Құрметті сайт оқырмандары! Егер Сіз 14-20 жас аралығында және қазақ тілінде оқитын болсаңыз, сайыстан қапы қалмаңыз. Ол үшін орыс тілін терең біліп, аталмыш тілді еркін меңгергеніңіз жеткілікті. Толық ақпарат алу үшін, «Ой-сана» орыс тілі білгірлері VIІ республикалық байқауының ережесімен таныс болыңыздар. І. Байқаудың мақсаты: Қазақ тілінде оқитын жастардың арасында орыс тілін таныту және оны оқуға ынталандыру, орыс тілін меңгерген дарынды жастарды анықтау және қолдау, риторикалық дағдыларды қалыптастыру және сөйлеу мәдениеті деңгейін көтеру.
ІІ. Жалпы ереже: «Ой-сана» орыс тілі білгірлерінің байқауы 2 кезеңде өтеді:
I кезең – өңірлік, ол 2015 жылғы 2 наурыз – 16 тамыз аралығында облыстарда және Астана, Алматы қалаларында өткізіледі.
II кезең – республикалық, 2015 жылғы 11 қыркүйекте Астана қаласында өтеді. Байқаудың бірінші кезеңін өткізу шарттары:
— бірінші аталым: тыңдалым, орыс тілінің лексикасы мен грамматикасын білуге арналған 60 тест тапсырмасы. Тест тапсырмасын орындау уақыты – 40 минут.
— екінші аталым: жазбаша бөлімнен және викториналық сұрақтан тұрады:
а) жазбаша бөлімі: ұсынылған үш тақырыптың біреуіне эссе жазу, эссенің көлемі: 1,5 — 3бет, тапсырманы орындау уақыты – 30 минут;
б) викториналық сұрақтарға (25 сұрақ) жазбаша жауап беру. — үшінші аталым: кез келген жанрдағы мәтінді мәнерлеп оқу (үй тапсырмасы).
Байқаудың екінші кезеңін өткізу шарттары:
– бірінші аталым: жаңылтпаштарды өте шапшаң, әрі анық айту (билеттік жүйе);
– екінші аталым: жазбаша және ауызша бөлімдерден тұрады:
а) жазбаша бөлімі: орыс тілінде эссе жазу (тақырыптар билет түрінде ұсынылады). Эссенің соңғы парағында мынадай ақпарат қамтылуы тиіс: аты-жөні, туған жылы, тұратын жері, оқу орнының атауы, мекенжайы, эссенің көлемі: 1,5-2 бет, тапсырманы орындау уақыты – 35 минут;
б) ауызша бөлімі: ұсынған тапсырма бойынша қатысушылар жұппен диалог құрады (билет алу түрінде), ұзақтығы 3-5 мин;
– үшінші аталым: «Шабыт жұлдызы» шығармашылық тапсырмасы: орыс халық әндерін немесе заманауи әндерді орындау (үй тапсырмасы), орындау уақыты – 3-5 минуттан аспауы тиіс немесе заманауи театрландырылған интерпретациядағы көркем шығарма үзіндісінен қойылым (пьеса, ертегі, т.б.) орындау, уақыты 3-5 минуттан аспауы тиіс. Байқауға қатысушы орындалатын музыкалық нөмірінің сүйемелдеуін таңдап, оны электронды тасымалдағышта немесе CD дискіге жазып алып келуді қамтамасыз етеді.
Байқауға қатысушыларға қойылатын талаптар: — Байқауға жоғарғы оқу орындарында, жалпы білім беру мекемелерінде, орта және орта арнаулы оқу орындарында қазақ тілінде білім алатын 14-20 жас аралығындағы жастар шақырылады.
— Байқау орыс тілінде өткізіледі.
— Өңірлік конкурс комиссиясы республикалық кезеңге қатысуға бір үміткер жібереді.
— Байқауға мамандандырылған мектептердің (дарынды балаларға арналған), лингвистикалық оқу орындарының оқушылары, сонымен қатар орыс тілінде оқитын жоғарғы оқу орындарының, жалпы білім және орта арнаулы оқу орындарының студенттері, өткен байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатыстырылмайды.
Байқау қатысушыларының жұмысын бағалау және жеңімпаздарды анықтау үшін қазылар алқасы құрылады. Қазылар алқасының құрамын Комитет анықтайды. Қазылар алқасының құрамы тіл мен әдебиет, педагогика салаларының ғалымдары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнердің беделді қайраткерлерінен тұрады. Сандық құрамы 5-7 адамнан аспауы тиіс. Қазылар алқасының құрамы төрағадан және мүшелерінен тұрады. Қазылар алқасының жұмысына төраға басшылық жасайды, шешім шығарады және қазылар алқасы шығарған шешім үшін жауапты болады. Хатшы қазылар алқасының шешімі бойынша хаттаманы ресімдейді. Байқау жеңімпаздары қазылар алқасының шешіміне сәйкес дипломдармен, алғысхаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Байланыс телефондары: 8(7172) 74-04-56, 74-05-10, 74-05-09 (тел/факс).








Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.