Көрнекті ғалым, профессор Нұргелді Уәлиұлы – қазақтың ономастика ғылымы туралы зерттеп жүрген ғалымдарымыздың бірі. Жуырда ғана газетімізде «Атамның аты – ауылға, көкемнің аты – көшеге» атты мақала жариялаған едік. Ономастика саласы қалай жүзеге асып жатыр. Ономастикада біз білмейтін сыр бар ма? Осы төңіректе ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясының мүшесі Нұргелді Уәлиұлымен әңгімелескен едік.
– Көптеген елдімекендер кеңестік атаулардан арылып, көбісі байырғы атауын қайта жаңғыртты. Кейбір елдімекендер, тіпті тарихи атауын да өзгертіп, жаңаша аталып жатыр. Атауларды өзгертуде қандай заңдылықтарды ұстанған абзал?
–Ономастика – жер-су атаулары, адам есімдері, халық, ру-тайпа атаулары, мемлекет атаулары, әртүрлі мәдени-тарихи нысандар, яғни «тиражға» түспеген атаулардың (жалқы есімдердің) жиынтығын зерттейтін тіл ғылымдарының ерекше саласы. Мұндай атаулар тілдің басқа жүйелерінен ұлттық сипатымен, пәнаралық кешенділігімен ерекшеленіп тұрады. Ономастикалық атаулардың қызметін олардың тек адрестік функциясына байланысты деп түсінсек, оның түпкі мазмұнына, ұлттық сипатына, қалыптасу тарихына бойламағанымыз болып саналар еді. Өйткені ономастика – халықтың жады, тарихы, білімі мен танымы. Жұртшылыққа мәлім, отаршылдық кезде ұлттық ономастика жүйесінде көптеген жер-су атаулары өзгеріп кетті. Оның себебі де белгілі. Әдетте отарлаушылар халықтың жадын, тарихын ұмыттыру үшін дәстүрлі атауларды өзгертеді. Олар, әсіресе, жер-су аттарын өзгертуге тырысатыны бесенеден белгілі. Сондай-ақ кейбір тарихи тұлғалардың есімін халықтың жадынан шеттетеді. Қазіргі кезде еліміз тәуелсіздік алғаннан бері ұлттық ономастика саласында қыруар жұмыс атқарылды. Еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігіне байланысты отаршылдық топонимдер өзгертіліп, халықтық атаулар қалпына келтірілді. Сондай-ақ коммунистік идеологияға байланысты тоталитарлық атаулар да ұлттық ономастика жүйесінен аластатылды. Әрине, әлі де болса кездесетін кедергілер жоқ емес. Практикалық ономастика алдымен ғылыми негізге сүйенеді.Сондықтан ұлттық ономастиканың көптеген «таңдақтарын» аршып, қалпына келтіруде ономастика ғылымының нәтижелері айтарлықтай болды.
– Байырғы атауы қайта қалпына келген ауылдарымыз бар. Бірақ әлі де кеңестік есімдерден арыла алмай отырған елдімекендер жетерлік. Бұл ауылдарға неге кезек келмей отыр?
– Елдімекендердің атын ауыстырғанда, кімнің атын қоямыз? Бұл ретте «осы жердің адамы еді» деген өзімшілдік ұстаным мықты тірек болмайды. Бұл жағдайда Мемлекеттік Ономастика комиссиясы бұндай ұсыныстарды қолдамай, қайта қарауға жіберіп жатады. Жергілікті жерлердегі тіл басқармасы өкілдерімен байланыса отырып жұмыс істесек, жақсы нәтиже болар деп ойлаймын. Халықтың келісімінсіз бет-алды өзгертіп жіберуге тағы болмайды. Ел ішінде сол аймақта еңбек сіңірген елеулі тұлғалар бар. Бірақ олардың бәріне бірдей мектептің, мәдени нысандардың атын «үлестіре» беру тиімді болмас. Ондай құрметті тұлғаларды үлгі етудің мақтан тұтып, есте сақтауды бұқаралық ақпарат құралдарында материалдар жариялау, олар жайында кітап шығару, тағылымдық мәні бар басқосулар өткізу, бейнероликтер жасау, т.б жолдары аз емес.
Алайда тәуелсіздік алғалы бері еліміздің ономастикалық жүйесінде тағы бір түйткілді жайт байқала бастады. Еліміздің ономастикалық кеңістігінде, Астана, әсіресе Алматы сияқты шаһарстанда (мегаполистте) космополиттік өнімдер көбейіп кетті. Мәдени нысандар саласында алабажақ шетелдік атаулар жиілей түсті. Бұлар – шет елге көзсіз табынушылықтың қоғамдық санадағы көрінісі мен салдары. Әрине, бұл жақсы үрдіс емес. Мұны да реттеп, бір ізге салу аса қажет.
– Қазіргі қазақ ономастика ғылымы қандай деңгейде? Өзіңіз мәселе етіп көтеріп жүрген тілдік, мәдени, тарихи кодтарды ашудың қандай жолдары бар, соған нақты мысалдармен тоқталсаңыз.
– Қазіргі кезде ономастика ғылымы тәжірибенің алдында жүруі керек. Әсіресе, жаһаният заманында тәжірибе ғылымнан қол үзсе, кейде қателесіп, бұра тартып кетуі мүмкін. Ендігі жерде ономастика ғылымы атаулардың тек тілдік мағынасын ашумен, яғни тілдік кодпен (кілтпен) шектеліп қалуына мүлде болмайды. Өйткені ономастикалық атаудың мазмұнында: 1) тілдік, 2) мәдени, 3) тарихи кодтар туралы сан алуан ақпараттар болады. Бұлар халықтың өмір тәжірибесінен жинақтаған дәстүрлі білімдері болып саналады. Дәстүрлі білім деп отырғанымыз жоғары мектептегі, үйрететін білімдер емес. Қазақ ономастикасын зерттеуде атаудың тілдік кілті (коды) едәуір жақсы ашылды. Бұл – үлкен жетістік. Алайда атаудағы мәдени, тарихи, тағы да алуан түрлі ақпараттар жүйесін ашу өз кезегін күтіп тұр.
Халық тіліндегі ономастикалық атаулардың бір саласы нәбаттар дүниесімен де (өсімдіктер әлемімен де) байланысты. Мысалы, бір атауды алайық. Көкпекті – өсімдіктің атауы. Көкпек көп өсетін болған соң, ол жер «Көкпекті» деп аталып кеткен. Біздің танымымыз тек тілдік біліммен, осымен ғана шектеліп қалса, халықтың оны не себепті «Көкпекті» деп атағанын әлі де терең танымағанымызды көрсетеді. Сонымен, «неге Көкпекті аталған?» «Көкпектінің «ар жағында» не тұр?» Бұл өсімдіктің атауы екен, «жарайды» делік. Оқушы кезімізден Асанқайғының: «Көкектен басқа құсы жоқ, көкпектен басқа жері жоқ» деген өрнекті сөзін естіген едік. Тілдік кодты аша аламыз. Бірақ тілдік кодпен шектелу жеткілікті ме? Көкпектінің ар жағында мәдени кодтар (ақпараттар) жатыр емес пе? Міне, қараңыз. Көкпек деген – өсімдік. Аласалау ғана өседі, аса биік болмайды. Ал тамыры жұп-жуан, таралып өседі. Жергілікті қазақтар кезінде көкпекті қазып, тамырын отынға пайдаланған. Бұл – мәдени код. Көкпек өсетін жақта тал-ағашқа тимеген. Ауылдың қадірлі қариялары тал-теректі берекесіз пайдалануға рұқсат етпеген. Бұл, бір жағынан, экологиялық танымды білдіреді. Көкпек өсімтал, ал ағаштың өсіп-жетілуі үшін ондаған жылдар керек. Сондықтан ағашты отын ретінде оңды-солды бұтауға, ысырапқа жол бермеген. Сонымен қатар, көкпекке байланысты тарихи да ақпараттар (кодтар) бар. Отарлаушылық кезеңде қазақ жеріне келген казактар әскери бекіністерін сала бастады. Олар жергілікті тұрғындарды жалдап, көкпекті қаздыртып, отынға пайдаланған.
Тағы бір айта кететін жайт, қазақ сахарасында ойлы-қырлы, саз-балшықты, сорлы-сортаңды жерлер де кездесіп отырады. Жер танымаған жолаушының көлігі сорлы-сортаңға ұрынып, жол азабын шегеді. Қазақ жерін аралауға келген саяхатшыларға жергілікті тұрғындар жол ыңғайын көрсетіп, сор-сортаңға ұрынбас үшін көкпекті жерлермен алып жүрген. Өйткені көкпекті жер қатқыл, көліктің жүруіне қолайлы болған.
Көкпекті туралы айтқанда, атаудағы осындай мәдени-тарихи ақпараттардың да мәнін ашқанымыз жөн. Қайталап айтсақ, Көкпекті атауы өсімдікпен байланысты. Бұл – тілдік код, ал оның аржағындағы мазмұнында, жоғарыда айтқанымыздай, тарихи-мәдени ақпараттар мәдени кодқа салынған. Ендігі жерде ономастар тек тілдік мағынамен (тілдік кодпен) ғана шектелмей, олардағы халықтың өмір тәжірибесінен түйген дәстүрлі білімдерін айқындау ғылымның алдында тұрған аса зор міндет.
Ономастика ғылымы жаңа деңгейге көтерілуі керек.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын Қызылағашта су тасқыны болғанын білесіз. Сол кездері басылым беттерінде Қызылағаштың атауына байланысты да мәселелер қозғалған еді. «Қызылағаш» деген атауының өзі дұрыс емес, қызылдардан қалған белгі, бұл қызыл қырғынды білдіреді» деген сияқты сөздер де болды. Елдің атауы оның тұрмысына да әсер ете ме?
– Жер-су атауларында ақ, қара, сары, қызыл, көк сөздерімен келетін жер-су атаулары қазақ жерінде аз кездеспейді. Мысалы, Сарыағаш, Ақсу, Сарысу, Қызылкөл, Қарасу, Көксу т.б. атаулар толып жатыр. Бұлар түр-түс атауларын білдірмейді, мысалы, Ақсу – ағыны қатты су, мұндай суды тентек деп те атайды. Көксу – «суы ең тұщы өзен суы, тау суы». Қарасу – «жер астынан шығып жатқан су, ағысы білінбейтін, баяу ағатын су» деген мәнді білдіреді. Ал Қызылағаш деген елдімекеннің атауын идеологиямен байланыстырып «қызылдардан» қалған, «қызыл қырғынды» білдіреді деу жаңсақтық. Сол сияқты Қызылкөл атауын жердің табиғи ерекшеліктеріне байланысты деуге болады. Тілімізде ағаштың Қараағаш, Сарыағаш, Қаратал, Қызылағаш тәрізді небір атаулардағы қара, сары, қызыл тәрізді ахроматизмдер жер-су аттарының жасалуына негіз болған. Осы атаулардағы ф и т о н и м д і к а қ п а р а т т а р д ы а ш у, оның мазмұнында қандай халықтық білім жатқанын айқындау қажет. Мысалы, қараағаш шөлге төзімді, жер талғамайтын болса, Сарыағаш, Қаратал, Қызылағаш өзен, сулардың бойын қуалап жиі өседі. Шұбарағаш, Шұбарқұдық деген атауларда халықтың таным-біліміне байланысты фитонимдік ақпараттар кодқа салынған.
Шұбарағаш деп тал, терек, жиде, қараағаш аралас, сай-саланы қуалап өсетін түрлі ағаш, бұтасындардың мекенін айтады. Әртүрлі ағаш-бұтасындардың «ордасы». Шұбар дейтініміз сондықтан. Мұндай жер малға өте жайлы, қыста ықтасын. Онда өсетін түрлі өсімдіктер малға азық. Болмаса, Шұбарқұдық дейді. Көпшілік оны түсінбейді. «Құдық шұбар бола ма?» деп ойлауы мүмкін. Шұбарқұдық – маңайының бәрі жаңағыдай түрлі ағаштар мен бұтасындар жиі, қалың өсетін жер. Қарағандыны білмейтін қазақ жоқ. Қараған қалың өсетін жер болғандықтан осылай аталған. Бұл – тілдік код. Оны атаудан да байқауға болады. Аңдап қарасақ, Қарағанның ар жағында бір мән бар екен. Шаруашылық адамдарымен сөйлесіп көрдім. Олар қараған өсетін жерге бидай бітік өсетінін айтады. Бұл – шаруа адамдарының өмір тәжірибесінен алынған дәстүрлі білім. Мұндай ақпараттарды біз мәдени кодқа жатқызамыз.
– Біз білмейтін атаулар қаншама?! Солардың бірнешеуіне тоқталып өтсеңіз…
– Мәселен, қазақ жерінде (Семей жағында болуы керек) Кеңтарлау деген елдімекен атауы бар. Нағыз халықтық атау. Алайда қазіргі тіл иелмендері (носители языка) атаудың мағынасын түсіне қоймайды, өйткені бұл атаудың тілдік коды да, мәдени коды да «жабық». Алдымен тілдік кодты ашып, онда қандай ақпараттар салынғанын байқастайық. Тарлау деп әртүрлі шөп аралас өскен шалғынды жерді айтқан. Бұл – тілдік код. Енді кодқа салынған мәдени ақпараттарды ашып көрейік. Тарлауды, әсіресе, жылқы түлегі сүйсініп жейді, тарлауға жайылған малдың еті аса дәмді болады. Халықтың қара өле- ңінде:
– Дүниеде не тәтті, тарлау тәтті,
Тарлау жеген жылқының еті тәтті.
Жылатып қыз баланы малға сатқан,
Ата менен ананың діні қатты, – дейді.
Кейбір деректерде тарлау деп бір ғана өсімдіктің атауын, кей ретте әртүрлі ащылы-тұщылы шалғынды қыр, оты бар жерді айтады.
Осылайша нағыз халықтық атаулардың мазмұнында шаруа баққан жандардың өмір тәжірибесінен жинақтаған таным-білімдері жатады. Сондықтан ономастикалық атауларда олардың түр-түрін ашып көрсету бүгінгі таңда аса өзекті мәселеге айналып отыр.
Атауларда кодқа салынған тарихи-мәдени ақпараттарды тілдік және этномәдени тұрғыдан ашу – қазақ ономастикасындағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ономастика бөліміне жер-су атауларын өзгертуге байланысты ұсыныс-хаттар келіп жатады. Мысалы, сондай хаттың бірінде «Неге Қаскелең дейміз, ол қазақ батырымен жекпе-жекте мерт болған қалмақ баһардүрының аты емес пе?» дейді. Мұндай ұсынысқа бірден жауап бере қою оңай емес. Өйткені Қаскелең –отаршылдық, немесе тоталитарлық қысымға байланысты қойылған атау емес, ата-бабаларымыздың санасындағы дәстүрлі атауға жатады. Мұндайларды өзгерте берсек, байырғы ата-бабаларымыздың ономастикалық ойлау жүйесіне «ревизия» жасағандық болып шықпай ма? Сондықтан кодқа салынған жабық тарихи ақпараттарды тіл мамандары, тарихшы, этнолог ғалымдар бірлесе отырып кешенді түрде қарастыру арқылы ашу тиімді болмақ. Мысалы, Шыңғыс ханның әуелдегі есімі Тэмуджин екені белгілі. Тэмуджин – «темірші» деген сөз. Шыңғыс ханның әкесі Есугей баһадүр өзінің ежелгі жауы татардың басшысы Тэмуджинді өлтіреді, сол сәтте баласының өмірге келгенін естіп, атын Тэмуджин деп қояды. Ежелгі дұшпаны, қас жауының атын Есугей неге баласының атына қойып отыр? Оның себебі не? Себебін шамалап айтатын болсақ, оның негізінде қас дұшпанының «күшін», «рухын» жаңа туған баласына көшіру тәрізді ежелгі мифтік наным-сенім жатыр. Қаскелең атауында өлген қас дұшпанының рухын өлтірген батырға көшіру немесе бейтараптандыру тәрізді наным-сенім жатқан жоқ па? Бұл жерде ежелгі дұшпанның мерт болған жері деген тарихи жадты халықтың есінде сақтау тәрізді мән де бар сияқты. Ежелгі Орхон, түріктері өлтірген жауы қанша болса, сонша балбалтас қоятын болған. Бұндай да ежелгі наным-сенімге байланысты мән болуға тиіс. Ономастика қорындағы дәстүрлі атауларды өзгертпестен бұрын алдымен осындай жайттарды анықтап, зерттеп алу қажет.
Ономастикалық дәстүрлі атаулардағы тарихи кодты, ондағы ақпараттар жүйесін ашудың көздері әралуан. Оларды кешенді зерттеу жұмыстары арқылы қарастыру керек. Мысалы, Шыңғыстауға байланысты ел ішінде «Ол жерге Шыңғыс хан келген екен, содан Шыңғыстау аталыпты» дейтін жорамал да бар. Ал тағы бір пайымдауда «Бұл жерде Шәңгіш деген өсімдік көп өседі. Содан әуелде Шәңгіш тау аталған, кейіннен Шыңғыс тау болып дыбыстық өзгеріске ұшыраған» дейді. Бұл жорамал да негізсіз емес. Осы екі жорамалдың жобасын анықтауды тарихи тұрғыдан қарастырып, Шыңғыс ханға байланысты деректердің із сонарын айқындау арқылы дұрыстыққа көз жеткізу тиімді болмақ. Бірақ этимологиясы басқаша екен деп дәстүрлі атауларды өзгертуге болмайды.
Қазақ жеріндегі көптеген атаудың мазмұнында халықтық географияға тән ақпараттар кодқа салынған. Белгілі географ ғалым-ономаст Сламқұл Әбдірахмановтың айтуынша, Арқа жерінде Үшқағыл деген жер аты бар екен: оны Үлкен қағыл, Орта қағыл, Кіші қағыл деп атайтын көрінеді. Бұл атаудағы қағыл сөзі «жел үрлеп қаудыраған қардың түрін» білдіреді. Жел үрлеген мұндай қағылды жел жылқының, қойдың, тебіндеп, жайылуына, ал сиырдың «аршып» жайылуына қолайлы көрінеді. Міне, бұл халықтық географияға тән малшы қауымның дәстүрлі білімі, шаруа адамының ой-санасындағы өмір тәжірибесінен түйген танымы. Географ ғалыммен өзара әңгімемізде атаудағы кодқа салынған жағрафиялық ақпараттардың мазмұны осылайша ашылды.
Кейбір тарихи атаулардың тұрпаты сырт қарағанда оның мағына, мазмұны өзінен-өзі түсінікті тәрізді көрінеді. Мысалы, Жетісу – қазақ халқының дәстүрлі ежелден келе жатқан атауы. Тарихи, мәдени маңызы аса жоғары өңірдің атауы. Мұндағы су «өзен» деген мағына білдіретіні белгілі. Осындағы тілдік-тарихи кодты ашуда зерттеушілер жеті өзенді өздерінше жорамалдайды. Бұл өңірдің Жетісу аталуына негіз болған «жеті өзен» туралы әртүрлі пайымдаулар бар. Құрбанғали Халидтің айтуынша, жеті өзенге Іле, Көксу, Қаратал, Ақсу, Басқан, Сарқан, Лепсі сулары жатады, ал Аягөзді Арқаның өзені деп Жетісуға қоспайды. А.Валангали Жетісудың жеті өзеніне Аягөз, Лепсі, Ақсу, Бүйен, Қаратал, Көксу, Іле суларын, ал Жетісу өңірінің тарихи очеркін жазған академик В.В.Бартольд жеті өзенге Лепсі, Басқан, Ақсу, Бүйен, Қызылағаш, Қаратал, Көксу суларын жатқызады. Мұндай пайымдаулар, негізінен, осы жеті өзеннің Балқаш теңізіне (ғылыми географиялық көліне) құюына сүйенеді. Бірақ шынында, Балқаш теңізіне құятын өзен Лепсі, Ақсу, Қаратал, Іле, ал қалғандары тікелей Балқашқа құймайды, мысалы, Көксу – Қараталға, Басқан – Лепсіге, Бүйен – Ақсуға құятын өзендер.
В.В.Бартольд әуелде Жетісудың Лепсі, Басқын, Ақсу, Бүйен, Қызылағаш, Қаратал, Көксу алабын қамтитынын, бірақ кейіннен бұл санатқа Шу-Талас алабының кіргенін атап айтады. Диалектологтардың экспедиция материалдарындағы деректерінде Шу-Талас су алабы Жетісуға жатқызылған.
– Жеті су дегенде бұл сандық мағынаны ғана білдірмейтін болар?..
Ал біздің пайымдауымызша, жеті сөзі өзінің тура мағынасындағы сандық мәнді білдірмейді, «өзен-суы, бастау-бұлақтары көп жер» деген халықтық география танымына байланысты қойылған. Мұндағы жетіні тура мағынасында деп түсінуге болмайды. Мысалы, жерден жеті қоян тапқандай; жеті рет өлшеп, бір рет кес; алып-алты, жеп жеті болмайсың дегендегі «жеті» дәл сандық мағынада емес, «көп, бірнеше» деген мәнді білдіреді. Халықтық географияның аудандастыруындағы Жетісуға солтүстік шығыстан, яғни Алакөлдің Тастауы тұсынан оңтүстік батысқа дейін, дәлірек айтқанда, Қаратауға дейінгі қарлы, мұздақты Алатаудың шыңдары мен тау жоталары, онымен шектес жазық алқаптары, қысқасы, су аяғы жеткен жердің бәрі жатады. Алатаудың қар жатқан, мұз жатқан шыңдарынан таралған бастау-бұлақтар, өзен-сулардың мол, көп болуы Жетісу атауына негіз болған. Бұл ретте халықтың ежелгі дәстүрлі атауын қайта жаңғыртып, Алматы облысын Жетісу облысы деп атаған жөн бе деп те ойлаймыз. Әрине, бұдан Алматы шаһарстанының (мегаполисінің) ерекше мәртебесі жоғарыламаса, төмендемейтіні белгілі.
Қазақ жерінде Текелі, Қарғалы, Жыланды, т.б. жан-жануарларға байланысты аталатын жерлер де аз кездеспейді. Мысалы, Жыланды деген жердің аты – тілдік тұрғыдан ашық код. Яғни уәжі белгілі: жылан жиі кездесетіндіктен солай аталған. Сонымен қатар, бұл атаудың мазмұнында мәдени ақпараттардан тұратын жабық код бар. Айталық, тышқан көптеп кездесетін жерде жылан жүреді, өйткені жылан ін қазбайды, тышқанның інін пайдаланады және оны қорек етеді. Ал егінші шаруаның айтуынша, жылан, тышқан көп кездесетін жерде тары дақылы бітік өседі. Төле би тура әпсана-аңыздардың бір нұсқасында былай делінеді: «Бір шаруа малшылықты қойып, диқаншылықты кәсіп етуді ойлап, тары екпек болыпты. Бірақ тәжірибесі жоқ болғандықтан, тарыны қай жерге егерін білмей, жол үстінде келе жатқан Төле биден ақыл сұрайды. Сонда Төле би жан-жағын бір бағдарлап алып, тарыны сонау жерге еккенің дұрыс деп, иек астындағы бір жерді нұсқапты. Сол жылдың күзіне қарай диқан тарыдан мол өнім алған екен. Жол үстінде келе жатқан биден әлгі диқан қырманын көрсетіп: «Құдайдың күні көп пе, әлде менің тарым көп пе?» – деп сұрапты. Сонда Төле би: «Әрине, сенің тарың көп, ерінбей еңбек етсең Құдайдың берген нәсібесі таусылмайды» депті. Диқан тағы да: «Биеке, бұл жерге тарының бітік шығатынын қайдан білдің?» – дейді. Сонда би: «Әуелде жан-жағымды барлап қарап едім, тышқан мен жыланның іні көп екен, тышқан – тарының жауы, ал тышқанның жауы – жылан, тары да жауы көп жерге өседі ғой, содан білдім» дейді.
Мәдени-тілдік дүниемізде нәбаттар мен мақлұқаттар дүниесіне байланысты кодқа салынған ақпараттар аз кездеспейді. Әңгіме – олардың жүйесін тауып, мәнін аша білуде ғой.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС
АЙҚЫН










Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.