Елімізде «мемлекеттік қызмет» дейтін қызмет саласы бар. Қазіргі таңда бұл салаға көптеген реформалар жасалып, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға да өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Жаңашылдықтар пайда болды.
Бірақ, бірақ… мемлекеттік қызметтегі мемлекеттік тілдің жағдайы әлі де алаңдатарлық күйде қалып келеді. Себебі «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңда мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін білуіне байланысты ешқандай талап жоқ және мұндай талаптың қашан енгізілетіні де белгісіз?! Мәселен, аталған Заңның 10-бабында, яғни «Мемлекеттік қызметшілердің негізгі міндеттері» деген бапта мемлекеттік тілді білуі тиіс деген талап қойылмаған. Мұндай талап не «Біліктілік талаптары» (17-бап) деген бапта да жоқ. Біз алдағы уақытта бұл олқылықтың орнын қалай болғанда да толтыруымыз керек. Өйткені мемлекеттік қызметшілер қазақша сөйлемей, біз шын мәнінде тіл аясын кеңейте алмаймыз. Бұл кім-кімге де аян мәселе. Себебі халықпен тығыз жұмыс істейтін мамандар – мемлекеттік қызметшілер!
Мемлекеттік қызмет саласындағы қазақ тілінің ахуалы сырттай қараған адамға жақсы болып көрінуі мүмкін. Себебі облыс, қала, аудан әкімдері, жергілікті жерлердегі мемлекеттік мекеме басшылары қазақ тіліндегі іс-қағаздардың пайыздық көрсеткішін 90 пайыздан асырып, тіпті кейде 100 пайызға жеткіздік деп есеп береді. Хош делік. Іс-қағаздар көрсеткішінің өскені жақсы. Бұған қуанбасақ, ренжімейміз. Бірақ сол іс-қағаздардың өзіне кейбір жағдайда күмәнмен қарауға тура келеді. Өйткені статистикалық көрсеткіш кейде шынайы жағдайдан әлдеқайда алшақ жатады. Оның үстіне іс-қағаздардың қазақшалануы – мемлекеттік мекемелердегі мемлекеттік қызметшілердің 98 пайызы қазақ тілін біледі дегенді де білдірмейді. Демек, бізге қазақ тілінде сауатты жазып, сауатты сөйлей алатын мемлекеттік қызметшілер керек. Бұл тұрғыдан алғанда жағдай мәз емес. Оны алысқа бармай-ақ, кез келген мемлекеттік мекемеге кіріп те біле беруіңізге болады.
Қайбір жылы әріптесіміз бір облыстағы басқарма басшысына хат жолдапты. Біраз уақыт өткен соң жолдаған хатының жағдайын білмек болып, сол басқармаға телефон соқса, басқарма басшысы (ұлты қазақ) хат мәтінін түсінбей, оны орыс тіліне аудартуға бергізіпті. «Бұл қалай, сонда?» деп таңырқадық. Бұл мемлекеттік қызмет саласындағы тіл жағдайының бір ғана сорақы мысалы. Ал мұндай мысалдар қаншама!
Қазақ тілінде жазылған хатты түсінбейтін басшылар ондай лауазымды қызметке қалай тағайындалған деп ойланасың. Әрине, заңда мемлекеттік тілді білу талабы болмаған соң, басшылар да, сала қызметкерлері де қазақ тілін білмей-ақ мемлекеттік қызметке орналаса береді. Алдарына қазақ тілінде жазылған хат келсе: «Я же не понимаю что тут написано. Отдайте на перевод» деп ысырып тастайды. Құдай-ау, сондай адамдарға мемлекеттік қызметті беріп, сол орынға тағайындағанда, қазақ тілін білу неліктен талап етілмейді? Сонда олар мемлекеттік тілді еліміздегі басты тіл емес, аударма тіл ретінде санағаны ма? Әйтпесе үйренуге талаптанар еді ғой. Я болмаса: «Мен мемлекеттік тілді білмеймін, сондықтан бұл қызметті атқаруға лайық емеспін» деп лауазымынан бас тартса, қайтер еді. Бірақ біз мұндайды көре алмай келеміз. Лауазымынан бас тартпақ түгіл, ресми тілде сөйлеп, мемлекеттік тілде менсібей жүретіндерін қайтесіз. Жанашырлық жоқ болғаннан кейін нәтиже де солай болады. Себебі қазақ тіліне мемлекеттік қызметшілердің арасында шын мәнінде жаны ашитындар көп деп айта алмаймыз. Ондай жаны ашымайтындар – мемлекеттік тілді білмейтіндер немесе біле тұра әдейі сөйлегісі келмейтіндер. Ондайлар негізінен өздерінің бас қамын ойлап, қазақ тілінің елімізде күш алып кетуіне іштей қарсылық көрсетеді. Сол үшін де ресми тілге басымдық беріп, қазақ тілінің аясын кеңейтпеуге тырысып бағады.
Мемлекет, мемлекеттік қызмет және мемлекеттік тіл! Бұл үшеуін бір-бірімен байланыстырып тұрған сөз «мемлекет» ұғымы. Мемлекеттік қызметке қабылдану антын беріп, қызметіне кіріскелі тұрған тұлғалар мемлекеттік тілді білмейтін болса, қалай болғаны? Білмейтіндер бұл саладағы қазақ тілінің дамуын тежейтіні белгілі. Демек, біз қазақ тілінің мемлекеттік қызмет саласындағы аясын кеңейтеміз десек, қайткен күнде де заңды реттеу арқылы шаралар қолдануымыз керек. Өйткені мемлекеттік тіл – бүкілхалықтық мәселе.
«Мемлекеттік қызмет туралы» Заңда «А» корпусы және «Б» корпусы», «Мемлекеттік қызмет», «Мемлекеттік қызметші» деген негізгі ұғымдарға былай деп анықтама берілген:
«А» корпусы – Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын кадр резервіне іріктеудің, конкурстық іріктеудің, мемлекеттік қызметті өткеру мен оны тоқтатудың ерекше тәртібі, сондай-ақ арнайы біліктілік талаптары көзделген басқарушылық деңгейдегі мемлекеттік әкімшілік лауазымдар» делінсе, «Б» корпусы» – «А» корпусына енгізілмеген мемлекеттік әкімшілік лауазымдар» деп жазылған. Мемлекеттік қызметші туралы «Мемлекеттік қызметші – мемлекеттік органдарда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық немесе жергілікті бюджеттерден не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаражатынан ақы төленетін лауазымды атқаратын және мемлекеттің міндеттері мен функцияларын іске асыру мақсатында лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы» деп жазылған. Осы заңдағы ұғымдарға қарап тұрсақ, мемлекеттік тілді білетін адамдар осы мемлекеттік қызметшілер болуы тиіс еді. Бірақ іс жүзінде олай болмай отыр. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңда ондай талаптар жоқ. Талап болмаған соң, қазақ тілін білмейтін мемлекеттік қызметшілер қазақ тілін үйренуге талпынбайды. Орыс тілін қолданып жүре береді.
Елбасы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп нақты атап көрсетті емес пе? «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз» деді. 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді білуі тиіс деген талабы бар. Мемлекет басшысының осы саясатын жүзеге асыратын бірден-бір азаматтар ол – мемлекеттік қызметшілер емес пе? Ал солардың өзі қазақ тілін білмей отырса, Елбасының барша халық алдына қойып отырған межесі қалай жүзеге аспақ? Сондықтан бұл істе ең алдымен мемлекеттік қызметкерлер үлгі көрсетуі тиіс. Бірақ мемлекеттік қызметшілер арасындағы бүгінгі қазақ тілінің жағдайына қарап, егер заң жүзінде нақты талап қойылмаса, бұл үдеден шығу қиын. Жалпы, кез келген мемлекеттік қызметші қазақ тілін жетік білмесе, олар қалай мемлекетшіл болады? Қалай өз елінің патриоты болады?
Ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойында сөйлеген сөзінде де Президентіміз: «Қазақстан халқын біріктіретін қуатты құрал – ол біздің мемлекеттік тіліміз» деген болатын. Олай болса, бір жағадан бас, тіл саясатында бір жеңнен қол шығарудың үлгісін неге көрсетпей отырмыз?
Белгілі тіл жанашыры Асылы Османның «Еліміздегі барша азаматтарға Отан ортақ болғанда, мемлекеттік тіл неге ортақ болмауы керек?» деген жақсы сөзі бар. Иә, шынымен де, Қазақстаным, Отаным дейтін патриоттар өздерінің патриоттық сезімдерін осы елдің мемлекеттік тілін меңгеріп неге дәлелдемейді? Солардың арасында мемлекеттік қызметшілер де өздерін елдің патриоты санайды. Бірақ патриоттығы тіл мәселесінде еш байқалмайды.
Иә, тоқетерін айтқанда, мемлекеттік қызметшілер үшін заңда қазақ тілін міндетті түрде білуі тиіс деген бап болса, олар тілді бір айдың ішінде үйренер еді. Қай елге барсаңыз да, алдымен сол елдің мемлекеттік тілін білу талабы алдыңыздан шығады. Ал мемлекеттік қызметте бұл мәселе тіпті де талқыланбайды. Білуің керек. Бітті.
Мәселен, Латвияда әрбір мамандық иелері (сатушыдан жоғары лауазым иелеріне дейін) мемлекеттік тілді меңгергені жөнінде арнайы сынақ тапсырады. Тестілеуден өте алмағандар қызметке орналаса алмайды. Ал біз болсақ, басқа мамандық иелерін айтпағанның өзінде мемлекеттік қызметшілердің өзінен мұндай мәселені әлі күнге заң жүзінде талап ете алмай отырмыз. Елімізде де сондай тәжірибені енгізетін уақыт жетті! Біз газетіміздің жуық арадағы санында Парламент депутаттары қазақ тілін білуі тиіс деп мәселе көтердік. Жаңадан сайланатын депутаттарымыз осы мәселеге ерекше назар аударуы керек. Тіліміздің толғаулы мәселелерін күн тәртібіне шығарып, мемлекеттік тілдің мәртебесін күшейтетін жаңа заңдар, оның ішінде «Мемлекеттік тіл туралы» заңды қабылдауға бастамашы болады деп сенеміз.
Біздің қоғамда бір жаңсақ түсінік бар. Көп азаматтар (әсіресе, өзге ұлт өкілдері) қазақ тілін қазақтардың ғана тілі деп қабылдайды. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл екеніне терең бойламайды. Негізі, мемлекеттік қызметте еңбек ететін адамдар қазақ тілін білмесе, ол толыққанды мемлекеттік қызмет болып есептелмейді. Оның үстіне, ресми тілде сөйлейтін мемлекеттік қызметші қазақ тілінің көсегесін ешуақытта көгертпейді. Неге екенін қайдам, дербес ел болғанымызға ширек ғасыр өтсе де, мемлекеттік қызмет саласындағы ана тілін білмейтін қазақ азаматтарының да намысы оянбай келеді. Олардың ойларында, өкінішке орай, «өз тілімізді құрметтемесек, кім құрметтейді? Үлгіні алдымен өзіміз көрсетуіміз керек» деген түсінік жоқ сияқты. Шерхан Мұртаза ағамыз айтқандай, бір кем дүние.
Соңғы кездері елімізде «А» корпусына жататын министрлердің, облыс әкімдерінің баяндамалары да орыс тілінде дайындалып жүргенін байқаймыз. Қазақша нұсқасы бар ма деп сұрасаңыз, орыс тілінде ғана дайындалып еді деген жауап аламыз. Мұның өзінен мемлекеттік қызметтегі қазақ тілінің қандай дәрежеде екенін байқау қиын емес. Баяндамалар, сөйленетін сөз мәтіндері неліктен алдымен қазақ тілінде дайындалмайды? Демек, бұл туралы да талап жоқ деген сөз. Соңғы кездері мемлекеттік маңызды бағдарламалық құжаттардың мәтіні де ресми тілде жазылып, сосын қазақшаға аударылады. Сонда мемлекеттік тіл қай тіл?
Жиындар мен басқосуларда, баспасөз-конференцияларда «ресми тілде» сөйлеп отырған министрлер мен әкімдерді, жоғары лауазымды шенеуніктерді көргенде олардың күнделікті өмірде қай тілге басымдық беретіндігі байқалып тұрады. Демек, сол әкімді немесе жоғары лауазымды шенеунікті тыңдап отырған қарамағындағылар да басшылары сөйлеп отырған тілде қарым-қатынас жасауға бейім тұрады. Көп мәселе бірінші кезекте басшыларға байланысты ғой. Бізде мемлекеттік қызметшілер орыс тіліне әбден төселіп алған. Бұл жағынан, бірінен-бірі аспаса, кем түспейді. Ал қазақша сөйлеуге құлқы жоқ. Осындай мысалдардан-ақ кімнің қай тілге бүйрегі бұратынын байқауыңызға болады.
Осындайда біздің мемлекеттік қызметшілер неге Елбасыдан үлгі алмайды екен деп ойлайсың. Президентіміз қазақ тілін жетік біледі. Ана тілін құрметтейді.Былтыр БҰҰ-ның сессиясында, ЮНЕСКО-дағы алқалы жиында қазақ тілінде баяндама жасады. Міне, мемлекеттік тілді құрметтеудің айқын дәлелі. Елімізде Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбековтың, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сияқты тұлғалардың қазақшалары тәп-тәуір. Аталған азаматтардың да өз қызметтерінде қазақ тілін жиі қолданатынын аңғарып жүрміз. Міне, бұл өте құптарлық бастама! Өзге әріптестері қазақша ауыз ашпайды.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік тіл – тіл жанашырларына ғана қажет мәселе емес. Бұл мемлекеттік қызметшіні де ойландыратын мәселе болуы тиіс. Өйткені олар халықпен тікелей жұмыс істейді. Демек, мемлекеттік тілді білуге міндетті.
Дәуіржан Төлебаев











Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.