Еліміз тәуелсіздігін алған уақыттан бері халық ауыз әдебиетін, оның ішінде фольклорлық проза жанрларын зерттеу мәселесі жан-жақты қолға алынып, бұл үрдіс одан әрі өркендей түсті. Белгілі фольклортанушы ғалым С.А.Қасқабасов салып кеткен сара жолмен қазақтың халық прозасы одан әрі толымды түрде зерттеліп, біршама зерттеу еңбектері жарық көрді. Олар – миф, ертегі, аңыз, әңгіме, хикая жанрларына байланысты еңбектер.
Ендігі уақытта мәтіндері барынша жинақталып, жанрлық ерекшеліктері зерттелген прозалық жанрларды көпшілік қауымға, кейінгі өскелең жас ұрпаққа насихаттауда жоғарыда айтылған жанрларды жариялауда біршама тың өзгерістер енгізу қажет. Осы орайда, тіл орталығының жасап жатқан істері, көтеріп отырған бастамалары – өте қажетті, әрі қуантарлық жайт. Бұл – толғағы жеткен, орынды мәселе, құптарлық іс.
Орыс халқының ауыз әдебиетіне арнап шығарған еңбектерінде, мысалы, миф, ертегі, аңыз, әпсана, хикаяларына арналған жинақтары, көбіне персонаждарының суреттерімен беріледі. Осы тұрғыдан келгенде бізде ертеректе шыққан кейбір кітапшалар болмаса, ондай жинақтар жоқтың қасы. Қазіргі таңда өзіміздің небір әдемі ертегі, аңыз, хикаяларымыздағы персонаждарды түрлі түсті суреттермен бейнелеп, бүлдіршіндер мен мектеп оқушыларына арналған жинақтарды неге шығармасқа.
Дұрыс шешімін тапса, бұл мәселе, сондай-ақ диплом тақырыптарын халық ауыз әдебиетінен алған жоғары оқу орындарын бітірушілер мен магистранттарға да аса қажет жағдай. Себебі диплом қорғау кезінде бітірушілер көбіне тақырыпты ашатын слайдтар қолданады. Осы уақытқа дейін ұлттық фольклорда жарық көрген жинақтарда ондай суреттер берілмегендіктен, қиындықтар туындады. Студенттер интернеттен не тапса, соны қолданған болды. Ал бұл жағдай осы уақытқа дейін зерттеушілер, суретшілер тарапынан арнайы қолға алынып, шешілмей келгендіктен, бұл мәселе басы ашық күйінде қалды. Ұлттық фольклордағы персонаждардың бейнелерін әркім өзінше долбарлап, жорамалдар жасады.
Ендігі жерде айтарымыз, осы игі бастамаларыңыз тым созылып кетпей, жедел қолға алынып, сәтті аяқталса деп тілейміз.
Пәкизат Теңізбайқызы Әуесбаева.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
«Қолжазба және текстология» ғылыми-инновация бөлімінің
жетекші ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент









Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.