[cg_gallery id=»19″]
Қазақ халқының мифологиялық түсініктерінде жылқы – желден, түйе – сордан, қой – оттан, сиыр – судан, ешкі – тастан жаратылған деген наным бар. Қазақы наным бойынша әр төрт түліктің өз жебеуші пірі болады. Төрт түліктің өсіп-өнуіне, олардың тосын келген ауру мен апаттан аман қалуына осы пірлерінің тигізер жәрдемі көп деп иланған. Жылқының пірі – Қамбар ата, түйенің пірі – Ойсыл қара, сиырдың пірі – Зеңгі баба, қойдың пірі – Шопан ата, ешкінің пірі – Сексек ата деп есептеген ата-бабаларымыздың ғұрыптық фольклорында бұл бейнелер жан-жақты көрініс алған.
Қамбар ата – жылқы малының иесі және жылқышылардың пірі. Көрнекті ғалым Ә.Қайдаров: Зерттеушілер оның есімін мұсылман діні арқылы келген арабтың тарихи тұлғасы, Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбардың күйеу баласы Әзірет Әлінің атбегі Ганбардың есімімен байланыстырады. Түркі халықтарында Қамбарға берілген функция әртүрлі, мысалы, түркіменнің Гамбар бабасы ән-саздың пірі, дутарды ойлап табушы делінеді, қазақта осы атқа эпостық батыр ие, – деп пікір білдірсе, ғалым Ә.Қоңыратбаев «Қазақ фольклорының тарихы» атты еңбегінде Қыз Жібек жырындағы «Көл иесі – Қамбар-ау, Шөл иесі – Қамбар-ау, Қарағыма көз сал-ау», – деген жолдарға және Н.Уәлиевтің жазбаларындағы Қамбар жұлдызына берілген сипаттамаларға талдау жасай келе, «Міне, осының бәрі Қамбар есімі мен образының арабтық Ганбарға қатысы жоқ, ежелгі далалық образ-ау деген күмәнділікті туғызады. Қамбар есімі аталмыш өлең жолдарында суға қатысты болып тұр. Бұл оның есімінен қап – «су» сөзін іздеуге жол ашса, кейбір бақсылық сарында Қамбар есімі бақсы жындарының қатарында айтылады. Бұл (көне түркілік қам, қамлау, камлание, қамдану, қамшы сияқты) бақсылыққа қатысты ұғымдардан да іздеу мүмкіндігі бар екендігін көрсетеді» – деген пікірін білдіреді.
Ғалым С.Қондыбайдың еңбектерінде Қамбар атаның мифтік болмысына талдау жасала келіп, оны су стихиясымен, музыкамен, музыкалық аспапты ойлап табумен (түрікмен мысалы), жылқы малымен байланыстыра келіп, бұл бейненің мифтік сипатының тек жылқышыларға қамқорлық жасаумен шектеліп қалмайтындығын айтады.
Ғалым: «Осындай үш сипаттағы Қамбар ата бейнесінің қазақ-түрікпендік негізінің қалыптасу арнасы Каспий төңірегіндегіндегі Маңғыстау жағалауында өрбіген. Жылқы иесі мен жылқышылар пірі болған түрікпендік Дүлдүл атаның моласы Каспий теңізінің жағасында, Маңғыстау облысына таяу жерде, Бекдаш қаласының маңында жатыр. Дүлдүл – Әзірет Әлінің тұлпары, ал теңіз жағалауындағы мола ежелден бар, яғни осы мола иесі ислам діні таралмастан бұрын оның жылқы иесі қызметін сақтағанымен, басқаша аталғандығын шамалауға болады. Қамбар атаның күйшілігі жөнінде аңыздың қазақ арасында екі түрлі нұсқасы бар. Бірінші аңыз: “Бір шапқыншылықта түрікпендер қазақтың тоғыз жасар екі баласын қолға түсіріп, жалшы қылады. Қозы баққан Қамбар деген бала күй тартқанда қозылар күйдің әуеніне елтіп, баланың қасында иіріліп жатады екен. Малдың қоңданып, семіруіне кедергі келтірген күйдің тартылуына қанша тыйым салғанымен, қойғыза алмапты. Түрікпендер баланың өнеріне тәнті болып, өлтіруге қимай, Темір бабаға алып барады. Темір баба баланы Үстірттегі Қаратүлейге, елдің шетіне апарып бостандық беруге бұйырады”. Мұндағы Қаратүлей – Үстірттегі (Маңғыстау обл.) жер аты, бірақ аңыздың іс жүзінде тарихи негізге емес, мифтік негізде қалыптасқанын ескере отырып осы топонимнің астарында бүгінде ұмыт болған мифтік атаудың жатқандығын топшылауға болады. Екінші аңыздың да сюжеті алғашқы аңызбен ұқсас, алайда қозының орнына жылқы айтылады. Мұнда “Қамбар домбырасын алып қашып кетеді. Соңынан сахаба қуғанда қара жер қақ айырылып, Қамбар құрдымға кеткен де, домбырасы қалып қойған. Міне, осы оқиғадан соң жылқы пірі Қамбар атаға ұласып жүре берген”. Қамбардың Қаратүлейге апарып тасталуы мен жер асты құрдымына түсіп кетуі оқиғасының астары өте ежелгі түсініктерде жатыр. Бұл қысқы тоқырау (22 желтоқсан) күнімен, яғни ең қысқа күнмен байланыстырылған оқиға. Осы сәтте, ежелгі дәстүр бойынша, бұ дүние мен о дүниені жалғап тұрған тесік (қақпа, есік, көпір) ашылып, өлген ата-баба аруақтары (рухтары) жер бетіне, өздерінің тірі ұрпақтарын көріп қайту үшін келеді-міс. Ата-баба культінің шарты бойынша, тірілер аруақтарды “жақсылап күтіп алып”, сый-садақасын беріп (құрбандық шалып), оларға арнап мадақ сөз, ертегі айтып, күй тартып, кері шығарып салады екен. Қамбар ата бұл тұста – “о дүниедегі мал (жылқы) бағушы” (ертегілік “дария жағасында сиыр баққан тазша” секілді), яғни ол – “өлілер дүниесіндегі өлілердің рухтарын” – “өлген адамдардың (ата-бабалардың) жандарын” бағушы. Яғни, ол о дүниеде өлген жандардың (жылқы кейпіндегі) аруақтарын домбыра тартып жүріп, “малша” жаяды, – деп бұл бейненің мифтік сипатын аша түседі.
«Жылқышы атаға» мынадай тілек айтылады:
Шаруаның бір пірі – Жылқышы ата!
Тілегенде, өзің бер, ақтан бата!
Үйір-үйір жылқыны шұрқыратып,
Ойдан-қырдан арқансыз әкеп, мата!…
…Тағы бір тілек тілейін,
Шын бергенің білейін,
Өңкей ала, шұбардан,
Жал-құйрығы шұбалған
Айғыр берсең байсалды,
Үйірі толған байталды,
Өңкей мама биемен,
Сауған сайын иіген.
Ал, «Ойсыл қараға» былай деп жалынады:
Шаруаның бір пірі – Ойсылқара,
Түйені өсір жарылқап, болып пана!
Ит-құс, пәле, індеттен аман сақтап,
Топ-топ болып көбейсін аруана!
Және бір тілек тілейін,
Бергеніңді білейін,
Қотанға сыймас түйе бер,
Түйе берсең, үйе бер!
Жатқан жері даладай,
Азу тісі қаладай,
Екі өркеші баладай,
Қаршылдаған бурасы,
Жалбыраған шудасы,
Жібектен болсын бұйдасы.
Осылай тілек айтумен бірге бұл өлеңдерде сол түлікке «мінездеме» беріледі. «Сәйгел тисе, мөңкіген, Оқыра тисе, жөңкіген, Алабас жіп естірген, Мұрнын тура тестірген», – деп, сиыр малының мінезін көрсетсе, ешкінің мынадай мінезін ашады:
…Ауыл көшіп қонғанда,
Өрегенін қайтерсің.
Бөрі бақыр келгенде,
Көрегенін қайтерсің.
О бөріні көргенде,
Ысқырғанын қайтерсің.
Құйыршығын бұтына
Қыстырғанын қайтерсің.
Бөрі ала қашқанда,
Бақырғанын қайтерсің.
«Ойбай, ием, кеттім, – деп,
Шақырғанын қайтерсің?!».
Қорыта айтқанда, қазақ фольклорында төрт түліктің пірі ретінде Қамбар Ата, Шопан Ата, Зеңгі Баба, Ойсыл Қара, Сексек Аталардың есімдері аталады. Бұл бейнелер туралы деректерде олардың төрт түлікті қалай бағындырғаны туралы сөз болып, халықтың олардан күтетін арман-тілектері сомдалады.