Тазша бала

[cg_gallery id=»27″]

Тазша Бала – қазақ ертегілерінің басты кейіпкерлерінің бірі. Қай шығарманы алмайық ол бай болып, барша мұратына жетіп отырады. Тазша баланың сыртқа кейпі сұрықсыз, кейде тіпті жиіркенішті болғанымен ішкі дүниесі бай. Тазшаның осы реңсіздігі оны сырт көзден қорғайтын жамылышы іспетті. Оның ақылдылығы, тапқырлығы, өжеттілігі мен қайсарлығы іс-әрекеті арқылы көрініс алып, шығарманың соңында сыртқы жамылыш сыдырылып түседі.

Мұндай құбылу мотиві қазақ фольклорында кең тараған. «Алтын топай» ертегісіндегі қотыр тай бейнесі мен тазша бала бейнесі арасында ұқсастық бар. Сөзіміз дәлелді болу үшін үзінді келтірейік:

Бала жылқыларына барып, жүгенін сылдырлатқан екен, барлық жылқылардың ішінде бір қотыр тай ғана балаға қарайды. Бала сол қотыр тайды ұстайды да жүгендеп мініп қыстауға қарай тартады.

Бала мінген қотыр тай талай тұлпардың бойында жоқ қасиетке ие. Ол адамша сөйлейді.

Кемпірдің жұлып алып атып жіберген тісінен аяғы жұлынған тай алдымен үш аяғымен, екі аяғымен, жалғыз аяғымен қаша береді. Ал соңғы аяғынан айрылған сәтінде домаланып қашады. Ол ертегіде былайша көрініс алады: «Кемпір бір аяқты тағы бір күрек тісімен жұлып түсіреді. Сол жерде бұлардың жолынан бір биік бәйтерек кез болады. Тайға тіл бітіп, балаға айтады: «Сен тез мына бәйтеректің басына шық, мен домалап қашайын»,—дейді. Айтқандай бала тайынан секіріп түсіп, бәйтеректің басына шығып кетеді. Тай домалап қашады.

Ал «Сырттандар» ертегісіндегі қотыр тай өзгелердің көзіне түспес үшін бойын жасырып жүрген жылқының сырттаны болып шығады. Оны ертегіде «жабағы күніндегі өлі жүні әлі үстінен түспеген, қырып аларға қызылы жоқ, жөнді от оттамайтын жылқы түрінде суреттейді.

Қазақ халқында «Қу тазша», «Ақылды тазша», «Айлалы тазша», «Тазшаның қырық ауыз өтірігі», «Хан қызы мен Тазша» тағы басқа да ертегілер бар. Осы ертегілерге сүйене отырып тазша баланың суреттемесін беруге болады. Мысалға «Тазша бала» ертегісінде Тазшаны шал мен кемпірдің үшінші баласы деп баяндайды. Кемпір мен шалдың үлкен екі баласы басқа жерден пайда, кәсіп қылуға талап етіп, өнерші байға өнер үйренуге жалданып, ақыры аштан өледі. Ал үшінші ұлы Тазша бала өнерші байды жеңіп, барша мұратына жетеді.

Бұл ертегіде Тазшаның мұратына жетуіне оның мейрімділігі мен кішіпейілділігі себепші болады. Өйткені кемпір мен шалдың үлкен екі баласы өздеріне тиесілі ешкіні сойып, әкесі мен шешесіне бір татымын берместен арқалап алып кетсе, Тазша бала ағаларындай өзіне тиген енші ешкісін сойып алғанымен, жарты етін әке-шешесіне беріп, олардан рұқсат алып, жолға шығады.

Жолшыбай кездескен қариямен амандасып, саулық сұрасқаннан кейін қария оған ақыл үйретеді, ал Тазша бала үлкен кісінің айтқан ақылын орындайды. Осының арқасында өнерші байдың жалғыз қызының Тазшаға мейрімі түсіп, соңында Тазша барша мұратына жетеді.

«Түс сатқан тазша» ертегісінде бір байдың сиырын баққан тазша бала өзінің жалғыз малы – құнан шығар өгізін беріп, бір күңнің түсін сатып алады. Ол түсте ұйықтап жатқан күңнің басынан ай туып, аяғынан күн шығып, жүрегінің басынан жұлдыз туып тұр екен. Тазшаның осы түсті күңнен сатып алуының өзі оның ақылдылығын, көрегендігі мен алған бетінен қайтпайтын қайсарлығын көрсетеді. Ертегі соңы:

 Үлкен қатын айтты. «Оның несі бар? – деді, – басыңнан ай туғаны – мені алдың, аяғыңнан күн туса ханның қызын алдың. Жүрегіңнің басынан жұлдыз туса мынау балаң» – деді. «Түсіңді іздеп келсең қабыл болды», – деген жолдармен аяқталады.

«Керқұла атты Кендебай» ертегісінде қозы бағып жүрген тазшаны «Баланың басы таз, киімі өрім-өрім екен» деп суреттейді. Бұл күйге қалай тап болғанын бала: «Мен Мергенбай деген батырдың жалғыз баласы едім. Қазір алтыға шықтым. Биыл төртінші жыл, елімізге жау тиіп, жылқы біткеннен тігерге тұяқ қалдырмай айдап кетіпті. Әкем алып ұйқылы батыр еді. Ұзақ жортуылдан келгенде алты күн қатарынан ұйықтайтын. Осы ұйқыда жатқанда әкемді жау әскері  байлап  әкетті.  Әкемді   арашаламақшы  болып  жетіп барған   шешемді   қайырымсыз  жау   алдына  өңгеріп  жөнеп
берді. Мен жетім қалдым. Ішерге асым, киерге киімім болмаған соң, амалсыздан Тасқара байдың қозысын бағып жүрмін. Арыдым, тоздым. Ернім жалақ, басым таз болды. Содан бері көзімде жас, көңілімде қайғы. Мен әке-шешеме жылаймын, бай жылқысына жылайды
» деп түсіндіреді. Көріп отырғанымыздай, жетімдік қамыты басына түскен тазшаның сырт кейпі ұсқынсыз болғанымен, ішкі әлемі кең. Қай ертегіде болмасын ол өзгелермен амандық-саулық сұрасып, кішіпейілділік танытып отырады.

 «Тазшаның хан болуы» ертегісінде тазша асқан ақыл иесі болып сипатталады. Ол хан ордасының күлдіреуіші шығып кеткенін, соны жөндейтін ұста тауып, тез уақытта жөндемесе, бүлінетіндігін ханның жұмбақтап айтқан сөзінен ұғып, қырық уәзірді ажалдан құтқарады.

 Ханның: – Жаудыға да жабысқан, жауызға да жабысқан» – осыны шеш, – деген екінші жұмбағының шешуін де тазша: – Бұл бір затқа берілген есімді айтады, – деп, дәл шешіп, уәзір болып тағайындалады.

Ертегіде тазшаны: Бұл ханның істеген жақсылығын ақтады, тазша болса да, ақыл жағы кем болған жоқ. Ханның «суын тауып», хан не айтса, соны орындап отырды, – деп баяндайды. Ертегінің соңы: «Бұл басында тазша еді, екі қыздың ақылымен хан болды, – деп аяқталады.

«Тағы бір тазша» ертегісіндегі Тазша – намысқой жан. Өзінің сұлу қатынына қол салған ханның баласын буындырып өлтіріп, ханның қаһарына ұшырамаудың амалын да өзі ойлап табады.

Ертегіде оны «Қу таз», «амалы көп тазша», «ерке тазша»  деп сипаттап, ертегі соңында: Осындай амалменен әуелі ханның баласын өлтіргені турада өзі құтылып, екінші – байды, үшінші – күзетшілерді, төртінші – кемпірдің өлгені тақырыпты һәм өзін, һәм ханды құтқарып, дүниеден осындай өтіпті деп, үлкендер әңгіме қылушы еді, – деп аяқтайды.

«Тапқыр тазша» ертегісіндегі – Тазша мейрімді, жетім бала. Ертегі: «Бұрын бір өткен заманда бір тазшаның әке-шешесі өліп, жетім қалыпты. Бір күндері ол тазша базарға барып, аралап жүрсе, бір жерде мұңайып отырған бір шалды көріп, қасына келіп отырыпты, – деген жолдармен басталады. Ертегіде тазша құстың астындағы жұмыртқаны құсқа білдірместен алып, орнына сала алатын епті, қысылғанда амал тапқыш айлакер әрі кекшіл болып суреттеледі. Тазшаны қолға түсірмекші болған ханның құрған торынан амал-айласын асырып құтылып, ақыр соңында ханның өзін алдап тақырға отырғызады. Бұл эпизод ертегіде былайша өріледі:

«Тазша мұны да біліп, түн ішінде тапқанынша әйелдің әдемі киімдерін киініп, бір сұлу «келіншек» болып, ханның қасына кіріп отырыпты. Сонда хан сұрапты:

– Не қылып жүрген әйелсің? – деп. «Келіншек» жауап беріпті:

– Ерім өліп еді, қайын інілеріме тигім келмейді. Со себепті, тақсыр, сізге арызға келдім. Сүйгеніме тиюге басымды ашықтап берсеңіз.

Хан «келіншектің» сұлулығына қызығып:  

– Олай болса, маған ти, – депті.

Бұл үзіндіден тазшаның сұлу кейіпті, кескін-келбеті келісті екендігі байқалады. Ертегі соңында екі ханның екеуі де тазшаның өнеріне разы болып, екеуі де қыздарын беріп, тазшаны өздеріне әрі күйеу, әрі ақылгөй қылып, мұратына жетеді.

Қазақ фольклорының қиял-ғажайып ертегілерінде тазша образы біржақты емес. Бірінде кейіпкер тазша кейпінде жасырынып, төменгі әлеуметтік статус иеленіп біраз уақыт жүреді. Үйінен табиғи жағдайда шыққан мен басқа патшалыққа келгенде, тазша кейпіне еніп ханның малын бағады, соңында хан қызына үйленеді. Неге кейіпкердің адам танығысыз күйге түсіп, қайын атасына қызмет ететіндігі жөнінде фольклористер әр түрлі пікірлер айтады. В.Я.Пропп пікірі бойынша бұл иницация ғұрпымен байланысты. Ал, Е.М.Мелетинский пікірінше танымайтын кейіпте  жүру магиялық сақтандыру мағынасымен байланысты.

Ел арасына кең тараған «Тазшаның қырық өтірігі» мен «Суайт тазша» (Диваев, Тарту.—Ташкент: Түркістан Республикасының баспасөз шығарушы махкамасы, 1924, 60-62-бб.) мәтіндері сюжеттік тұрғыдан бір тектес. Дегенмен «Суайт тазшада» көзді жұмып, аспанға қарау керектігін айтқан құрықтың сөзі, биенің ағаш бұтағында құлындап тұрғаны, қоянды алдап ұстауы, қауын еккен қарияға кездесіп, ол берген қауынның ішіне түсіп кеткен пышақты іздеу сюжеттері жоқ. Ол мәтін бойынша тазша жоғалтқан биесін пышақтың басына қын шаншып, оған шығып қарағанда, оны құлынымен бірге тұрғанын көреді. Қоянды садақтың масақ жағын кіріске қойып, киіз жағымен атып алған. Қоянның бар майы үш қарынға емес, бір өгіздің қарнына сыйған, қоянның етін өңешіне тығып, яғни бассыз күйде тамақ жеген, екі аяғын сыңар етікке тығып, қашып кеткен етігін іздегені туралы сюжеттер қосылған.

Өтіріктердің сатиралық ертегі жанрына қосылу себебі – алдыңғы дәуірдегі түсініктерді сынға алып, фольклорлық көркем шығарма тудыруына байланысты. Мұндағы кейіпкердің мұзды басымен ойғаны, атын байлау үшін қазықты басымен қағуы, бассыз күйде тамақ жеуі, тесік (түбі жоқ) қазанға тамақ пісіріп, май қайнатуы – жарық дүниедегі тірліктен бөлек өлілер әлеміндегі тіршіліктің, ондағы мақұлық-жануарлардың өмір сүру салты осындай деген түсінікті баяндаудан туған (Е.Турсунов, Генезис казахской бытовой сказки. – Алматы: Дайк-Пресс, 2004, с.89-93) және кейінгі дәуірде ол түсініктерді әжуалаумен жанрлық ерекшелігі қалыптасқан.

Тазша – бас қаһарманның сыртқы жамылышы. «Қозы Көрпеш» ертегісінде алтын тұлымды Қозы тазша болып келіп Баянмен кездеседі. Қозы әу баста атастырылған, құдай қосқан қосағы Баян сұлумен қосылу үшін өзін танытпауға мәжбүр болады.

Кей мәтіндерде тазша бас қаһарманның дұшпаны ретінде де суреттеледі. Мәселен, «Бөген батырда» Жиренкөл деген көл маңында алпысқа келгенше бала көрмеген ноғайлы Жанайдың Құдайдан сұрап алған жалғызы Бөген батырдан құтылу үшін ноғайлының ханы Ақшахан қойшысы Жантекей тазды жұмсайды. Жантекей тазша: «Қиғаштың тауында қызылбастың жұртында Қарайманның жалғыз қызы Ақборық саған лайық» деп мақтайды. Бала анасымен қоштасып сапарға аттанады.

«Ақжонасұлы ер Кеңесте» Кеңес қалмақ елінде жүргенде елін Бағлан таз деген қалмақ ханы шабады. Кеңес еліне келгенде Бағлан таз бала құрым жамылып, жер ошақта жатады. Кеңес оны аяп тұлпарына мінгестіріп алады. Сұр тұлпар оны түсіртіп тастайды. Тазша атына мініп, Кеңесті басып озып, «еліме кел, сонда көрермін» деп кетеді. Кеңес Бағлан тазды өлтіріп, елін шауып алады. Қарлығаш сұлуды алады

 Жоғарыда келтірілген фольклорлық мәтіндерді талдай келе, тазша бейнесінен мифтік кейіпкерлерге тән құбылушылық қасиетті көреміз. Оның үстіндегі жұпыны киімі мен басындағы таз кепеші сыртқы жамылыш қана. Ал сол жамылыштың астынан қулығы мен тапқырлығы қатар ұштасқан өлшеусіз ақыл иесі, бекзат кейіпкер менмұндалайды.