Ойсыл Қара бейнесі

[cg_gallery id=»22″]

Қазақ халқының мифологиялық түсініктерінде жылқы – желден, түйе – сордан, қой – оттан, сиыр – судан, ешкі – тастан жаратылған деген наным бар.  Қазақы наным бойынша әр төрт түліктің өз жебеуші пірі болады. Төрт түліктің өсіп-өнуіне, олардың тосын келген ауру мен апаттан аман қалуына осы пірлерінің тигізер жәрдемі көп деп иланған. Жылқының пірі – Қамбар ата, түйенің пірі – Ойсыл қара, сиырдың пірі – Зеңгі баба, қойдың пірі – Шопан ата, ешкінің пірі – Сексек ата деп есептеген ата-бабаларымыздың ғұрыптық фольклорында бұл бейнелер жан-жақты көрініс алған.

Түйе пірі – Ойсыл қара деп жүрген Увайс Қарани шын мәнінде өмірде болған адам. Пайғамбар дәуірінде өмір сүрген, өмірін түйе бағумен өткізген. Ол өз елінің түйелерін бағып өзінің кәсіпке адалдығымен, тақуалығымен, қанағатшылдығымен көпке үлгі болған. Увайс Карани әулиелігін, ыстық ілтипатын ерекше рухани байланыс арқылы сезінген Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбар оған деген құрметінің белгісі және оның рухани дәрежесінің айғағы ретінде сахабалары арқылы өз шапанын сыйлаған. Соның құрметіне байланысты ұлық, әулие болып саналған. Сондықтан ол кәсіпке адалдықты насихаттап, сол кәсіптің иесі пірден қолдау, желеп – жебеу тілеген. Халық аңызында Ойсыл қара кісі болған деп айтылады. Аңызға көз жүгіртсек: Туған елі ағайынды бесеуінің алдынан шығып, қарсы алып, дала тағыларын бойұсындырып, аман-есен келгендіктерін құттықтап, ұлан-асыр той жасапты. Ағайынды бес батыр ел-жұртына жылқы, сиыр, түйе, қой-ешкілерін бөліп беріп, оларды аң аулау азабынан құтқарыпты. Ел-жұрты оларды құрметтеп, еңбектерін мәңгі естеріне сақтап жүру үшін жылқының пірі — Қамбар ата, сиырдың пірі — Зеңгі баба, қойдың пірі — Шопан ата, ешкінің пірі -Шекшек ата, түйенің пірі — Ойсылқара болсын. Бұл бес түрлі аң бұдан кейін аң емес, «төрт түлік» деп аталсын депті. Сөйтіп, қазақ халқы жылқы, сиыр, қой, ешкі, түйені төрт түлік деп, олардың пірін Қамбар ата, Зеңгі баба, Шекшек ата, Ойсылқара деп атап кетіпті. Себебі, Ойсыл қап-қара кісі екен, – деген жолдарды көреміз.

Шаруаның бір пірі – Ойсылқара,
Түйені өсір жарылқап, болып пана!
Ит-құс, пәле, індеттен аман сақтап,
Топ-топ болып көбейсін аруана!
Және бір тілек тілейін,
Бергеніңді білейін,
Қотанға сыймас түйе бер,
Түйе берсең, үйе бер!
Жатқан жері даладай,
Азу тісі қаладай,
Екі өркеші баладай,
Қаршылдаған бурасы,
Жалбыраған шудасы,
Жібектен болсын бұйдасы.

 

Осылай тілек айтумен бірге бұл өлеңдерде сол түлікке «мінездеме» беріледі. «Сәйгел тисе, мөңкіген, Оқыра тисе, жөңкіген, Алабас жіп естірген, Мұрнын тура тестірген», – деп, сиыр малының мінезін көрсетеді

Қорыта айтқанда, қазақ фольклорында төрт түліктің пірі ретінде  Қамбар Ата, Шопан Ата, Зеңгі Баба, Ойсыл Қара, Сексек Аталардың есімдері аталады. Бұл бейнелер туралы деректерде олардың төрт түлікті қалай бағындырғаны туралы сөз болып, халықтың олардан күтетін арман-тілектері сомдалады.