Толағай бейнесі

[cg_gallery id=»29″]

Алыптар қазақ фольклорында дәулермен қатар келе жатқан мифтік бейнелердің бірі. Олар негізінен екі сипатты болып келеді. Бірінде жақсы қасиеттерге ие болып, адам баласына көмектессе, екіншісінде дүлей күшін жамандықтың жолына жұмсайды. Осы ретте, алыптардың дәулерден айырмашылығын атап өткіміз келеді. Бұл айырмашылық мынау: дәулерде хтоникалық сипат басым болса, алыптарда ілкі бабалық сипат басым, яғни дәулер адамды қорек етіп, жезтырнақ, жалмауыздармен жұптасса, алыптар адамды табиғи апаттан құтқарады, шығу тегі жағынан адаммен бірдей болып келеді.

Әлем мифологиясында алыптардың денесінің бөлшектенуі барысында ғалам жаратылды деген мысалдар жиі кездеседі.

Алыптар туралы М.Стеблин-Каменский: «Он живут в горах и пустынях, сами они – полубоги, полугоры», – дейді. (Стеблин – Каменский) Миф. – Л. Наука, 1976.

Түркі-Монғол мифологиясындағы алыптардың функциясы арық-канал тартып, өзен-суға бөгет, көпір салу екендігін айта келіп, зерттеуші А.Тойшан  Түркі-Монғолдарға ортақ Сартагтай алыбын талдай келіп, бұл алыптың атқаратын қызметі қазақ фольклорындағы Алаңғасар мен Арсалаң алыптардың функциясымен үйлесетіндігін айтады.

Алаңғасар алып туралы сюжеттер қазақтарға ғана емес, Еділ бойындағы халықтар: татар, башқұрт, удмурт, марш, қалмақ, сонымен қатар ноғайларға да тән екендігін  ең алғаш  Ә. Марғұлан айтқан болатын.

Енді қазақ фольклорында кең танымал болған алыптар бейнесіне тоқталайық.

Толағай – асқан күш иесі, алып бейне. Ол туралы ел арасында бірнеше нұсқадағы аңыз бар. Аңызда Толағайды былайша суреттейді: Күндердің күнінде бір отбасында алтын айдарлы, алып бала дүниеге келіп, ел-жұрты болып, үлкен той жасайды. Сол нәресте жыл санап емес, күн санап ержете бастайды. Туған-туысқандары да көркейіп келе жатқан баланы өз атымен атамай, көз тимесін деп, Толағай дейтін болыпты. Сөйтіп баланың аты «Толағай» атанып кетеді.

Жер қуаңшылық тартып, жаңбыр болмай, ел күйзеліске ұшыраған кезде Толағай халықтың басына түскен ауыртпалыққа қатты мазасызданып, Дана деген қарт ақсақалға барып, ақыл сұрайды. Енді аңызға үңілейік:

Сонда қарт айтқан екен: «Қарағым, Толағай, біздің жеріміз жазық, бұлт үйіріліп тоқтайтын тауы жоқ. Жаңбырдың болмауы сол себептен» дейді. Толағай айтқан екен: «Ата, сіз рұқсат етсеңіз, мен барып, бір жерден тауды арқалап, алып келсем болмай ма» дейді. Сонда қарт айтқан екен: «Шырағым, Толағай, еліңді ойлап егіліп тұрсың-ау! Тау арқалап, әкелу оңай болмас, дегенмен ондай талабың болса, оңтүстік өлкеде Алатау деп аталатын алып таулардың ақсақалы бар, рұқсатты сонан сұрарсың» деп батасын береді. Сөйтіп, тауды арқалап әкелуге сайланған Толағай сапарға шығыпты. Арада ай өтеді, жыл өтеді. Бір күндері ақ басты Алатауға жетіп, «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем беріпті, өзінің талап-тілегін айтыпты. Маңғаз Алатау талапты ерге зор қошемет көрсетіп, етегінде орналасқан бала тауды Толағайға арқалатып қоя береді. Алғашқыда аяғын ширақ басқанымен иығына түскен салмақ еңсесін езіп, бірте-бірте әлсірете бастайды. Арада көп уақыттар өтеді. Арқасында тау, әлсіреген, қансыраған Толағай елінің шетіне іліге бере тізесі бүгіліп, құлап түседі де ұйқыға кетеді. Арқасындағы тау болса батыр жігіттің үстінен басып қалыпты. Сонан сол Толағай күні бүгінге дейін тау астында ұйықтап жатыр дейді. Ал, жаңағы бала тауды ел «Толағай» деп атап кетіпті.

«Толағай» туралы халық аңызының Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті кафедрасының фольклорлық экспедициясы Тарбағатай өңірінен жазып алған, қолжазба нұсқасы осы кафедраның арнайы қоры мен Әдебиет және өнер институтының «Қолжазба және мәтінтану» бөлімінде сақтаулы нұсқасында оқиға былайша өрбиді: Бұрынғы өткен заманда, үлкен өзен бойында Саржан деген аңшы өмір сүргендігі, жылдар жылжып, күндер өткенде оның әйелі Айсұлу өмірге ұл әкелгендігі, қуанған әке-шеше дүбірлетіп той өткізіп, балаға Толағай деген ат қойғандығы айтылады. Ертегі желісіндегідей сюжеттер бой көрсетіп, Толағай ай санап емес, күн санап өседі. Төрт жасында нағыз батырға айналып, жетіге келгенде белдесуге шақ адам табылмайды. Әкесімен бірге аңға шығып, атақты аңшыға айналады. Бірде олардың мекеніне жұт келеді. Жауын жаумай, қуаңшылық болады. Шөлден мал қырылып, адам өледі. Күннің ыстығынан киіз үй- ді паналап, анасымен әңгімелесіп, Толағай одан жаңбырлы жерді сұрайды. Анасы қиыр шетте өткен жастығын еске алып, ешқашан құрғақшылықты білмейтін, шөбі шүйгін мекеннің бар екенін айтады, таулары аспан тіреген жер жаннаты Тарбағатай  жайлы ұзақ әңгімелейді. Ол көп жүріп шыңдарын қар басқан асқар тауларды тауып алады, оған биік тоғайлы, құстары сайрап, төбесін бұлт жапқан бір ғана тау ұнайды. Ол осы тауды құшағына алып, қатты ырғайды да арқасына салып, кері еліне қарай қайтады. Ол шаршамай ұзақ жүреді. Халық жылжып келе жатқан үлкен тауды көреді. Оны көтеріп келе жатқан Толағай екенін біледі. Найзағай ойнап, күн күркіреп, жауын селдетеді. Халық «Толағай» деп ұрандап, қуанышпен қарсы алады. Қуарған шөп көтеріліп, жан-жануар мөңіреп-азынап шулайды. Шаршаған батыр тау астынан шыға алмай «Апа!» деген жалғыз ауыз сөзге ғана шамасы келеді де, мәңгіге тау астында қалады. Бақытты ана айғайлы жылауға басады, халық қайғы жамылып, тау да бұған шыдай алмай көзінен жас бұлақ болып ағады. Содан бері бұл тау «Толағай» деп аталады.

«Алыптардың ұйықтап кетіп, тасқа айналу» мотиві де қазақ фольклорында кең тараған мотивтердің бірі.