Кез келген елдің өткені мен бүгінінің сабақтастығы оның жер-су атаулары, топонимдері арқылы көрініс табады. Қазақ елінің де жер-су атаулары халықтың сан ғасырлық тарихынан сыр шертеді. Жер-су аттарында өте жиі кездесетін түр-түс атаулары барлық жағдайда бірдей қолданылмай, ол ұғымдардың әртүрлі табиғи жағдаймен сәйкестігін, географиялық ерекшелігін, бағыт-бағдарын, орын-жайын анықтауға қатысты қолданылады. Қазақ тіліндегі жер-су атауларының құрамында кездесетін түр-түс аттары көптеген жағдайда дүниенің төрт бұрышын, батысы мен шығысын, оңтүстігі мен солтүстігін, сондай-ақ белгілі бір географиялық нысанның, екінші бір нысанға қатыстығын, алыс-жақын, жоғары-төмен болып орналасуын анықтауы тек қазақ тіліне немесе тек қазақ халқына ғана тән ерекшелік деп қарауға болмайды. Бұл бүкіл түркі әлеміне ортақ көне замандардан келе жатқан космогониялық, геосимволдық дәстүр болып табылады [5 ]. Қазақ халқы сан ғасырлар бойы табиғат аясында тіршілік ете жүріп, қоршаған ортаның сан алуан құпия сырларына көңіл бөлді. Табиғи ортаға бейімделу арқылы жер бедерін, климат ерекшеліктерін, су көздерін анықтау, өсімдік жамылғысы, жайылымдардың сипаты, т.б. белгілер жер-су атауларынан көрініс табады. Бұдан басқа табиғат жағдайының қолайсыздығынан туындайтын жер бедерлік ерекшеліктер географиялық түске қатысты атауларда да байқалады.Сөйтіп жер-су атауларында кездесетін түстік белгілер нәтижесінде қазақ халқының қырағылығын байқаймыз. Өйткені кез келген аймақтағы жер – су атаулары халықтың тілдік негізінде жасалады, ұзақ тарихи лингвистикалық өзгерістерді басынан кешіреді. Көне түркі тілінің ескерткіштерінің табылуы, М. Қашқари сөздігінің сақталуы да жер-суға қатысты көне күрделі атауларды саралауға мол мүмкіндік береді. Түс атауларымен байланысты жер-су атауларының белгілі бір себеппен туындағаны анық. Көшпелі халық әрбір жердің, тау мен тастың қыр – сырын ежелден- ақ білген. Халық атап кеткен атаулардан елдің шаруашылық ерекшелігін, күнделікті тыныс тіршілігін, табиғатты пайдаланудағы қызметін де аңғаруға болады. «Ақ» компонентті жер – су атаулары қазақ топономикасында өте жиі және топоним түрлерінің (жер, су, тау, қала, мекен, дала т.б.) бәрінде де кездесе береді екен. Мысалы, Ақасық, Ақбас, Ақдым, Ақешкі, Аққұлақ. Ақмола, Ақтау, Ақтөбе, Ақалтын, Ақтоғай, Ақкөл, Ақжар, Ақтас, Ақтақ, Ақжал, Аққұм, Аққұдық т.б. «Ақ» компонентімен келген атаулардың бәрі сол атаудың ақ екендігін білдірмейді. Мысалы: Аққұм – Балқаш көліндегі түбектің, сол елді мекеннің аты. Ақ сөзі құмның түсін көрсетпейді, сипатын көрсетеді.
Этимологиясы: «сусымалы, ақпа құм» [3]. Қазақ халқының ежелгі дүниетанымында дүниені төрт бұрышты деп түсініп, әр тұсқа өзіндік таңбалық түс бергені белгілі. Сонда қара түс солтүстікті бейнелейді. Зерттеулерге сүйенсек Авестада солтүстік жақтағы қасиетті тауды Хукариа деп атайтындығы айтылады. «Хукариа» атауының иран тіліндегі бастапқы айтылу нұсқасының «Хук- Хара» болғандығын ескерсек, мұндағы хара о баста түркінің қара формасынан шыққандығын айтуға болады. Яғни «Хук-Хара» сөзі бүгінгі түркі тіліне Харатау – Қаратау деп аударылады. Бұл жердегі қара сөзі түсті емес, бастапқы деген мағынаға ие болып тұр [5]. Сонымен қатар түркі тілінің топонимикалық жүйесінде кездесетін қара су тіркесінің мағынасы түспен емес, жермен байланысты. Мысалы: Дүмқара-Балқаш жазығындағы кішігірім тау аты. «Дум» және «қара» сөздерінен құралған атау. Дум тұлғасы «тұғыр» мәнінде қолданылғаны көрінеді. Қара сөзі «шоқы» мәнінде. Қарағанды атауының мағынасы да қара түсіне емес, өсімдік атауына негізделген. Атаудың мағынасы- «қараған қалың өскен жер». Қараған- суыққа төзімді, топырақ талғамайтын жіңішке бұта. Қараған сөзіне –ды қосымшасы жалғанған атау. Қара сөзі топонимдік атаулар жасауда жиі қолданылып, кейде өзінің тура мағынасында заттың түр-түсін білдірсе, кейде үлкен, зор деген мағынаны білдіреді. Мысалы: Қарасор атауы «көлемі едәуір үлкен, суы аз, тұзды көл; батпақты, балшықты сор» деген мағынаны білдіреді [3]. Ә. Марғұлан көк түс – көкке табынудың, аспанның символы екендігін атап көрсетеді. Қазақ ұғымында көк түс- ең таза, киелі, қасиетті түс. Сондықтан да қазақ жерінде кездесетін біршама топонимдердің атаулары көк сөзімен тіркесіп келеді. Мысалы, Көкпек, Көкшетау, Көксұн, Көкдаба, Көксу, Көктал т.б. Көкдаба – Оңтүстік Алтайдағы тау аты. Ғ. Қоңқашпаевтың пікірі бойынша бұл моңғолдың « көк бел » « көк асу » деген сөзі. Моңғолша-қазақша сөздікте давал сөзі қазақша асу деп аударылған. Ал топонимнің бірінші компоненті көк сөзі – моңғол тілінде де «хох», «көк», «хок» сөздері түркі моңғол тілдерінің ортақтығын көрсетеді [6. 71.]. Қазақ тілінде де, жалпы түркі тілінде сары түс атауы сындық мағынада қолданылады. Топонимист Е. Қойшыбаев сар сөзі топонимдік атаулармен тіркескенде көбінесе айқын, кең, негізгі, басты деген мағынада жұмсалатындығын айтады. Мысалы: Сарыарқа, Сарыағаш т.б. Сарыарқа атауының мән-мағынасы жайлы А. Әбдірахманов, Н. Баянди А. Сейдімбеков пікірлері ғылыми тұрғыдан дұрыс қолдау тапты. Сарыарқа сөзімен құрамдасып келген сөздер тек түсті ғана білдірмейді, «кең», «мол», «үлкен» деген мағынада қоданылады. Сарырқа атауы «жер бетіндегі өсімдіктері күйгендіктен сарғайып жататын кең де үлкен жон, жалпақ үстірт,сансыз адырлы қырқа» ұғымын білдіреді. Мұндағы ақ және қара, қызыл, сары, қоңыр, көк түс атауларына қатысты туындаған күрделі жер – су атауларында түс ұғымдары тура және ауыс мағыналарда қолданылады. Б. Тілеубердиевтің пікірінше қара, ақ, қызыл, қоңыр, сары, құба, боз, ала т.б. түсті білдіретін сын есімдер әдетте объектілердің түсін немесе түрін білдіреді де, ал тау, тас, төбе, бұлақ, арық, биік, су, дала, жол, адыр, сор, құм, сеңгір, жон т.б атаулары географиялық объектілерді анықтауға қызмет етеді.Сонымен бірге, ғалым түр-түсті білдіретін қазақ топонимдерінің семантикасын талдау кезінде жер – су атауларының құрамындағы «түр-түс» сын есімдері тек түсті білдіріп қоймай, кейбір топонимдерде түстен бөлек мағынаны білдіретінін байқауға болатындығын айтады. Қазақ топонимикасында бұған ең бірінші рет топонимист Е. Қойшыбаев көңіл аударды [5]. Қорытындылай келгенде, осы саладағы зерттеулерді негізге ала отырып, құрамында ақ, қара, қызыл, көк, сары, боз, ала т.б. түр-түс атаулары кездесетін күрделі аталымдардың түстік мағынадан алшақтап, бағыт-бағдарды, басқа заттық түсініктердің белгісі болатынын аңғаруға болады. Яғни біз күнделікті есітіп, қолданып жүрген түс атауларымен келген есімдер олардың тек қана түр-түсіне байланысты емес, заттың көлеміне, сапасына, басқа да қасиеттеріне байланысты аталған. Сан мыңдаған тарихы бар қазақ даласының атауларының осы күнге жетуіне, олардың тектен текке аталмағаны себеп болса керек. Әрбір жердің, тау мен тастың, өзен мен көлдің,сол жерлерде мекен ететін тіршілік иелерінің аттарының сырын білу үшін, жай ғана топшылай салуға болмайды. Керісінше сол атаулардың тарихына тереңірек үңіле білу керек.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Жанұзақ Телғожа. Тарихи жер-су аттарының түптөркіні. Алматы, 2010.
2.Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі.Алматы, 2008.
3.Жартыбаев А. Қарағанды өңірі топонимдерінің мағыналық және құрылымдық сипаттары .- Қарағанды, 1988.
4,Қазақ тілінің сөздігі. Анықтамалық басылым. Алматы, 1999.
5. Лауланбекова Р. Түр-түс компонентті күрделі аталымдардың танымдық сипаты- Алматы, 2010.
6.Әбдірахманов А. Топонимика және этимология. Алматы, 1975.
7. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі 6-том. Алматы, 1982.
Түр-түс атауларынан құралған топонимдер сыры
(Жалпы 645 рет, ал бүгін 1 рет қаралды)










Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.