Соңғы жазбалар
  • Петропавл қаласында «Тіл – татулық тірегі» этнос жастарының республикалық форумы өтеді
  • Көптілділік – уақыт талабы, ел болашағы
  • Үштұғырлы тіл саясаты: келешек ұрпақ ұпайынан ұтылмасын десек
  • Үштұғырлы тіл: Қазақстанда тілдерді оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері хақында
  • Елімізде үш тілде білім беру жүйесі кезең-кезеңімен жүргізіледі
«Фольклор кейіпкерлерінің бейнесін біріздендіру» байқауы
Бейнехабар
Үздік оқытушы

Қазақ антропонимдерінің тарихи негіздері (морфологиялық құрылымы бойынша)

Көне түркі жазба ескерткіштері ескі замандардан жеткен қазақ тілі тарихының қайнар көзі болып табылады. Бұл ескерткіштерде қазіргі тілімізге қатысты көптеген элементтерді кездестіреміз. Солардың қатарында кісі есімдері де бар. Тіл табиғатына тән даму заңдылықтары нәтижесінде болған біршама өзгерістерге қарамай, қазіргі тіліміздегі есімдермен әртүрлі қырынан байланысады. Сондықтан, көне есімдер мен олардың бүгінгі тіліміздегі нұсқаларын салыстыруды қазіргі қазақ антропонимикасының алдында тұрған міндеттердің бірі ретінде тануымыз керек. Бүгінге дейін бұл бағытта зерттеулердің жүргізілгені белгілі. «Қазақ есімдерінің тарихы» атты еңбегінде ғалым Т.Жанұзақов кісі есімдерінің морфологиялық құрылымына біршама талдаулар жасаған болатын. Осы секілді зерттеу-ізденістер кейінгі ғалымдар тарапынан да жалғасын тауып жатты. «Қазақ тіліндегі көне тұлғалы антропонимдер(2001)»[2], «Етістік тұлғалы антропонимдер (түрік және қазақ тіл деректері негізінде) (2002)» [3], «ХІV-ХV ғасырлардағы қыпшақ антропонимдері (2010)» [4] т.б. секілді тақырыптар соның айғағы. Алайда, көне ескерткіштердегі кісі есімдерінің құрылымдық жүйесіне жасалған талдаулар әлі де болса, толыққанды өз мәресіне жетті деп айту қиын, әр есімнің өзіндік сырларын ашу бағытында жұмыстар жүргізілуі тиіс деп ойлаймыз.
Көне жазбалар арқылы жеткен есімдердің біраз бөлігі аффикстер арқылы жасалған. Бұдан көне түркі дәуірінде сөз қорын байыту үшін қосымшалардың рөлі күшті болғанын және осы тілдік құбылыстың кісі есімдерінің құрамынан да орын алғанын байқаймыз. Ескерткіштер тілінде жаңадан сөз тудыру тәсілдері әр түрлі. Бір ұғымды білдіретін сөз оралымдары (йір-суб `жер-су`) екі сөздің қосарлануы арқылы жасалса, енді бір тобы қосымшалар жалғануы арқылы (елчі `елші`) жасалады. Сол секілді Елтеріс, Күлтегін т.б. сияқты екі сөздің бірігуі арқылы жасалған антропонимдер де кездеседі. Сондай-ақ кейде екі сөз тіркесіп келіп, мағынасы жағынан тұтасып кетеді де, бір заттың атын білдіретін тіркесті түбір сөздерге айналады: Күл-тегін [KT.], Күлуг-тіріг [E.], Кумүл-үге [E.], Амаш-тутук т.б. сияқты адам аттарына байланысты сөздер жиі кездеседі [5, 39].
Көне түркі жазба ескерткіштері тіліндегі антропонимдердің морфологиялық құрылымын зерттеу барысында біз ол есімдердің қай сөз табынан және қандай қосымша жалғану арқылы жасалғанын, қазіргі қазақ тілінің элементтерімен салыстыра отырып анықтауға болады.
Зат есімге байланысты антропонимдер. Көне жазбалар тілінде зат есім жасайтын аффикстер өте көп. Оларды қазіргі қазақ тіліндегі нұсқаларымен салыстырғанда, айырмашылықтары да, ұқсастықтары да кездеседі. Кейбір қосымшалар еш өзгеріссіз, сол күйінде қолданылады.
Көптік жалғауының есімдер құрамындағы көрінісі мынандай тұлғаларда кездеседі, алайда әуелі олардың көне тұлғаларына тоқтала кеткен жөн. Көне түркі жазба мұраларында -lar (+lär)тұлғаларында қолданылады, яғни бұл жерден байқалатыны жуан, жіңішке түрі ғана беріліп отыр: ïšlar (ышлар), beglär (бектер). Олай болатын себебі бұл және де басқа қосымшалардың тарихын зерттеген ғалымдар -дар (-дер), -тар (-тер) нұсқаларының кейінгі орта ғасырларда пайда болғанын айтады. Бұл жалғау қазіргі қазақ тіліне де сол қалпынан ауытқымай, -лар тұлғасында жеткен. Зерттеуші А.Есенқұловтың айтуы бойынша «-лар, -лер, -дар, -дер, -тар, -тер жалғауларының қолданыс аясы тар, қазақ тілінде бұл жалғаулар 12 мағынада жұмсалса, көне жазба тілінде 2-3 мағынада ғана жұмсалады» [5, 112]. Көне түркі жазбаларының материалдарын қарастырғанда көптік жалғауының -лар тұлғасы арқылы жасалған есімдерді кездестіре алмадық, алайда ол еңбектерде сол кезеңдердегі кісі есімдерінің барлығы қамтылды деген пікір тумаса керек. Сондықтан, бұл бағытта ізденістер әлі де жүргізілуі тиіс деп ойлаймыз. -лар жалғауы қазір мынадай есімдердің құрамында қолданылады: Жандар, Елдар, Мандар, Гүлдерай, Қыздархан т.б. Аталған есімдердің барлығы түбір сөзге көптік мағына жалғау арқылы жасалған.
Көптік мәнді есімдер қазіргі қазақ тілінде де, көне жазба мұралардың материалдарында да кездеседі. Солардың қатарында -қ, -к қосымшалары да бар. Бүгінде жіктік жалғауының І жағы, әрі көптік мағынада қолданылады. Бұл қосымшалардың арғы тегі алтай дәуіріне барып тірелетін секілді,өйткені зерттеу барысындағы тілдік фактілер осы бағыттарға сілтейді. Мысалы, тұңғыс-манчжур тілдеріндегі көптік жалғау жұрнағының бір формасы -γ (ғ) арқылы да жинақтық, көптік мағынаны білдіретінесімдердің жасалатыны байқалады. Мұныжіктік жалғауына байланысты қарастырсақ, зат есімге жалғану арқылы көптік ұғымды білдіру әзірбайжан тілінде сақталған I жақтағы жіктікжалғауы көпше түрде -ыг, -ик, -үг, -үк тұлғаларында қолданылады. Мысалы, мүәллимик ‘біз мүғалімбіз’, охучjуг ‘мы читателей’. Қазақ тілінде бұл тек етістік түбірге жалғанатын -лық, -йық түрінде сақталған: тоқталық, айталық, баралық, көрелік немесе тоқтайық, айтайық, барайық, көрейік т.б. Орхон-енисей жазбаларында, түрік т.б. оңтүстік-батыс тілдерінде қалау рай тұлғаларына жалғанатын көпше I жақ қосымшалары: -й/алых, осы мағынадағы -алы тұлғасы алтай, тува тілдерінде кездеседі. Бұл қосымшалар қазіргі қазақ тіліндегі мынандай есімдердің құрамында сақталып қалған: Тыналы, Тұралы, Тоқталы, Шындалы (шындайық мағынасында), Қайралы[2, 10].
Осыған ұқсас -қ, -ық, -к аффикстері де антропонимдердің қатарынан орын алған. Батық (түбірі -бат, -ық – қосымша), Сайық есімі бар. Түбірі – сай (құрметтеу), -ық – аффикс. Қазіргі қолданыста бұл қосымша арқылы жасалған Аяндық, Қуандық, Сүйіндік, Сағындық, т.б. антропонимдері жатады. Қазақ есімдерінің құрамындағы қосымшалардың мағынасын тереңірек талдағанда олардың өзіндік ақпараттарға ие екенін көруге болады. Ол ақпараттар ұлттық таным аясындағы құндылықтармен астасып жатады. Мысалы, көптік мағына тек өмірге келген перзент үшін жалғыз ата-ана ғана емес ел-жұрт болып қуанатынын көрсетеді.
Қазақ есімдерінің құрамында тәуелдік жалғауы арқылы жалғанған біршама тұлғалар бар. Гүлім, Нұрым, Айым т.б. есімдерді сол қатарға жатқызуға болады. Көне түркі тілінде де мұндай тұлғалар кездеседі. Сондай есімдердің бірі Абаму (Абаму Бурхан) -му жалғауы. Манихей ескерткіштері арқылы жетіп отыр. Бұл сөздің түбірі Ава екені белгілі. Мұны Абақ (Абақы) этнонимімен салыстыруға болады. Ава тибет тілінде «отец’ + му қосымшасы көпше түрдегі тәуелдік жалғауы болып табылады. Бұл тұңғыс-манчжур тілдері тобына жататын удегей, ороч тілдерінде сақталған. -му/му тұлғасы қазірг дейін сол қалпындабірінші жақ, көпше түрдегі тәуелдік жалғауы ретінде қолданылады. Ал түркі тілдерінде -myz/-miz, -mys/-mis болып тұлғаланған [2, 12 б.]. Әкеміз, анамыз, ұлымыз, досымыз т.б. секілді сөздердің құрамындағы тұлғалармен салыстыру арқылы анықталады. Бірақ қазіргі қазақ есімдерінің құрамында бірінші жақ тәуелдік жалғауының көпше түрімен келетін есімдер кездесе бермейді.
-м (-ым, -им, -ум, -үм) жалғаулары тәуелдік жалғаудың І жақ тұлғасындағы жекеше түрі. Бұл жалғаулар арқылы көне түркі тілінде Жырым, Қалым, Улам (түбірі – ула (бөлу), Урум, Тенгрим (түбірі – тенгри (аспан мағынасында), -м – аффикс). Қазақ тілінде тәуелдік жалғаулары арқылы жасалған Айым, Балым, Бегімбет, Бозымбай, Досым, Қалымбек, Қырымбек, Жұртымбай, Жолымбет, Назым, Сәнім, Шалымбай, т.б. антропонимдері бар.
Тәуелдік жалғауының ІІІ жақ тұлғасындағы -ы, -сы, -ны жалғаулары да антропонимдердің қатарынан орын алады. Бұл жалғау да көне түркі ескерткіштері антропонимдерінен табылады. Мысалы: Аруны күні деген мағынада, Арты Ынал, Аланы Ичраки, Кули Чур [КЧ.], т.б. Қазақ тілінде аталған тәуелдік жалғаулары арқылы мынадай есімдер тараған: Белібай, Елібек, Жазыбай, Қаныбек, Қабыкен, Тасыбек, т.б.
Септік жалғауларының ішінде антропоним жасау қабілеті бар – барыс септігі мен шығыс септігі. Барыс септігі жалғаулары арқылы жасалған қазіргі тілімізде Әнгебай, Тергебек, Жергебай, Сәнгебай, Өңгебай т.б. Мұндағы -ге жалғауы – барыс септігінің жалғауы. Шығыс септіктің -дан, -ден, -тан, -тен жалғаулары арқылы қазіргі қазақ тілімізде Ақтан, Ерден, Ұлданай, Жолдан, Қалдан, Нардан, Тастан, т.б. антропонимдері бар.
Бұлардан өзге антропоним жасауда өзіндік қызмет атқаратын -шы, -ші жұрнақтары туралы – «Бұл жұрнақ істің иесін, іс-әрекетті жасаушы субьектіні білдіретін сөздерді жасаған: бедізчі (өрнек салушы, өрнекші), йолчы жол бастайтын, көрсететін адам, жолшы. Есім түбірлерге, немесе етістіктен есімге айналған түбірге жалғанып, іс иесін – субьектіні, кәсіпкерді білдірген. Қазіргі қазақ тіліндегі қолданысы да сондай: етікші, жұмысшы, балташы, т.б» [7, 175]. Бұл жұрнақтың антропоним жасайтын қабілеті де бар. Қазақ тілінде аталған жұрнақ арқылы жасалған антропонимдер: Аршыбек, Атшыбай, Қойшыбек, Қойшықара, Жолшыбек, Молшыбай, Сұраншы, Таушы, Тіленші, Тілекші, Тезекші, т.б.
Зат есімнің реңк мәнін тудыратын жұрнақтары антропоним жасауда елеулі рөл атқарады. «Реңк жұрнақтары еркелету я кішірейту, сыйлау я құрметтеу, ұлғайту я үлкейту, келемеждеу я мысқылдау тәрізді мәндерді білдіреді» [8, 159]. Кісі есімдерінің құрамында олар еркелету я кішірейту, сыйлау я құрметтеу, ұлғайту я үлкейту мағыналарын ғана сақтап, қалғаны назарға алынбайды. Кісі есімдерін жасауға қатысатын ондай қосымшалардың бірнеше түрі бар.
1. -еке, -қа, -ке жұрнақтары жалпы және жалқы есімдерге жалғанып, сыйлау, құрметтеу, үлкен тұту сияқты мағыналық реңктер үстейді. Өзі жалғанатын кейбір сөздердің толық түрлеріне тікелей тіркеспей, соңғы дыбысы я соңғы соңғы бір немесе бірнеше буыны түсіріліп барып жалғанады. [8, 159].Қазақ тілінде бұл жұрнақтар арқылы тараған Қошке, Мәнеке, Нұрке, Тілеуке, Тілеке, т.б. есімдері бар. Есімді қысқартып айту барысында бұл жұрнақтар жиі қолданыс табады: Абылай – Абеке, Жамбыл – Жәке, Мұқағали – Мұқа, Сәбит – Сәке, Тұрнияз – Тәке, Шернияз – Шәке, т.б.
2. -тай қосымшасы арқылы жасалған антропонимдер. Көне түркі сөздігінде Күлтүртай, Турумтай есімдері бар. Қазақ тілінде Амантай, Бозтай, Естай, Ертай, Дөнентай, Жирентай, Жұматай, Кәдіртай, Кәкімтай, Күлтай, Қаратай, Қайыртай, Ормантай, Тортай, т.б. антропонимдері бар.
3. -жан жұрнағы арқылы жасалған антропонимдер. Жеке тұрып та белгілі мағынасы бар. Сонымен қоса түбірге жалғану арқылы еркелету, әрі кішірейту мәнін беретін есім жасай алады. Тілімізде бұл жұрнақ арқылы жасалған Аружан, Ақылжан, Байжан, Бибіжан, Гүлжан, Қалижан, Мейіржан, Сұлужан, Торымжан, Ырысжан, т.б. антропонимдері бар.
4. -қан, -кен жұрнақтары өнімсіз болғанымен, еркелету, кішірейту реңкін білдіру үшін бірсыпыра есімдер құрамында қолданылады. [8, 160]. Көне түркі тілінде Қутқан есімі кездеседі. Түбірі – қут (құт, береке мағынасында). Қазақ тілінде бұл жұрнақ арқылы тараған Атақан, Алтынкен, Беркен, Еркен, Күлкен, Нұркен, Таукен, т.б. есімдері бар.
5. -қай, (-кей) формасы да кішірейту, еркелету мәнін береді. Көне түркі тілінде Қатқай есімі бар. Қазақ тілінде бұл форма арқылы Ашақай, Әлкей, Бейсекей, Дүйсекей, Доскей, Жаскен, Мұсақай, Мырзақай, Сәрсекей есімдері тараған.
6. -шақ (-шек) формасынан тараған есімдер өте сирек. Тілімізде бұл форма арқылы жасалған Құлыншақ есімі бар. Бұл да еркелету мәніндегі есімдердің қатарында.
7. -шық, -шік. Бұл -шақ, -шек жұрнағының қысаң түрі болып есептеледі. Көне түркі тілінде -чуқ, -чүк тұлғасында берілген. Осы -чуқ жұрнағы арқылы жасалған көне түркі тіліндегі антропонимдер: Иличуқ (түбірі – илиг (князь) + чуқ жұрнағы, Өгәчүк (түбірі – өгә (ақылды) + чүк жұрнағы, Йорчуқ (түбірі – йор (жол) + чуқ жұрнағы [Манихей еск.], Итачуқ, т.б. Қазақ тілінде Айшық, Тайшық, Таңшық есімдері бар.
8. -ша, -ше формасы есім тудыруда қызмет атқарады, кішірейту мәнін береді. Тілімізде осы форма арқылы Айша, Айбарша, Бағымша, Балиша, Гүлайша, Қамарша, Қадірше, Майша, Орынша, т.б. есімдері тараған.
9. -ш жұрнағы кісі аттарына жалғанып, оларға кішірейту, еркелету, аялау тәрізді қосымша мағына жамайды. Кісі аттарына қосылғанда, олардың толық түрлеріне тікелей тіркеспей, я соңғы дыбысы, я соңғы бір немесе бірнеше буындары түсіріліп барып жалғанады. [8, 160]. Көне түркі тілінде бұл жұрнақ арқылы Төләш [E.] есімі кездеседі. Қазақ тілінде Бәдеш, Дәмеш, Құрмаш, Жұмаш, Нұрыш, Төлеш, Қалыш, Мейраш, Сәулеш, Сақыш, т.б. есімдері тараған.
10. -лық жұрнағы да есім сөзге жалғанып, зат есім тұлғалы сөз тудырады. Бұл қосымша басқа сөз таптарынан немесе зат есімнен зат есім тудыру қызметін атқарады. Мысалы, Барлық, Игілік, Жақсылық, Аналық, Аталық т.б. есімдердің түбірлері осыған айғақ.
Қазақ есімдерінің морфологиялық құрылымында ұлттың тарихи танымынан сыр шертетін көптеген ақпараттар бар. Олардың сырларынан хабар алу үшін әрбір құрылымдық элементтің сырларына үңілу қажет. Мысалы, еркелету-құрметтеу мәнді есімдердің ұлттық сипаты, тәуелдік жалғауының аясындағы жақын тартып, баурау сезімдері немесе көптік мәнді есімдердің қазақ қауымындағы ұжымдасып өмір сүру, яғни бір адамның қуанышын барша қауым болып бөлісу қасиеттері көрініс береді.

Жұлдыз ТОҚБАЕВА
Астана қ.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Жанұзақов Т. Қазақ есімдерінің тарихы. – Алматы: “Ғылым” баспасы, 1971 ж. – 218 бет.
2. Досжанов Б. Қазақ тіліндегі көне тұлғалы антропонимдер. – Астана, 2001. – 27 бет.
3. Жанғабылова З. Етістік тұлғалы антропонимдер (түрік және қазақ тіл деректері негізінде). КДА Алматы, 2002. – 29 бет.
4. Әлімбаев М. ХІҮ-ХҮ ғасырлардағы қыпшақ антропонимдері. Алматы, 2010. – 31 бет.
5. Есенқұлов А. Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі қосымшалар. Алматы: «Ғылым», 1976. – 240 бет.
6. Досжанов Б. Қазақ тіліндегі көне тұлғалы антропонимдер. Астана: 2001. – 23 бет.
7. Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы (фонетика, морфология). Алматы: «Мектеп», 1981. – 208 бет.
8. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы: «Ана тілі», 1991. – 384 бет.

 

(Жалпы 368 рет, ал бүгін 1 рет қаралды)

Пікір жазу

Әлеуметтік желідегі профиль арқылы: 
Жаңа өнімдер
Мекемтас Мырзахметұлы
(нормативтік-құқықтық актілер жинағы)
Терминдер мен ұғымдар
Терминология-лық анықтамалық
АБАЙТАНУ
Мекемтас Мырзахметұлы
'; IR[1] = '
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ САЯСАТЫ
(нормативтік-құқықтық актілер жинағы)
'; IR[2] = '
ЭТНОСАЯСИ СӨЗДІК
Терминдер мен ұғымдар
'; IR[3] = '
ҚАЗАҚСТАН – 2050
Терминология-лық анықтамалық
'; objIR = document.getElementById('IRHolder'); objIR.style.height = (IR_numberOfElm * IR_heightOfElm) + 'px'; IRContent(); }
Күнтізбе
Мамыр (2026)
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
« Нау    
  1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31  
Профиль