Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен Мемлекеттік тілді дамыту институтының мамандары халық ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлерді біріздендіруді қолға алды.
Оқулықтар мен экрандарымызға шығатын кейіпкерлер кейпіне ұлттық сипат беруді мақсат тұтқан ғалымдар бас қосып, дөңгелек үстел өткізді.
«Бесігіңді түзе» жобасы аясында заманауи технологияларды пайдалана отырып, ұлттық мәдени мұрамызды жас ұрпақтың санасына сіңіру жолында көтеріліп отырған бұл бастаманы фольклортанушы ғалымдар мен академиктер және ұстаздар толық қолдап отыр. Себебі бұл шара Ер Төстік, Ер Тарғын, Керқұла атты Кендебай, Алпамыс, Толағай сынды батыр кейіпкерлер мен олар сүйген Кенжекей, Күн астындағы Күнікей қыз, Қарашаш, Гүлбаршын сынды сұлуларды баланың жазбай тануына жол ашады. Яғни бұл образдар қаншалықты ұтымды, ұлттық бояуы қанық шықса, бала соншалықты халық әдебиетіне жақын өседі деген сөз. Осылайша бірі-бірінен асып түсетін ертегінің тау тұлғалары бүлдіршіннің ертегі кітабында да, оқушының оқулығы мен электронды құралында да, ойыншықта да бір кейіпте пайда болады.
Негізі, бұл мәселе ХХ ғасыр басында да күн тәртібіне қойылыпты. Сол тұста Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов «Қара қыпшақ Қобыланды» атты жыр кітабына сын мақала жазып, онда кітаптың мұқабасына көңілі толмайтындығын жеткізеді. «Кітап бетіндегі суретте Қобылекең бір нашар бақалшы болып салынған. Қобыланды батырға мінгізген боз айғыр Добрина Никитичтікі. Қобыланды батыр өзі – Алеша Бонович, күн салып қарауы – Илья Муромец көрінеді. Бұл менің жоруым рас болса, «Қобыландыны» басқан басқарма адасқан. Бұл – ұят» деп пікір білдірген ұлт көсемі батырдың суреті мен астындағы тұлпары жырдағы сипатынан ауытқымауы қажеттігін айтады. Демек, қарапайым суреттің ұлттық бояуға қанық болуы аса маңызды.
«Біздің халық ауыз әдебиетіміз жыр-дастандарға, ертегілерге бай. Бірақ өкінішке қарай, сол асыл мұрамыз қазіргі күні балалар санасына жетпей, шаң басып жатыр. Бүгінде барлық баланы электронды ақпарат құралдары тәрбиелеуде. Онда қазақша өнімдердің үлесі өте аз. Сондықтан болса керек, балаларымыз Шрек, Спанчбоб, Скуби-ду, Смешарики сынды шетелдің адами сиқы жоқ, неше түрлі құбыжық кейіпкерлерін жазбай таниды. Ол кейіпкерлер бала санасына тәуелсіз экраннан талғамсыз беріліп жатқан мультфильмдер арқылы сіңіп жатыр. Бұған тосқауыл болу үшін әдеби қазыналарымызды бала қолданатын электронды құралдарға енгізу қажет. Сол орайда ертегі сюжеттері бар аудиожинақтар мен мультфильмдер түсіру – бүгінгі күннің кезек күттірмес мәселесі» деді Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбек. Ұрпақ тәрбиесіне алаңдаған маманның осы күнде экранымыздан жиі көрініп жүрген Алдар көсе бейнесіне де көңілі толмайды екен. «Шыны керек, Алдар көсе бейнесі әр туындыда әртүрлі, тіпті 24 түрлі образы бар. Біздің ойымызша, ертегінің кейіпкері мультфильмде де, ертегі кітаптарда да, ойыншықтар мен оқулықтарда да бір кейіпте, бір образда болуы тиіс. Ол үшін әр кейіпкердің портреті жасалуы керек. Оқулық, жинақ, мультфильм шығаратын шығармашалық топтар осы образдан ауытқымауы керек. Сонда ғана қазақ баласы төл туындыларымыздағы кейіпкерлерді қайдан көрсе де жазбай танитын болады» дейді ғалым.
Десе де, мамандар көтеріп отырған бұл мәселені анимация саласында жүргендер толық қолдай қоймасы анық. Себебі дәл осылайша суретті бір қалыпқа салса, суретші мен режиссердің қиялы шектеліп қалуы мүмкін. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы Дидар Амантай осыны айтты. Жазушы анимацияда режиссерлердің бір образбен ғана шектеліп қалмайтынын, олардың кейіпкер бейнесін жұмыс барысында әртүрлі жағдайға байланысты өзгертіп отыруы заңды құбылыс екенін айтты.
Әйткенмен суретшілердің шабытын шектемейтін, мульткейіпкерлерді ұлттық бояудан айырмайтын жол бар екен. «Өгізді өлтірмей, арбаны сындырмайтын» жолды М.Әуезов атындағы Өнер және әдебиет институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидатыСерікбол Қосанов ұсынып отыр. «Ертегі мен аңыз кейіпкерлерлерін бір ізге түсірген дұрыс. Бірақ олардың бейнесі әдебиетте тұрақты болғанымен, экранға шыққанда өзгеріске ұшырауы мүмкін. Сол үшін әрбір кейіпкер бейнесін өзіндік болмысы арқылы бере білуіміз керек. Мәселен, «Маша мен аю» мультфильміндегі Машаны басындағы шыты болмаса, баланың тани қоюы екіталай. Міне, қазақ ертегілеріндегі образдарға да осындай ерекшелік беру керек. Бала оларды сол белгілері арқылы ажырататын болады» дейді маман.
Ғалымдар тілге тиек еткен бұл әңгімелер – мәселенің бір ұшы ғана. Себебі бүлдіршін санасына сол ертегілерді тез жеткізуде анимациялық өнімдердің өтімді болуы керек. Демек, тілге тиек етіліп жатқан мәселенің оң шешілуі үшін қазақ анимациясы жолға қойылғаны жөн. Бір қызығы, фольклортанушы мамандардың көпшілігінің қазақ анимациясындағы мульткейіпкерлерге, олардың іс-қимылдарына, ұсынылып жатқан фильмдердің мазмұны мен сюжетіне көңілі толмайды екен. Тіпті кейбір мультфильмдердің ұлттық болмыстан алшақтап, шетелдік сипатта түсірілгенін алқалы топ ашып айтты. Ал осы саланың басы-қасында жүрген мамандар болса, көш жүре түзелетінін айтып, ақталғандай болды.
Расымен, экранымызда көрсетіліп жатқан дүниелерге қарап, сол көк жәшіктен көз алмай отырған бүлдіршіндеріміздің ертеңгі күні қандай болатынын аңғару қиын емес. Яғни болмысы бөтен кейіпкерлер ұлттық менталитеттен жұрдай, сапасыз ұрпақтың тәрбиеленіп шығуына жол ашуда. Ендеше, осы қатердің алдын алу мақсатында ұйымдастырылып жатқан бұл жоба қолдауға лайық.
«Қазақ тілі» қоғамы мен Мемлекеттік тілді дамыту институтының ғалымдары осы мәселемен Астанаға да барып, дөңгелек үстел өткізуді жоспарлап қойыпты.
Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ
18.11.2013 «Айқын» газеті







Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.