Жын бейнесі

[cg_gallery id=»13″]

Қазақ фольклорындағы діни наным-сенімге байланысты туындаған бейнелердің ішінде жын бейнесі ерекше орын алатын, көп қырлы, көп қызметті бейнелердің бірі болып табылады.

Бұл көркем бейне туралы ғалым С.Қондыбай: «Мұсылман дінінің түсінігі ретінде араб тілінен енген. Қазақ ұғымында жалпылама зұлым рухтар дегенді білдіреді, яғни анықтаушы сипаттағы жын-жыпыр, жын-пері деген тіркестерде қолданылады. Қазақ фольклорлық жындары екі түрлі, бірі – зұлым рухтар, ауру иелері (топалаң, Ақшелек, Салаумәлік), т.б. екінші – қайырымда бақсы жындары, жын әскері.

Қазақ тілінде мифтік сипаты жойылған «жынойнақ» сөзі бар, оның жын-шайтанның жиын-тойы (шабаш ведьм) екеніне күмән жоқ» деп,  өз пікірін білдірген болатын.

Жын діни шығармалардың кейіпкері ретінде шамандық дінде де, мұсылман дінінде де кездеседі.

Қазақ бақсылары өз көмекшілерін «жын» деп атайды. Мысалы, Таласбай бақсы бедеу әйелдердің ауруын жеті қуыршаққа көшіру арқылы емдеген. Емдеу барысында бақсыға «сарбүркіт» пен «Көкбарақ» атты екі жын көмекке келетін көрінеді. Сарбүркіт – бүркіт бейнесінде Тарбағатай шыңын мекендесе, Көкбарақ – көк қасқыр бейнесінде Бортастаған тауын мекендейді екен.

Бақсы сарынына көз тастасақ:

Жын атасы Бөрлібай,

Шақырғанда келдің бе ей,- деген үзінділерді кездестіреміз. 

Діни наным бойынша жын пері, періште, шайтан тәрізді адамзат қауымымен қатар өмір сүріп, көзге көрінбейтін сиқырлы күшке ие тіршілік иелері. Жындарда екі рухани әлемнің қасиеттері бар. Олар да перілер тәрізді мұсылман және кәпір жын болып екіге бөлінеді.

Ғалым Ш.Уәлиханов: «Қазақтарда шамандық салт-сана мұсылмандық наныммен мидай араласып, ортақ мұсылман атты дінді құрайды… Халық отқа табынып, ал бақсылар болса, жын-перілермен қоса мұсылмандардың періштелерін де шақырып, Алланы да мадақтайды. Осылай екі дінді араластыра табыну ешқандай қайшылыққа жатпаған, қазақтар екеуін де қосып ұстаған» – деп, қазақ арасында әртүрлі діндердің қалдықтары кең ұшырасатындығын айтып өткен болатын. Міне, осындай діни наным қазақ фольклорында жын және шайтан тәрізді кейіпкерлердің өзіндік бейнесінің пайда болуына әсер етті.

Мұсылман дінінде Адам пайда болмас бұрын жер бетінде жындар өмір сүрді деп түсіндіреді. «Жындардың өздері құрған орталықтары бар, жердің сол аймағында жұмбақ оқиғалар болып жатады. Олардың өмір сүру ұзақтығы 2000 жылдан 6000 жылға шейін жалғаса береді. Белгілі бір уақыт аралығында әр түрлі кейіпке еніп, адамдар әлеміне шыбын не жылан сияқты жан-жануарлардың түрінде көрінеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Егер шыбын немесе жыланды көре қалсаңдар, алдымен 3 рет «Алла разылығы үшін кет!» деп айтыңдар. Себебі жын сендердің бауырларың болуы мүмкін» дейді. «Жын бауырларың болуы мүмкін» дегені жындар мұсылман және кәпір болып екіге бөлінетіндігінен. Сол сияқты олар адам кейпінде де келуі мүмкін» делінеді.

Халық нанымында адамдар жындарды көрмегенімен, олар адамдарды көріп тұрады. Алайда, оларды кейбір иманы, ислами білімі күшті адамдар көруі мүмкін, кейде қарапайым адамдарға да көрінуі мүмкін.

Зерттеуші П.Т.Әуесбаева «Түркі халықтарының хикаялары» атты ғылыми зерттеуінде: Өзбектер сондай-ақ жындарды «аджина» деп атайды. Түркі халықтары арасында тараған автохтонды жындар ислам дінімен бірге келген жындардан біршама өзгешеленеді. Ұқсастығы – Арабиядағы жындар исламға дейінгі персонификацияланбаған құдайлардың сарқыншықтары болса, түркі жерінде тараған жындар да жергілікті көне нанымдардан қалған статусы төмендеген ие-құдайлар болып табылады. Жын ислам діні тарапынан танылғандықтан, олардың болмысы мойындалып, жақсы-жамандығы, дәлірек айтсақ, пайдалылығы мен зиянкестігі олардың мұсылманшылықты қабылдау-қабылдамауымен байланысты болады. Ал айырмашылықтарына келер болсақ, мұсылманшылық дәстүр бойынша, «араби текті» жындарды Алла тағала түтіні жоқ оттан жаратқан.  Олардың санасы бар, отты не көзге көрінбейтін эфирлі денеден тұрады. Кез келген кейіпке ене алады және  кез келген тілекті орындай алады. Түркі халықтары жындарды әр түрлі сипаттайды, мысалы, өзбектер жындарды шыбын-шіркей түрінде бейнелесе, осман түріктері оларды бойы қысқа, ұсқынсыз, жерге дейін жететін сақалдары бар, құлағы және тісі үлкен адам кейпінде суреттейді [19, 318]. Бұл суреттемелерге еуропалық гоблин не гном бейнелерінің әсері тиген сияқты. Кейде терек сияқты ұзын бойлы, төменгі ерні кіндігіне дейін жетеді деген суреттеме кездеседі [19, 319]. Тәжіктерге көршілес өзбектерде жынды домаланған жүнді жануарға, мысық көжегіне ұқсату бар. Қазақ хикаяларында жын көзге құйын түрінде көрінеді. Сондай-ақ жындардың түрлі суреттерін қазақ бақсыларының жын шақыру сарынынан  көруге болады. Мысалы:

Арқасында алты көз,

Желкесінде жеті көз.

Маңдайында жалғыз көз,

Жын келеді алақтап,

Қызыл тілі салақтап [30, 139].

Бақсылар жындардың күш-қуатын таныту үшін олардың мөлшерін де суреттейді: «Бесіншісі – Телқоңыр, әйел жынысты жын. Алтыншысы – кемпір, аты жоқ. Жасы – тоқсанда. Оған тон шығуы үшін 90 қойдың терісі керек. Кемпірдің бір ерні жерде, бір ерні көкте салақтайды, көзі – кішкентай, жағы суалып, ішіне кіріп кеткен. Ол суық тигендерді, сүйегі қақсағандарды, кеудесін құсық қыса беретіндерді емдейді. Кержылан – іші ауырған әйелдерге көмекке келеді: ұзындығы он құлаш, көлденеңі – бес құлаш, ауыздан, не мұрыннан кіріп, ішектерді аралап, дертті қуып шығады» [30, 137]. Алайда жындардың бұл кейіптерін тек бақсылар көре алады, былайғы жұрт көзіне жындар көрінбейді, көрінсе де адам түрінде көреді.

Ф. Поярков «Джинны. Из области киргизских верований» атты еңбегінде: Под именем «джин, джинны», как у кара-киргизов, так и у киргиз-казаков, разумеются нечистые духи, которых они считают носителями и распространителями зла не только между людьми, но и между животными; джинны, следовательно, существа вредные. Киргиз-казаки и кара-киргизы представляют себе джиннов или в виде маленьких мошек и мух (это наиболее распространенная форма представления джиннов), или же в виде пауков (мизгирей), ящериц (келин-джугуп), лягушек (су-бака), жаб (кесертке) и т. п. Но в какой бы образ насекомого или животного джинны не воплотились, они никогда, по представлению кара-киргизов, не теряют своего человекоподобного вида. Такое представление обязано своим происхождением легенде, по которой джинны произошли от первых людей. В представлении киргизов-казаков джинны доходят до роста даже взрослого человека, у кара-киргизов же они представляются имеющими рост только новорожденного младенца. Живут джинны на низменных, болотистых местах, или в ущельях гор, вообще в тайных и мрачных местах, куда редко проникает глаз человека. В луже, покрывшейся плесенью, киргизы видят мириады джиннов. Иногда джинны носятся в воздухе на летающих лошадях,–это так называемое «летучие джинны». Видеть джинов могут одни только баксы и бакши», – сипаттама береді.

Жындарға В.А.Гордлевский сондай-ақ осман түріктерінде «Каиш-баджак» деп, қазақтарда «Көнаяқ» деп аталатын белбеу сияқты ұзын аяқтары бар персонажды жатқызды. Ол аяғы жоқ мүсәпірге ұқсап, алданған адамның арқасына мініп алып, шұбатылған аяқтарымен адамның белін орап алады да, үстінен күні-түні түспейді. Сондай-ақ «Мекір», «Джынгылдын», «Оджу» сияқты жындардың түрлері бар. Бұлар түн ішінде түрлі кейіпке кіріп, адамды қорқытып, үрей арқылы есін шығаруға тырысады [30, 137], деп жан-жақты сипаттама бере келіп, түркі халықтарында жын түрлерінің алуандылығы және олардың предикаттарының әр түрлілігіне байланысты аталған персонажға қатысты хикаялардың төмендегі сюжеттерін топтастырып береді:

  • Жындар мекеніне аяқ басқан адамдардың зардап шегуі. Түркі халықтарының түсінігі бойынша, жындар қираған үй, иесіз қалған қамал орындарды, қорған, орларды мекендейді. Сондай-ақ оттың күлін басқан немесе күлдің үстіне үлкенді-кішілі дәрет сындырған адамдарды жындар қорқытып, ақыл-есінен айырып жазалайды. Немесе тіл-аузын байлап, қол-аяғын сал қылып тастайды. Бұл сюжетке жынойнақ үстінен шыққан немесе соған куә болған адамдардың науқас не мерт болуын да жатқызамыз.
  • Жолаушылар бір ауылға кезігіп, той үстінен шығады. Тамаққа қол созу алдында «бісмиллә» десе, алдарындағы табақ ет, палау, мейіз сияқты болып көрінген тағамдар малдың нәжісі болып шығады. Сол мезетте айналада тігілген үйлер де, адамдар да жоқ болып кетеді.
  • Адамның жолын бөгеп, құйын тұрады. Ызаланған адам құйынға пышақ лақтырады, құйын сап тиылады, ал пышақтың жүзінде жынның жараланғанын білдіретін қан көрінеді.
  • Жындар адамдарды мазақ қылу үшін таныстарының кейпіне кіріп, адастырып жібереді, жардан құлатып мерт қылады.
  • Жын жолда қалып қойған лақ кейпінде адамдарға кезігеді. Адамдар қолға алғанда, адамша тіл қатып, шошытады, есін алып, жынды қылады. Бұл сюжет шайтанға да қатысты айтылады.
  • Бақсыларға зиянкес жын-перілермен, шайтандармен күресуге көмектесіп қызмет етеді.
  • Адамдарды дертті қылып, ауру, сырқат жабыстыратын жындардың іс-әрекетіне байланысты сюжет.
  • От кейпінде немесе от жағып «ауыл мұндалап шақырған» жындарға кезіккен жолаушылардың адаса жаздауы. Бұл сюжетте жынның отпен байланыстылығы көрініс береді.
  • Адасып қалған не түнге қалған балалардың ауыз-мұрындарының қисайып қалуы.
  • Қатты молданы, яғни мұсылманшылықты қатты ұстаған молданы азғыру мақсатында зиянкестік жасау.
  • Ұйықтап жатқан адамдарды қылқындыру не тұншықтыру. Жындардың бұл әрекеті албастыға ұқсайды, айырмашылығы – албасты көбіне әйел адамды бастырмаласа, жын ер адамдарға, молдаларға залал келтіруге мүдделі.
  • Татар, башқұрт халықтарының хикаяларында жындар өздерінің анимистік табиғатына не мифтік болмысына тартып, көбіне үй иесі, йорт иесі, азбар иесі, орман иесі, монша иесі т.б. түрінде әрекет етуге бейімдік танытты. Ие-егелер өздерінің функцияларына сай мекендеген орындарында белгілі бір тәртіп сақтау мақсатында ғана адамдарға зиянкестік жасайтын, ислам дінімен байланысты бұл персонаждар жындарға айналып, тек залал келтіруші сипатымен көріну етек алғанын байқаймыз. Ал бақсы-балгерлер қолданысындағы рух-онгондар «ислами» жындармен синтезделіп, метафизикалық әлемнің өкілдері ретінде не көмекші не зиянкес келтіру әрекеттерімен түркі хикаяларының персонаждары болды. Сондай-ақ түркі фольклорында мұсылман емес жындарды шайтанға ұқсату, ұластыру үдерісі байқалады [30, 137].

Ата-бабамыздың діни нанымында жындар өмірі адамзат өміріне қарама-қайшы бағытта дамиды деп саналған. Адамның тіршілігі, қарекеті жарық дүниеге қатысты болса, жындардікі, керісінше, қараңғылық әлеміне байланысты. Жындар кешке қарай қимыл-қозғалысқа түсіп, адамдарға деген қастандық әрекетін көбінесе түнгі уақытта іске асырады. Яғни шаманизмге тән жалпы сенім бойынша, жындар түнде жортып, күндіз тынығады. Шамандық түсінік бойынша жындар әлемі екі үлкен лагерьден тұрады: мейірімді жындар (добрые духи) және зиянкес жындар (злые духи). Бақсыға бағынатындары, әрине, мейірімді жындар. Жалпы аты солай болғанмен, олардың өзі іштей жіктеледі екен (пері, жын, шайтан). Бақсы сарындарында жын қатарында пері де, шайтан да атала бергенмен, кейбір бақсылар оларға жеке-жеке мән берген. Қорғанбай бақсының:

Өтірік басқа – шын басқа,

Шайтан басқа – жын басқа.

Пері басқа – жын басқа,

Әрқайсысы бір басқа,– деуі де сондықтан.

Кей фольклорлық туындыларда жындардың нақты суреттемесі беріледі. Мысалы, «Балықшы илә ғифрит қиссасы» («Бабалар сөзі», 5-том) дастанында бір кедей балықшының ауына қорғасынды ерітіп басқан Сүлеймен мөрімен бекітілген бір қызыл бақыр шелек түседі. Құбыжық пері қапастан босап шыққанда жер мен көкті қараңғы тұман қаптап кетеді. Оның кескіні былай суреттеледі:

«Перінің аузы үңгірдей, бойы таудай,

Қабағы бұлт секілді тұрған жаумай.

Түрінен жан тітіреп шошынғандай,

Жан-жағын қамап алды құрған аудай.

Аузынан от шашылар көзі жайнап,

Кеудесі мұнарадай, аяғы бір зор терек,

Қабағат сипаты бар көрсе абайлап».

Жын-перілерді басқарған, түрлі хайуанның тілін білген делінетін Сүлеймен пайғамбар оны жазалап, қапасқа салған екен. Жүз мың жыл қапаста болған жын өзін құтқарушы балықшыны өлтірмек болады, балықшы айласын асырып (дәу жынның аузы-мұрны жабық бақыр шелекте болғанына сенімсіздік білдіріп, жынды шелекке қайта салады), сый-сияпат алады.

Қорыта айтқанда, жын да, шайтан да адамзат қауымымен қатар өмір сүретін тылсым әлемнің кейіпкерлері. Бірақ, жындар өзінен қасиеті басым түсетін адамға көмекшілік қызмет атқарады. Олар әртүрлі кейіпте көрініп, өз сиқырын адам игілігі үшін жұмсайды. Ал шайтандар үнемі адамға қастандық жасаушы, оларды тура жолдан тайдырушы түрінде көрінеді. Сол себепті де ол ұсқынсыз кейіпте бейнеленеді. Жақсылық пен жамандықтың мәңгілік күресінде шайтан адамнан жеңіліс тауып, әрқашан дәрменсіз халге душар болады.