«Ерте, ерте, ерте екен,
Ешкі жүні келте екен,
Бөрі бөкеуіл екен,
Түлкі жасауыл екен, – деп басталатын ертегі әлемін қиялымен аралап, әжесі мен атасының қойнында жатып ертек тыңдайтын бала қазір қалмады десек артық айтқандық болмас.
Оның орнына қолынан жаңа үлгідегі қалта телефондары мен түрлі модельдегі гаджеттерді тастамай, интернет кеңістігінен шым-шытырық мультфильмдер мен бейнежазбаларды қарайтын жеткіншектеріміз бен бүлдіршіндеріміз өсіп келеді. Бүгінгі таңда балалардың басым бөлігін электронды ақпарат құралдары тәрбиелеп жатыр. Сондықтан да кез келген қазақ баласы халық ауыз әдебиетіндегі желаяқ, көлтауысар, таусоғар тәрізді кейіпкерлерді емес, шетелдерден келген бастары төртбұрышты, үшбұрышты, жасыл түсті адами сиқы жоқ неше түрлі құбыжық кейіпкерлерді қайдан көрсе де тап басып, түсін түстеп айтып береді. Өйткені олар алдымен бала санасына тәуелсіз экраннан талғамсыз беріліп жатқан мультфильмдер арқылы сіңіп жатыр. Содан кейін танымал болған әлгі құбыжық кейіпкердің бейнесі сурет, фигура түрінде шығарылып сауда жүйесімен таратылады. Соларды мысалға алып үлгі ұстаған түрлі-түсті шағын кітапшалар шығарылады. Тіпті, Қазақстанда шығатын балалардың тағам өнімдерін жарнамалайтын шаралардың өзінде әлгі шетелдік кейіпкерлер жапсырма түрінде таратылады. Сөйтіп әлгі кейіпкер баланың піріне айналады.
Аталған жоба жаһандану дәуірінде жас ұрпақтың санасына ұлттық рух, ұлттық идеяны сіңіруге бағытталған. Қазақтың ұлттық болмысы, тілі, мәдениеті, тарихы атадан-балаға мирас болып келе жатқан аңыз-әңгімелерінде, батырлық жырларында, ертегілері мен шешендік сөздерінде, жұмбақтары мен жаңылтпаштарында сақталған.
Халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерінің фольклорлық мәтіндердегі бейнелену барысын, ұлттық колоритін сақтай отырып қағаз бетіне түсіру, яғни сөзбен салынған бейнені бояумен салынған бейнеге айналдыру жобаның басты мақсаты болып табылады.
Фольклорлық кейіпкерлердің суретшілер сомдаған, бірізге түскен бейнесінің негізінде түрлі мульфильмдер қойылса, әртүрлі материалдардан жасалған қуыршақтар сомдалса, түрлі-түсті көз тартарлық кітаптар шығарылса бүгінгі бүлдіршін хат таныған уақытында фольклорлық мұраларды іздеп жүріп оқымас па, ес біліп, етек жапқан уақытта сол фольклорлық мұраларда айтылған өнеге-насихатты өмірлік ұстанымы етпес пе?!
Жастардың ақыл-ой әлеуетін барынша дамыту, ұлттық сезімдерін ояту, патриоттық рухты қалыптастыру мақсатында атқарылып отырған бұл жобаның көздеген мақсатына жетуіне, болашақ ұрпақ алдындағы парыздың бір тармағының орындалуына сіз де игі ықпал ете аласыз.
Ол үшін www.tilortalyk.kz веб-сайтына тіркеліп, сайттағы фольклорлық кейіпкерлердің мәтіндік сипатымен және зерттеушілердің тұжырымдарымен, байқау ережесімен танып шығыңыз.
Жалпы жұртшылықтың, әсіресе жас жеткіншектердің қазақ фольклорын танып-білуге, зерделеуге деген құштарлықтарын ояту үшін атқарылып отырған бұл жоба өзінің бірегейлігімен ерекшеленеді.
Ұлт болашағы үшін атқарылып отырған игі бастама кім кімді де бей-жай қалдырмас деген ойдамыз.









Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.