Ш.Шаяхметов атындағы Республикалық тілдерді дамыту орталығының жобалық жұмысына
ПІКІР
Қазақтың ұлттық болмысы, тілі, мәдениеті, тарихы атадан-балаға мирас болып келе жатқан аңыз-әңгімелерінде, батырлық жырларында, ертегілері мен шешендік сөздерінде, жұмбақтары мен жаңылтпаштарында сақталған. Қазақ халқының рухани мол қазынасын, том-том болып жарық көрген қазақ фольклорының інжу-маржандарын ондағы басты қаһармандардың бейнесі арқылы танытып, жаһандану дәуірінде жас ұрпақтың санасына ұлттық рух, ұлттық идеяны сіңіру қажет. Біздің халық бойына ұлттық құндылықтарды молынан жинақтаған ауыз әдебиеті мұрасын бүгінге дейін сақтап келді. Сол мұраны бүгінгі жас ұрпақтың санасына жеткізу үшін, рухани мұра мен ұлттық құндылықтарымызды ұлттық болмыстағы фольклор кейіпкерлері арқылы көбірек насихаттауға, рухани қажеттілікке айналдыруға болады.
Көпнұсқалы фольклорлық мәтіндер мен зерттеушілердің еңбектерін негізге алып, фольклор кейіпкерлерінің бейнесін біріздендіріп бекітуге бағытталған жұмыс егеменді мемлекетіміз тарапынан қолдауға лайық. Әрбір кейіпкердің табиғатына сай образын айқындайтын бейнені таңдап тұрақтандыруға күш салатын ауқымды жоба ретінде қуаттаймын. Осы орайда көпнұсқалы фольклорлық шығарманың көптеген варианттарына назар аударылған секілді, қазақ фольклорындағы қаһармандардың бейнесіне қатысты отандық фольклортанушы ғалымдардың, зерттеушілердің ой-пікірлерін жинақтап, ой елегінен өткізген.
Фольклорлық бейнелердің ішінде мифологиялық кейіпкерлердің алатын орны ерекше. Мыстан кемпір, жалмауыз, жезтырнақ, дәу, т. б. портретін нақтылау арқылы оларды танытуға, басқа елдің құбыжықтарынан өзіндік кейпімен ерекшелендіруге болады. Фольклордағы ғажайып көмекшілер: желаяқ, көлтаусар, таусоғар, саққұлақ, епті, қырағының бейнесін нақтыландырудың танымдық маңызы айтарлықтай. Жөргегінен өз ұлтының фольклорлық кейіпкерін танып өскен жас ұрпақтың әлемдік жаһандану жағдайында ұлттық иммунитеті де толысқан болары анық.
Қазіргі электронды ақпарат алудың жолдары кеңейіп, кітап оқу жағы кенжелеп отырған заманда жас ұрпақ өзінің төл құндылықтарынан ажырап қалмас үшін бұл жобаның мәні ерекше. Бұрынғы дәстүрлі этномәдени тәрбиеден қол үзе жаздаған жағдайымыз бар. Жастардың ақыл-ой әлеуетін барынша дамыту, ұлттық сезімдерін ояту, патриоттық рухты қалыптастыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып табылады. Тәуелсіздік кезеңінде бәсекеге қабілетті қазақстандық жастарды тәрбиелеуде этнопедагогиканың, валеологияның практикалық мәселелеріне арналған жобалық жұмыс ретінде ұлт болашағы үшін қажетті деп санаймын.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
«Қолжазба және текстология» ғылыми-инновациялық
бөлімінің аға ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының кандидаты Рақыш Жұмашай Сайлауқызы








Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.