[cg_gallery id=»32″]
Шайтан да жын тәрізді мифологиялық бейне. Бірақ бұл екі бейненің атқаратын қызметі мен көркемдік сипаты жағынан айырмашылығы бар. Жын – шаман дініндегі басты кейіпкерлердің бірі болса, шайтан бейнесі қазақ фольклорына мұсылманшылықпен бірге енді дей аламыз. Қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында жын-шайтан бейнесі қатар қолданғанымен, жында ұнамдылық сипат болса, шайтан тек ұнамсыз қырынан танылады.
Мұсылманшылықпен ере келген ел аңыздарында: «Заманында Әзәзіл Адам ‘алайһи с-саламға сәжде қылуды ар санады: «Мен оттан пайда болдым. Топырақтан жаратылған Адамға сәжде қыламын ба», – деді. Сол мезетте періштелік мәртебесінен айырылып, дию суретіне енді. Әзәзілдіктен малғұндыққа айналды. Асыл тастан жасалған пейіштен қара жерге түсірді. Керемет киімін шешіп алып, пәлекеттің лыпасын кигізді. Бақ-дәулетін алып, рәсуалыққа салды. Алланың даргаһ баргаһынан (сарайынан) құлады. Қайғы-қасірет, бейнет-мехнат дариясына келіп түсті. Барлық періштелер, хайуанаттар мен жәндіктер, ағаштар басына лағынет тасын атты. Періштелердің сұхбатынан мақұрым қалды», – деп сипатталады.
Ел арасындағы бір әңгімелерде: «Әзәзіл әдемілік, сұлулық жөнінен барлық періштелерден көркем еді. Қанаттары зумрад пен йақұттан, өзге қауырсындары нұрдан болатын. Әр аспанды әр бөлек атпен шарлайтын еді. Өз тайпасымен Ғарыш мажидке тауап қылатын. Барлық һүр мен ғилмандар, періштелер алдында қызмет ететін. Бұлардың оған жасаған құрмет, ғиззаттарын тілмен айтып жеткізуге болмайтын еді.
Әлқисаса, Әзәзіл Алла әмірін орындамау сұмдығынан игілік, жақсылықтардан, ғиззат, құрметтерден мақұрым қалды. Сол қарсылық жасаған күні пейіштен шығарылып, жер бетіне тасталды, – дей келіп, «Бір періштеге бұйырды: «Бұл малғұнның мойнына күн сайын бір жара салып тұр. Дерті ешқашан кем болмасын. Ауруы ауруға ұласып тұрсын». Ол періште айтқандайын күніге бір жара салып тұрады. Шайтан жүзі пәс болып, басы салбырап қалады. Таң сайын осы хал қайталанады. Барлық уақытта осылайша өлімші болып жүреді» – деп, оның о бастағы сұлу кейпінің азып-тоза бастағанын баяндайды.
Оны ел аңыздарында көбіне басында мүйізі бар, аяқ қолы тұяқ, артында ұзын ешектікі сияқты құйрығы бар, адамнан кішкентайлау, екі көзі мысықтың көзіне ұқсайды деп суреттейді. Оған құбылушылық қасиет те тән. Бірақ, ол қай бейнеге енсе де, олар антропоморфтық қасиеттерінен айырылмайды.
Құранда шайтанды ібіліс деген атпен де береді, оны оттан жаратылған деп сипаттайды. Шайтан намазын тастамайтын адамнан қашық жүреді, ол лас жерді, күл-қоқысты мекендейді, тура жолмен жүрмеген адамды иектейді деген наным бар. Ел аңыздарында: «Екі шайтан: біреуі арық, біреуі семіз, тойдан келе жатып жолығысыпты. Семіз арықтан сұрайды: «Сен неге мұнша арықсың?». Сонда бұл айтты: «Мен «бисмилданы» аузынан тастамайтын, намазшыл кісімен жолдас болдым,
сол себептен маған тамақ болмай, арық болғаным» деді. – «Сен неге семіз болдың?» – деп, арық сұраганда, семіз: «Мен «бисмилданы» аузына алмайтын бинамаз кісімен жолдас болдым депті»
Бұл аңыздан ел сеніміндегі шайтан бейнесін айқын аңғаруға болады. Шайтанның бойында да басқа фольклорлық кейіпкерлер тәрізді құбылушылық қасиет бар. Ол көзге көрінбейді, кейде көрінсе де өзге жан-жануарлардың кейпіне түсіп немесе адамның кейпіне еніп көрінеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін келесі аңыздан үзінді келтірейік. Аңызда:
«Ауылдың шетінде мал жайылымы, егіндік, сол секілді өлген кісілердің моласы бар болатын. Біздің бір арғы атамыз, атамның атасы, мұны менің атама айтып берсе керек. Бірде әлгі бабамыз намаздыгер, намазшам мезгілінде атпенен келе жатса, елсіз бір жерде қалың жұрт жиналып, той болып жатқанын көреді. Ат басын бұрып, әлгі тойға барып кіреді. Бір-бірінен өткен әдемі қыз-келіншектер аттан түсіріп алып, сыйлы қонақ етіп, күте бастайды. Әні-міні дегенше, буы бұрқырап, ет те келіп қалады. «Япыр-ау, мына жерде ешқандай жұрт жоқ еді, мыналар қашан көшіп келген екен» – деп ойлап отырады іштей. Ет келген соң, жеңін түріп жіберіп:
– Бис-симилла рахман ар-рахим, – деп енді қолын соза бергенде, жаңағы алты қанат ақ үй де, бабамыз да, басқа адамдар да, ет те дүр етіп, аспанға көтеріліп кетеді. Бабамыз бірден істің жайын түсіне қойды. «Адамдарды азғырғанды көрсетейін бұларға», – деп, жаңағы «биссимилланы» үш рет қайталап, жедеқабыл қимылдап, бір келіншектің шашынан шап беріп ұстап алыпты да, шықпыртып қамшымен сабапты. Анау өмірдегі сөзін айтып, жалынып, босатуын сұрапты «Менің үрім-бұтағыма жоламайтын боласың, сондықтан сенің шашыңнан алып қалам», – деп атам әлгінің шашынан бір уысын жұлып алады. «Шайтанның түгін алып қалсаң, ол үрім-бұтағыңа тиіспейді» дейтін ұғым бар қарт кісілерде. Қараса, елсізде бабамыздың жалғыз өзі тұр екен, ешкім де жоқ, жан-жағы толған сиырдың, жылқының тезектері дейді. Бабамыз әлгі шашты үнемі өз бойында ұстап жүреді екен. Кейінірек жаңағы шашты біреуге көрсетіп, кебісінің ұлтарағының астына сала бергенде, әлдекім қолынан тартып әкетіпті. Ешкім де аңғармай қалады. Бабамыз:
– Қап, әттегене-ай, бұл шаш менде он екі жыл жүрді, менің он екі ұрпағымды ғана шайтаннан сақтай алады екен, қалғандары өздері берілмесін енді шайтанға, – деп өкініп те, ақылын да айтып кеткен екен» – делінеді.
Қазақ ертегілерінде, әсіресе алдар көсе туралы ертегілерде шайтан бейнесі жиі кездеседі. Бұл ертегілердің қайсысында болмасын ол бас кейіпкерден жеңіліп, мазақ болып, күлкіге ұшырап отырады. Қазақ фольклорында оны ақымақ, сұрықсыз кейіпте береді.
Қорыта айтқанда, жын да, шайтан да адамзат қауымымен қатар өмір сүретін тылсым әлемнің кейіпкерлері. Бірақ, жындар өзінен қасиеті басым түсетін адамға көмекшілік қызмет атқарады. Олар әртүрлі кейіпте көрініп, өз сиқырын адам игілігі үшін жұмсайды. Ал шайтандар үнемі адамға қастандық жасаушы, оларды тура жолдан тайдырушы түрінде көрінеді. Сол себепті де ол ұсқынсыз кейіпте бейнеленеді. Жақсылық пен жамандықтың мәңгілік күресінде шайтан адамнан жеңіліс тауып, әрқашан дәрменсіз халге душар болады.