Бүгін Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті және «Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы»-ның ұйымдастыруымен Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығына орай Тараз қаласында «Түркі жазбалары мен мәдениеті күндері» аталып өтті.
Шара барысында тәуелсіз еліміздің тұтастығын бекіте түсетін мәңгілік мұрамыз, ежелгі түркі жазуының кешегісі мен бүгінгісін саралап, көпшілік қауымға насихаттай отырып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мақсат етілуде.
Шара аясында «Көне түркі жазбалары мен қазақ мәдениеті: тіл және тарих» атты ғылыми-практикалық конференция және түркі мәдениетіне арналған концерт болды.
Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің басшылары, еліміздің барлық өңірінен 20-дан астам түрколог ғалымдар, өнер шеберлері, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысуда. Сонымен қатар қырғыз, әзербайжан елдерінен түркі жазбасын зерттеуші түрколог ғалымдар қатысып, өзге ғалымдармен ой бөлісті.
Конференцияда көне түркі тілінен бастау алған алғашқы жазудың пайда болу тарихы, Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында мемлекеттігіміздің қалыптасу ерекшеліктері, ұлттық құндылықтарымызды халық санасына сіңіру және т.б. мәселелер арқау болып тартылды.
Шараға қатысу үшін шет елдер мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтарға және түркі мәдениетіне арналған концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды. Концерттік бағдарлама барысында елімізге танымал өнер жұлдыздары өз өнерлерін ортаға салып, жиналғандарды түркі әлемі әуендерімен сусындатты. Сонымен бірге барша қонақтар көне Тараз қаласының тарихи орындарын аралып бір серпіліп қайтты.










Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.