Бір нәрсе өзі түкті шұбар ала,
Сипаты бек асып тұр көрсең жаңа.
Ішінде шығар жері қиын екен,
Егер де қолға түссе болар пана.
/Пұшпақ ішік/
Бір нәрсе менен биік,
Кейде менен аласа.
Мұндай қызық дүниеде,
Көріп пе едің тамаша.
/Бөрік/
Атамдікі – шошақ,
Апамдікі – жалпақ.
/Атамның тымағы мен апамның кимешегі/
Төрттен қосқан басы бар,
Маңдайында шашы бар.
Өзің көрген баяғы,
Салпылдайды сабағы.
/Тымақ/
Дөп-дөңгелек басы бар,
Маңдайында шашы бар.
Өзің көрген баяғы,
Сапылдайды сабағы.
/Тымақ/
Ашамайды арта салдым,
Айыл жібін тарта салдым.
/Тымақ/
Жансызға бітеді екен құйрық қанат,
Адамнан қалмаймын деп етер талап,
Ішінде қанатының екі жіп бар,
Не нәрсе бұл айтқаным, тезірек тап.
/Тымақ/
Үшеуі салпы,
Бірі таңқы.
/Тымақ/
Алды ұзын, арты қысқа,
Беттері өзіне сай әрбір тұста,
Суықта да, жылыда да пана болар,
Таппасаң басыңдағыны қолыңа ұста.
/Тымақ/
Басы жоқ, құсқа біткен екі қанат,
Адамнан қалмаймын деп қылдым талап.
Ішінде қанатының екі жіп бар,
Не нәрсе бұл айтқаным, тезірек тап.
/Тымақ/
Керегесі тыртық, уығы қысқа,
Керек болған үй екен біздің тұсқа.
Отарға мал айдасам, жолға шықсам,
Үйімді тігіп жүрем жазда, қыста.
/Бөрік/
Шылдыр-шылдыр жүгенім,
Сұлу қара құнаным.
Көлеңкесі көсіктей,
Ауырлығы асықтай.
/Сәукеле/
Сылдыр-сылдыр кісенім,
Сылдырлайды кісенім,
Құлағында құлпы жоқ,
Құдіретті кісенім.
/Сәукеле/
Сұлу-сұлу құнаным,
Сылдырлаған жүгенім,
Аяз күнде мінбеген,
Аяғы жерге тимеген.
/Сәукеле/
Құйын, құйындікі түйін.
/Шашбау/
Биік таудың басында қара лашық,
Түңлік жабық болғанмен есік ашық,
Қайда жүрсең қажетің соған түсіп,
Құтылмассың керексіз деп одан қашып.
/Бас киім/
Бір жануар бар екен өзі сұсты,
Себеппен ортасында сызық түсті.
Бір жігітті тұрады буындырып,
Дүниеде көрмедім ондай күшті.
/Сақина/
Жайсам – жамшыдай,
Жапсам – қамшыдай.
/Қолшатыр/
Күрке ғой көрсең алыстан,
Астында адам қорғалар.
Ұстасаң бір тал қамыстан,
Төбеден суы сорғалар.
/Қолшатыр/
Бір нәрсе, биік іші қуыс,
Ол заттың сүйегі көп айқұш-ұйқыш,
Көзі бар жарқыраған төбесінде,
Жайса үлкен, жинағанда бір-ақ уыс.
/Қолшатыр/
Япырмай, отау көрдім есігі жоқ,
Өзінің күн түсетін тесігі жоқ.
Көтерген шаңырақты жалғыз бақан,
Уығының байлауы бар, шешуі жоқ.
/Қолшатыр/
Талтаймашқа мен талтайдым,
Талтаймаш маған талтайды.
/Шалбар/
Таңертең тұрдым,
Айырыма міндім.
/Шалбар/
Күндіз толады,
Түнде солады.
/Шалбар/
Азанда тұрдым,
Екі сайды қудым.
/Шалбар/
Ерте тұрдым,
Екі айыр жолға түстім.
/Шалбар/
Тұла бойы тыста,
Екі қолы іште.
/Белбеу/.
Қара үй,
Қара үйдің ішінде ақ үй,
Ақ үйдің ішінде бес бала,
Бесеуінің қолында бес айна.
/Етік, ақ байпақ, бес башпай, бес тырнақ /
Барады, барады,
Аузын ашып қалады.
/Кебіс/
Аузы аңқайып қалады,
Босағада тұрады.
/Кебіс/
Сырты қара, іші қызыл,
Сұғып алсаң жып-жылы.
/Галош/
Ерте тұрдым, керек қылдым,
Қажетімді өтеп алып,
Босағаға тастадым.
/Галош, кебіс/
Он екі тесігі бар жалғыз тілі,
Жып-жылтыр, сыртында жоқ тіпті міні.
Көтерер адамзатты қиналмай-ақ,
Жоқ екен күштілікке ешбір кемі.
Сап алар аузын буып қапшығына,
Өзінде дайын екен арқан жібі.
/Бәтіңке/
Ағайынды төрт кісі,
Бір қалпақты киеді,
Төрт кісіні төрт жерден
Төрт ғашығы сүйеді.
/Сандал/
Күні бойы сен оны
Екі аяқтап аласың.
Жатар кезде өзіңнен
Аулақтатып қашасың.
/Етік/
Қалада бір нәрсе бар, он сайы бар,
Жігітке пайда болар бір жайы бар.
/Қолғап/
Бес ін,
Бес іннің аузы бір ін.
/Қолғап/
Көсеуді бесеуге сұқтым.
/Қолғап, саусақ/
Дөңгелек айналасы, төртеу көзі,
Сөйлейтін ешбір хабар жоқ-ты сөзі.
Нәрсені қашық тұрған жақындатып,
Жібермей ұстап тұрар мықтап өзі.
/Түйме/
Жырығыңа жұмалағым.
/Ілгек/
Жүнсіз қолым жүнді жеңге кірді.
/Тонның жеңі/
Не нәрсе жұдырықтай дөп-дөңгелек,
Ішінде бөлмесі бар бөлек-бөлек.
Бөлмесіне көп түлік еркін сияр,
Қабаттап айдап тықсаң ептеңкіреп.
/Қалта/
Бір нәрсе қолға жұмсақ былқылдайды,
Аузында екі тісі жылтылдайды.
Салуға өзге нәрсе бұйрығы жоқ,
Арнап салған нәрсеге жыртылмайды.
/Қалта, бумажник/
Кірт етіп кіріп кетті,
Сырт етіп шығып кетті.
/Қаптырма/
Өздігінен бата алмас,
Адам өмірімен қатарлас.
Ол болмаса пендеңіз,
Тіршілік өмір жасамас.
/Киім/
Артында құйрығы бар,
Төреден бұйрығы бар.
/Жаулық, кимешек/
Адамның сәні,
Онсыз жоқ мәні.
/Киім/
Дорбаға тығып, бас бағын,
Байлай салдым қос жағын.
/Тымақ/
Қыста,
Шығарда тысқа,
Құлағы салпақ,
Құйрығы жалпақ.
Төбесі жайпақ,
Түкті маңдайы тайпақ,
Іші мамық, байпақ.
Қара орманды қаптадым,
Сөйтіп жан сақтадым.
/Тымақ/
Ортасы күмбез.
Іргесі тегіс-ті.
Күннен қорғайды,
Шындағы егісті.
/Қалпақ/
Әжеме өң берген,
Жиегін көмкерген.
Етегі желкендей,
Киім еді ол нендей?
/Кимешек/
Әкем ақ тауын,
Ақ шарбымен орады.
/Сәлде/
Әшекейлі күбіні,
Үюлі тұрған шөмеле,
Кигіздім биік төбеге.
/Сәукеле/
Сырт жағына зер жіппен,
Көз тартатын көрікпен,
Ою-өрнек бастырған,
Шалқасынан тастаған,
Кәдімгі сырлы тостаған,
Қойсаң егер төңкеріп,
Төңірегін көмкеріп,
Тостағандай бос тұрған,
Киіз үйден аумайды,
Басқұрмен бастырған.
/Тақия/
Іші – егіс,
Сырты – тегіс.
/Тон/
Аузы бір –
Қос құбыр.
/Шалбар/
Қолы бар,
Саусағы жоқ.
Мойны бар,
Басы жоқ.
/Көйлек/
Күндіз
Таяғымды қаптаймын,
Түнде
Босағаға тастаймын.
/Аяқ киім/
Күні бойы жүргізеді,
Үйге де кіргізеді.
Бірақ, өзі ізетті,
Босағада қалып
Шығуымды күтеді.
/Аяқ киім/
Бес айналы туыс,
Тапқаны бір қуыс.
/Тырнақ пен етік/
Судан ғайып,
Әжемде бар
Қос қайық.
/Кебіс/
Қаз-қатар тесігі бар,
Қалпақсыз есігі бар.
Көмейінде тілі бар,
Аузын буар жібі бар,
Кеме сынды пошымы,
Білсең айтшы, осыны?
/Бәтеңке/
Есігі біреу,
Бөлмесі бесеу.
/Қолғап/
Аузы біреу, бес құдық,
Қыстыкүні бойлатам,
Бесеуіне бес құрық.
/Қолғап/
Ағайынды бес туыс,
Жамылатын тоны бір.
Бесеуінде бес қуыс,
Сырттан кірер жолы бір.
/Қолғап/
Қандай байлық ішінде,
Барын өзім білетін,
Қоймалар көп үстімде,
Көшіп бірге жүретін.
/Жаңқалталар/
Іші мата,
Тысы мата,
Арасы мақта,
Төрт бұрышты қабылған.
Бұл не,
Жатарда табылған?
/Көрпе/
Киімдегі қуыс,
Ұсақ-түйекке ыдыс.
/Қалта/
Дөңгелек өзі,
Төртеу көзі.
Ұстайды мықтап,
Тұрғанды сырттап.
/Түйме/
Жайсаң – түңлік,
Жисаң – діңгек.
/Қолшатыр/
Көлшігім бар төбемде,
Аптапта жуынам,
Піл тұмсықпен себем де.
/Душ/
Шұқысаң көзін,
Көрсетіп төзім,
Арашаға
Біреуді шақырар,
Өзі тыныш отырар.
/Телефон/
Тілі бар түймелі,
Кеңірдегі кернеген,
Ән менен күй кені.
/Сырнай/
Жездекем
Бұраса құлақты,
Селдетем
Құбырдан бұлақты.
/Су краны/







Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.