руы Жиделібайсынның бер жағын мекендеген, жер үшін кіші жүзбен таласып жүреді. Ескелді бидің қасында, Балпық би он төрт жасында «көшелік» деп айтып, елге жайлы қоныс іздейді. Ақмешітке келеді, Түркістанды жағалап, Қызылқұмды кезеді, Сырдариядан өтеді. Теңіз деген жерде адам жейтін жалмауыз шығып ел әбігерге түседі. Он екіге жаңа толған Орақты Көксерек атты ерттеп елді қорғауға бел буады. Қалың тоғайдағы жалмауыздың ізін көріп шошиды. Орақты батыр жалмауызды жою үшін Андабай ұстаға тапсырма беріп, ағаштан екі қыз бен екі жігіттің, бір бәйбішенің мүсінін жасатып, тірі адамнан еш айырмасыз киіндіріп, үйдің ішіне отырғызып қояды. Орақты соларды жеуге келген жалмауызды атып өлтіреді.

Орақты батыр айдаһарды және Қожа Ахмет Яссауидың қарғысына ұшырап, адамнан құбыжыққа айналған, бас жағы адам, бөксе жағы ит кейпіндегі Ақкөбік және Қаракөбік атты жалмауыздарды өлтіреді.

Жеті басты жалмауыз бейнесі «Аю дәу» ертегісінде де кездеседі. Ертегіде:

…Келсе, айдалада, құла түзде қырық құлақты бір қазанда май қайнатып жатыр, қасында аузында бір тісі жоқ, құйрығында қыртысы жоқ бір жалмауыз адамдарды қабат-қабатынан көгендеп қойып, жаңағы қайнап жатқан майға бір-бірден таңдап әкеліп, түсіріп-түсіріп, сүзіп алып, жаңадан тамақтанайын деп, алдына алып отырған үстінен кез болды, делінеді. Жалмауыздың басты мақсаты – адамды жеу. Адам жалмауыз үшін қорек қана.

Жалмауызды өлтіру үшін бас  қаһарман біраз күш жұмсайды. Мәселен:

… Сол кезде кемпірдің бұрым шашына ұстап тұрып қайнап жатқан майға пісіп-пісіп алды. Сол кезде баланың жан-жағынан қаптаған  жалмауыздар толып кетті. Бала қылышын суырып алып, келгенін келгендей басын қағып алып тұрды. Сонда ақырғы қалған жетінші кемпір жоқ болып кетіп, құр бір бас домалай қашты, – делінеді.

Ал, «Аламан мен Жоламан» ертегісінде:

Кемпір баланы көріп, артына қарап сұрланып, ақырған кезде, бала қақ маңдайынан жалғыз көзден басып қалады. Кемпір өкіре құлайды. Құлап жатып: Батыр болсаң, тағы ат!» дейді. Бала атпайды. Себебі, егер екі рет атса, жалмауыз кемпір қайтадан тіріліп кетеді екен, – деп, жалмауыздың ерекше жаралғандығын баса көрсетеді.

Көріп отырғанымыздай, жалмауыздың сырт кейпі ұсқынсыз кемпірге келгенімен, маңдайындағы жалғыз көзі, бойындағы дүлей күші, домаланған жеті басы оның құбыжықтық сипатын басым етіп көрсетеді. Сонымен қоса, жалмауыз құбылушылық қасиетке ие. Мәселен, «Ер Төстік» ертегісіне көз салайық:

Жанында бір тал бар екен, талдың түбінде бір жарбиған жаман кемпір отыр.

– Шеше, шеше! Ана түйенің бұйдасына қол жалғап жіберші? – дейді Ерназар.

Кемпір сонда:

– Тұрсам   отыра   алмаймын,   отырсам  тұра   алмаймын, шырағым! Әперуге әлім жоқ, нашар адаммын! – деп мүләйімсиді.

Кемпірдің сөзіне нанып, бұйданы іліп алайын деп еңкейе бергенде, Ерназарды кемпірекең шап беріп жағадан ала кетеді. Ерназарда тапжылуға шама жоқ. Олай-бұлай жұлқынып байқап еді, болатын көрінбейді, кемпір қысып әкетіп барады, Ерназардың мойны үзіліп, буынып барады, шыбын жаны шығып барады.

Көріп отырғанымыздай, алпамсадай еркекті алқымынан алып, жанын мұрнының ұшына келтіру алып күш иесінің ғана қолынан келетін іс. Кемпірдің күшінің алдында Ерназар қауқарсыз. Ертегіні ары қарай оқысақ:

Сонда кемпір: «Сен бе едің, Төстік, алдаған? Сені ме, Төстік, қап, бәлем!» – деп тамағы қырылдап, өкпесі сырылдап, шашы жалпылдап, көзі жарқылдап, тістері сартылдап, қатты сасып, етегін басып Төстікті қуа жөнеледі.

Төстік қашып келеді. Кемпір қуып келеді. Бір мезгілде тау қаңбақтай ұшады, тас бұршақтай жауады, деген үзіндіге жолығамыз. Жабы емес, Қазанат, ер серігі, қолғанат – Шалқұйрықтың шабысынан қалмай, ілесе қуып келе жатқан жалмауыз кемпір де осал жау емес.

Жалмауыз «Керқұла атты Кендебай» ертегісінде сұлу қыз түрінде құбылса, «Алтын сақа», «Алтын топай» ертегілерінде су бетінде қалқып жүрген шикі өкпе болып көрінеді. «Алтын сақа» ертегісінде жалмауыз байға алдымен су бетінде қалқып жүрген өкпе түрінде кездеседі. Өкпеге алаңсыз жақын келіп, ешбір қауып-қатерді ойламай тұрған байды шап беріп қылғындырып, жанын мұрнының ұшына әкеледі.

Бұл көрініс «Алтын топай» ертегісінде былайша беріледі:

 – Өткен уақытта бір бай болыпты. Мұның перзент дегенде жалғыз ұлы болады. Бай бір күндері жылқыларын суаруға көлге келсе, көлдің ішінде бір қып-қызыл шикі өкпе жүзіп жүр екен. Байдың айдап келген жылқылары көлдегі жүзіп жүрген өкпеден үркіп суға түспей қояды. Әлгі жерде бай жылқыларын иіріп құдыққа қанша айдаса да суға түсіре алмайды.  Сол арада бай құрығын қолына алып суда жүзіп жүрген өкпені түрткен екен, өкпе суға батып кетеді де әлден уақытта жалмауыз кемпір болып судан шыға келіп, байдың жағасынан ала кетеді.

Жалмауыздың сиқыры тісінде. Тісін жұлып алып, лақтырғанда тісі шауып келе жатқан тайдың аяғын жұлып түседі. Алып бәйтеректің түбін қазуға да кемпір тісін пайдаланады. Ол тісін жұлып алып, күрекке айналдырады.

Белгілі ғалым С.Қондыбай: «Ертегілерде жалмауыз кемпір бәрін істей біледі, оның қолынан келмейтіні жоқ: ауру, жарымжан адамдарды емдейді, өліні тірілтеді. Мысалы, бірталай ертегілерде жалмауыз кемпір ақсақ, соқыр, қолы жоқ кейіпкерлерді жұтады да, оларды сап-сау қылып қайтадан құсады («Жеті басты жалмауыз кемпір», «Үш ағайын», «Кедейдің үш баласы», «Құланайжарқын» т.б.),  кейіпкерлерге ақыл, кеңес беріп отырады («Екі жетім», «Жүсіп мерген» т.б.)» – деп, жалмауыз бейнесінің бастапқы қызметі ертегілердегі алып қара құстың қызметімен бірдей болған деген ойды айтады. Ғалым «жалмауыз» атауы ерте кезде де жеке мифтік образ емес, қорқынышты, зұлым образдардың жалпылама атауы болған деп шамалауға болады деген пікірді де білдіре кетеді.

Мысалы, «Қараүйрек» ертегісінде: «Сонда оны да көрейін деп, ордан шығарып алып: «Көзі кемге көз сал, аяғы жоққа аяқ сал, желаяқты желаяқ емес ет, Сарқытты сұлу ет» – дейді. «Бәрін орындаймын, өлтірмесең болды!» – дейді кемпір. Сонымен жалмауыз Сарқытты жұтады. «Құс!» – дейді, құсады. Сұлу қыз болып түседі. «Көзі кемді жұтады. «Құс – дейді, құспайды, бірнеше рет айтқанда, зорға құсады. Сұлу көзді болып түседі. Енді желаяқты жұтады. Бұны да зорға құсады. Қараүйрек айтады: «Мені құспауы мүмкін, сендер басын алып, сүйегін қалдырмай шағып, мені тауып алыңдар», – дейді де өзін жұтқызады. Серіктері: «Құс! – дейді, құспайды. «Құс!» – дейді, құспайды. Сонан соң жалмауыздың басын кесіп, бақайшағын шақса, Қараүйрек малдасты құрып, садақтың оғын жонып отыр екен. Жоғалған досын тауып алып, серіктері қатты қуанады. Бұлар енді жалмауызды өлтіріп, қазынасын теңдей бөлісіп алды» [4,42] делінеді. Бұл ертегіде жалмауыздың бойындағы ерекше қасиеті айқын көрінеді.

«Шолақ қол соқырды жетектеп, соқыр Аққоянды арқалап, үшеуі бірлесіп қуып, қу аяқ кемпірді ұстап алып, өлтірмекші болады. Кемпір бұларға жалынып: «Аяғы жоққа аяқ, қолы жоққа қол, көзі жоққа көз саламын, – деді. – Мені өлтірме», – дейді. Сонан соң бұлар кемпірді үйіне алып келіп, Аққоян алдымен кемпірге: «Соқырды жұтып, қазір көз бітір», – деп бұйырады. Кемпір соқырды жұтып  көз, қолсызды жұтып, қол бітіреді. Ең ақырында Аққоянды жұтпақшы болғанда, Аққоян жолдастарына тапсырады: «Мынау, мені жұтып, тастамауы мүмкін. Қолдарыңа қылыштарыңды алып тұрыңдар. Мені шығармаса, дереу басын алыңдар!» – дейді. Айтқанындай, Аққоянды тастамайды. Қыз үшеуі  жабылып, кемпірдің басын алып, бір бақайшығының ішінен аяғы жазылған Аққоянды тауып алады» [3,173-б]-деген үзінді де жоғарыдағы ертегімен сарындас.

Көрнекті фольклортанушы С.Қасқабасовтың да «Мыстан кемпір сол арғы тегі алып қарақұстың кейінгі атауы», деген пікірі бар екендігін айта кеткіміз келеді. «Шынымен де, «жұтқыш, адам жегіш» мыстан кемпір мен «жұтқыш» алып қарақұстың функцияларының бірдей екендігін көруге болады, яғни мыстан кемпір мен алып қарақұс – бір ғана бастапқы мифтік тұрпаттың кейінгі ертегілік кейіпкері болып табылады, – деп талдау жасайды. Ғалымның «Ел зерде» атты ғылыми еңбегіндегі: «Жалмауыз кемпірдің алғашқы, көне түрдегі образы, істеген істері, қызметі (функциясы) ежелгі ру басындағы  шаман-әйелдің образымен сәйкес келеді. Кейбір ертегілерде жалмауыз кемпір бәрін істей біледі, оның қолынан келмейтіні жоқ: ауру, жарымжан адамдарды емдейді, өліні тірілтеді. Мысалы, бірталай ертегілерде жалмауыз кемпір ақсақ, соқыр, қолы жоқ кейіпкерлерді жұтады да, оларды сап-сау қылып қайтадан құсады» (“Жеті басты жалмауыз кемпір”, “Үш ағайын”, “Кедейдің үш баласы”, “Құланайжарқын”) [1,10] деген пікірінің де маңызы зор.

Көне замандардағы мифтік ұғым бойынша, бас кейіпкерді жалмауыздың жұтуы – инициацияның символы. Өйткені,  иницация – уақытша  өлім арқылы жаңарып, жаңғырып өмірге қайта келу. Кейін келе-келе ол сиқырды жеңумен, рудың кегін қайтарумен жалғасып, өзгерген. Яғни, бастапқы хаостық күштермен (жалмауыз т.с.) күресетін кейіпкер кейін нақтылы адамдардың (қайын ата, өз әкесінің) тапсырмалары арқылы қиын сынақтардан өтеді [2,22].

Зерттеуші П.Т.Әуесбаева «Түркі халықтарының хикаялары» атты ғылыми зерттеуінде: «Демек, ертегілердегі мифологиялық образ, жалмауыз кемпірмен кездесу мотиві сюжеттің шиеленісті оқиғалық сәтін құрайды. Оның қызметі – бас кейіпкердің батырлығы мен ақыл-ой, іс-әрекетіне сынақ. Жалмауыз  кемпірдің генетикалық негізі туралы фольклортанушылар әр түрлі ой-пікірлер тұжырымдаған. Мысалы, өзбек зерттеушісі К.Имашов оның екі түрлі шығу төркінін көрсетеді. Біріншісі, қасиетті әйел жаны туралы көне ұғыммен байланысты болса, екіншісі, ана культімен байланысты  аруақтардың қаскөйге айналған формасы да болуы мүмкін» дейді [7,36].

Ал, «Жалмауыз кемпірді алдаған қыздар» ертегісіндегі Жалмауыз бейнесі әбден азғындалудың шегіне жеткен, амал-айла, күш-қуатынан айырылған бейне ретінде әжуаланады.  Бұл мысалдардың барлығы – ертегідегі бір ғана жалмауыз кемпір образының өзі түрлі тарихи даму жолынан өткендігін айғақтайды, – деп бұл бейненің даму генезисіне қатысты пікірін білдіреді.

Зерттеуші П.Т.Әуесбаева бұл бейнеге төмендегідей генеологиялық талдау жасайды:

«Қазақ, қарақалпақ «жалмауыз кемпір» деп атаған персонажды қырғыздар «жалмоаз, желмогуз кемпир», қарашай, балқарлар «джелмаууз», чуваштар «йелмевес», ұйғырлар «ялмауз», өзбектер «ялмоғиз (кампир), жалмовиз», ноғайлар «елмауыз», татарлар «жалмавыз, жалмавыз карчык», башқұрттар «убырлы карсык, мәскәй» деп атайды. А.Тойшанұлы жалмауызды тува халқы «чылбыгы-моос», хакастар «чилбиген» атауымен атайды деп тұжырымдайды [22, 105].

Г.Н.Потанин «жалмауыз» сөзін түркі тіліндегі «жалмау» және монғол тіліндегі «мангус (могус)» – құбыжық деген сөздерден құралған десе, Е.Д.Тұрсынов бұл атауды қазақ тіліндегі «жалмай беретін, тойымсыз ауыз» деген сөздердің бірігуінен жасалған деп біледі. Осы сөздің «жалмай жеу, асау» мәнін башқұрттардың қатар қолданылатын «мешкей» және «опырлы», яғни «опырушы», «опырып жеуші» сөздерінің концептілері аша түседі.

С.Қондыбаев жалмауызды синкретті тұлға деп сипаттайды: «Көбіне кемпір бейнесінде суреттелетін зұлым образ. Ол – қазақ мифологиясындағы зұлымдық бастаудың бас келбеті болып табылады. Балаларды ұрлап жейді, өкпе түрінде су бетінде қалқып жүріп, келген адамды қылғындырып, баласын беруге көндіреді. Кейбір ертегілерде қыздарды алдап немесе қорқытып алып, саусағынан қанын сорады. Бұл ертегілік образда екі мифтік тұлға – мыстан кемпір мен зұлым құбыжық – жалмауыз бейнелері мидай араласып кеткен» [24, 22]. Осыған ұқсас анықтама «Әлем халықтарының мифтері» энциклопедиясында да берілген [20, 439]. Жалмауызға ертегі персонажы тұрғысында С.А.Қасқабасов жан-жақты талдау берген [25]. Р.Әлмұханова өзінің «Қазақ фольклорындағы антикалық сарындар» еңбегінде Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, Г.Н.Потанин, Ә.Қоңыратбаев, С.А.Қасқабасов, В.Я.Пропп зерттеулеріне шолу жасай келе, жалмауыз кемпірді жеке қарастырып, антикалық мифтік кейіпкерлермен функциялық ұқсастықтары бар екенін көрсете, былай тұжырымдайды: «Сонымен қорыта айтқанда, қазақ фольклорындағы жалмауыз кемпір бейнесі ежелгі дәуірлердегі мифтік құбыжық типінен басталып, әуелі формасыз дене күйінде, одан соң көпбасты құбыжық түрінде көрініп, анаеркі дәуірі ыдыраған кезде жағымсыз жалмауыз кемпір бейнесіне дейінгі аралықта тарихи кезеңдердің ықпалын бастан кешкен» [26, 163].

Зерттеуші нақты демонологиялық күш ретінде жалмауызды хикая персонажына жатқызады. Сондай-ақ, оның «мифтен» «хикая» персонажына айналуының төмендегі үш экезеңін береді:

  • Тератологиялық құбыжықтан жеті басты жалмауызға айналу;
  • Жеті басты жалмауыздан жалмауыз кемпірге айналу;
  • Жалмауыз кемпірден мыстанға айналу.

Қорыта айтқанда, қазақ фольклорындағы жалмауыз бейнесіне талдау жасай келе, бұл мифтік бейненің өзіне тән мынадай қырлары бар екендігін анықтадық:

  1. Құбылушылық қасиет, яғни ол бір түрден екінші түрге сиқырдың күшімен ауысып отырады.
  2. Жойқын күштің иесі
  3. Адамның етін жейді. Жер асты патшалығында тұрып, қолға түскен тұтқындармен қоректенеді.
  4. Дәудің ұлдарымен бірге өлілер мен тірілер әлемінің шекарасын, жер асты патшалығының есігін күзетеді.
  5. Оны өлтіру оңай емес.

Аталған қырларына қарай «жалмауыз – кейпі ұсқынсыз, аузында өте сирек, ақсиған тістері, бойында жойқын күші бар адамнан гөрі айуандық сипаты басым ұнамсыз кейіпкер деген анықтама бере аламыз.

Жалмауыз – бас қаһарманға мейлінше кедергі келтіру, бас қаһарманның жолына тосқауыл болу, оның мақсат – мұратына жетуге бөгет жасау жолында сиқырды пайдаланатын, демондық қасиеті басым, құбыжық сипатты, адамды қорек ететін сиқырлы күш иесі.  

Қазақ фольклорында атқаратын қызметі жағынан жалмауыз бейнесімен ұқсас мыстан бейнесінің бар екендігін айта кеткіміз келеді. Жалмауыз бен мыстан бір кейіпкер емес. Мыстан – өзіне тән сипаты, кейіпкер ретінде өз функциясы мен характері бар дербес бейне.