Сатайын десем ауыр кілем,
Сатпайын десем тәуір кілем.
/Жер/
Өлшеусіз піштім,
Жіпсіз тіктім.
/Жер/
Зер, зер кілем, зер кілем,
Көтерейін десем зор кілем.
/Жер/
Қағар, қағар, қағар кілем,
Қағайын десе ауыр кілем.
/Жер/
Бір жатқан зор кемеңгер қара кісі,
Қимылдар сол кісіден елдің тісі.
Талқандап беті, жүзін тырнасаң да,
Бір ауыз неге үйттің деу емес ісі.
/Жер/
Жамандық қып, шапқылап жарсаң басын,
Жақсылық қып аямас сенен асын.
Күні-түні сонда да тепкілейсің,
Айтпайсың оған тәңір жарылқасын.
/Жер/
Жаһанда бір алыпты көрдім күшті,
Барлық салмақ дүниеде соған түсті.
Қандайын дүниеде барлық жеміс,
Солардың атрабында құрап пісті.
/Жер/
Көк жүнді бір өгіз бар еті қара,
Тілгіле өне бойын етіп пара.
Етін жеп жатсам-дағы майын сорып,
Болмайды өлмек түгіл титтей жара.
/Жер/
Көкторғын көрдім мен
Көп асыл қадаған.
Адам жоқ өмірде
Асылын санаған.
/Жер/
Бір зат бар дүниеде құшағы кең,
Ұшқан құс, жүгірген аң бәріне тең.
Адамзат, жан-жануар арасында
Мәңгілік өсіп-өніп өмір сүрген.
/Жер/
Жүресің-жүресің, ұшын таппайсың,
Ары жүрсең, қайтып келесің.
/Жер/
Жайы-жайы, жай кілем,
Жайылып жатқан бір кілем,
Түр-түр кілем,
Төгіліп жатқан кір кілем.
/Көктемдегі жер/
Аждаһа жерден шығып көкке өрлер,
Қысылып өзгелерден бұрын терлер.
Түрі бар аждаһаның неше түрлі,
Алады қолы жеткен мініскерлер.
/Жер/
Ұзын кілемім бар,
Көтеріп ала алмаймын.
Ұзын арқаным бар,
Оны жиып ала алмаймын.
/Жер мен жол/
Үлкен, үлкен түйені
Тастапты атам шөгеріп.
Өркеші бұлтқа тиеді,
Бауыры жатыр көгеріп.
/Тау/
Көтеріп орман, тоғай, тастың бәрін
Жапанда шөгіп жатыр үлкен нарым.
/Тау/
Ақ жылан аяғы жоқ, көзі де жоқ,
Сөйлеген не бір ауыз сөзі де жоқ.
Тоқтамай қысы-жазы кезе берер,
Үстінде бір жапырақ бөзі де жоқ.
/Өзен/
Шыққанда шығыны жоқ,
Жауса жауын бүйірі тоқ,
Қыста жылтыр қақ болар,
Түртінектеп тынымы жоқ.
/Өзен/
Бар-бар, атым бар,
Жүйрік қана затым бар.
Жылқыға ұқсап кісінемес,
Қолға ұстасам, тістемес.
/Арықтың суы/
Бір шұқырда көп шұқыр,
Іштен түртіп көп шұқыр.
/Бұлақ суы/
Ақ боз атым арынды,
Ақ көйлекке малынды,
Таудан тасты атқылап,
Таудан түсті шапқылап.
/Тау бұлағы/
Жылт-жылт еткен,
Жырадан өткен.
/Су/
Ұзын-ұзын ұз келеді,
Ұзын бойлы қыз келеді.
Қасы қалтырап,
Көзі жалтырап.
/Су/
Қара атым қалтырауық,
Қабырғасы жалтырауық.
/Су/
Бір жылан жол салыпты әрбір сайға,
Сай түгіл жол салыпты әрбір жайға.
/Су/
Бар-бар, бар атым,
Бар бойынша жорға атым.
Ажырақ көрсең, тістеме,
Байтал көрсең, кісінеме.
/Су/.
Аяғы жоқ жүреді,
Сылқ-сылқ күледі.
/Су/
Бар екен бір мақұлық өзі жансыз,
Келеді кей жері әлді, кей жері әлсіз.
Кеудесі жерден шығып, жерге кірген,
Шешуін мұның біраз ойланарсыз.
/Аққан су/
Базардан әкелген бұлымыз,
Жон терісін тіліңіз.
Еті арам, сорпасы адал,
Мұны не деп біліңіз.
/Құдықтың суы, топырақ/
Қайда қазған,
Тағдырда жазған,
Барлық жұртқа бір ана.
/Су, дария/
Отқа жанбас,
Суға батпас.
/Мұз/
Отқа күймейді,
Суға шөкпейді.
/Мұз/
Адам тимей қағанағым жарылды.
/Мұз/
Қыста өседі ақ сәбіз
Төбесінде үйлердің.
Дәнегі жоқ шақсаңыз,
Соның үшін тимедім.
/Мұз/
Арқалық салмай үй жаптым,
Суықта жылжымай жаттым.
/Мұз/
Шешесі-су да, әкесі-суық,
Көктемде өлер күзгүні туып.
/Мұз/
Төмен қарап өседі,
Күн жылына өшеді.
/Сүңгі/
Қыстыгүні аппақ,
Жаздыгүні сұп-сұйық.
/Қар, су/
Ақ қойым тұрып кетті,
Қара қойым жатып қалды.
/Қар мен жер/
Қыста бар да, жазда жоқ,
Ол көп болса көңіл тоқ.
/Қар/
Қара сиыр туып кетер,
Қара сиыр жатып қалар.
/Қардың кетуі/
Мамықтай ұлпа,
Қанттай ақ.
Қыста жер бетін басады,
Жазда сайға қашады.
/Қар/
Жер жиһанға ұн шаштым.
/Қар/
Бір көрпем болушы еді ақ бәтестен,
Кім екен ыстық қолмен оны сөккен.
Төсекке көк пүліштен кілем салып,
Ғайып боп кетті өзі жер мен көктен.
/Қар/
Жерге қонған аспаннан көп көбелек,
Жазда іздесем бірі де жоқ көбелек.
/Қар/
Аппақ етіп айналаны,
Ақ көбелек айналды;
Әбден қонып болған соң,
Жер әлемде жайланды.
/Қар/
Ақ жібек асыл көрпедей,
Қыс болса жерді жабады.
Жазғытұрым болғанда,
Су болып сайға ағады.
/Қар/
Батырмай жерге қонады,
Жердің беті оңады.
Қыста ғана тұрады,
Ұстасаң қолың тоңады.
/Қар./
Бір түйем жүре алмайды майы көптен,
Ол түйем тойынбайды жеген шөптен.
Егер де осы түйем өліп қалса,
Сүйегі табылмайды жер мен көктен.
/Қар/
Бір нәрсе өліп жатыр, жетіп ажал,
Малының қисабы жоқ безбенге сал.
Сүйегі көкте де емес, жерде де емес,
Жігіттер, көңіл қойып, ойлаңыздар.
/Қар/
Жездекем жезді қамшысымен жер шұқылайды.
/Тамшы/
Тама-тама тас тескен.
/Тамшы/
Мұрынсыз шымшық мұз теседі.
/Тамшы/
Шолақ мылтық жер теседі.
/Тамшы/
Жазда болмайды,
Қыста болады.
Терезеге қонады,
Әсем ою ояды.
/Қырау/
Құлағы мен көзі жоқ,
Жоқ тіпті қол мен аяғы.
Бірақ ғажап өнерпаз,
Мәнерлеп ою ояды.
/Қырау/
Қолы жоқ, сурет салады,
Тісі жоқ тістеп алады.
/Аяз/
Есіктен кірді еңкейіп,
Төрге шығады қампайып.
/Аяз/
Терісін жыртпай етін жеген,
Жілігін шақпай майын жеген.
/Аяз/
Қуып едім мойнын бұрмады,
Ұстайын деп ем қолға тұрмады.
/Боран/
Қанаты жоқ ұшады,
Аяғы жоқ желеді,
Аузы жоқ ұлиды.
/Боран/
Қыс болса қыр мен ойды аралайды,
Жаз болса қозғалуға жарамайды.
/Боран/
Ұстасаң – қолға ілінбес,
Қарасаң – көзге көрінбес.
Жүрсе ізі жоқ,
Көретін көзі жоқ.
Гулесе күші бар,
Таңқаларлық ісі бар.
/Боран/
Жер түбінен боз жорға ат келеді.
/Боран/
Ақ боз жорға,
Күн бұрын ойламасаң,
Кезігерсің көп сорға.
/Боран/
Жол үстінде семіз тоқты,
Құйрығын көтере алмай жерге соқты.
/Боран/
Жерде емес, аспанда емес, арасында,
Қол жетпес ұсынғанмен саласына.
Өзінің ұшқырлығы құстан жүйрік,
Ойланып бұл жұмбақты табасың ба?
/Жел/
Қол-аяғы жоқ болса да,
Қақпа есікті аша алған.
/Жел/
Бар екен бір мақұлық боздайтұғын,
Жұлқынып төңіректі қоршайтұғын.
Жаһанды жалпағынан басып өтіп,
Ұшқан құс, жүгірген аң озбайтұғын.
/Жел/
Бір нәрсе көрінбейді, бар ғой өзі,
Адамзат ол нәрсені көрмес көзі.
Жансызды қимылдатып жанды қылар,
Ызылдап, ызың қағар айтқан сөзі.
/Жел/
Желіп кетсе жеткізбес,
Жерге түссе табылмас.
/Жел/
Әне барады өзі,
Көрінбейді ізі.
/Жел/.
Құйрығы, екі мүйізі,
Түбінде шидің шықпаған.
Ту қоян жатыр тумаған,
Шыбықпен ұрсам, шықпаған,
Қарғыды тамнан соқпаған.
/Жел/
Алдымнан өтті бұлдырлап,
Тұра қалдым жолында.
Ұстайын деп ойладым,
Ілінбеді қолыма.
/Жел/
Бір нәрсеге қарап тұрсаң дүбірлейді,
Алыстан көзін салсаң күлімдейді,
Екпіні сонша қатты болса-дағы,
Ұстасаң қолыңызға білінбейді.
/Жел/
Бір нәрсе жер мен көкті шарлап тұрған,
Дамылсыз бәйіт айтып зарлап тұрған.
Тамаша қылығына қарап тұрсам,
Арасын жер мен көктің барлап тұрған.
/Жел/
Ашуланып бұртиды,
Аузы көпіріп құтырды.
Ашушаң ақымақ,
Кез келгенді ұшырады.
/Құйын/.
Өрге қарай құтылды,
Сырына келіп қосылса,
Өз-өзінен құтырды.
/Құйын/
Жұмбағым жұтылды,
Ойға қарай құтылды.
/Құйын/
Бір хайуан елге мәшһүр таңғажайып,
Жүреді кейде көп боп, кейде азайып.
Барлығы көпке мәлім болса-дағы,
Еш адам ұстай алмас ебін тауып.
/Құйын/
Қу талақай үйірілген,
Желден шүй кейірілген.
/Құйын/
Қолтықтан кірер қоңқайып,
Төрге шығар томпайып.
/Боран/
Қусам да жеткермеді, тұра қашты,
Барды да бұрыш қаптың аузын ашты.
/Боран/
Бір нәрсе көруге көп, ұстауға жоқ,
Жаздыгүні көп болар, қыстауға жоқ.
Тұрмайды бір мекенде қарауытып,
Қаншама жалынып, жалпайсаң жоқ.
/Сағым/
Алтын аяқ,
Жете алмадым,
Жалаң аяқ.
/Сағым/
Көз алдымда көк теңіз.
/Сағым/
Кейде аққан судай,
Кейде қалың нудай.
Жақындасаң жоқ,
Алыстасаң бар.
/Сағым/
Үстінде шөлдің,
Толқыған көлмін.
/Сағым/
Алдымнан өтті бұлдырап,
Тұра қалдым жолына.
Ұстайын деп ойландым,
Ілінбеді қолыма.
/Сағым/
Бір нәрсе көруге бар, ұстауға жоқ,
Жаз көркі, көк шәлідей шымылдық боп.
/Сағым/
Толқып-толқып судай ағып,
Ешбір жанды кетпес қағып.
Көз көрсе де қол ұстамас,
Жаратылған мұнша нағып?
/Сағым/
Бір кеме аспанда ұшқан, аяғы жоқ,
Қолына ұстап алған таяғы жоқ.
Күніне талай жерге кезіп кетер,
Не екен ол ешбір жерде саяғы жоқ.
/Бұлт/
Қанатсыз құс жақын барады,
Көзінен жас тамып барады.
/Бұлт/
Көк көрпенің мақтасы,
Әр жерде жүр бытырап.
Біріктіруге қол жетпес,
Болды-ау шіркін ысырап.
/Бұлт/
Бір нәрсе жердің бетін шыр айналған,
Мақұлық біз білмейтін қайда барған.
Арасын жер мен көктің мекен етіп,
Байлаусыз бір арада тұра алмаған.
/Бұлт/
Торғын көкте ағып құс,
Ағылып ұшып барады.
Айналасын қарайтып,
Күннің көзін жабады.
/Бұлт/
Бесірдегі бес бие,
Бесеуі де құлынды.
Құлындары торлы ала,
Құйрықтары сары ала.
/Ала бұлт/
Жардай дәулер соғысты,
Жарқ-жұрқ етіп оқ ұшты.
/Бұлт пен найзағай/
Аспандағы көлеңке,
Жерге суын себеді.
/Бұлт пен жаңбыр/
Көк көрпенің ішінде жарты нан жүр.
/Бұлт арасындағы ай/
Қырда қылыш жарқылдайды.
/Найзағай/
Аспанда бір нәрсе бар жылмаңдайды,
Тау басында жүгіріп қылмаңдайды.
Жанына жан иесі жақын келсе,
Бақырып бассалуға тайынбайды.
/Найзағай/
Айдаһар аузын ашса, арс етеді,
Гауһары жерге түссе, жарқ етеді.
/Найзағай/
Бір нәрсе етегі кең, найзасы бар,
Қосылған адамзатқа хайласы бар.
Мекені жерде емес, көлде емес,
Адамға әр уақытта пайдасы бар.
/Найзағай/
Әуеден күбі түсті,
Күбінің түбі түсті.
/Күннің күркіреуі/
Мені ешкім көрмейді,
Дауысымды есітеді.
/Күннің күркіреуі/
Сарайдағы сары айғыр,
Сарнап-сарнап кісінер.
/Күннің күркіреуі/
Тау тарс етсе тағы үркер,
Таудағы елдің малы үркер.
Қырдағы жылқы үркер,
Жортып жүрген түлкі үркер.
/Күннің күркіреуі/
Аспандағы әсем белбеуді,
Алып белге буынсам.
/Кемпірқосақ/
Көкке шықса бұлт,
Жерге түссе шаңыт.
/Тұман/
Қара таудың басында
Киік кетіп барады.
Қол-аяғы баурына
Тиіп кетіп барады.
/Тұман/
Көтеріліп теңізден
Аспанға биік барамын.
Биіктен қайта түскенде
Өңі кірер даланың.
/Жаңбыр/.
Атаекем жерге пышағын шанышты.
/Жаңбыр/
Әуеде қызғыш, жерде бұзғыш.
Қызғыш айтады: “беремін” деп,
Бұзғыш айтады: “аламын” деп,
Берсе – барлық,
Бермесе – қаһарлық.
/Жаңбыр, егінші/
Таудан топ түсті,
Аяқ-қолы жоқ түсті.
/Бұршақ/
Тырсылдап түседі,
Жер бетіне жетеді.
Жер бетіне жеткен соң,
Ғайып болып кетеді.
/Бұршақ/
Ақ моншақтар сабалар,
Қалмайды олар жанды аяп.
Жатып-жатып жоғалар,
Ешкім жинап алмай-ақ.
/Бұршақ/
Аспаннан жауды ақ бидай,
Үйге қарай жүгірдім.
Ызғарына шыдамай,
Сүмелектеп бүгілдім.
/Бұршақ/
Бір нәрсе жоғарыда от жағып тұр,
Дабылдатып дабылын ол қағып тұр.
От жағып, дабыл қағып тұрғанында,
Сабалап төмен қарай су ағып тұр.
/Жаңбыр, найзағай/








Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.