Өзге тілден аударылған жарнамалардың жайсыз мағанасы жанға батып барады. Көшеде тұрған кейбір жазуларға қарасаң көзің түгілі өзің сүрініп кетесің. Тіпті кейде жайсыз аударылған жарнаманы оқысақ та, түсіне алмай дал болатын кездеріміз де жиі болады. Сонда жарнама жасаушылар қазақ тілін мазақ тілі еткені ме?
Бүгінгі таңда мемлекеттік тілге мемлекеттік деңгейде мән беріліп жатыр. Бірақ өрескел олқылықтардың кездесіп жататыны да жасырын емес. Біз қолымыздан келгенше қателерді түзетіп кейбірін өзіміз аударып беріп жатырмыз. Десе де бір мекеменің, бірнеше адамның мүмкіндігі барлығына бірдей жете бермейтіні анық. Сондықтан Қазақстанда өмір сүріп жатқан әрбір азамат мемлекеттік тілге құрметпен қараса екен.
Бүгін бізге Алматылық Лаура Боқаева есімді қарындасымыз хабарласып осындай бір өрескел қатенің көше бойында айпарадай болып тұрғанын айтты. Дереу суретке түсіріп мекенжайын анықтадық. Сөйтсек бұл сорақы жазу Алматы мен Астанада өркен жайып отырған белгілі «Обувёнок» деген дүкеннің алдындағы тақтайшада көрсетілген жаднама болып шықты. Бұл дүкен негізінен Ресейден балалар киімдерін тасымалдаумен айналысады екен. Мейлі, орыс елінен балалар киімін тасымалдайды екенбіз деп, өздері өркен жайып, бизнесін дөңгелентіп отырған Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін құрметтемей қоюға болмайдығой. Өздері аудара алмайды екен, көшеде кетіп бара жатқан кез келген қазаққа аудартып алса дәл мұндай келеңсіздікке ұрынбасы анық. Жарнама жазуларды бет-ауызына жапсырған әлгі дүкеннің сырт көрінісінен тағы бір байқағанымыз жазулар арасынан бір де бір қазақша сөз таппадық. Қазақша бір сөз жазса қалтасы ортайып қалатындай көрінген дүкен иелері бұл ел қазақстан екендігін ұмытып қалған сыңайлы. Сондықтан Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы Тілдерді дамыту басқармасы бұл дүкеннің сыртындағы жазу тілін бір тексеріп тиісті шара қолдануы керек.
Ол ол ма? Кеше ғана Астана көшелерінің бірінде мағнасы тайған сондай қазақша жарнаманы біздің қызметкерлердің бірі ұялы байланысы арқылы суретке түсіріп әкелді. Анығырақ айтар болсақ мағнасы тайған жарнаманы Жұмабек Ташенов көшесінің бойынан аңғарған екен. Білсек, «Gymboree» балаларды қорғау және денсаулығы мен ой өрісін дамыту орталығы болып шықты. Қысқасын айтқанда біздің назарға іліккен қос жарнаманың да балаларға байланысты екені қынжылтты. Ел болашағы бүгінгі бүлдіршіндерді осылайша майысқан аудармамен назарландырсақ келешегіміз не болмақ?










Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.