[cg_gallery id=»28″]
Таусоғар – бұл кейіпкерлер бас қаһарманды мұратына жеткізу үшін қиын жолда кездесетін сиқырлы кейіпкерлердің қатарынан алынған. Ол «Ер Төстік» ертегісінде жылан Бапы ханға Темір ханның қызын әкеп бермек болып, жолға шықан Төстікке кездеседі. Ертегіде оны «Жұрттан асқан алыппын, жердің үстінде де, астында да маған шақ келетін адам жоқ, қайратым ішіме сыймаған соң, тауларды көтеріп ермек қыламын. Таусоғар деген ермін!» деп бейнелейді. Таусоғар бейнесі «Күн астындағы Күнікей қыз» ертегісінде де бар. Үзіндіге қарасақ: «Бірнеше күн жүріп келе жатса, алдынан екі алақанына екі тауды салып жүрген бір дәу кездеседі. Бала бұл дәуден жөн сұрайды, сонда дәу:
-Күн астындағы Күнікей сұлуды іздеп бара жатқан бала сен болсаң, мен жолдас болғалы жүрмін, – дейді. Бұдан Таусоғардың Ер Төстік ертегісінде де, «Күн астындағы Күнікей қыз» ертегісінде де бір қызметті атқаратынын байқаймыз.
Таусоғар – қиял-ғажайып ертегілері иен ежелгі эпос кейіпкерлерінің бірі. Ол ‘’арғы әлем’’ мен ‘’осы әлемнің’’ шекаралық мекенінде өмір сүретін мифтік бейне. Таусоғар достарымен бірге екі әлемнің аясында ертегі кейіпкерлеріне көмектесіп,’’арғы әлем’’ өкілдерімен кездесіп, кейіпкерлердің жеңіске жетуіне ықпал етеді. Ертегі сюжеттерінде кейіпкер зәулім бәйтерекке шығып,самұрыққа мініп,’’ өзге әлемге ’’сапар шегеді, сол тұста Таусоғарға жолығып достасады. В.Я.Пропп,С.Қасқабасов сияқты фольклортанушы ғалымдар қиял-ғажайып ертегілерінің аталмыш кейіпкерлерін табиғаттың дүлей күштері елесінің адам қалпына түскен бейнесі екендігін айтады. Ежелгі түркілердің түсінігінде бұл кейіпкерлер табиғат күштерінің, рухтың иелері саналған. Олардың әрбірінің өзіндік мекені бар, олар сол межеден аспай, өз мекенінде қала береді, демек сол кеңістікте ғана билік жүргізе алады. Мифтік таным бойынша Көлтауысар – көл иесі, Желаяқ – жел иесі, Таусоғар – таудың рухани иесі саналған. Ал ертегілерде Таусоғар бас кейіпкердің көп көмекшілерінің бірі ретінде ғана көрінеді,Таусоғардың мекені тауда немесе таумен тығыз байланысты. Оның бұл қасиеті алып дәу бейнесіне ұқсас келеді,бірақ екеуінің арасында айырма бар. Алып дәу-жартылай адам, жартылай мифтік тұлға,оның дене бітімі кейде құрал-сайманы тауға айналып кетеді. Мысалы оның Толағай тауына, Тасбас шоқысына,енді бірде Бөрітастаған тауына айналады.