Соңғы жазбалар
  • Түркияда Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы өтуде
  • Қостанай қаласында семинар-тренинг өтті
  • Журналистер марапатқа ие болды
  • «Тіл мерейі» байқауы семинар түрінде өтеді
  • Үш тұғырлы тіл туралы
«Фольклор кейіпкерлерінің бейнесін біріздендіру» байқауы
Бейнехабар
Үздік оқытушы

«Тіл тазалығы туралы» Заң керек

 Еліміз тәуелсіздік алғанымен, тіліміз толық тәуелсіздік алған жоқ, әлі күнге орыс тіліне «тәуелді» аударма тіл болып тұр. Қазақ тіліне орыс тілінен құрылымдық интервенция күшейіп  барады.

Орысшаға байланып қалған аударма – қазақ тілін бұзып жатыр.
Мысалы,  – «ҚҰРМЕТТІ СЕМИНАРҒА ҚАТЫСУШЫ  ХАНЫМДАР МЕН МЫРЗАЛАР» деген сөйлемді күнде естіп жүрміз, сонда «құрметтіміз» семинар ма, әлде ханымдар мен мырзалар ма? Қазағымыздың бұлай сөйлеп кетуінің себебі орысшада «уважаемые» деген сөз сөйлемнің басында тұр.

Арнаулы аударманың негізгі қызметі – түпнұсқада айтылған мәліметті, ақпаратты екінші тіл арқылы қабылдаушыға нақты, сәйкес түрінде жеткізу.

Өзге тілдерден аударылған материалдарды оқу барысында қабылдаушыға тілдік-стильдік кедергілер болмау керек, демек қабылдаушының ұлттық ерекшеліктері ескерілуге тиіс.

Көптеген оқытушылар соңғы жылдары шыққан жаңа сөздіктерді оқымайды, оқу құралдарын өздерінің  бұрынғы «сөздік қорымен» аударып жаза береді.

Орыс тілінен қазақ тіліне аударма жасап жүргендердің көбі «аудармашының міндеті – аудара салу емес, қазақша сөйлету» деген қарапайым қағиданы біле бермейді.

Кезінде Шарль Нодье, «Он аудармашының тоғызы аударылатын тілдерді жете білмейді» – деген екен.

Орысша күрделі сөйлемдерді аудару түгілі қарапайым хабарландырулар дұрыс аударылмайды. Мысалы,

  1. «Құрметті жолаушылар, вокзалда темекі шегуге тыйым салынады» деп хабарлайды. Ол тыйым қашан «салынады»? Бұрын салынып қойған ғой. «Шылым шегуге болмайды» деп, немесе «Темекі тартуға болмайды» деп айтуға болмай ма?
  2. «Арнайы белгіленген жерлерде темекі шегуіңізді сұраймыз» – дейді. Бұл сөйлем  темекіні жарнамалағанға ұқсап тұр.
  3. «… аз танитын азаматтарға жүктеріңізді қалдырмаңыздар» – дейді, сонда «мүлдем танымайтын адамдарға» қалдыруға болады екен ғой.
  4. 24 kz телеарнасының «ЖАҢАЛЫҚ» хабарын тарататын тележурналист қыз: – «РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТЕРРОРҒА ҚАРСЫ КЕҢЕС ӨТТІ» – деді, осы мәтін орысшадан қате аударылғандықтан «Республикалық кеңес»  «Республикалық террор» болып кетті.

Кейбір жарнамалардың қазақ тіліндегі нұсқасын түсіну қиын. Орыстың слоган сөйлемін «калькалап», сөзбе-сөз аударатындықтан, ана тілімізді азапқа салып, қазақ тілін мазаққа айналдырып жүрміз.

Мысалы, бір жерде «Платное проктологическое отделение» деген мәтінді «Ақылы тікішек аурулар бөлімшесі» – деп аударыпты. Сонда, «тікішегіміз ақылы» болғаны ма? Көп жағдайда осындай инверсиялық қателерді көрмейтін болып кеттік. Дұрысы: «Тікішек ауруларын ақылы емдейтін бөлімше» деуіміз керек қой.

Аударма тілге айналған қазақшамызға орыс тілі кесірін барынша тигізіп тұр. Оған бүгінгі күні орыс кінәлі емес. Орыс тілінің иірімін, астарын түсінбейтін, қазақшасы қалт-құлт еткен өзіміздің аудармашы қазақ кінәлі.

Жастарымыздың, тіпті кейбір журналистеріміздің «тәлпіш бала» сияқты сөйлеуі – ұлтымызда «SMS-сана», «интернет-интеллект» қалыптасып бара жатқанын көрсетеді. Қазақ мектебін «Алтын белгіге» бітірді деген ұл-қыздарымыздың көбісі өзінің ойын жүйелі сөйлем құрастырып жеткізе алмай, тұтығып «яғни, яғни», «сосын, жәнегі» деп сөйлейтіні неліктен? Себебі, тестімен оқығандықтан. Сақау сөйлемдерден тұратын тест арқылы оқушының тіл байлығын дамыту мүмкін емес.

Екі сөздің басын қосу үшін арасына «жаңағы, сол жаңағы», «яғни, сол яғни», «несін, нетіп неткенде» деп паразит сөз қыстырып сөйлеу қазақи тілдік нормаға айналып барады.

Қазақ тілінде көрсетілетін толып жатқан телевизиялық ТОКШОУЛАРДА айтар ойын, пікірін қазақша жатық жеткізе алмайтындарды сөйлетпеу керек, «тек орысша айтамын» дейтіндерді мүлдем жолатпау керек. Солардың көбі «лауазымды тұлғалалар», «танымал адамдар», «жұлдыздар» сондықтан да бүкіл қазақтың «құлағын үйретіп» эфир арқылы «МАЗАҚТІЛ» вирусын тез жұқтырады. Бұны медицинада «жасырын инфекция» деп атайды.

Біз отаршыл тілдердің үстемдігіне төтеп беру үшін тілімізді интернет жүйесіне қосуымыз керек. Қазіргі әлеуметтік желілерде қазақ тілінің жазылым, оқылым, айтылым ережелеріне «ұсқынсыз жаңалықтар» еніп барады. Мысалы, «деватрқ қо», «келатрқ қо», «менғо», «сенғо», «айтшиш», «келшиш»  «нестеватсн»?  «өзін каксын»? «жазып журккой» деген сияқты  жаргонизмдер. 

Ұялы телефонға кінә тағып, орыс әрпімен жаза беру – қазақ тіліне жасалып жатқан қиянат.

Тележурналистеріміздің өзі ұлы Абайдың жазғанын бұзып айтатынын қайтерсіз. Мысалы,  бір тележүргізуші «Күшік  асырап  ит еттім, Ол балағымды қанатты». – деді. 

Бір тележурналист «аурудың сүйек миын ауыстыру отасы жасалды» деді.  Не бары алты сөзден құралған осы қысқа сөйлемде қаншама қате кеткен. Біріншіден – «ауру» деген «болезнь», «науқас» – больной человек. Екінші қате – сүйекте ми жоқ. Үшінші қате – «отап тастау, отау» ампутация сөзінің баламасы, оташы – ампутатор. «Спиной мозг» дегенді  «арқа миы» деп аударғандарға, «жұлын» сөзін білмейтіндерге не дейміз.

М. Н. Чернявскийдің деректеріне қарағанда французша медициналық сөздіктегі терминдер саны 200 000, ал неміс тіліндегі медициналық сөздікте 250 000-ға жуық жетекші термин бар екен. Олар өздерінің терминдерін жүйелеп алған, ал біз әлі күнге дейін  «ағза»  – «орган», «мүше» – «член» екенін ажыратпай түсінігімізді шатастырып жүрміз. «Организм» сөзін қазақшалаймыз деп «ағзаны» әкеліп тели салдық. «-изм», «-логия» деген қосымшамен жасалған терминдер әзірше сол күйінде қалуы керек.

Бөлек жазылатын немесе біріктіріліп жазылатын сөздердің қатесі де жетіп артылады. Мысалы, орфографиялық сөздікте,  «Ісқағаз», «ісқағаз жүргізу», «ісқағаз стилі» деп бірге жазылатыны берілген, ал көбіміз әлі күнге дейін «іс қағаздары» деп бөлек жазып жүрміз. Бірақ сол орфографиялық сөздіктің өзіндегі ала-құлалықты түсіндіру қиын. Мысалы, «қара шай» бөлек жазылған, ал «көкшай» неге бірге жазылған? «Аяқкиім» сол сөздікте бірге жазылғанымен барлық жерде бөлек жазылып жүр. Мысалы, «…екі  сиырқора  салды» дегендегі сиырқораны бөлек жазып  «…екі  сиыр  қора  салды» десек не болмақ?

Заң терминдерінің сөздіктерінде де ала-құлалық бар. Бір сөздікте «судимость» – «соттылық» деп жазылған, ал Мемтерминком 2002 жылы бұл сөзді «сотталғандық» деп бекіткентін. «Күдікті» мен «сезіктіні» де түсіне алмай жүрміз.

Соңғы шыққан 30 томдық сөздіктің 14-томы медицина терминдеріне арналған. Медицина терминдерінің «әттеген-айлары» мен «ұят-айлары» бөлек әңгіме.

Қазақша жүз қате жазу көрсе де жөндемейтін, үндемейтін, күліп жүре беретін, ал, орысша бір қате көрсе жапанға жар салып, бүкіл әлем тілдерінің намысын қорғап шыға келетін кей Қазағымызға не деуге болады? Орысша қате жазатын қазақ айыпты емес, қазақшаның қатесін көрмейтін қазақ қауіпті.

Осы айтылған тілдік мәселелерге Кім кінәлі? Не істеу керек? деген сұраққа жауап беру үшін арнайы зерттеулер керек шығар.

Ұсыныстар

  • Аудармашылар дайындайтын институт ашу керек.
  • Бүкіл әлем тілдерін қазақ тіліне аудара алатындай дәрежеге жеткізу керек және олар орыс тілі арқылы емес, қазақ тілі арқылы оқытылуы керек.
  • Ілеспе аудармаға таланты бар адамдарды іріктеп дайындау керек.
  • Рецензия берушілерге қойылатын талапты күшейту керек.
  • Қазақ мектептерінде көркем сөйлеу пәнін енгізу керек
  • «Тіл тазалығы туралы» Заң керек. Қате жазғандарға айыппұл салатын құзырлы орган керек.
  • Терминжасаммен айналысатын ғалымдарға қойылатын талап болу керек. Критерийлер жасау қажет және оған Қазақ тілін еркін меңгерген ғалымдарды ғана  жұмылдыру керек.
  • Көптеген терминдер латын тілінен алынғандықтан, сол атаулардың этимологиясын талдап, түсіндіре алатын қабілеті бар мамандар болғаны жөн.
  • А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты қазақ тілі орфографиясының, қазақша сөйлем құрастырудың, қысқартылатын атаулардың аббревиатурасын жасаудың заңды ережелерін жасап беруі керек.
  • Әр саланың өзіне тән терминдері, сөз тіркестері бір жүйеге келтіріліп, мемлекеттік терминкомда бекітілгеннен кейін ғана баспаға ұсынылу керек.
  • Мыңдаған көрермен-тыңдарманның құлағына құйылып, санасына сіңіріліп бара жатқан «тілдік вирусты» одан әрі жұқтыра бермеу үшін қазақша жөндеп сөйлей алмайтындарды эфирден сөйлетпеген жөн.
  • Қазақ тілінде оқулық, оқу құралдарын жазатын авторларды ғылыми атақ, лауазымына қарап емес, тілдік талантына қарап іріктеу керек.

         «Қазақ тілі – ғажап тіл. Тек оны насихаттай білуіміз керек, оқыта білуіміз керек. Ғажап тілді азап тіл сияқты етіп көрсететін оқулықтардан құтылуымыз керек».      (Нұрсұлтан Назарбаев)

Мұхамбедия АХМЕТ-ТӨРЕ,

Астана медицина  университеті

Нутрициология кафедрасының профессоры

 
(Жалпы 234 рет, ал бүгін 1 рет қаралды)

Пікір жазу

Әлеуметтік желідегі профиль арқылы: 
Жаңа өнімдер
(нормативтік-құқықтық актілер жинағы)
Мекемтас Мырзахметұлы
Терминология-лық анықтамалық
Терминдер мен ұғымдар
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ САЯСАТЫ
(нормативтік-құқықтық актілер жинағы)
'; IR[1] = '
АБАЙТАНУ
Мекемтас Мырзахметұлы
'; IR[2] = '
ҚАЗАҚСТАН – 2050
Терминология-лық анықтамалық
'; IR[3] = '
ЭТНОСАЯСИ СӨЗДІК
Терминдер мен ұғымдар
'; objIR = document.getElementById('IRHolder'); objIR.style.height = (IR_numberOfElm * IR_heightOfElm) + 'px'; IRContent(); }
Күнтізбе
Тамыз (2026)
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
« Шлд    
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31  
Профиль
Соңғы пікірлер