Мен – қазақпын мың өліп, мын тірілген. Жөргегімде таныстым мұң тілімен. Жылағанда жүрегім, күн тұтылып, Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
Мен – қазақпын, ажалсыз анамын мен, Құрсағыма сыйдырам даланы мен. Пәк сәбимін бесікте уілдеген, Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен.
Мен – жігітпін, айқасқа, сынға асықпын Жүрегі бар кеудемде шын ғашықтың. Жанартаудай жойқынмын жұлқынғанда, Шарықтасам, қыран боп шыңға шықтым.
Мен – қара көз сұлумын, сайтан қызбын Сайрай қалсам, тілімнен бал тамғыздым. Сүйер болсам, өмірдей өле сүйдім, Қас батырмен қайрасқам балтам жүзін.
Осындай боп, білмеймін, кімнен тудым. Бәлки қайсақ, бәлки бір гуннен тудым. Деп шатыпты біреулер «күннен тудым». Жоқ, сірә, мен қара құл, күңнен тудым.
Руым көп солардың аттарындай, Мінезім бар таулардың қатпарындай. Ән-жырым бар бабалар хаттарындай, Әжімім бар бейнеттің таптарындай.
Қаза тапқан солдаттай ізгі өлімнен, Қалалар да өтіпті түз белінен. Қаңқалары табылып жатыр қазір Соғыстар мен жорықтар іздерінен.
О, замандас, соларға бір қараңыз; Әр кірпіші, әр тасы бір қора аңыз. Өлгендерді тірілтіп, өмірлі етіп, Өшкендерді табатын бір ғана біз.
Мирасы ма, мұра ма, аз ба со да? Алынбайды алтындай қазбаса о да. Тереңім көп, тұңғиық тарихым кеп, Жылдар көші том-томдап жазбаса да. Толығырақ