Күнделікті тұрмыс-тіршілігімізде көп қолданатын сөзіміздің бірі – нан. Дегенмен осы уақытқа дейін дүкенге барып «маған бір бөлке нан беріңізші, немесе «тандыр нан, таба нан бар ма?» – деп сұрап тұрған адам баласын кездестірмедік. Сол баяғы үйреніп қалған «булка, лепешка, батон, ржаной» сынды орыс сөздерінен құтыла алмай келеміз.
Қазір дүкенге барсаң нан көп. Түр-түрі толып тұр. Ал енді атауларына қараңызшы, міне, былай дейді: Бородинский черный хлеб, семиречинский, грузинский, южный, столичный, хала, лепешка, ромашка, рулетка, домашний, мраморный деп тағысын тағылар тізіліп кете береді. Дәл бір Ресей жағында жүргендейсің. Сары бидайға толы астықты алқапты қазақтың кең даласы болмаса, бұлар қап-қап қып Бородино, Грузия жақтардан ұн тасып әкелген жоқ. Сонда басқалар өз аттарын айғайлатып атап қойып, нандарын пісіріп жатқанда, қазақ нан пісіріп, нан жауып көрмеген бе? Пештен жаңа шыққан ыстық тоқаш жейміз деп талай аузымызды күйдіргенбіз бала кезімізде. Сол тоқаш деген атау қайда жоғалып кетті? Бұдан өсіп келе жатқан ұрпақ қазақ тілінде кейін нан деген сөз бар екенін ұмытып қала ма деп қарадай қорқасың кеп. Осы мәселеге байланысты Хабар арнасындағы «Тіл» бағдарламасында нан атауларын қазақшаландыру жөнінде біраз даулы пікірлер айтылған болатын. Мәселен, «лепешканы» тандыр нан, таба нан, қалаш деп «булочканы» тоқаш, тәттітоқаш, «булканы» бөлке, «баранканы» жұмсақтоқаш, күлше деп атауды ұсынады. Осы нан аттарын береке, дархан, рақат, асыл, алтын, тамаша, ақ бидай, шапағат, нұр деп тағы басқа да толып жатқан қазақтың сөздерімен әбден атауға болады. Наубайханалардан шығатын нанның аттарын қазақтың ел мен жерінің, даласының атына сәйкес атағандарын жергілікті әкімдіктер, тіл басқармалары назарға алса, бір реттеліп жөнделер еді.
Дала мен қала. №16(145) 28 сәуір, жұма, 2006 ж.
Құрастырған: Жансая Бейсенбайқызы









Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.