Жуырда Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы 2012 жылғы «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» республикалық байқауын өткізді. Еліміздің барлық облыстары мен Астана, Алматы қалаларынан, барлығы 16 үміткер қатысқан шарада Жамбыл облысы әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасы «Мемлекеттік тілді оқыту орталығының» оқытушысы Жұматаева Раушан Талатбекқызы бірінші орынды иеленген болатын. Сіздерге Раушанмен орайы түскен сұхбатты ұсынамыз.
– Раушан Талатбекқызы, ең алдымен Сізді жуырда ғана «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» атануыңызбен құттықтаймыз! Еңбегіңіз жемісті болсын! Байқаудан алған әсеріңіз қандай?
– Рахмет. Сіздердің де қазақ тілінің көсегесін көгерту жолындағы еңбектеріңіз жана берсін. Байқаудан алған әсерім туралы айтар болсам, бұл байқауға республикамыздың барлық облыстарынан, Алматы және Астана қаласынан барлығы 16 үміткер қатыстық. Әрбір облыстан үздік болып танылған қатысушылармен жарысқа түсу, әрине, оңайға түскен жоқ. Барлығы да тәжірибелі, өз ісінің озық мамандары. Байқау талаптары да жоғары болды. Қазақ тілін ересектерге үйретуде әдіс-тәсілдер мен инновациялық технологияларды тиімді пайдаланған оқытушылар ғана жеңіс тұғырынан көріне білді.
– Қазіргі таңдағы мемлекеттік тілді оқытудың сапасына көңіліңіз тола ма?
– Мемлекеттік тілдің оқыту сапасына көңілім айтарлықтай толады. Алдыңғы жылдармен салыстырып қарасақ, едәуір айырмашылық бар. Яғни, жылдан-жылға оқыту әдістемелері бір қалыпқа келтіріліп жатыр. Ал, сабақты сапалы өткізіп, алдында отырған тыңдаушыларға қазақ тілінің нәрін таттыра білу – оқытушының шеберлігі. Сондықтан, мемлекеттік тілді оқытудың сапасы тікелей оқытушыға байланысты десем қателеспеймін. Себебі, қазақы ұлттық құндылықтарды басшылыққа алатын оқытушы мен тыңдаушының арасындағы қарым-қатынас жақсы болғанда ғана өзге ұлт өкілі болсын, орыстілді мемлекеттік қызметкер болсын ана тіліміздің қадір-қасиетін ұғынары сөзсіз. Осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, әлі де болса қазақ тілін оқытудың әдістемесін бір жүйеге келтіру қажет деп есептеймін. – Мемлекеттік қызметкерлерге және өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуде нені басшылыққа ал- ған дұрыс деп есептейсіз?
– Мемлекеттік қызметкерлерге және өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуде ең алдымен сол тілді үйренуге деген қажеттілікті туындату қажет деп санаймын. Себебі, қажеттілік бар жерде – нәтиже де бар. Мемлекеттік тілді оқытудың әдістемесін жетілдіру, қазақ тілін үйретуде тиімді жолдарды зерттеу – заңды құбылыс. Қазіргі кезде қазақ тілін үйретуде негізгі мақсат-ережелер мен сөздерді жаттату емес, сөйлеу дағдысын қалыптастыру. Сондықтан, ересек адамды өз әріптестерімен қазақ тілінде жай ғана қарапайым қарым-қатынас жасай білуге үйрету қажет. Одан кейін сөз сөйлеу, оқу, жазу, өз мамандығы саласында термин сөздер немесе ісқағаздарды сауатты жазу жұмыстары жүргізуді басшылыққа алу керек деп есептеймін. Оған дәлел, облысымызда мемлекеттік тілді білсем, үйренсем деген тіл үйренушілердің қатары күннен күнге көбеюде. Қазіргі таңда облысымыздағы «Мемлекеттік тілді оқыту орталығында» барлығы 1380 тыңдаушы мемлекеттік тілді меңгеруде, олардың ішінде 23 ұлттың өкілдері бар. Қазіргі кезеңде мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметшілерге үйретуде көптеген кешендер мен оқулықтар шығарылуда. Бұл – қуанарлық жағдай. Бірақ, кейде ішінде мемлекеттік қызметшілерге қажетті материалдар мен тапсырмалардың өңірлік жағдайға сәйкес келемей жататын тұстары көңілге қаяу ұялатады …
– Қазіргі таңда мемлекеттік тілді оқытуда қандай оқу құралдарына сүйенесіздер?
– Қазірде Ж.Қараевтың, Ә.Жүнісбековтің, Н.Оралбаеваның, Қ.Жақсылықованың, Ф.Оразбаеваның, Қ.Қадашеваның және т.б. ғалымдардың оқыту әдістемелері кеңінен қолданысқа енгізілген. Біздің орталықтың оқытушылары атал- ған ғалымдардың оқыту әдістемелерімен тығыз жұмыс жасайды.
– «Тілдің бояуы бозарып, қыры сынбауы керек», – дейді Ғабит Мүсірепов. Қазақ тілі жөнінде қоғамда аз пікір айтылып жүрген жоқ. Сіздіңше, тілдің бояуын бозартпай, қырын сындырмаудың басты тетігі не деп ойлайсыз?
– Меніңше, басты тетік – тілді шұбарламау. Тіл – халықтың ары, ожданы. Абай атамыздың өзі «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол ақынның білімсіз бейшарасы» деген.
– Ғабит Мүсірепов тағы бір сөзінде: «Біздегі ең үлкен трагедия – басшыларымыз әдебиетімізді ана тілінде оқи алмайды. Орысша оқиды, орысшасы арқылы бағалайды»- дейді. Қалай ойлайсыз, оқытудан бұрын мемлекеттік қызметкерлерге қазақша ойлауды үйрету маңызды емес пе?
– Бұл – қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі деп есептеймін. Сөзіңізге келісемін, көпке топырақ шашпай-ақ қояйын, бірақ көптеген басшылар әдебиетті қазақ тілінде оқудан бұрын, жиналыстардың өзінде орыс тілінде баяндама әзірлеп, сол тілде оқып беретінін күнделікті өмірде көріп жүрміз. Жүрегі қазақ деп соғатын әрбір азамат өзінің әдебиетін, мәдениетін, салт-дәстүрі мен тарихын білуі керек. Қазіргі қоғамдағы дерт – ауызекі сөйлеу тілінде дұрыс сөйлей алмау, сөйлеу интонациясын бұзу, баламасы бола тұра сөйлеуде әдейі өзге тілдің бірліктерін жамау, төл атауларға орыс тілінің жалғауларын қосу, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібін бұзу. Халық тілінің тазалығын сақтау – әрқайсымыздың парызымыз. Сондықтан, қазіргі кездегі басты талап – сөйлеу тілінің дұрыстығы мен тілдің қалыптасқан жүйесін сақтау деп ойлаймын.
– Сұхбатыңызға рахмет. Жұмысыңызға шығармашылық табыстар тілейміз.
Сұхбаттасқан Нұрсұлу ҚАРЖАУБАЙҚЫЗЫ
«Ел» газеті











Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.