Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығымен бірлесе отырып, 2015 жылғы 11 қарашада «Бұқаралық ақпарат құралдары және тіл нормалары мәселелері» атты республикалық дөңгелек үстел өткізді.
Жиында сөз алған ф.ғ.д., профессор Ш.Құрманбайұлы қазіргі қоғамда журналист қауымының жіберіп жатқан қателерін атап өтіп, мысалмен дәлелдеді. Баспасөзде жарияланған мақалалардан құрылымы сай келмейтін сөйлемдерді іріктеп, басылымның атауы мен уақытын көрсетті. Және осындай кемшіліктердің шығу жолына тоқталып, азайтуға әрекет етудің де қажеттігін айқындады.
Бұқаралық ақпарат құралдары халыққа ел аумағындағы және жаһандық жаңалықтарды жеткізуші ғана емес, мемлекеттік оң саясатты насихаттаушы, ұлттық идеяларды таратушы қызметін атқарады. Бұқаралық ақпарат құралдарында қолданылып жүрген тіл нормаларының тұрғындардың тіл мәдениетін көтеруіне тигізетін ықпалы ерекше. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы тілдік нормаларды жүйелеу жөніндегі жаңа талаптарды әзірлеу, терминдерді қазақ тілінің жазу нормаларына сәйкес ретке келтіру жұмыстары бүгінгі таңдағы қажетті шаралар болып отыр.
Дөңгелек үстелде бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық-әлеуметтік қызметіне, тілдік-жанрлық ерекшелігінің әралуандылығы мен күрделілігіне сәйкес әдеби тіл нормаларын танытудағы рөлін жетілдіру мәселесі көтеріліп, күнделікті баспасөз тілінің стильдік айырым белгілеріне әсер етіп отырған басқа да факторлар жан-жақты талқыланды. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қарар қабылданды.
Саладағы қордаланған мәселелерді талқылау мақсатында дөңгелек үстел жұмысына ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясының мүшелері, тіл білімі және журналистика саласын зерттеуші ғалымдар, бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл саласына жауапты құрылымдардың басшылары мен мамандары қатысты.









Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.