[cg_gallery id=»17″]
Қазақ фольклорындағы мифтік бейнелердің бірі – көк өгіз бейнесі. Бұл бейнені зерделеу барысында фольклорлық мәтіндерде аз кездесетіндігін байқадық. Негізінен көк өгіз жаратылыс туралы түсінікке негізделген діни наным-сенімнен туындаған мифтік бейне. Ол жердің жаратылуы туралы аңызда ұшырасады.
Аңызда: «Көк өгіз жасаған жер мен көкті ең алғаш жаратқанда, әуелі айнадай дөңгелек, жерді тебіңгідей төртбұрыш, жалпақ етіп жаратқан екен. Кейін бұлар бірте-бірте өсіп, үлкейе беріпті. Сонан соң Жасаған жерді көк өгізге көтертіпті. Бірақ жалпақ жер көк өгіздің арқасына тоқтамай, ауытқып, аударылып, төңкеріліп, қалтылдап, толқи беріпті. Мұның салмаған теңгеру үшін төңіректің төрт бұрышына талдарды әкеліп, орнатып, тау мен жазықты реттеп, бәймөңкелеп бекітіпті. Сонымен жалпақ жер көк өгіздің арқасында аумай-талмай тұратын болған екен.
Бұл өгіздің айтуынша, жер жүзінде ізгілік, жақсылық молайса, көк өгіздің жүгі жеңілдейді. Бұған көк өгіз де сүйсінеді. Жер үстінде қылмыс, қылапат қабындап, жауыздық, жаманат өршісе, оның жүгі ауырлайды. Бұлардан жиренген көк өгіз, жер үстіндегі лас-жылыс, жаманатты аластау үшін сілкінеді. Осыдан жер сілкінуі туылады. Жердің сілкінуі, жерге аунаған малдың үстіне жабысқан шаң-тозаң, шөп-шолаңды түсіріп тастау үшін сілкінетін әдетіне тақылет етілген.
Жасаған Тәңірдің жерді арқалаған көк өгізі, бейне кәдімгі көш-көлігі болып жүрген өгіздер сияқты, кәртейе береді. Замандардың заманында көк өгіз әбден кәртейіп, күш-қуатынан айырылып, ажалға тап болады. Көтеріп тұрған көлігінен айырылған жер – жаһан зауалға ұшырайды: тау қаңбақтай, тас бұршақтай ұшып, жер көкке шығып, көк жерге түсіп, қиямет зілзала туылып, заманақыр болады. Бұ дүние құрып, бітіп, о дүние басталады», – делінеді.
Көк өгіз туралы сюжет осы сарынға құрылған. Мұндай наным әлем халықтарында кең тараған. Тек бұл сарындағы мифтердің бірінде жерді көк өгіз көтеріп тұрса, енді бірінде кит, алып балық, тасбақа т.б. аңдар көтеріп тұрады.
Қазақтың тұңғыш этнограф-ғалымы әрі саяхатшысы Шоқан Уәлихановтың 5 томдық шығармалар жинағында «көк түс – ел дүние-танымында ерекше әспеттелетін, аса қасиетті» саналған. Дәстүрлі тәңіршілдік дініндегі күллі әлемді жаратушы әрі бірден-бір әмірші «көк Тәңірі» деп атауы – шынайы сенімнің белгісі. Өйткені, «көк – барлық игіліктің бастауы, ғаламды билеуші Жаратқанның төрі, тұрағы» саналған.
Күн күркіреп, найзағай ойнаса «Көк Тәңірінің қаһары» деп есептейтін наным бүгінге дейін бар. Көктемдегі күннің алғаш күркіреуін қазақ «көк айғырдың кісінеуі» деп танып, «Көк Тәңірі көк айғырына мініп, жын-шайтандарды қуып жүріп атады» деген нанымға иланады.
Аспан әлемін «көк» деген атаумен атап, оған құдіреттің өзі ретінде қараған ата-бабаларымыз қиналғанда көкке жалбарынса, қуанғанда көкке қарап алғыс айтуды ұмытпаған. Күні бүгінге дейін ренжіген сәтінде «көк соққыр» деп қарғау осынау тұңғиық әлемнің күшіне деген сенімді білдіреді.
М. Қадыров, Б. Нұрмұқамбетов тәрізді зерттеушілер «Ертедегі Орталық Қазақстан тайпаларының мәдениеті мен өнері» атты зерттеулерінде қазақ халқындағы тотемдік хайуанаттар туралы айта келіп, қошқар, теке тотемдерімен бірге көк өгіз тотемінің де болғандығын айта кетеді.
Фольклортанушы ғалым Ә.Қоңыратбаев: Мифологиялық ұғымдар қазақ ертегілерінде баршылық. Бұған «Еділ-Жайық», «Құла мерген», «Ер Төстік» сияқты қиял-ғажайып ертегілері айғақ. Онда адам етін жейтін жалмауыз кемпірлер, дәулер образы көп айтылады. Бұл ертегі сақ заманынан қалған ұғымдар. Ертедегі сақ, массагет, үйсін тайпаларында ит, бөрі, өгіз, жылқы, айдаһар тотемдері пайда болады, – деп бұл тотемнің шығу заманына талдау жасайды.
«Өнер туралы» еңбегінде ғалымдар К.Маркс Ф.Энгельс: «Ертедегі адамдар өздерінің күн көрісі үшін төрт аяқты хайуандарды пайдалану, оларды үйрету, асырау жайын қарастырған және де әрбір хайуанат туралы оның қасиеті туралы түрлі мифтік ұғым-түсініктер ойлап шығарған. Табиғат сырын, жаратылыс құбылыстарын түсіне алмаған ертедегі адамдар әрбір хайуанаттың жаратушысы, иесі бар деп ойлаған. Кейбір хайуанаттарды керемет тұтып, оған табынатын болған. Бұл ретте К.Маркс былай деді: «Әрбір мифология табиғат күштерін қиял бойынша жеңіп, бағындырып, дегеніне жүргізеді сол арқылы баурайды, ал сол табиғат күштерін анық шынымен жеңіп алған заманда ол мифология жоғалады» деген болатын.
Көк бөрі мифтік бейнесінің сипаты да біздің заманымызға толық сақталмай, буалдыр елес күйінде ғана жетіп отыр.
Көрнекті ғалым, фолклортанушы С.Қасқабасов «Қазақ мифі және әлемдік мифология» атты зерттеу еңбегінде: Мифтің бүгінгі күні жеткен сұлбасынан діни сенімнің, таным-тәжірибенің, өнердің, философиялық, тіптен саяси көзқарастардың да алғашқы нышандарын дамытуға болады. Мифтік сана дәуірінде миф біртұтас бөлшектенбеген, синкретті қалпында, әмбебап сананың үлгісі ретінде көрініс тапқан деудің қисыны бар. Былайша айтқанда, Миф дегеніміз – дүние-тіршілікке қатысты қалыптасқан қоғамдық сананың бірден-бір әмбебап көрінісі. Осы тұста байырғы адамдардың қоғамдық санасы ретінде көрініс тапқан миф пен сол мифтің ғасырлар сілемін көктей өтіп келіп, бүгінгі адамдардың аузымен айтылуының арасында айырмашылық болатыны назар аударады. Бұл айырмашылық мифтің халық жадында құбылуынан немаесе шыңдалуынан туған айырмашылық емес. Мұны дүние тіршілікке қатысты адам санасының өзгеруінен туған айырмашылық десе болар. Себебі, байырғы адамдар үшін Миф – сананың, таным-түсініктің, өмір салттың үлгісі болса, бүгінгі адамдар үшін миф-өткен өмірдің жаңғырығы», – деген болатын.
Қазақ фольклорындағы Көк өгіз бейнесі ғаламның жаратылуы туралы түсініктермен байланысты болып келеді. Мұндай ежелгі рух-иелік сенімге негізделген ұғымдар бірқұдайлық дін қалыптасқан соң жойылып, кейбір жанрларда тек ізі ғана қалған. Мысалы, «Есентай мен қыз Болық» айтысында «Қара жерді көтерген немене» деген сауалға мүйізімен жерді тіреп тұрған алып бір көк өгіз деп, жауап беріледі. Мифті арнайы қарастырған ғалымдар әлемнің жаралуы туралы мифтерде кездесетін типологиялық сарындардың бірі ретінде осы көк өгізді айтады.
Жерді «Көк өгіз» тіреп тұр деген ұғым ислам мифологиясында да бар. Және Еділ бойы, Кавказ бен Қырымды мекендеген түркі тектес халықтарға да таралған. Х.Әбішев «Аспан сыры» деген еңбегінде қазақта жер көк өгіздің арқасында орналасқан деген ұғыммен қоса «жер жұмыртқадай, ол көк өгіздің мүйізіне қойылған, бір мүйізі талғанда көк өгіз екінші мүйізіне ауыстыра салады, сол кезде жер сілкіну болады деп» көрсетеді. Көк өгіз туралы сюжетте (қозғалса, мүйізі сынса, мүйізі талса) үнемі ақырзаман болатындығы жайлы айтылады.
Қорыта айтқанда, көк өгіз – Тәңірлік дүниетаным бойынша табиғат құпияларын тәңір тұту, көк аспанды, аспан түстес жан-жануарларды культке айналдыру жағдайында дүниеге келген, жаратылыстың бастауы туралы сыр шертетін мифтік кейіпкер.