Зеңгі Баба бейнесі

[cg_gallery id=»14″]

Қазақ халқының мифологиялық түсініктерінде жылқы – желден, түйе – сордан, қой – оттан, сиыр – судан, ешкі – тастан жаратылған деген наным бар.  Қазақы наным бойынша әр төрт түліктің өз жебеуші пірі болады. Төрт түліктің өсіп-өнуіне, олардың тосын келген ауру мен апаттан аман қалуына осы пірлерінің тигізер жәрдемі көп деп иланған. Жылқының пірі – Қамбар ата, түйенің пірі – Ойсыл қара, сиырдың пірі – Зеңгі баба, қойдың пірі – Шопан ата, ешкінің пірі – Сексек ата деп есептеген ата-бабаларымыздың ғұрыптық фольклорында бұл бейнелер жан-жақты көрініс алған.      

Зеңгі баба – қазақ аңыздарындағы сиыр малының иесі және сиыршылардың пірі. Ә.Дивевтың жазбаларында «Зеңгі баба Сүлеймен хакім ата Бақырғанидың (12 ғасыр) шәкірті делінген, Бақырғани қайтыс болғасын Зеңгі баба оның Әйелі Қамбар бибіні алған деседі. «Діни шежіре» бойынша, Зеңгі баба Арыстан баптың шөбересі, Ташкент түбіндегі қышлақ оның атымен аталған» – делінеді.

Ғалым С.Қондыбай бұл мифтік бейне туралы былай дейді: «Зеңгі» – «қара түсті» дегенді білдіреді, яғни әлгі пірдің денесі қара болғандығынан осылай атаныпты-мыс. Қара түс – төменгі дүниенің символы, сонымен қатар осы түске «өлім образы» да ие. Қара түсті өлім – ажал бейнесі ретінде қабылдау ежелгі ортаазиялықтардың мифтік түсінігінде болған. Мысалы, Афрашаб – Франграсианның жанын алатын ажал қара түсті делінеді. В.В.Иванов пен В.Н. Топоров балтық, славян мифологиясындағы өліктер елінің иесі бір мезгілде малдың да (көбіне сиырдың) иесі болатындығын атап көрсетеді, бұл мифтік түсінік (өлім мен мал иесі бірлігі) о дүниені «мал жайылымы» деп есептейтін жалпы үндіевропалық таным екендігін де айтады. Біз дәл осы түсініктердің түркілік те болатындығын қазақ фольклорына арқа сүйеп дәлелдедік (о дүние туралы озалды қара). Белгілі бір дарияның жағасында сиыр бағу, сиыр иесі болу мен оның сиырларын бағу сюжеттері «Иран-ғайып шах Ғаббас» дастанында, «Кендебай», «Делдаш» ертегілеріде сақталған. Сондай-ақ қазақ тіліндегі «сиыр-судан» сөзі де төрт түліктің ғаламдық моделінде жылқы-аспан, қой-су, сиыр-судікі болуы осы о дүние-өлім-су дүниесі-сиыр-қара түс-Зеңгі баба мағыналық тізбегінің түркілігін де көрсетеді. Сиыр малының таңдаулысы «Қаратіл – ежелгі о дүниедегі өлім мен мал тәңіриесі болып шығуы әбден мүмкін».

Зеңгі баба туралы діни аңыздарда: «Зеңгінің түп нәсілі араб болғандықтан денесі қара, сүйегі ірі болған екен. Хакім Атадан терең білім алып данышпандық пен керемет көрсету дәрежесін меңгергеннен кейін ол отаны – Шаш уалаятына келіп халықты ілімге, әдептілікке тәрбиелеуге кіріседі. Көптеген аты танымал ойшыл шәкірттер тәрбиелейді. Зеңгі Атаның көрінісі қарапайым, дәруіш секілді болып, адамдардың сиырын бағып, падашылық етіп, ғаріптік өмір кешіреді. Зеңгінің күнделікті өмірі сахарада пада бағумен өткендіктен ол намазды да қыр-адырларда оқитын болған. Намаздан кейін зікір айтумен шұғылданған екен. Сол кезде сиырлар жайылуын тоқтатып тұратын болған» – деп баяндалады.

Зеңгі баба есімі өзбек аңыздарында да көп кездеседі. «Зеңгінің көптеген мүридтері, мухлистері (ықыластантанушылары) және шәкірттері болған. Олардың ішінде төртеуі – Ұзын Хасан ата, Сайид ата, Садр ата (садриддин) және Бадр ата (Бадриддин) атақты машайықтар дәрежесіне жетеді. Зеңгі 1258 жылы өмірден өтеді. Ташкентке жақын жердегі Зеңгі Ата қыстағына жерленеді. Жұбайы Әмбар бибінің қабірі де осы жерде. Бұл орын тек Ташкент уалияты емес, бүтін Мауараннахр және Хорасандағы, Тұран өлкесінің түркі халқының қасиетті мекені болып саналады. Рубаяттарда айтылғанына қарағанда Зеңгі Ата кесенесін Әмір Темір салдырып, оған құлыптасты 1420 жылы Мырза Ұлықбек орнатады. Құлпытаста : «Әркім өз үйінде дәрет алып, менің үйімде зиярат қылса, ол адам құрметтеп қастерлеуге лайықты» деген жазу жазылған. Кесенені түнде қара өгіз келіп құлатып кете береді. Әмір Темірдің түсіне Зеңгі Ата кіріп: «Менің пірім Қожа Ахмет Яссауидің басына кесене тұрғыз» дейді. Содан барып Ясауидың басына кесене тұрғызылған, содан соң барып Зеңгі бабаға кесене салыныпты» дейді аңыз.

Түркі халықтарының келесі мифі де Зеңгі бабаның ірі қараның пірі болғандығымен байланысты болып келеді.  «Ош қаласының аты, оның келіп шығу тарихына байланысты айтылатын бір аңызда Зеңгі бабаның қара малдары көбейіп кеткен кезде оның қоңыр бұқасы бастап жүреді екен. Қоңыр бұқа да қартайып, қуатынан айрылып, барлық табын сиырды қайтарып келуге шамасы жетпей, өзінен-өзі жүре алмай қалыпты. Ал пададағы сиырлар өз бетімен жайылып, алыс шалғай жерлерге желіп кете барыпты. Осылайша сиырлардың алды Ферғанадан өтіп, Әндіжаннан асып қалыпты. Сол сәтте Ташкенттің жанындағы Шаш қаласында отырған Зеңгі баба қатты дауыспен «Ошш» деп айқайлаған екен. Сонда қазіргі Ош облысының жерінде жайылып жүрген сиырлар лезде кейін қайтыпты. Зеңгі бабаның даусын естіп, сиырлардың қайтқан жері аңызда айтылуынша Ош деп атала бастаған екен».

Қорыта айтқанда, қазақ фольклорында төрт түліктің пірі ретінде  Қамбар Ата, Шопан Ата, Зеңгі Баба, Ойсыл Қара, Сексек Аталардың есімдері аталады. Бұл бейнелер туралы деректерде олардың төрт түлікті қалай бағындырғаны туралы сөз болып, халықтың олардан күтетін арман-тілектері сомдалады.