Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Терминология Комиссиясы терминдерді біріздендіру үшін жыл сайын төрт отырыс өткізеді. Әр отырыста комиссия 200-1000 (орта есеппен 600) термин сөзді талқылап, бекітеді. Сонда жылына төрт отырыста шамамен 2400 термин сөз бекітіледі екен. Дәл осы жүйе бойынша жұмыс істей беретін болсақ, он жылда 24 000 термин бекітіледі. Бұл аз ба, көп пе? Әрине аз. Тіл комитетінің тапсырысымен 2014 жылы шыққан 30 томдық салалық терминдер сөздігінің әр томында орта есеппен он мың термин сөз бен терминдік тіркес қамтылған, яғни отыз томда үш жүз мың бірлік термин ретінде берілген. Яғни 30 томдық салалық терминдер сөздігіндегі 300 000 терминді бекітіп шығу үшін (300 000: 2400=125) бізге жүз жиырма бес жыл керек екен. Оған Терминком ресми жұмыс жасай бастағаннан бергі жиырма жыл ішінде бекітілген терминдер санына қарап көз жеткізуге болады.
Не істеу керек? Республикалық терминология комиссиясының жұмысын автоматтандыру керек, бүгінгі технологияны пайдаланып, жұмысты жеделдету керек.
Қалай? Ең алдымен, Ш.Шаяхметов атындағы республикалық тіл орталығы жанында тұрақты жұмыс істейтін терминология бөліміне белгілі бір жобаларды жүзеге асыру үшін құрылған уақытша жұмыс тобы деп қарамау керек. Ұзақ мерзімге қаражаты белгіленген алдағы он жылға бекітілген жұмыс бағдарламасы бар кәсіби біліктілігі сай мамандардан тұратын тұрақты бөлімнің жұмысын қамтамасыз етпесек болмайды.
Ол құрылым не істейді? Терминком жұмысын жеделдетуге көмектеседі. Республика бойынша аудармашылар, терминжасаушылардан, ресми ісқағаз жүргізушілерден, әртүрлі саланы зерттеп, еңбектерін мемлекеттік тілде жазып жүрген ғалымдардан тұратын қауымдастық құрады. Олар бір жерге жылына төрт рет қана жиналмай, 362 күн бойы күні-түні орталықтың сайтында өздеріне арналған жер жүзіне қолжетімді электронды алаңда жұмыс істейтін болады. Сонда қауыммен әбден талқыланып, тілші мамандардың батасын алған терминсөздер лег-легімен Терминкомға бекітуге ұсынылады. Ал Терминком бірнеше талқыланып, бірізге түсіп келген терминдерді қайта қарап жатпай, Ш.Шаяхметов атындағы республикалық орталық берген бірліктерді тек бекітіп беріп қана отырады.
Терминдерді біріздендіру бір-бірінен туындап жататын жүйелі жұмыс болуы шарт. Әр істің ғылыми негізі болуы керек. Мәселен, басқасын былай қойғанда, тек отыз том бойынша әлі қыруар жұмыс күтіп тұр. Отыз томнан тұратын салалық терминологиялық сөздік шығардық, болды, бітті, енді төрт-бес жылда қайта айналып шығарамыз десек, бұл жүйелі, ғылыми негізі бар жұмыс болмайды.
Отыз том бойынша алда істелетін жұмыстар:
- Әр томда берілген 10-12 мың сөз бен сөз тіркесінің барлығы бірдей терминге қойылатын талаптарға сай келмейді, сондықтан әр томға кемінде үш маман лингвистикалық сараптама жүргізіп шығуы шарт. Ондағы мақсат – термин емес, лингвистикалық сипаты ашылмаған, дефиницасын (ұғымдық сипатын) толық ашпайтын бірліктерді тауып көрсету.
- Әр томдағы 10-12 мың сөз бен сөз тіркесінің ішінен термин ретінде жарайтын бірліктерді тауып тілдік, ұғымдық сипатын ашу. Орталық мамандары қазір бұл шаруамен шұғылданып жатыр. Салалық сөздіктің алғашқы он томына жасалған жұмыстардың нәтижесінде әр томнан бекітуге небәрі 1000 термин ғана шығатындығын көріп отырмыз.
- Жоғарыдағы екі жұмыстың нәтижесі бойынша орысша – қазақша, қазақша – орысша анықтамалық жасауға болады. Бұл бұрын істелген жұмыстардың жалғасы ретінде жылдам әрі сапалы аяқталатын шаруа болады.
- Реалилерге әр халықтың өзіндік ерекшеліктерін көрсететін тілдік бірліктер жатады. Отыз томдық сөздік шыққанда БАҚ-та осы мәселе өте қызу талқыланды және көпшіліктің реалилер туралы түсінігі біркелкі емес, тіпті төмен екендігін байқадық. Сөздіктің педагогика саласына арналған томына қатысты пікірталас соның айғағы етуге болады. Орталық осы ұлттық ұғымдарды беретін өзге тілге аударылмай, тек өзімізге ғана тән термин сөздерден тұратын орысша-қазақша анықтамалық жасауды қолға алып отыр.
Міне, бір отыз томның өзінен бірінен бірі туындайтын қаншама жұмыс күтіп тұр. Ал тіліміздегі жалпы терминдерді біріздендіру, терминком жұмысын автоматтандыру бойынша алда қыруар жұмыс бар. Бірақ оның бәрінің ғылыми негізін жасап, стратегиялық жоспар бойынша кезең-кезеңімен жүзеге асырмасақ, нәтижесіз, жүйесіз жұмыс жалғаса беретіндігі белгілі.
Б.Қапалбек
филология ғылымдарының кандидаты









Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.