Бүгінгі таңда қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде игеру мәселесі – әдіскер-тілші ғалымдардың еншісіндегі маңызды проблемалардың бірі. Осыған байланысты қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне оқытуға деген сұраныс күннен күнге өсуде.
Болашақ техника саласындағы инженер мамандар халықпен тікелей қарым-қатынас жасайтын мамандар ретінде оларға күнделікті сөйлеу, қарым-қатынас жасау тілін үйрету – ең негізгі мақсат болып табылады.
Кез-келген тілдің сөйлеуінің төрт жағы бар: ол – сөйлесу (әңгімелесу), жазу, оқу, бұрын таныс емес сөздерді түсініп алу, аудару. Сөйлеудің осы төрт жағы арнайы бір грамматикалық көрсеткішпен сабақ үстінде іске асады және сабақ үстінде осылар бірінен кейін бірі жүргізіліп отырады.
Тіл дамыту жұмыстарын дұрыс ұйымдастыру – студенттердің ойлау қабілеті мен сауаттылығын арттырудың негізгі жолы. Орыс аудиториясында қазақ тілі пәніне тән ең басты нысана – тіл дамыту жұмысы. Оны қандай жолдармен тиімді жүргізуге болады? Міне осыған тоқталайық.
Оқытушы сабақты есіктен кіре сала қазақша сөйлеуден бастайды.
Бұл ұйымдастыру кезеңі сабақтың негізгі арқауы болып табылады.Өйткені қазір ғана басқа сабақта болып, ойы соған жинақталып тұрған баланы бірден қазақша сөйлете қою қиын. Сондықтан сабақты бастамас бұрын студентті және оның ойын, назарын сабаққа басқа әдіспен аударғанымыз дұрыс.
Сабақты қызықты, тартымды өткізе білу оқытушыдан көп ізденуді, білімділікті, қабілеттілікті, тапқырлықты қажет етеді. Осы мақсатта оқытушы ойын элементтерін қолданады. Басты назар аударатынымыз студенттердің оқу, сөйлеу, жазу жұмыстарына мұқият көңіл бөлу.
Оқыту. Сөзді, сөйлемді, сөз тіркестерін дұрыс оқыта білу – қазақ тілін меңгертуге көп септігін тигізеді. Мәтінді оқыту кезеңінде көптеген факторларды ескеру қажет.
- Қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға қалыптастыру;
- Сөйлемді дұрыс құрастыра білуге жаттықтыру;
- Байланыстырып сөйлеуді үйрету;
- Еркін оқуға үйрену;
Оқытудың мақсаты – студенттердің сөздік қорын байыту, ойлау қабілетін дамыту, сөйлеуге үйрету. Оқыту әдістерінің түрлері:
а) мәнерлеп оқу; ә) қайталап оқу.
Сөйлеу. Сөйлеу әдісі еркін сөйлеуге, сөздікпен жұмыс жасауға, ойды қазақ тілінде жеткізуге үйретеді. Сабақта сөйлеудің мынадай түрлері қолданылады: сұраққа жауап ситуация арқылы сөйлеу, баяндау тәсілі арқылы сөйлеу, өз ойын айту, пікір алмасу.
Қазақ тілінде дұрыс сөйлеуге үйретудің басты шарты – үндестік заңын меңгерту болып табылады. Дыбыстардың өзара тіркесу заңдылықтарын, сөздердің байланысу жолдарын білмей тұрып, сөйлем құрату мүмкін емес.
Орыс тілді топтардың студенттеріне қазақ тілін меңгерту үшін мынадай жұмыстарды ұйымдастыру тиімді болады.
- Фонетика, лексика, синтаксис мәселелерін салыстыра отырып, ережелерді меңгерту.
- Сұрақ-жауап әдісін қолдана отырып, қазақша сөйлеу дағдыларын қалыптастыру.
- Мәтінмен жұмыс. Мәтін бойынша жұмысты түрлі жолмен өткізуге болады: мәнерлеп оқыту, жаңа сөздерді аудару, сұрақтар қою, оған жауап алу, мәтінге тақырып қою, жоспар құрғызу, мәтін мазмұнын әңгімелеу.
- Жатығу жұмыстары. Жаттығу – грамматиканың теориялық курсы бойынша білімді бекіту мақсатындағы студенттің белгілі бір оқу тапсырмасымен орындау.
Аудиторияда орындалатын жаттығулар алуан түрлі болып келеді. Әсіресе, түсірілген сөздерді табу, сөйлемдерді өзгерту, сөйлемді аяқтау, сөйлемді кеңейту, көп нүктенің орнына қажетті сөздерді қою, сөйлемді толықтыру т.б. жаттығу жұмыстарын жүргізу арқылы студенттердің қазақша сөйлеу қабілеттерін дамытуға болады.
Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілін дамыту арқылы мемлекетімізді дамыта аламыз, себебі, мемлекеттік тіл тек қазақ емес, осы мемлекеттің азаматы атанған барша халқына бірдей қажетті. Тілдің қолданыс аясын дамыту, тіл мәртебесін көтеру, баршамыздың міндетіміз.
С.С.Айтжанова
Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ
Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясының өзекті мәселелері.







Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.