[cg_gallery id=»16″]
Көк бөрі – түркі халықтарына кең тараған тотем, мифтік бейне. Көк бөрі бейнесін ашпас бұрын алдымен «тотемизм» деген терминнің анықтамасын бере кеткіміз келеді. «Тотемизм» Солтүстік Америка үндістерінің «otatemon» деген сөзінен шыққан, «оның тегі» деген мағынаны білдіреді. Ол – алғашқы қауымдық құрылыстың әлеуметтік-идеологиялық болмысынан, адамдардың өзара қарым-қатынасы мен діни нанымынан, шаруашылық түрлерінен мәлімет беретін өте күрделі жүйе.
Түркі халқында шығу тегін қаншық қасқырдан тарататын бірнеше аңыз бар. Мәселен, бір аңызда:
Түріктердің ата-бабалары Све (Сібе) еліне қарайды. Ғұндардың солтүстігінде өмір сүреді. Олардың ру ақсақалы – Апаңбу деген кісі. Ол ағайынды он жеті екен. Солардың ішіндегі Ижі-Нишыду дегені бөріден туыпты… десе, екінші аңызда:
«Түркілердің арғы ата-бабалары Ашина Сихай (батыс) көлінің құбылысына өз тайпасын қондырып, ел болған екен дейді. Күтпеген жерден ашиналықтарға көршілес бөгде тайпа шабуыл жасап, қырып салыпты-мыс. Ойран-топан болған жұртқа он жастағы баланың аяқ-қолын кесіп, тірі тастап кетіпті. Қаншық қасқыр оны тауып алып асырайды. Ер жеткен соң әлгі бала қаншық қасқырға үйленіпті-мыс. Осы кезде ата жауы баланың тірі екенін біліп, тауып алып, өлтіріпті. Осы ұлдан жүкті болған қаншық қасқыр Гоацанның (Тұрфан) теріскейіндегі тау қойнауына барып тығылады. Осындағы үңгірді паналап жатып, он ұл тауыпты-мыс. Олар өсіп, ер жеткен соң, сол өлкенің қыздарына үйленеді. Сөйтіп, олар бір рулы ел болады. Ашина қабілетімен, ақыл-парасатымен дараланып, ру басшысы болған екен. Ол ата тегін мәңгі есте қалдыру үшін, орда ауласының алдына, қасқырдың басын бейнелеген байрақ іліп қоятын болған. Кейін де ру молайып, үлкен ел болыпты. Ашинаның ісін жалғастырушы Асян-шад қасқыр ұрпағын Гоацан аңғарынан ертіп шығып, Алтай тауына әкеп орналастырады. Олар осы Алтай тауында «түрік» деп атанған. Түрік қағандарының ордасында көкбөрінің басы сызылған ту асылады. Олар өздерінің келіп шығу тегін есінде сақтап, осылай істеген, – делінеді.
Көк бөріні тотем тұту қырғыз, қарақалпақ, өзбек халқының ғұрыптық фольклорында да жан-жақты көрініс алады. Қазақ халқының танымында көк бөрі көк Тәңірінің нұры, жеңімпаздық символы, ерліктің тұлғасы болып табылады. «Өмірдегі жақсылықтың бәрі тәңірінің нұрынан таралады, нұр – тіршіліктің бастауы» деп түсінетін халық үшін адалдық, әділеттілік, шыншылдық, қайсарлық тәрізді асыл қасиеттердің нышаны да көк бөрі болып табылған. Оғыз қағанның түсінде көктен жарқыраған сәуле құйылып, сәуледен көк бөрі бейнесінің сомдалуы тегіннен-тегін емес.
Түркі халықтарының бір мифінде Тәңірі адамдарға қатты ашуланып, олардан теріс айналады делінеді.
…Бір кездері құт басқан ұлан-ғайыр өлке әп-сәтте құлазыған жұртқа айналып, ду күлкі мен шаттықтың орнына құзғындардың сұңқылы ғана естіледі. Міне, осы иесіз жұртқа құдайдың құдіретімен қаншық қасқыр келіп, ауыр жараланған ер баланы қан сасыған сайдан тауып алып, тісімен аса мұқият тістеп, алыстан мұнартқан таулар арасына кетеді. Сол таулардағы үңгірде баланы емдеп, асыраған қасқыр бала ержеткенде онымен некелесіп, ерен күшті он ұлды дүниеге әкеледі. Он ұлдың бірі Ашина ұлы әмірші болады. Ол қоныс еткен жеріне анасының құрметіне арнап, қасқырдың бейнесі алтын жіппен әдіптеліп, көмкерілген туын тігеді екен, – деп сипатталады.
Бұл мифтің де негізгі арқауы жануарлар мен адамдардың шығу тегі туралы тотемдік түсінікте жатыр. Бұл жерде қасқыр бейнесі архетип, яғни мифтік символ ретінде алынып отыр. Басқа мифтермен салыстырғанда бұл мифте ата-бабаларымыздың діни көзқарасы айқын аңғарылады. Басқа мифтерде қасқыр мен адамның некелесу себебі түсіндірілмесе, бұл мифте адамдар түгелдей күнәға батқандықтан да жаны пәк ұланға жар болуға тек күнәдан ада рухани бейне – қаншық қасқыр лайық келеді. Тотемдік мифтердің көбінде адамның неліктен белгілі бір аңнан пайда болғаны егжей-тегжейлі түсіндірілмейді, ал жоғарыдағы мифте қасқыр тотемі биіктеп, Тәңірінің ең сүйікті бейнесі ретінде биікке шығады.
Бөрі культі ел арасында әлі күнге дейін кездесіп, батырлар туралы аңыз әңгімелерде ол батырдың нагуалы, яғни жебеуші рухы ретінде көрініс алады.
Түркі халықтарының фольклорында қасқыр бейнесі түрлі жанрларда: ғұрыптық поэзияда, эпостық жырларда, паремеологияда, халықтық прозада кездеседі. Осы жанрлардың барлығында қасқыр негізінен үш түрлі түспен, атап айтсақ, көк бөрі, ақ қасқыр және қара қасқыр болып бейнеленеді. Қасқыр бейнесінің бұлайша өзгеріп отыруының символикалық мәні зор.
Мұсылман қауымы үшін жасыл – Алланың рақымы жауған қасиетті түс болса, түркі халықтары үшін көк түс – Тәңірінің шапағатты белгісі болып табылады. Көк түсті түркілердің аса қадірлегенін айта келіп, Ә.Ақышев «түркілер өз ішінде көк, қызыл және сары түріктер болып бөлінген. Көк түрік олардың тектілігін білдіреді» деген ойды айтады.
«Қара» – көк сөзіне қайшы түс болып табылады. «Көк бөрі», «көкжал қасқыр» деп адамға дос, қамқоршы бейнені суреттесе, «қара қасқыр» арқылы қаскөй, зұлым күшті бейнелейді. Мысалы, «Сырттандар» атты ертегіде «Түсінде бір қара қасқыр жейін деп баланың аяғына ауызын сала бергенде, бала шошып оянады» – деп балаға жерік болған қасқырды қара, ал баланы құтқарушы иттің сырттанын «үлкендігі тайыншадай, алқымы даладай, екі құлағы тебінгідей, екі көзі қып-қызыл, екі езуі салбыраған ұзын тұмсық, жүндестеу келген қара ауыз көк ит екен», – деп суреттейді. Ертегіде қасқырдың қаскөйлігін көрсету үшін қара, иттің қасиетін ашу үшін көк түспен бейнелеп тұр.
Қорыта айтқанда, қазақ фольклорындағы көк бөрі бейнесі мынадай негізге қызмет атқарады:
- Жас сәбилерді асырайды;
- Қиын-қыстау кезеңде көмекке келіп, тығырықтан шығар жолды көрсетеді;
- Тұтастай халықтың ілкі ата-бабасы болып табылады;
- Жеке адамның нагуалы – жебеуші пірі болып табылады.
Ал, жалпы қасқыр бейнесінің символикалық мәніне тоқталатын болсақ, ол екі сатыда беріледі: біріншіден, тотемдік сатыда ерлік пен қайсарлықтың, күштілік пен еркіндіктің символы ретінде алынады; ал екіншіден, көркем сатыда қорқаулық пен ашкөздіктің, сараңдық пен ақымақтықтың символы ретінде сомдалады.
Бөрі басы – ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым, – деп Сүйінбай ақын жырлағандай, бөрі бейнесі тереңге бойлай білген зерделі жанға түркі дүниесінен кеңінен мағлұмат беретін нұсқаушы болмақ.