АСТАНА, 21 қараша. BAQ.KZ – Мемлекеттік тілді дамыту институтының бастамасымен Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру–әдістемелік орталығы инновациялық технологияларды пайдалана отырып, жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында халық ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлерді біріздендіру шараларын ұйымдастыруға арналған «Бесігіңді түзе» жобасы аясында дөңгелек үстел өткізеді.
«Біздің ойымызша, ертегінің кейіпкері мультфильмде де, ертегі кітаптарда да, ойыншық-фигураларда да, оқулықтарда да бір кейіпте, бір образда болуы тиіс. Яғни, ең алдымен әр кейіпкердің портреті жасалуы керек. Оларды оқулық, жинақ, мультфильм түрінде шығаратын шығармашылық топтар осы образдан ауытқымауы керек. Сонда қазақ баласы өз кейіпкерлерін қайда көрсе де жазбай танитын болады», – дейді ұйымдастырушылар.
Дөңгелек үстелдегі әңгіме осы төңіректе өрбітіледі.
Сондай-ақ шара аясында, Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігі Тіл комитетінің мемлекеттік тапсырысы бойынша балаларға арнап шығарған «Экологиялық әліппе» және «Балаларға арналған ертегілердің аудиожинағы» атты кітаптары Астана қаласының балабақшаларына тегін таратылатын болады.
Ісшара 2013 жылдың 28 қарашада сағат 10:00-де «Іскер» бизнес орталығында өтеді.
21.11.2013 BAQ.kz







Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.