Бижомарт ҚАПАЛБЕК, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру -әдістемелік орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты:
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев жүргізген 2015 жылғы 10 сәуірдегі «Тіл – татулық тірегі» атты республикалық кеңесінің хаттамасында «Оқыту әдістемесін біріздендіру, бір үлгідегі сертификат беру бойынша негізгі үйлестіруші орган ретінде Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы белгіленсін» делінген.
Осы орайда, біз республикадағы орталықтардың жұмысын біріздендіру бойынша мынадай жұмыстардың атқарылу керектігін анықтап отырмыз:
Біріншіден, тіл орталықтарының заңды тұлға ретіндегі деңгейлері бірдей емес. Бірі – таза мемлекеттік кәсіпорын болса, бірі – қазыналық кәсіпорын, бірі – коммуналдық кәсіпорын, ал бірі – жауапкершілігі шектеулі серіктестік. Қазір, тіпті кейбіреулері жекешелендіріліп кетті. Біздіңше, тіл орталықтарының жұмысына осылардың қайсысы тиімді екендігін анықтап, біріздендіру керек.
Екіншіден, барлық тіл орталықтары мемлекеттік қызметшілерді «бастауыш, жалғастырушы және тереңдетілген» деңгейлер бойынша бір жүйемен оқытқанымен, ондағы бағдарламаның сағат саны әр орталықта әртүрлі. Бірінде 70 сағаттық, бірінде 90 сағаттық, бірінде 120 сағаттық оқу бағдарламасы қолданылады. Сондықтан бәрі Қазтест жүйесіне көшу керек. Бірақ Қазтесті озық теңдесі жоқ әдістеме ретінде міндеттеуге болмайды. Бұл біріншіден, өзгелердің шығармашылығына шектеу болады. Екіншіден, Қазтест – ең алдымен озық әдістеме ойлап табатын орган емес, тілді білу деңгейін анықтайтын бағалау жүйесі болып табылады. Сондықтан, Қазтесті жасаған ғылыми- шығармашылық ұжым жақсы көрсеткішке жету үшін бар күшін тестерін тестілеуге салуы керек.
Үшіншіден, тіл орталықтарында мемлекеттік тілді оқыту сипаты әртүрлі. Айталық, қазақ тілі сабағы кей жерлерде аптасына екі рет, кей жерлерде үш рет, кей жерлерде күн сайын болады. Осыны бірізге түсіру керек.
Төртіншіден, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілді өндірістен қол үзіп оқыса, тіптен тиімді болар еді. Мемлекеттік және жергілікті басқару институтына мемлекеттік қызметшілер өзінің кәсіби саласы бойынша біліктіліктерін арттыруға тұрақты түрде жіберіліп тұрады. Біздің ойымызша, мемлекеттік тілді үйрету курстарын да сондай жүйеге көшірген дұрыс.
Бесіншіден, мемлекеттік тілді дамыту жолында әр облыс өз білгендерімен жүріп келеді. Сондықтан барлық орталықтар білгендерін ортаға салып, ақылдасып, республикалық орталықтан бекітіліп ұсынылған бағдарлама бойынша жұмыс жасағаны әлдеқайда орынды болады.
Алтыншыдан, мемлекеттік қызметшіге екінші деңгейден бастап кәсіби қазақ тілі қажет. Ал кәсіптің түрі көп. Яғни жалғастырушы деңгейде заңгер мен құрылысшыны бір оқу құралымен оқыту мүмкін емес, өйткені әр саланың өз тілі бар, соған сәйкес әр саланың өзіндік оқу құралдары болуы шарт. Ол сол салаға қатысты құрастырылған тілдескіштердің, сол саланың терминдер сөздігінің және сол салада күнделікті қолданылатын ісқағаз үлгілерінің материалдарына сүйеніп жасалуы тиіс.
Жетіншіден, осы уақытқа дейін «Тілді дамытуға, үйретуге қатысты шыққан өнімдер және олардың әкелген пайдасы қандай, шығарылған өнімге қоғамда сұраныс бар ма?» деген сауалдарға жауап беретін зерттеу-талдау жұмыстары жүргізілуі керек. Әлеуметтік лингвистика және практик мамандардың ұсыныстарын қорытып, болашақта шығарылуы тиіс өнімдердің тізімін жасау да бүгінгі күні кезек күттірмейтін мәселе.
Ең бастысы, елімізде мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді оқыту «жалғастырушы», «тереңдетілген» және «мамандардың біліктілігін арттыру курсы» деген жүйе бойынша жүргізілуі тиіс. Қазақ мектебін бітірген мемлекеттік қызметшілер тереңдетілген деңгейден бастап, өз саласы бойынша тілдегі жаңа терминдермен, ісқағаз үлгілерімен танысып отыруы үшін үш жыл сайын біліктілігін арттыру курсынан өтіп тұруы шарт. Ал орта мектепте және жоғары оқу орындарына қазақ тілін пән ретінде оқып келген азаматтарға қайтадан бастауыш деңгейден бастап тіл үйрету мүлдем ақылға сыйымсыз. Сондықтан олар мемлекеттік қызметке келгенде курсты «жалғастырушы» деңгейден бастауы тиіс деп ойлаймыз.
Енді жоғарыдағы хаттамада айтылған республика бойынша бір үлгідегі сертификат беруге келейік. Бұл өзі – шешуі күрделі мәселе. Жоғарыда аталған кеңесте өңірлерден келгендер сертификат беру үшін қағаздарды Астанаға тасып, одан бері тасып әуре болып жүреміз бе? – деген келіспеушіліктерін білдірген болатын.
Барлық оқу орталықтарында курсқа келген тыңдаушылардан алдымен деңгей анықтайтын тест алынады. Тест арқылы тыңдаушылардың бірден қай деңгейден бастап оқитындығы анықталады (бастауыш деңгей, жалғастырушы деңгей, тереңдетілген деңгей). Тест елу сұрақтан тұрады: жиырма бес сұраққа дейін дұрыс жауап берсе – бастауыш деңгей, қырық бес сұраққа дейін дұрыс жауап берсе – жалғастырушы деңгей, қырық бестен жоғары жинағандар – тереңдетілген деңгейді оқитын болады.
Оқу барысында әр деңгейдің тыңдаушыларынан аралық тест алынады. Сол арқылы үйренушілердің материалды қалай меңгеріп жатқандығы анықталады. Аралық тест бес нұсқадан, әр нұсқа отыз сұрақтан тұрады. Жинаған ұпай саны жиырма бестен жоғары болса, онда ол тыңдаушылар өткен тақырыпты жақсы меңгергендігін, ал ұпай саны одан аз болса, аталмыш тақырыпты жеткілікті деңгейде меңгермегендігін білдіреді.
Барлық деңгейдегі семинарлар электрондық және мультимедиалық бағдарламалар қолдану арқылы оқытылады. Барлық деңгейді аяқтаушылар бітіру тестін тапсыруы тиіс. Тест бес нұсқадан, әр нұсқа отыз сұрақтан тұрады. Бітіруші тесте ең жоғарғы жиырма алты ұпай жинаса, «өте жақсы» деген бағамен, жиырма екі ұпай жинаса, «жақсы» деген, ал одан төмен ұпай жинаса, «орташа» деген бағамен кезекті деңгейге өтеді. Ал бітіруші он алты ұпай жинай алмаса, өткен деңгейін қайта оқитын болады. Жақын арада осы жүйені барлық оқу орталықтарында сақтау бойынша ереже дайындауды көздеп отырмыз.
Қорытынды сынақ барлық деңгейді де сәтті аяқтаған қызметшілер арасында мемлекеттік тілде ісқағаздарын жүргізудің біліктілік талаптарын толық меңгергенін растау үшін өткізіледі. Біздің ойымызша, республикалық деңгейдегі бірыңғай сертификат осыларға берілуі тиіс. Қалған деңгейлерге сертификат жергілікті деңгейде өз күшімен беріле берсе болады. Республикалық бірыңғай сертификат алу үшін тыңдаушы 100 ұпайдың ( 1-бөлім грамматика – 30 ұпай, 2-бөлім оқылым – 10 ұпай, 3-бөлім жазылым – 20 ұпай, 4-бөлім аударма – 20 ұпай, 5-бөлім сөйлесім – 10 ұпай, 6-бөлім тыңдалым – 10 ұпай) кемінде жетпісін жинауы шарт. Қазір осы тәжірибені республика бойынша таратудың нормативтік-құқықтық базасын қарастырып жатырмыз.
Тілді оқытудағы ең бір қисынсыз нәрсе – мемлекеттік қызметке кіретін азаматтарды қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын емтихан арқылы қабылдайтын заңдық талаптың жоқтығы. Тіл оқытудағы нәтижесіздіктің басты себебі осында жатыр.
10.06.2015 – Айқын-ақпарат









Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.