Соңғы жазбалар
  • Түркияда Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы өтуде
  • Қостанай қаласында семинар-тренинг өтті
  • Журналистер марапатқа ие болды
  • «Тіл мерейі» байқауы семинар түрінде өтеді
  • Үш тұғырлы тіл туралы
«Фольклор кейіпкерлерінің бейнесін біріздендіру» байқауы
Бейнехабар
Үздік оқытушы

Тәуелсіздік кезеңіндегі терминологияның жаңғыртылу үдерістері

Б.С.Жонкешов
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Терминология бөлімінің меңгерушісі,
филология ғылымдарының кандидаты

Тәуесіздік жылдары қазақ терминологиясын жаңғырту мәселесі жиі сөз болып келеді. Тіпті Елбасының «Қазақстан–2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында да мәселе етіп көтерілген: «Қазақ тілінің осы заманның биік талабына сай, бай терминологиялық қорын жасаған соң оны рет-ретімен, кезең-кезеңімен қоғамдық өмірдің бар саласына батыл енгізуіміз керек. …Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз. Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен консенсус іздеу керек. Сонымен қатар, әбден орныққан халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесін біржола шешу қажет». Дегенмен де «бұл мәселені қалай шешу қажет?» деген сауал осы мәселемен айналысып жүрген мамандардың көңілінде тұрған бірден-бір бірегей сұрақ болып табылады. Себебі «жылтырағанның бәрі алтын емес» екендігі белгілі. Шеттен енетін терминдерді саналы түрде саралап, таңдап қабылдауды басты проблемалардың бірі ретінде қою қажет.
Ғалымдар қазақ терминологиясының даму кезеңдерін дәстүрлі түде үш кезеңге бөліп қарастырады:
І кезең – «Қазақ терминологиясының қазан төңкерісіне дейінгі және кейінгі кезеңі (1910-1935 ж.ж.);
ІІ кезең – қазақ терминологиясының жалпыкеңестік терминдер қалыптастыру кезеңі (1935–1990 ж.ж.);
ІІI кезең – тәуелсіз Қазақстан терминологиясы дамуының бағыт-бағдарын айқындау кезеңі (1990 жылдан бергі уақыт) [1, 38 б.]. Бұл жерде мәселе қазақ терминологиясының дамуы немесе қазақ терминологиясының дамуы қанша кезеңнен тұратындығы жайында емес, осы даму үдерісінде терминдеріміз қай бағытта қалай дамыды немесе қаншалықты деңгейде, қандай сапада жаңғыртылды (модернизацияланды) деген мәселеге ерекше назар аудару қажет. Бұл мәселені жете қарастыру қазақ терминологиясының қаншалықты деңгейде дұрыс жаңғыртылғандығы жайындағы үдерісті анықтауға қол жеткізеді. Алдымен «жалпы модернизация деген не?» және «оның тілдегі көрінісі қандай?» деген сауалдарды сабақтастықта қарастырып көрелік.
Модернизация – дәстүрлі қоғамнан заманауи қоғамға, яғни модерн қоғамына өтудің ауқымды үдерісі.
Бүгінгі таңда модернизация ұғымын үш мағынада қарастырып жүр:
1) еуропалық Жаңа дәуірге жататын Батыс Еуропа және Солтүстік Америка елдерінің ішкі дамуы ретінде;
2) алғашқы топтағы елдердің қатарына енбейтін, бірақ олардың деңгейіне жетуге талпыныс жасап жатқан елдер қолданатын модернизация;
3) модернизацияланған қоғамдардың (Батыс Еуропа және Солтүстік Америка) эволюциялық даму үдерістері, яғни модернизация реформалар мен инновациялар жасау арқылы іске асатын үздіксіз үдеріс, қазір постиндустриалды қоғамға көшу дегенді білдіреді (Википедия материалдары).
Жаңа дәуірде ішкі дамудың қарқын алу нәтижесінде Еуропада дәстүрлі қоғамнан түбегейлі ерекшеленетін модерннің ерекше өркениеті қалыптасты. Батыс Еуропада модерннің пайда болуына протестанттық еңбек әдебі, нарықтық экономика, бюрократия мен құқықтық жүйе әсер етті.
Кейбір авторлар модерннің (қазіргі дәуір) аяқталуы мүмкін емес деген пікірде. Осылайша, сенегаль социологы С. Амин «Қазіргі дәуір (modernity) бітпейді, ол беймәлім құбылыстардың есігін аша береді, аша береді. Заманауи дәуір аяқталмайды, бірақ оның жүйелі формалары болады, олар тарихтың кез келген уақытында қоғамда болып жатқан қарама-қайшылықтарды әртүрлі жолмен бастан кешіреді» деп пайымдайды.
Генеалогиялық тұрғыдан алғанда, модерндік Жаңа дәуірдің батыс өркениетінен бастау алған, оған тән институттық орта мен нормативтік- құндылық жүйелер әлемнің әртүрлі аймақтарына таралған. ХХ ғасырда батыс әлемінде үдеріс ретінде пайда болған модернизация мен оның салдары болып табылатын модерндік құбылысы бүкіл ғаламға тарап кетті. Э. Гидденс «Дәстүрлі, қоғамдық формалар ғаламда болып жатқан үрдістерден толық оқшауланып, оған қарсы тұра алмайды. Өзгеріс әкелетін осы екі ұлы күш дамытатын өмір салты тұрғысынан алып қарағанда, модернити тек батыс феномені болып табыла ма? деген сауалдың жауабы «иә» болуы тиіс» [2, 119 б.] деп болжайды. Танымал израил социологы Ш.Айзенштадттың пікірінше, «Тарихи модернизация дегеніміз – XVII және XIX ғасыр кезеңдерінде Батыс Еуропа мен Солтүстік Америкада қалыптасып, басқа да мемлекеттер мен құрлықтарға таралған әлеуметтік, экономикалық және саяси жүйелердің екі түріне апарып соғатын өзгерістер үдерісі» [3, 173 б.].
Заманауи қоғам төрт негізгі институттан тұрады: бәсекелестік демократия, нарықтық экономика, жалпыға ортақ мықты мемлекет және бұқаралық коммуникация. Нарықтық экономика – автономды азаматтық қоғамның негізі, барлық шекараны жеңіп, ашық қоғам қалыптастырады. Бүге-шігесіне дейін зерттелген дәстүрлі қоғамның мәдени антропологиядан айырмашылығы модерн қоғамы мынадай қағидаттарға негізделген: сайлау құқығы; заң; урбанизация; ішжүйелердің автономиялары; рационализация; нарықтық экономиканың басым болуы; бюрократизация; кәсібилік; жаппай сауаттылық және бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік және кәсіби мобильділіктің өсуі. Осы күшке ие болған мемлекеттер басқа елдердің тіліне кері әсерін тигізіп жатады. Дәлірек айтқанда олардың тілдік жүйесіне басқа озық тілдің тілдік заңдылықтарына негізделген жекелеген бірліктері ешқандай өзгеріссіз сол күйінде енеді. Тіпті уақыт өте келе, басым мемлекеттер әлсіз мемлекеттердің тілін жұтып жіберіп жатқандығына тарих куә. Бұл модернизацияның қатал заңы.
XX ғ. тән модерндік өзгерістердің әмбебап жиынтығын ресей мәдени антропологы Э.А.Орлова қарастырды. Қоғамның әлеуметтік-мәдени ұйымы деңгейінде модернизация – экономика саласында индустриализмнен постиндустриализмге, саясат саласында авторитарлыдан демократиялық режімге, құқықтық салада жай құқықтан заңды құқыққа көшу формасынан, тілде дәстүрлі қалыптасқан тілге тың мағынаға ие болған жаңа сөздермен бірге сол басым тілдің әсерінен өзгеріске ұшыраған немесе сол күйінде енген сөздерден көрініс табады. «Бұларға әлеуметтік тұрғыдан маңызды болып табылатын ғылым мен дүниетанымдағы өзгерістер сәйкес келеді: дін саласында – әлемдегі тәртіпті қасиеттілік тұрғысынан емес, ақсүйектер тұрғысынан негіздеу; философияда әлемді монистік тұрғыдан емес, плюралистік тұрғыдан түсіну; өнерде – стиль жағынан бірігуге ұмтылудан полистилистикаға ауысу; ғылымда – объективизмнен антроптық қағидатқа көшуі орын алып жатыр. Осы жалпы әлеуметтік мәдени үрдістер жиынтығын модернизация деп атаймыз» [4, 7 б.].
Ағылшын маманы В.Мурдың анықтамасына сәйкес, модернизация «модерндікке дейінгі дәстүрлі қоғамның айтарлықтай дамыған, экономикасы өсіп келе жатқан әрі саяси тұрғыдан алғанда, Батыстың тұрақты ұлттарына тән әлеуметтік ұйымға жаппай өзгеруі» [5, 16-17 бб.]. Мюнхен университететінің социологы, профессор У.Бек былай деп пайымдайды: «модернизация орталықтандырылған мемлекеттік биліктің қалыптасуына, капиталдың шоғырлануына, еңбек және нарық қатынастарын бөлудің шиеленісуіне, мобильділікке, жаппай тұтынуға және т.б. ғана әсер етіп қоймайды, сондай-ақ бұл жерде үш «дербестікке» тап боламыз, олар: дәстүрлі үстемдік пен қамтамасыз ету жағдайлары тұрғысынан алғанда, тарихи тұрғыдан белгіленген әлеуметтік формалар мен байланыстардан қол үземіз («қол үзу аспекісі»), бойымыздағы білім, сенім және қабылданған нормалар тұрғысынан алғанда, дәстүрлі тұрақтылығымызды жоғалтамыз («құндылықтарды жоғалту аспектісі») және түсінігіміз жаңа әлеуметтік мәдени интеграцияға шоғырланады («бақылау және қайта интеграциялау аспектісі»)» [6, 189 б.]. Енді осы үдерісті тілдік тұрғыдан қарар болсақ, а) осы кезге дейін қалыптасқан терминдерімізден қол үземіз. Мысалы, Тәуелсіздік алған жылдары пайда болып, көпшіліктен қолдау тапқан кейбір терминдерімізден айырыламыз. Атап айтқанда, «төлқұжат» сөзі қайтадан халықаралық термин «паспортқа» ауыстыру туралы ұсынысты немесе «үдеріс» сөзін «процеске», «үрдіс» сөзін «тенденцияға», «пайыз» сөзін «процентке», «күнтізбе» сөзін «кальендарға», «күйсандық» сөзін «фортепианоға» қайта өзгерту сипатындағы ұсыныстарды модернизацияның «қол үзу» аспектісінің нәтижесіне жатқызамыз; ә) тілімізде қалыптасқан терминжасам үдерісіндегі жүйелілігімізді жоғалтамыз. Осының салдарынан тілтұтынушыларды шатастыруға бой алдырамыз. Оған қазіргі кезде шарттылық заңдылығымен жасалынып жатқан уәжсіз терминдерді жатқызамыз; б) тіл заңдылығына бағындырып алмай басқа бір тілдің заңдылығына сәйкес стандартталған жекелеген терминдерін енгізу арқылы тіл тұтынушыларды әлеуметтік-мәдени интеграцияға шоғырландыру қаупі. Оған қазіргі кезде көптеп еніп жатқан принтер, компьютер, контент, концепт, тендер, степлер, картридж және т.б. сипаттағы сөздерді жатқызамыз.
Модернизация ұғымының беретін екінші мағынасы – әлі дамымаған немесе дамушы елдерді қуып жету мақсатындағы даму үдерістері дегенді білдіреді. Модернизация батыс өркениетіндегі модерндікке қайтарған жауап сияқты, бұл жауапқа әрбір қоғам өзінің ұзақ уақыт бойы дамуының нәтижесінде қалыптасқан қағидаттарына, құрылымдары мен символдарына сәйкес жауап береді немесе дамыған мемлекеттердің көлеңкесінде қалып қалады. Бұл мағынада «модернизация» дамыған қоғамға қарай бет бұруды сипаттайды. Біздің қазіргі тілдік жағдаятымызды осы топқа жатқызуға болатын сияқты.
Үшінші мағынада алғанда, модернизация Еуропа және Солтүстік Американың дамыған мемлекеттеріндегі инновациялық өзгерістер дегенді білдіреді. Бұл елдер модернизация үдерісін алғаш бастап, модерндіктің тамырын тереңге жайғандар. Олардың өзге тілге әсері өте жоғары.
Батыс елдеріне жатпайтын мемлекеттердегі модернистік үдерістерді (тілдік тұрғыдан алғанда) эволюциялық және диффузиялық теорияларды пайдалану арқылы түсіндіруге болады. Модернизация үдерісінің эндогенді (эволюциялық) және экзогенді (диффузиялық) компоненттерінің түрлерін басшылыққа ала отырып, олардың жіктемесін ұсынамыз:
Модернизацияның эндогенді түрі. Ішкі себептер кешенімен, қоғамның өзіндік дамуымен, өзгеруімен түсіндірілетін модернизация. Модернизацияның бұл түріне мысал ретінде Батыс Еуропа мен Солтүстік Американың тілдерін жатқызуға болады.
Модернизацияның бейімді түрі. Батыстағы модернизацияның қатарына жатпайтын мемлекеттерде тәжірибе жүзінде қолданылады. Оның екі түрі бар:
I. модернизация өзіндік вестернизация сияқты. Мақсаты – ішкі мақсаттарға қолжеткізу. Ал ішкі мақсат дегеніміз, Батыс өркениетінен тілдік тұрғыдан артта қалушылықты жеңу және тіл тәуелсіздігін сақтау. Модернизациның бұл түрі өз ішінде тағы екі түрге бөлінеді:
а) қорғаныс модернизациясы. Мемлекеттің тілдік әлеуетін нығайту үшін жасалады, бұл кезде тілді нығайту басты мақсат, ал тілді тұтынушылар осы мақсатқа қолжеткізудегі қосалқы құрал ғана болады. Р.Бендикс былай деп жазады: «алғашқы модернистік ұлт сырттан қысым көрмей, өз жолымен тәуелсіз жүре алады. Қалған елдердің барлығы модернизация авангард және арьергард арасындағы күресте болады» [7, 136 б.].
ә) либералды модернизация. Тілді өзгерту үшін жүргізіледі. Батыстың модерндік өркениетінің тілдік құралдары ғана емес, сонымен бірге оны жасауға әсер еткен үдеріс, батысқа тән тілдік нормалар, құндылықтар және тілге тән қасиеттердің модельдері қабылданды. Мысалы, XX ғ. ІІ жартысындағы Ресей мен Батыс Еуропаның бұрынғы социалистік елдеріндегі тілге жасалған модернизациялық үдерістері. Бұл қазақ терминологиясының дамуындағы екінші кезеңге тұспа-тұс келеді. Бұл кезде тілімізге орыс тілінің грамматикасына негізделген көптеген терминдер енді. Осы арқылы қазақ терминологиясы қандай сипатта болса да жаңғыртылды. Әлі де осы бағытта жаңғыртылып келеді.
II. сыртқы әсермен жасалған модернизация. Батыс модерн өркениетіне жататын мемлекеттердің тілдері немесе бірқатар мемлекет тілдері тарапынан тікелей немесе жанама түрде жүргізілетін, қандайда бір тілдік жүйені өзгерту болып табылады. Модернизацияның бұл түрінде тілдік тәуелділік пайда болады. Модернизацияның бұл түрі де екіге бөлінеді:
а) жартылай жауапкершілік түріндегі модернизация. Отаршылдық және жартылай отаршылдық саясат түрінде жүргізіледі, отаршыл тілдер метрополияның мүддесіне қызмет етеді, ал қалған отарланушы тілдер өз деңгейінде дамымайды. Мысалы, терминология дамуындағы екінші кезеңнің жайы осы сипатта болды. Сол кезде дайындалған терминология қағидаттары тіліміздің дамуына теріс әсерін тигізді. Қазақ терминологиясының жалпыкеңестік терминдер қалыптастыру кезеңінде халықаралық терминдерді орыс тілінің заңдылықтарымен қабылдау міндеттелді.
ә) жүйелі еліктіру түріндегі модернизация. Қандайда бір себептермен бір немесе бірнеше мемлекетке тәуелді елдердің тілдеріндегі модернизациялық үдерістер. Бұл үдерісте тәуелді елдердің бағынушы елдердің тілдеріне еліктеушілік орын алады. Мысалы, қазіргі жағдайымыздағы ағылшын, орыс тілдеріне еліктеушілік модернизацияның осы түріне жатқызылады.
Қорыта келгенде, модернизация теориясына қатысты айтылған сындар тәжірибеде оның тиімді жақтарымен бірге, тілдік тұрғыдан отарланушы елдерге модернизациялық өзгеріс тиімділігінің төмен екендігін де байқатып отыр. Сондай-ақ тілдердегі модерннің әрқайсысы әртүрлі болды. Ол бір тілге тиімді болса, енді бір тілдерге тиімсіз болып табылады. Әрине тіл жанды құбылыс, заман талабына сай жаңғыртылып отырылуы да заңды. Десек те тілді жаңғырту талғаммен қарауды талап етеді. Тіл халықтікі, сарапшы – халық. Тәуелсіз ел екендігімізді есімізден шығармай, терминология тарихындағы кемшіліктерді ескере отырып, болашаққа жаңа әрі дұрыс қадам бастауға жазсын демекпіз.

Пайдаланған әдебиеттер:

1 Құрманбайұлы Ш. Қазақ терминологиясының дамуының кезеңдік сипаты. – Астана, 2002. – 184 б.
2 Гидденс Э. Последствия модернити // Новая постиндустриальная волна на Западе. Антология. М., 1999 г.
3 Штомпка П. Социология социальных изменений. М., 1996 г.
4 Орлова Э. А. Социокультурные предпосылки модернизации в России: Библиотека в эпоху перемен: Информ. сб. (Дайджест). Вып. 2(10). М., 2001 г.
5 Кравченко И. И. Модернизация сегодняшней России // Этатистские модели модернизации. М., 2002 г.
6 Бек У. Общество риска: На пути к другому модерну. М., 2000 г.
7 Василенко И. А. Политические процессы на рубеже культур. М., 1998 г.

 

(Жалпы 268 рет, ал бүгін 1 рет қаралды)

Пікір жазу

Әлеуметтік желідегі профиль арқылы: 
Жаңа өнімдер
Терминдер мен ұғымдар
Мекемтас Мырзахметұлы
Терминология-лық анықтамалық
(нормативтік-құқықтық актілер жинағы)
ЭТНОСАЯСИ СӨЗДІК
Терминдер мен ұғымдар
'; IR[1] = '
АБАЙТАНУ
Мекемтас Мырзахметұлы
'; IR[2] = '
ҚАЗАҚСТАН – 2050
Терминология-лық анықтамалық
'; IR[3] = '
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ САЯСАТЫ
(нормативтік-құқықтық актілер жинағы)
'; objIR = document.getElementById('IRHolder'); objIR.style.height = (IR_numberOfElm * IR_heightOfElm) + 'px'; IRContent(); }
Күнтізбе
Тамыз (2026)
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
« Шлд    
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31  
Профиль
Соңғы пікірлер