Баланың «бауырынан табақ жүгірту» ырымынан кейін, арада біраз уақыт өткен соң бала қаз тұрып, жүруге бейімделеді. Міне, осы кезде сәбидің ата-анасы «тұсау кесер» салтын өткізеді.
Онда баланың аяғын ала жіп, майлы ішек және шөп тектес заттармен (орап) тұсап, білімді, өнегелі немесе ұзақ сапарларда көп болған және жүйрік, аяғы жылдам адамдардың біріне:
– Жүйрік бол, шауып кет! Қадамың сәтті, бақытың тәтті болсын, бісміллә!- деп тұсауды кестіріп жібереді. Тұсауы кесілген баланы ата -анасы немесе жақын туыстарынан екі адам екі қолтығынан демеп ұстап:
Қаз-қаз балам, қаз, балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Қаз-қаз болып, тез басып,
Қадамыңды жаз, балам!
Тұсауыңды кестік біз,
Күрмеуіңді шештік біз.
Қадамыңа қаз басқан,
Құтты болсын дестік біз.
Қаз-қаз балам, жүре ғой,
Балтырыңды түре ғой,
Тай-құлын боп шаба ғой,
Шауып бәйге ала ғой!
Жүгір, жылдам , құлыным!
Желбіреп бір тұлымың,
Елгезек бол, ерінбе,
Ілгері бас, шегінбе!
Ала жіпті алайық,
Ақ әжеңе барайық,
Шашуын жеп қайтайық,- деп жетелеп ары-бері жүргізіп мәре-сәре болады. Тұсау кесудің де өзіндік үлгі-өнегесі және мәні бар.Тұсауы кесілген сәбиді сол күннен бастап үлкен –кіші бірінен соң бірі жетелеп, ұдайы машықтандырып отыратындықтан, бала тез аяқтанады. Ал, ала жіп орап кесу- балам адал болсын, арлы болсын дегені. Қазақ салтында ала жіпті аттамайды. Ал майлы ішек орап кесу- балам бай- бақытты болсын, қадамы жайлы, қазаны майлы болсын деген игі тілегін бейнелейді.
Тұсау кесу
(Жалпы 234 рет, ал бүгін 1 рет қаралды)









Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.