Соңғы жазбалар
  • Түркияда Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы өтуде
  • Қостанай қаласында семинар-тренинг өтті
  • Журналистер марапатқа ие болды
  • «Тіл мерейі» байқауы семинар түрінде өтеді
  • Үш тұғырлы тіл туралы
«Фольклор кейіпкерлерінің бейнесін біріздендіру» байқауы
Бейнехабар
Үздік оқытушы

Қаһармандарды суреттеу ұстанымдары

Зұфар Сейітжанов, филология ғылымдарының докторы, профессор

Ақын, жыршылар батыр бейнеленетін (кейде жауларында) кескіндеп суреттегенде оларды белгілі бір қалыпқа келтіреді. Көбіне батырларды бір тұрғыдан суреттейді. Сөйтіп батырлардың даралық қасиеттерінен гөрі көркемдік жинақтау арқылы жасалатын жалпылау сипаты басым болады. Батыр бейнесін «типтік» сипатқа келтіру үшін әр түрлі әдіс-тәсілмен көркемдеу құралдары пайдаланылады. Соның бірі – теңеу. Басқаша айтқанда, эпикалық образ жасауда теңеу ерекше мәнге ие. Алайда, көркемдеу құралдар жайдан жай туа салмайды, халық өмірімен тығыз байланыста болады. Белгілі бір дәуірдің түсінігі мен эстетикалық талап-талғамына сай жасалады. «Айтушы мен тыңдаушылар баяндалып отырған оқиғалар мен батырлардың іс-әрекетін ашық және тура бағалайтындығына сай көркемдеп бейнелеу құралдары пайда болады. Сөйтіп қай батырды болмасын, қай сұлу қызды болмасын «универсалды» эпитеттер, теңеулер, формулалық сипаттаулар пайда болады»[1].
Көркемдік құралдардың (соның ішінде теңеудің де) қолданылуы шығарманың идеялық-тақырыптық және жанрлық ерекшелігіне де байланысты. Эпостық жырларда кейіпкерлердің портретін суреттегенде теңеудің жиі қолданылатындығын көреміз. Өйткені жырдағы әрбір теңеу көркемдік-эстетикалық міндетті жүзеге асыруға бағытталады. Айталық «Қыз Жібек» жырында шамамен 80-нен астам теңеу бар. Бұл теңеулерді шартты түрде бірнеше тақырыптық топқа бөлуге болады:
1. Хайуанаттар әлемі (марал, жылан, аққу, орқоян, бөрі, бөкен, қыран, тұйғын т.б.);
2. Жаратылыс, табиғат құбылыстары (су, жел, күн, сағым, құйын, нұр, ай, қар т.б.);
3. Үй жануарлары ( қой, марқа, тай, құнан, мая(түйе), ат т.б.);
4. Тұрмыстық заттар (кесе, күміс, тон, от, ұршық, гауһар, кетпен т.б.);
5. Адам және оның дене мүшесі (бала, жігіт т.б.);
6. Шығыс теңеулері (раушан бағы, хор қызы, зәмзәм суы т.б.);
Осы теңеулердің он шақтысы атқа байланысты, ал қалған теңеулердің бәрі де кейіпкерлерді сипаттау үшін қолданылған. Осы тақырыптық топтар қаһармандық эпостарға да тән деуге болады. Алайда бұдан романдық және қаһармандық эпостардағы көркемдеу құралдары бірдей деген ұғым тумаса керек. Бұл екі топтағы жырлардың жанрлық айырмашылықтары қандай болса, олардың бейнелеу құралдарында да сондай айырмашылық бар екенін айту керек. Сыртқы жауға аттанған ерлер мен ғашықтардың іс-әрекетін жырлау бірдей болмайды. Екеуі екі түрлі көркемдік әдіс-тәсілді қажет етпек. Бұл жанр табиғатынан туған заңдылық.
Ақын, жыршылар халық қамқоры болған батырлардың ғажайып ерлік күшін көрсету үшін оларды жыртқыш аң-құстарға теңейді. Мәселен, «Қыз Жібек» жырындағы Сырлыбайдың алты ұлын:
Сырлыбайдың алты ұлы
Алтауы бірдей бөрі еді,-
десе, Қобыландының қырық мың қалмақпен соғысқандағы күшін:
Қойға тиген қасқырдай,
Сойып кетіп барады,-дейді.
Ал Қамбардың соғыс үстіндегі қимыл-әрекетін, қаһар-кәрін «аш бөрідей жалтаңдап» деуі де ұтымды. «Алпамыс батыр» эпосында қасқыр (бөрі) образы төрт рет қолданылады. Бірде батырларға портреттік сипаттама, енді бірде олардың көтеріңкі көңіл-күйімен соғыстағы батырлығын көрсету үшін қолданған. Кейде олардың жауларының мүшкіл халі және тойымсыз жауыздығын аша түсу үшін қолданған. Ұнамсыз кейіпкерлер де мәлім дәрежеде көтеріңкі суреттелмесе, онда батырлардың орасан ерліктері көрінбеген болар еді. Қасқыр (бөрі) образы қаһармандардың әр түрлі сапалық белгілерін ғана емес кейде олардың ашу-ызасын, психологиялық жағдайларын да көрсетеді.
Ертедегі адамдар көптеген аңдар мен құстарды және жануарларды тотем санағаны белгілі. Әсіресе ру, қауым, тайпалар өздерінің тұрған жерлеріндегі көбірек кездесетін жан-жануарға сиынған. «Түркі, моңғол тайпаларында аң-құс, құрт, құмырсқа, жылан, мал тотемге айналған»[2]. Келе-келе ру тайпалар халық болып біріге бастады, қоғам дамыды. Осыған орай адамдардың көзқарасында, дүниетанымында өзгерістер болды. Өздеріне күшті көрінгеннің бәріне табынған адамдар енді табиғат дүниесін дұрыс түсінетін дәрежеге келді. Эпос та жаңа көркемдік сапаға өтті. Осының нәтижесінде бір кезде тотем болған көк бөрі қаһармандық эпоста батырдың батырлық салтын көрсететін көркемдеу құралының қызметін атқарған. Әзімбайдың алты ұлын:
Жолбарыстай алты ұлдың,
Айбатынан сескеніп,-
деп алты ұлды жолбарысқа баласа, «Қобыланды батыр» эпосында «арыстандай ақырып» деп, Естемес батырдың ашуланған кейпін көз алдыңа әкеледі. Сонымен, эпостарда жыртқыш жануар эпикалық теңеу ретінде көп қолданылады. Мұның өзі батыр образын жасаудағы қажеттілік. «Алпамыс батыр» жырында қалмақ батыры Қараманмен жекпе-жекке шыққан Алпамыстың қимыл әрекетін былай береді:
Қаршығадай қайрылып,
Ителгідей сүзіліп
Ұрып-ұрып өтеді.
Бұдан Алпамыстың ғажайып, шапшаң қимылын, ерлік-ептілігін көргендей боламыз. «Ер Тарғындағы» Қартқожақтың әрекетін:
Көк бүркіттей түйіліп,
Лашын құстай шүйіліп,-
деп суреттейді. Мұнан эпикалық көркемдеу құралдарының тұрақты болатыны байқалады. «Орта Азияның түркі тілдес халықтарының эпосында халық мұраты болған батырлардың ғажайып күшін жыртқыш аңдарға дәстүрлі түрде теңелуі арқылы көрініс тапқан» [3],-деп жазады академик В.М.Жирмунский. Эпикалық шығармаларда батырлар мен қыздарды неше түрлі хайуанаттардың қимыл-қозғалысымен әрекетіне, мінез бабы мен тұлға бітімдеріне салыстыра отырып қолданылған небір тамаша теңеулерді ұшыратамыз. Мұндай салыстырулар ерлік пен сұлулықты аша түседі. Екінші жағынан халықтың сал-сері, саятшы-аңшылық өмірінен хабар береді.
Батырлардың күш-қайратын жыртқыш аң мен құстарға салыстыру арқылы бейнелесе, аруларды қолға сирек түсетін сүйкімді, әдемі аң, құстарға (аққу, бөкен, марал, құндыз, бозторғай т.б.) теңеген. Мәселен, Қыз Жібек пен Гүлбаршынның жүріс-тұрыстарын «кермаралдай керіліп» десе, Қаракөзайым бастаған қыздарды «құндыздай шұбап келді қыз» дейді. Мұндай теңеулер ғашықтық жырға қарағанда батырлық эпостарда көп кездеседі. Бұл – жанр табиғаты. Яғни, эпостың идеялық, көркемдік мақсаты осылай суреттеуді қажет еткен. Осыдан келіп эпикалық жырларда өзіндік өрнектер қалыптасып тұрақталады. Сонымен хайуанаттар әлеміне байланысты қолданылатын мұндай балама салыстырулар түркі тілдес халықтарға кең таралған дәстүрлі көркемдік құралдар болып есептеледі. Дәстүрлілікті эпикалық жырлардың сюжет, мотивтерінен ғана емес, олардың көркемдік құралдарынан да байқауға болады. Бұдан шығатын қорытынды сол – әрбір жаңа ұрпақ эпикалық дәстүрді жаңартып, толықтырып та отырады әрі ұрпақтан-ұрпаққа жету процесінде шығарманың поэтикалық құралдары тұрақтанады.
Жыртқыш аң-құстардың фольклорлық образ ретінде қолданылуы – эпостың ежелгі өрнегін белгілейді. Көркемдеу құралдарының қандайы болса да белгілі бір дүниетаным, түсінік негізінде туып қалыптасатынын ескерсек, онда жоғарыдағы түркі халықтарында кездесетін поэтикалық образдардың көне ұғымдармен, салттармен ұштасып жатқанын аңғару қиынға соқпайды. Көне мифтік, тотемдік көзқарастардың деңгейінде жырланатын эпостарда көркемдік бейнелеу құралдары да әр түрлі ырымдармен біте қайнасып жатады және олардың қызметін мотивтен бөліп алу қиын. Ал бергі замандарда поэтикалық құралдар ежелгі ритуалдық, салттық мағыналарынан арылып, енді сөз өнерін өрнектеуге, жырды әрлендіріп, айшықтауға бағытталады[4]. Бұған қарағанда көркемдік бейнелеу құралдары жетіліп, дамып отырады.
Сан ғасырлық даму жолынан өткен эпос өз бойына түрлі дәуірлердің оқиғалары мен наным-сенім, әдет-салтын сіңіреді. Осыдан келіп эпос көп стадиялық сипат алады. Мұның өзі шығарманың құрылысынан емес, оның көркемдік құралдарынан да байқалады. Мәселен «Ер Тарғын» эпосындағы Ақжүністің портреттік сипаттамасындағы:
Қасы Сарыжадай керілген,
Кірпігі оқтай тізілген,-
деген жолдардағы теңеулер (сарыжадай, оқтай) күн көрістің ескі формасы аңшылыққа байланысты туған. «Қобыланды батырдағы» Құртқаны:
Пайғамбардай несіпті,
Үйде отырған қыз Құртқа, –
деп сипаттайды. Осындағы «пайғамбардай» теңеуі бертіндегі ислам дініне байланысты шыққан. Уақыт жағынан алғанда «жалмауыздай», «албастыдай» теңеудің архаикалық түрі. Демек, көркемдік құралдардың да өмір сүруімен өзгеріп даму жолдары тұрмыс-тіршілікпен тікелей байланысты.
Эпикалық жырлардағы бейнелі сөз нақыштарының бір саласы табиғат суреті, жаратылыс бейнесіне көріністеріне байланысты туған. Өйткені көшпелі халықтың қысы-жазы өмір өткізетін мекені – табиғат аясы. Айнала қоршаған жаратылыс, табиғаттың әрбір белгі-бедері, сыр-сипаты оның сезім саласына ерекше әсер етеді. Сондықтан кейіпкерлердің кескін-келбеттері мен іс-әрекеттерін табиғат құбылыстарымен салыстыру жиі ұшырасады. Айталық, Сансызбай мен Шегенің қуанышты сәтін «көңілі ғарыптардың судай тасты» десе, Жібектің қимыл-қозғалысын «тау суындай құлтылдап» дейді. Қамбардың шамырқанып ширыққан сәтін «қайраты судай тасыды» деп мадақтайды. «Судай» теңеуі ұнамсыз кейіпкерлерді мүсіндеуге де қолданылған. Сонымен әлденеше рет қайталанып келетін бұл теңеу кейіпкерлердің портреттік сипаттамасымен бірге олардың әр түрлі ішкі сезім-сыр толқындарын да көрсетеді. Батырлардың ашулы мезетін және ерлік күш-қуатын суреттегенде қар, бұлт, тас, дауыл т.б. секілді табиғат құбылыстарынан алынған теңеулер жиі қолданылады. Мысалы, «қаптаған қара бұлттай», «құбыладан соққан дауылдай», «соққан желдей гуледі», «Таудай болған Қодарды Айбас көрді», «Қараспан таудай алысып» т.б. тау образы мәңгі алыптың символы ретінде кейіпкер бейнесін нақтылай түседі. Екінші жағынан ертедегі адамдардың дүниетану түсінігіне де байланысты.
Демек жаратылыс дүниесі мен табиғат құбылыстарына байланысты алынған эпикалық теңеулер эпостың стильдік ерекшелігіне байланысты қолданылып, модаль қалыпқа айналған бейнелеу құралдары болып табылады. Эпикалық жырларда сурет бояуының қанықтығы арқылы ғажайып рең-көркімен көз тартып сұлулықтың тақ-тәжіндей табындырар бір тамаша әйел бейнелері ұшырасады. Ақын-жыршылар қыздарды көбіне ай мен күнге, жұлдыз бен нұрға көбірек балайды. «Тым сұлу көркемдігі айдай болып», «Ай мен күндей екеуін толықсытып» (Қозы Көрпеш-Баян сұлу), «Туған айдай иілген», «Нұрдай болып шешіліп», «Күндей алқып толады» (Қыз Жібек), «Ай мен Күндей қыз тапты» (Алпамыс батыр), «Белі қылдай, беті айдай» (Қобыланды батыр), «Он төртінші айдай боп» (Қамбар батыр) т.б. Әрине, мұны кездейсоқтық деуге болмайды. Халық өздерінің идеялы болған аруларды тектен-текке аспан шырақтарына салыстырмаған. Өйткені, дүние жүзінің көптеген халықтары ерте кезде табиғат сырларын түсінбеген. Оларға жарылқаушы күш ретінде қарап, сиынған, медет тілеген. «Шамандық сенімнің дүниеге келуі,-деп жазады Ш.Уәлиханов – жалпылай немесе жекелей табиғатты қадір тұту, қастерлеу болып табылады» [5]. Бұған қарағанда көркемдеу құралдары белгілі бір түсініктен туып отырған.
Уақыт өткен сайын адамдардың ой-санасы мен түсінігі өзгеріп, табиғатты өз қалпында түсіне бастады. Қоршаған орта, дүние, болмыс туралы жаңаша түсінік пайда болды. Осыған орай адамдардың көзқарасы мен эстетикалық талап-талғамы өзгерді. Сонымен қатар астрономиялық объектілер көшпелі ел өмірінде шартарапты ажыратып, уақытты белгілеу үшін де үлкен қызмет атқарған. Әрі мәңгі өзгермейтін сұлулық символы, тіршіліктің тірегі. Өйткені жылу мен жарықсыз өмір жоқ. Сол себепті ақын, жыршылар қыздардың сұлулығын әсірелеу (идеалдандыру) үшін оларды аспан шырақтарымен салыстырып, соларға теңеген. Мұның өзі халықтың эстетикалық-әсемдік талғам, танымының байлығын да аңғартады. Бұдан шығар түйін сол – ай, күн, жұлдыз образдары түркі тілдес халықтардың эпикалық жырларында бұрыннан тұрақталған стильдік тәсіл, көркемдік дәстүр.
Көшпелілердің арыдан келе жатқан тіршілік хам-харекетінің бірі – мал шаруашылығы. Мұндай біртекті өмір салты халықтың эстетикалық таным-түсінігіне де әсер етері даусыз. Осы ретте кейіпкерлерді суреттеу үшін қолданылған эпикалық теңеудердің бір саласы аңшылықтан мал бағуға көшуге байланысты өмірінен туған. Эпостарда қаһарманның кескін-келбетін, бет-пішінін, кейбір мінез машығын көрсету үшін оны төрт түлік малмен (тұлпар, бедеу,ат, айғыр, бие, тай, құлын, бура, буыршын, інген, нар, бота, қой, қозы, қошқар, марқа, өгіз, т.б.) салыстырып, әсерлі теңеулер тудырған. Эпикалық жырларда түйе образы теңеу ретінде көп қолданылады. Қамбар мен Қараманның жекпе-жек шайқасын «нар бурадай алысты» немесе Алпамысқа қарсы шыққан қалмақ батырын «жарап жүрген нардай боп» деп сипаттайды. Қобыландының ашуын «нар түйедей бақырды» дейді. Тоқтар шалдың қам көңілін «саулы інгендей аңыраған» немесе Аналықтың зарын «ботасы өлген інгендей десе» Қыз Жібекке «төсінде бар қос анар, нар бураның санындай» деп сипаттама береді. Кейде кейіпкерлердің ашу-ызасын не мұңайып, қамыққанын, күш-қайратын, қимыл-әрекетін көрсетеді. Қысқасы, қаһармандарға әр жағынан мінездеме береді. Халықтың әдеби үлгілерінде адамның мінез ерекшеліктері, ішкі қасиеттері көбіне-көп оның істеген ісі, қимыл-әрекеттері арқылы көрінеді. Әсіресе эпикалық жырларда кейіпкерлердің әрекетін баяндау жағы басым болып отырады.
Қазақ халқының көшпелі өмір-тіршілігінде жылқы малының орны ерекше. Сондықтан ақын, жыршылар кейіпкерлердің әр түрлі ерекшеліктерін көрсету үшін оларды жылқы түлігіне көбірек теңеген. Алпамыс батырдың жүрісін «бәйге атындай қайқаңдап» Қобыландыны «көзге түсер тұлпардай», Қамбарды «бесті айғырдай кісінеп» -деп бейнелейді.
Ал әйелдердің кейіп-кескінін, сұлу-сымбатын, кербез–керім жүрісін көрсету үшін төмендегідей салыстырулар қолданған:
Аналық-ту биедей бұлықсып,
Жібек- жүйрік аттай ойқастап,
Назым- боз жорға аттай ырғалып,
Ақжүніс – бектер мінген бедеудей
Гүлбаршын- қысыр емген тайдай боп.
Осы теңеу-салыстырулардың бәрі ұтымды, әсерлі. Өйткені салыстырулар арқылы сұлудың мінсіз бейнелері көз алдыңа келеді.
Сонымен бірге батырлардың айбатын, күш-қимылдарын «шегініскен қошқардай» деп суреттейді. «Құнан қойдай бой тастап» дегенді Жібектің әсем жүрісі көз алдыңа келсе, Назымды «ерте туған бағыландай» деп сипаттайды. Бұдан халықтың эстетикалық-әсемдік талап-талғамы мен сезім тереңдігі де анық байқалады. Кейде кейіпкерлерді тырысқан арық қойға ие қораға қамаған немесе серкесіз қалып ұйлыққан қойға салыстыру арқылы олардың басындағы қиын жағдайларды көрсетеді. Көптің «қойдай маңырап, қойдай шулауынан» шарасыздық күйге түскен ауыр халдері аңғарылады.
Сондай-ақ, көбінесе қыздардың келбетін суреттегенде қолданылатын теңеулердің жұбы ретінде кейде қымбат бағалы металдар мен асыл тастар (гауһар, алтын, күміс, тана, маржан т.б.) алынады. Мұндай реалды өмір шындығынан алынған теңеулер эпикалық жыр әлеміндегі материалдық мұралардың әдемілігін, әрлілігін, ерекшеліктерін көрсетіп қана қоймай, қыздардың сыртқы түр-түстерінің сұлулық сипатын бейнелегенде («танадай көзі жарқырап», «сымға тартқан күмістей», «Бұхардың гауһар тасындай» т.б.) қолданылып, олардың сұлулықтарын арттыра түседі. Осы арада айта кетер бір жай шығыс әдебиетіне тән сөз нақыштары да ұшырасады. Мәселен, «көркі раушан бағындай», «бітіпті хор қызындай саған көрік» деген тәрізді теңеулер.
Ақын, жыршылар халық қорғаны болған батырлар мен оларға сенімді серік болатын әйелдер тұлғасын жақсы жағын көрсете отырып, сомдаса, олардың қарсылас жауларын сүйкімсіз, жеккөрінішті етіп суреттейді. Эпосты айтушылар мен шығарушылар теңеудің көмегі арқылы әрбір ұнамсыз кейіпкерлерді өздеріне лайық бояумен бейнелеген.
«Эпос мифологияның жалғасы және дамуы» – деген академик В.Я.Пропптың тұжырымына сүйенсек, эпикалық жырлар халықтың дүниетанымына байланысты ұзақ эволюциялық даму жолынан өте отырып, күрделі өнер туындысына айналады. Мифтік сананың алғашқы кездеріндегі кейіпкерлер адам мен жануарлар аралығындағы зооантропоморфтік кейіпте бейнеленсе, рухани өмірдің күрделене түсуіне байланысты алғашқы мифология ыдырап, оның кейіпкерлері бұрынғы «киелі» қалпын өзгертіп көркемдік тұлғаға ауыса бастайды [6]. Адамзат қоғамының түрлі даму сатыларының сілемдері сақталған эпикалық жырлар тарихи процестерге байланысты үнемі дамып өзгереді, жаңа сипатқа ие болады. Осыған орай біртіндеп өзгеше көркем бейне жасау тәсілдері қалыптасады. Эпикалық көркемдеу өрнектерінің көбіне тұрақты болуы да осы тараптан бастау алады. Эпикалық шығармалардың поэтикалық жүйесін құрайтын бейнелі сөз түрлері ұзақ уақыт бойы әбден іріктеліп, тұрақтанғандықтан, оның тіл рең-бояуына тән үлгі- өрнектер болып қалыптасқан. Біз жоғарыда эпикалық қаһармандарды «даралап» суреттеу ұстанымдарының басты-басты бір-екеуіне назар аудардық.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы-Алматы, 1984,-31б.
2. Қоңыратбаев Ә. Қазақ эпосы және түркология,- Алматы,1987.-26-б.
3. Жирмунский В.М Тюркский геройческий эпос Л.,-1974,С.54
4. Ибраев Ш. Қазақ оғыз этностарындағы тегі бір желілер және олардың өзгеруі//Қазақ фольклорының типологиясы- Алматы,1981,-272 б.
5. Уәлиханов Ш. Таңдамалы ,- Алматы 1985,- 172 б.
6. Пропп В.Я. Русский героический эпос. М, 1958.С. 33ст.

(Жалпы 366 рет, ал бүгін 1 рет қаралды)

Пікір жазу

Әлеуметтік желідегі профиль арқылы: 
Жаңа өнімдер
(нормативтік-құқықтық актілер жинағы)
Терминология-лық анықтамалық
Терминдер мен ұғымдар
Мекемтас Мырзахметұлы
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ САЯСАТЫ
(нормативтік-құқықтық актілер жинағы)
'; IR[1] = '
ҚАЗАҚСТАН – 2050
Терминология-лық анықтамалық
'; IR[2] = '
ЭТНОСАЯСИ СӨЗДІК
Терминдер мен ұғымдар
'; IR[3] = '
АБАЙТАНУ
Мекемтас Мырзахметұлы
'; objIR = document.getElementById('IRHolder'); objIR.style.height = (IR_numberOfElm * IR_heightOfElm) + 'px'; IRContent(); }
Күнтізбе
Шілде (2026)
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
« Мау    
  1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31
Профиль
Соңғы пікірлер