
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытау төріндегі ұлт туралы толғанысында: «Үш тілді – мемлекеттік тіл, орыс тілі және ағылшын тілін меңгергеніміз өте дұрыс… Біз осылай үш тұғырлы тілді қолдансақ, түбінде жолымыз ашық болады», – деп баса айтқан болатын. Елімізді бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын мемлекет ретінде тануы үшін де үштұғырлы тілдің маңызы орасан зор.
«Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлт аралық қатынас тілі, ағылшын тілі – әлемдік экономикаға кіру тілі» деген қанатты қағидаға сәйкес елімізде көптеген іс-шаралар қолға алынуда. Яғни, «Үштұғырлы тіл саясатының» көздеген мақсаты егемен еліміздің жарқын болашағына жол ашу болып табылатыны сөзсіз.
Осы ретте Қызылорда облысы, Қазалы ауданында үш тілді дамыту шаралары аясында бірқатар шаралар атқарылуда. Жыл сайын жастардың тілді меңгеруге деген құштарлығын арттыру мақсатында түрлі байқаулар, олимпиадалар ұйымдастырылуда. Жеңімпаздары облыстық, республикалық сайыстарда топ жаруда.
Осындай шаралардың атқарылуына жастық жігерімен елеулі үлес қосып, үш тілді еркін меңгерген Нұргүл Арзиева өз әріптестері арасында сыйлы.
Нұргүл Жетпісбайқызы 1985 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. Орта білімді Ж.Жабаев атындағы №234 мектептен алып, 2005 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын «ағылшын және неміс тілі пәні мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. 2006 жылы өзі білім алған шаңыраққа өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, ағылшын тілін шәкірттерге үйретуде аянбай еңбек етіп келеді. Алғашында тәлімгер ұстаздары Үмбетәлі Дәметкен, Ұзақ Айгүл, Жұмабаева Ботагөз апайлары жас маманға ұстаздықтың қыры мен сырын молынан үйретіп, ізбасарларының тәжірибе жинақтауына көп септігін тигізді.
Оқушы алдында ұстаз мәртебесі қашанда биік. Білімді өскелең ұрпаққа тәрбие беруде ұстаз рөлі ерекше. Өз ісін терең меңгеріп, шәкірттерінің табысымен көпшілікті қуантып жүрген ұстаздардың бірі атанды. Жеткен жетістіктері мен еселі еңбектері бағаланып, І санатты мұғалім дәрежесіне көтерілді. Аудандық сайыстарға қазылық жасап, әріптестер білігін әділ таразылауға атсалысып отырады. Сабақта оқушы белсенділігін арттыра отырып, өз пәніне қызығушылығын оята білетін маманның әрбір сабағы ашық сабақ тәрізді өтеді. Жаңа тақырып бойынша сөздікпен жұмыс, ағылшын тілін қазақша баламасымен сәйкестендіру, қорытындылау мақсатында ойын арқылы жұмыстар жүргізеді. Оқушыларды бір сәт сергіте отырып, сөйлеу дағдыларын жақсы қалыптастырады.
Ол туралы тек жағымды пікірлерді айтылады. Мәселен, тарих пәні мұғалімі Л.Жолдыбаева:
Нұргүл әріптестер және оқушылар арасында беделді де сыйлы. Өзінің түрлі ақпаратқа құштарлылығы, сезімталдығы, үнемі өзін-өзі жетілдіруге деген ықыласы қызығарлық. Ағылшын тілі сабағын оқушылар аса күтеді. Өйткені, бұл мұғалім әр сабағына көп дайындалып, көп ізденеді. Ол күнделікті сабақтарын жаңа сындарлы оқыту технологиясының әдіс-тәсілдерімен түрлендіріп өткізеді. Сабақтары қызықты да тартымды. Нұргүл Жетпісбайқызының өмірлік ұстанымы – әр іске белсенділікпен қарап, сол істі жауапкершілікпен, жоғары деңгейде аяқтау.
Әрине, әріптес пікіріне әбден қосылуға болады. Ағылшын тілі – дамыған технология мен ғылымның тілі. Уақыт талабы өскелең ұрпаққа соны меңгертуді, игертуді көздейді. Сол міндетті орындауда Нұргүл Жетпісбайқызы абыройлы еңбек етіп келеді деп нық сеніммен айтуға болады.
Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту дейтін болсақ, Нұргүл – жас ұрпаққа үлгі беруден, үйретуден жалықпаған нағыз педагог. Оның еселі еңбектері ескеріліп төмендегідей жетістіктерге қол жеткізді:
А.Герцена атындағы интернет-олимпиадаға, мектепаралық интернет-олимпиадаға оқушылар қатыстырғаны үшін «Мақтау» қағазымен, Қазалы аудандық Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының, «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының, аудандық білім бөлімінің «Алғыс» хаттарымен марапатталған.
Мұндай игі істер алдағы уақытта да өз жалағасын таба беретініне кәміл сенемін.
Қайыркелді Табынбаев,
Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді
дамыту бөлімінің жетекші маманы.











Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.