Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен Мемлекеттік тілді дамыту институтының бірлесе ұйымдастыруымен Алматы қаласында 2013 жылдың 15 қарашасы күні инновациялық технологияларды пайдалана отырып, жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында халық ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлерді біріздендіру шараларын ұйымдастыруға арналған «Бесігіңді түзе» жобасы аясында дөңгелек үстел өтті. Мемлекеттік тілді дамыту институтының ұсынып отырған жобасын Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен «Алтын қыран» компаниялар тобы қолдап отыр және бұл шара Астанада да ұйымдастыру қолға алынып отыр. Көптеген ұйымдар қолдаса бұл жобаның бірізделіп, жүзеге асуына себепкер болмақ. Жобаның көтеріп отырған мәселесі – мультфильмдер мен анимациялардағы, кітап бетінде берілген суреттердегі, электронды құралдардағы халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерінің бірізді образының болмауы. Мәселен, американың мультипликациясы ұсынып отырған образдардың барлығын қазақ балалары жазбай таниды, ал фольклорымыз бен халықтық мұрамыздағы образдарды қазақ балалары айыра алмайды. Қарапайым ғана «Черепашка ниндзядағы» төрт тасбақаны көзіне таққан маскасы мен белдігіне таққан “R” “D” “M” “L” белгі-элементтері арқылы айыруға болады, ал бізде Алдар Көсе мен Қожанасырды, ертегі кейіпкерлеріндегі батырлар мен эпостардағы батырларды айыра алмаймыз. Алдар Көсенің 24 түрлі сурет-образы бар. Ертегі кейіпкерлері мульфильмде де, ертегі кітаптарда да, ойыншық-фигураларда да, оқулықтарда да бір образда болуы тиіс. Шараны ұйымдастырушысы, жобаны ұсынушы Мемлекеттік тілді дамыту институты.
Дөңгелек үстелді жүргізген Қазақстан Республикасы Мәдениет Министрлігі Тіл Комитеті Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбеков: – Халқымыз бізге ауыздан ауызға жеткізіп жүз том мұра тастап кетті. Оларды баланың күнде қолданатын электронды құралына енгізу бүгінгі күннің басты міндеті болуы тиіс.
Бүгінгі барлық баланы электронды ақпарат құралдары тәрбиелеп жатыр. Ал ол жерде біздің байлығымыз көріне ме?! Көрінбейді. Сондықтан біз осы шараны қолға алып отырмыз, – деді. Жобаның мақсаты – халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерінің образын халық әдебиеті нұсқаларын әрі оны зерттеген адамдардың еңбектеріндегі образға қатысты ғылыми тұжырымдалған деректерін топтастыра отырып, бірізді полиграфиялық әрі мазмұндық образын Мәдениет және ақпарат Министрлігі арқылы бекіту. Әзірше, бұл мақсатпен Мемлекеттік тілді дамыту институты айналысып жатыр. Дөңгелек үстелге суретшілер мен аниматорлар, Қазақфильм студиясы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдары, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкерлері, филологтар мен журналистер қатысты. Дөңгелек үстелде осынау образдарды қалыптастыру жайында ой бөлісіліп, әңгіме өрбіді.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба, текстология және инновация бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.к., маман Тоқтар Әлмен: – Мұндай образдарды жасауда халық мұрасына негізделу қажеттігі бірінші принцип және мұралардың барлығы топтастырылған, 100 томдық «Бабалар сөзінде» хатталған, оның 63 томы халық мұраларына арналған және қолжазба қорында 1 млн. мәтін бар. Және бірде-бір художниктер де, суретшілер де, аниматор мамандар да бұл жайында ізденіс танытып келмеді. Бұл халық мұраларын менсінбеу. Біздің фольклорымыздарда дайын образдар құйылып тұр. Тіпті, кәріс киномотографтары Орта Азия халықтары фольклорынан батырлардың сюжетін алып өз фильмін жасау мақсатын жүзеге асырып отыр. Ең басты мақсат – осынау образдарды жаңғыртуға кірісуіміз керек. Біз басқа сала мамандарымен бірлесуге, қол ұшын беруге дайынмыз, – деді.
М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба, текстология және инновация бөлімінің аға қызметкері, ф.ғ.к., Жұмашай Рақыш: – Фольклорлық шығармаларға ХХ ғасырдағы шығармашылық та қатты сүйенген (мәселен, Еңлік-Кебек пьесасы), мұның өзі ұлттық санаға негізделген фольклорлық туындылардың өміршеңдігін айқындайды. Фольклорда трафареттік үлгілер көп (заңды да!), мәселен, батырлардың тұлғасы, Тайбурыл мен Байшұбардың шабысының ұқсауы, дегенменен мұндай ұқсастықтар бола тұра, ерекшеліктер де бар. Мәселен, Қамбар батыр – аңшы. Сондықтан образ жасауда бір-бірінен айыру үшін осынау ерекшеліктерді алу қажет. Мәселен, Қобыланды батыр – қыпшақ, Алпамыс батыр – қоңырат, бұл аймақтардың өз киім кию стилі бар.
Жазушы, медицина ғ.к., педагогика ғ.д., профессор Совет-Хан Ғаббасов «Бесіктен асқан ғылым» жоқ, халық үшін бала тәрбиесінен артық нәрсе болуы мүмкін емес деп атап көрсетті. Ұрпақ тәрбиесі құрсақтан басталу қажеттігін айтты. Бұны ғылымиландыру қажет.
«Қазақфильм» АҚ Бас редакторы Дидар Амантай: – Негізгі дәстүрлі бірізділіктің болу қажеттігіне қосыламын. Алайда анимацияның бағыттары бар, режиссерлік қиялдың, анимациялық бірлестік пен тұлғаның стилі бар: анимацияның контекстіне қарай өзгеріс енгізіледі, алайда бір жүйенің болғаны дұрыс. Мәселен, тарихи кино тарихи фактілерді қосады, алайда, кино бәрібір де режиссуралық көркем шешімге негізделеді, бұл киноны тарихи факт ретінде қарай алмаймыз. Бұл да сондай мәселе. Таңбалану болсын, идеялық шешім өзгерсін. Анимацияда фольклорды сауатты қолдансын десек, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы, Т.Рысқұлов атындағы университеттерде фольклорды оқытуды тереңдету қажет. Тағы бір мәселе – фольклортанушылар мен аниматорлар арасында байланыс жоқ. Тағы бір мәселе – фольклорға арнап сайт ашу қажет және ол заманауи технологиялармен жабдықталса құба-құп болар еді.
ҚР Суретшілер және киномотографистер одағының мүшесі Ғали Мырзашев: – Бізде әдебиетті, өнерді қорғайтын заң жоқ. Ең бірінші бізде Тіл заңы, мәдениет заңы, өнер заңы, фильм заңы болу қажет, ал бізде ол шала. Заң жоқ болғаннан кейін көптеген мәселелер туып отыр. Ресейде татар, башқұрт, моңғол мультфильмі бар, ал бізде жоқ. Анимация – бұл табысы мол бизнес, ал бізде ол жоқ. Министрлікке ғана қарап отыра бермеу керек, өзіміз өндірісті жасай алуымыз қажет, өз-өзімізді асырай аламыз. Ашық тендер болуы қажет. Ал біз суретшілер ретінде анимацияның сапасына жауап бере аламыз.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға қызметкері, ф.ғ.к. Қайрат Ғабитханұлы: – Мұндай туындыларды дайындауда негізгі бағытымыз – балалар игілігі үшін болғаннан кейін де баланың психологиясына, бала қабылдау дәрежесіне байланысты ыңғайлауымыз қажет. Қарапайым сөйлеу тілінде немесе басқалай тәсілдер арқылы ұғынықты қылуымыз қажет. Ал сол иновацияланған туындының классикалық үлгісін өзі кітаптан оқып алады. Мәселен, қазіргі орыс анимациясында «Маша и медведьтің» жаңа заманға лайықталынып алынған. Қазіргі заманның өзі соған ыңғай танытқан: фильмді көру арқылы кітап оқитын заман.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д. Қарлығаш Айдарбек: – Бұл жерде, әрине, образдарды біріздендіру қажет пе әлде қажет емес пе деген сұрақ қажет емес. Бұл кейіпкерлердің барлығы міндетті түрде біріздендірілуі қажет. Бала әмбебап концептілерді (жаман-жақсы) философиялық тұрғыдан ажыратпайды, ол әлі жазуды білмейді, тек көреді, фильм, мультфильм, теледидар көру арқылы жақсы мен жаманды ажырата бастайды, санасына сіңдіреді. Ал орыстың немесе басқа елдің мультфильмдері арқылы жаман мен жақсыны игерген баланың ұлттық ділі бұзыла бастайды. Сол сияқты Алдар Көсенің 24 бейнесі арқылы қазақ баласына 1-3 жас аралығында қалыптастыра алмайтынымыз рас. Сондықтан оның вариациялары, режиссерлік шешімге байланысты нұсқалары болуы мүмкін, бірақ оның бейнесі танымал болуы керек. Сол танымалдылық арқылы жас баланың санасына жаманның не екенін, жақсының не екенін, сұлулықтың, махаббаттың не екенін түсіндіре аламыз. Біз ең бірінші қолда бар образдарды (Алдар Көсе) бірізге түсіріп алуымыз қажет. Басқа халықтық образдарға кейін келуге болады. Ал ол образдарды бірден жаңа формаға салудың қажеті жоқ. Бірінші түпнұсқадағы сюжетті жіберу арқылы насихаттауымыз қажет. Мәселен, «Маша и медведьті» кез келген орыс баласы да, кәрісі де біледі, білгеннен кейін де бұл образдардың жаңаша нұсқасын қабылдай алып отыр.
Дидар Амантай: – Бір заңдастырылған түпнұсқа болу қажет. Алайда оны қайталау барысында ол міндетті түрде вариацияға ұшырайды. Стилистикалық тұрғыдан заңды да. Барлық кейіпкерлерге стиль жасалу керек.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, ф.ғ.д. Серікбай Қосанов: – Фольклорда тұрақты кейіпкерлер болады. Мәселен, бай, батыр, би, тіпті, мутант (күңнің баласы – Ұлтан). Образ түпнұсқа болуы міндетті емес, бірақ сақталуы қажет. Мәселен, Құнанбайдың бір көзі соқыр, – ол соқыр болып қалуы қажет. Тазша бала – оның басында таз кепеші болуы қажет. Батырларды қалай ажыратамыз: Қобыланды – қыпшақ, қыпшақ этносының өзіне тән белгілері бар, қазақтың өзі, Ер Тарғын – ноғай, ноғайлардың да өзіндік мол ерекшелігі бар, Алпамыс – қоңырат, оғызтектес. Сондықтан образға алатын детальдар, бірінші, этнографиялық ерекшелігі, екінші, жеке портреттік ерекшелігі (көзі соқыр, құлағы қалқан), үшінші, суретшінің қолтаңбасы. Сол сияқты анимация жасауда, бірінші, образы қалыптасуы қажет, екінші – идея, үшінші – сюжет болуы қажет.
Қазақ Ұлттық университеті Филология, әдебиеттану және әлем тілдері фаультетінінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Самал Дәрібаев: – Академиялық бір түпнұсқа жасап қойсақ, артық болмайды. Бұл бүгінгі айтылып отырған мәселенің бір қыры болмақ. Мультфильмдерде бірізділік белгілі бір деңгейде болуы қажет. Бұл ұлттық зердені дамытады. Біз көбінде жастардың кітап оқымайтындығын айтып жатамыз. Ал кітап оқуға әсер ететін сол образдар. Егерде Қожанасыр, Алдар Көсе жайында мультфильм шықса, бала міндетті түрде оны тауып көреді. Мәселен, Қазақфильм жасаған «Біржан сал» киносы жастарға ұнағаннан кейін Біржанның әндерін жастар тыңдай бастағанын, ал «Жаужүрек мың бала» фильмінен кейін Сартай жайында ізденіс танытқан жастардың бар екенін білеміз. Сондықтан да сөреде тұрған ол 100 томдық белгілі бір іздеуші механизміне айналады деп ойлаймын. Бұл – бір. Екіншіден, тұлғалардың кітапта портретін берудің белгілі бір этикалық нормасы болуы керек деп ойлаймын. Ал қазіргі заманның тұрмыс-тіршілігіне бейімдеп көрсету керек пе дегенге мен қосыламын. Әрине, оның да бір нормасы болу керек. Шектен шықпауы керек: Алдар Көсе алаяққа айналмауы керек. Сонымен қатар осы образдармен қатар жаңа образдарды да дүниеге әкелу қажет шығар, мәселен, асық, ләңгі. Бұл баланың түсінігіне сай.
Дөңгелек үстел бірлесе жұмыс жасауға, салааралық байланысты қолдауға шақырды. Өнердің барлық саласы бір-бірімен байланыса дамиды, сол сияқты бұл мәселені шешу де бірлесе жүргізілмек. Жобаны мемлекеттік деңгейде жүзеге асыру негізгі мақсатқа ие.
Слямбеков Қымбат









Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.