Қазақ тілін мемлекеттік тіл деп санамайтындардың қатарында қазақ азаматтарының бар екендігі кеудеге оқша қадалып отыр. Кейбіреулер қазақша жазып немесе сөйлеп отырмыздың кебін киіп, не жазып, не қойғандарын өздері де білмейді. Қазақ тілінің жанашыры болған соң көзімізге көрінген жазудың қазақша нұсқасына көп мән беретініміз шындық.
Біз секілділер халық арасында да бар. Оған қуанамыз. Осы мемлекеттік тіліміз қазақ тілін майыстырып отырып жазғанның көкесін біз Алматыда өртенуден аман тұрған аты шулы үлкен базарларының бірі «Алтын-Ордадан» байқадық. Мұндай келеңсіздікті көзі шалып фотоға түсіріп алған Айдос есімді азамат, бізге хабарласып мәселенің мән-жайымен бөлісті. Арнайы базар маңынан түсіріліп алынған фотолар ішінен төменде тақтайшаларда жазылған жазуды көріп жағамызды ұстадық.
Дереу телефон тұтқасына жармасып, Алматыдағы «Алтын-Орда» базарының әкімшілігіне хабарластық. Арғы жақтан өзін базар бастығының орынбасарымын деп таныстырған ер азамат, біздің ескертуімізді құлағына да ілмеді. Тіпті түсінгісі де келмейтін сыңайлы. Арасында өздерінің міндеті жазу емес сату жұмыстары екендігін де айтып қалды. Біз мемлекеттік тілді масқаралап тұрған тақтайшаны алып тастауын не өзгертіп қайта жазуын сұрағанымыз сол еді арғы жақтағы басеке өзімізді «Афериссіңдер»,- деп жазғырып сала берді. Әңгімеміз жараспай қалғаннан кейін базар басшылығы тұтқаны тастап жіберді. Ақыры мән-жәйді Алматы қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасына хабарлаумен шектелдік. Бірақ аталмыш құзырлы орыннан да еш жауап ала алмай қалдық.
Қазақшасы қайысып тұрған тақтайшаны күнде сол базардың базаршылары мен саудагерлері неге көрмейді. Тым құрғанда солардың бірі байқап, базар әкімшісіне барып ескерту жасаса масқара жазу осы күнге дейін базар қақпасына кіре берісте ілініп тұрмас еді ғой.










Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.