
Қазақстанда тұратын әрбір ұлттың өзінің тілін, әдебиетін, мәдениетін дамытуға мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар әрбір қазақстандық азаматтың парызы – мемлекеттік тілді меңгеру. Мемлекеттік тіл – көп ұлтты елдің барлық халқын саяси-мәдени бірлікке ұйымдастырудың басты құралы. Сондықтан соңғы бірнеше жылдың ішінде осы мәселеге көп көңіл бөлініп, оны шешу үшін көптеген іс-шаралар жасалып жатыр.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бір топ қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларына берген сұхбатында: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Оған көңіл де, қаржы да солай бөлінеді», – деген. Осының дәлелі ретінде еліміздің барлық аймақтарында Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының ашылып жатқанын айтуға болады.
Заманауи білім беру үдерісі ең алдымен жеке тұлғаға бағытталып, тіл үйренушінің іскерлігін, коммуникативтік құзыреттілігін дамыту міндеттерімен ұштасып жатқандықтан, қазақ тілінің білім мазмұнын құрудың әдіснамасын дұрыс таңдап алу қажеттілігі туындайды. Ол үшін қазіргі заман талабына сай мемлекеттік тілді меңгертуде озық технологияларды, ұтымды әдіс-тәсілдерді пайдалану, білім беру саласында жүйелі жұмыстар атқару – еліміздегі ең маңызды әрі кезек күттірмейтін ауқымды мәселелердің бірі болып отыр.
Тіл саясатын орындап, тілдік бағдарламаларды іске асыру мақсатында облысымызда ең алғашқылардың бірі болып біздің ауданымызда Мемлекеттік тілді оқыту орталығы ашылды. Оқыту орталығымызға әртүрлі жастағы, әртүрлі кәсіптермен айналысатын тыңдаушылар келіп, мемлекеттік тілді меңгеруде.
«Бурабай ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жанындағы Мемлекеттік тілді оқыту орталығы» Мемлекеттік мекемесі өз жұмысын 2007 жылдың қараша айында бастады.
Орталығымыздың мәселесі: «Жаңа инновациялық технологияларды қолдана отырып, оқыту сапасын арттыру және модернизациялау»
Мақсатымыз: «Оқытудың ұтымды әдістерін пайдалана отырып, тыңдаушылардың мемлекеттік тілде сөйлеу қабілетін дамыту және мемлекеттік тілде ойлау дағдысын қалыптастыру».
Тыңдаушылардың қызығушылықтары мен ынталарын арттыру мақсатында оқытушылар оқытудың жаңа интерактивтік әдістерін, инновациялық жұмыс түрлерін мүмкіндігінше өз жұмыстарына енгізеді. Мультимедиялық кабинеттің мүмкіндіктерін пайдалана отырып электрондық оқулықтармен жұмыс істейді. Әр деңгейдің бағдарламасына сәйкес аудио және бейнематериалдарды тиімді пайдаланады. Сабақта проекторды қолдану көрнекі құралдарды, сызбалар мен кестелерді тиімді пайдалануға мүмкіндік жасайды. Жалғастырушы және жетілдіруші топтардың сабақтарында тыңдаушылардың тілектері мен сұраныстары ескеріле отырып, бағдарламамен қатар іс қағаздарымен жұмыс, аударма жұмысы жүргізіледі. Мемлекеттік тілді нәтижелі оқыту үшін оқытушылар коммуникативтік оқыту технологияларын, Сын тұрғысынан ойлау технологиясының, саралап-деңгейлеп оқыту технологиясының элементтерін пайдаланады. Ақмола облысының мемлекеттік тілді оқыту орталығы ұсынған үш деңгейлік бағдарламаны басшылыққа ала отырып, барлық әдіс-тәсілдерді, жұмыс түрлерін осы бағдарламаны тиімді меңгерту мақсатына бағыттаймыз.
Сонымен қатар 2011-2012 оқу жылында Орталық тыңдаушыларды кәсіби-сала бойынша оқытты. Яғни, сот саласы және қаржы саласы. Осыған орай кәсіби-салалық бағдарламалар, әдістемелік нұсқаулар, сөздік, жұмыс дәптерлерін құрастыру мақсатында «Шабыт» шығармашылық тобы ғылыми-шығармашылық еңбекпен нәтижелі айналысуда. Орталықтың оқытушылары жылдан жылға ересек аудиторияға кәсіби саласы бойынша бағдарламалар жасап, өз еңбектерін жарыққа шығаруда.
Бүгінгі күні шығармашылық топтың жұмыс нәтижесі бойынша төмендегі салалары бойынша салалық бағдарламалар мен жұмыс дәптерлері толық аяқталып, облыстық Орталыққа бекітуге ұсынылды:
1. Заң қызметкерлеріне ;
2. Мемлекеттік қызметшілерге;
3. Экономика и қаржы қызметкерлеріне;
4. Білім беру саласына.
5. Әскери қызметкерлерге
Сол сияқты Медицина саласына арналған бағдарлама жасалуда және оған әдістемелік нұсқама құрастырылуда.
Бес жылдың ішінде ұжымымыз жақсы жетістіктерге қол жеткізді: – жылда облыстық «Үздік қазақ тілі оқытушысы» кәсіби байқауына біздің оқытушыларымыз қатысып, жүлделі орындарды ие болумен қатар облыстың намысын республикада қорғады:
1. 2007-2008 оқу жылы I-орын Д.М.Хамзина;
2. 2008-2009 оқу жылы IІ- орын Н.О.Жаксыбаева;
3. 2009-2010 оқу жылы I-орын М.К.Бірман;
4. 2010-2011 оқу жылы I-орын А.Е.Каирмденова.
5. 2011-2012 оқу жылы алғыс хат А.Қ.Маширова
Биыл біздің Орталықта төрт топ салалық бағдарлама бойынша оқытылмақ. Сот саласы жоғарғы деңгей, қаржы саласы жалғастырушы және жоғарғы деңгей, медицина саласы жалғастырушы деңгей.
Мемлекеттік тілдің әлеуметтік-қатысымдық қызметін кеңейту мен дамытуда оның ғылымда, өндірісте, елдің халықаралық байланыстарында қолдану аясының кеңи түсуі тіл үйренушілердің болашақ мамандығымен де байланысты екендігін көрсетеді.
Салалық бағдарлама бір ғана салада жұмыс істейтін қызметкерлерге арналып жасалғанымен ерекшеленеді. Салалық бағдарлама екі деңгейге (бастауыш және жалғастырушы) арналып құрастырылды. Әр деңгейге жүз жиырма сағаттан бөлінген.
Бастауыш деңгей бағдарламасы мемлекеттік тілді мүлде білмейтін қызметкерлерге арналып жасалынады . Кез келген тілді үйренген кезде ең алдымен қарапайым лексикадан, күнделікті өмірде кездесетін жағдайлардан бастаған дұрыс болатынын ескере отырып, салалық бағдарлама бола тұрса да бастауыш деңгейге алдымен қарапайым лексикалық тақырып алынады. Сол тақырыпқа қатысты лексикалық минимуммен қатар күнделікті жұмыс барысында кездесетін жеңіл салалық терминдер енгізіледі. Лексикалық тақырыпқа қатысты сөйлесу үлгілерінде салалық терминдерді қолдану ескеріледі. Сонымен қатар сөйлесу үлгілерін дұрыс құру үшін қажет грамматикалық минимум қатар беріледі.
Жалғастырушы деңгей бағдарламасы қарапайым лексиканы меңгерген, күнделікті өмірде кездесетін жағдайларда еркін сөйлесе алатын, тек салалық лексика, қызметтік жағдайлар, іс қағаздары бойынша тілін дамытып, білімін жетілдіруді қажет ететін қызметкерлерге арналып жасалған. Лексикалық тақырып ретінде сот қызметінде кездесетін түрлі жағдайлар алынды. Сол жағдайларға қатысты лексика және салалық терминдер меңгеріледі. Сөздерді дұрыс пайдаланып, ойын сауатты жеткізу үшін қажет грамматикалық минимум қатар беріледі. Әр деңгейдің соңында өткенді қайталау сабақтары және емтихан алу ескерілген.
Тілді салалық бағдарлама бойынша оқытудың ұтымды жақтары:
• Тіл үйренушілер қазақ тілін кәсіби қатынас құралы ретінде қолдана алады;
• Кәсібіне байланысты жинаған сөздік қорды жұмыс орнында пайдаланып, өз мамандығына қатысты ой-пікірлерін нақты, анық жеткізу дағдысы қалыптасады;
• Қазақ тілінің танымдық қызметінің маңызы арта түседі;
• Тыңдаушылардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығы оянады.
• Қазақ халқының рухани және тарихи-мәдени байлығын тіл арқылы таныту негізінде тіл үйренушілер Қазақстан тарихымен, мәдениетімен, әдебиетімен, халықтың салт-дәстүрімен танысып, білімдерін молайтады;
• Күнделікті қызмет бабында ресми-іскери сөйлесуге тән тұлғаларды меңгеріп, мамандыққа қатысты ісқағаздарды жазуды үйренеді;
• Болашақ маманның тұлға ретінде қалыптасуына, өсуіне және дамуына, өз мамандығын саналы сезінуіне мүмкіндік туады.
Осы тұрғыдан мамандыққа сай қазақ тілін сапалы оқыту – қазіргі уақыт сұранысынан туындап отырған өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Соңғы жылдары қазақ тілін салалық тұрғыдан оқыту әдістемесіне байланысты ғылыми зерттеулер жүргізіліп, ол зерттеулердің нәтижесінде кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалуда.
Тіл дамытудағы ең тиімді әдістердің бірі – мәтін бойынша жұмыс істеу. Сондықтан мәтіндер күнделікті тұрмыста қолданылатын, мамандық бойынша, жалғастырушы және жоғарғы топтарға арналған мәтіндер болып топтастырылады.
Мәтін арқылы тілді оқыту төмендегі міндеттердің жүзеге асуына көмегін тигізеді:
• тұрмыста, өндірісте, әлеуметтік ортада қазақша тілдік қатынасты игеру;
• қазақ тілінде мәдени-ресми, кәсіби қатынасқа дайындық;
• өз мамандығы бойынша сұрақтарға жауап бере білу, осы тақырып төңірегінде ойын айта білу дағдыларын меңгерту;
• кәсіби бағыттағы қарым-қатынастық мәтіндерді аудармасыз түсінуге ұмтылу;
• тыңдаушылардың сөздік қорын молайтуда аударма, түсіндірме және кәсіби сөздіктерді пайдалана білу;
• қазақша ойлауға, қазақша сөйлеу әуезділігіне жету, үлгісіз, жетексіз өз бетінше сөйлеуге, жазуға дағдылану, игеру .
Мамандық тіліне бейімдеп оқытуда жаңаша жаңғыртып оқыту әдістемесінің әдіс-тәсілдерін ұтымды пайдалануға болатындығын, тіл үйренушілердің өз саласында тілді қолдану қызметінде лексикалық минимумды анықтау қатысымдық қажеттілікті қамтамасыз ететін ерекшелік екендігін көрсетті.
Салалыққа қатысты мәтіндерді іріктеу ұстанымдары дұрыс сөйлеуді жетілдіруге қызмет ету үшін:
1. мазмұндық және тақырыптық тартымдылығымен ерекшеленуі керек;
2. тіл үйренушілердің өз бетімен жұмыс істеуіне ынталандырылуы;
3. қатысымдық (коммуникативтік) қасиеті басым болуы керек;
4. мамандыққа байланысты ғылыми мәтіндердің тыңдаушыларға қажеттілік сезімін туғызып, білім беруде тыңдаушылардың сенімін күшейтетін болуы қажет .
5. Қазақ тілін сала бойынша тыңдаушыларды игертудегі оқытушының төмендегі міндеттері көрсетілген:
• өз мамандығына сай сөздер мен мәтіндерді іріктеп алу;
• оқу материалының игерілуіне тиімді әдіс-тәсілдерді таба білу;
• тыңдаушылар ынталы түрде игерулері үшін, оларға бұл сабақтың қажеттілігін түсіндіру;
• тыңдаушы ынтасын арттыруда оның қызығушылық қасиетін туғызатын психологиялық жағдайды ұйымдастыру.
Сонымен, қазақ тілін мамандыққа байланысты сала бойынша оқыту әдістемесінің жасалуы төмендегідей ұстанымдарға негізделеді:
• қазақ тілін мамандыққа байланысты оқытудың ғылыми-әдістемелік жүйесінің негізі қаланған;
• тілді қатысымдық бағытта үйретудің лингвистикалық негізі сөйлесім әрекеті және оның түрлері қарастырылды;
• тілдік тұлғаның қатысымдық құзыреттілігін дамыту басты міндет ретінде алынды;
• қатысымдық бағдарлы оқытуды жүзеге асыру мақсат етілді;
• кәсіби тілдік қатынасты жетілдіруде тіл үйренушінің қазақша сөйлеу тілін кәсіби қарым-қатынас тілі ретінде дамыту көзделді.
• лексикалық минимумды танымдық-бағдарлы оқыту, грамматикалық минимумды мамандыққа сай мәтіндер мен жаттығулар арқылы оқыту ұсынылды;
• қазақ тілін мамандыққа байланысты оқыту технологиясына байланысты әдістемелік кешен ұсынылды, оның тиімділігі тәжірибе арқылы дәлелденеді.
Тілді білген адамның рухы биік, дәстүрге берік, әдет- ғұрыпқа адал болатынын үйлестіре, баршаға талап қойып, сезіндіре білу керек. Сонда ғана өз ниетімен тілге қызмет етіп, азаматтық міндетін орындайды. Талап болғанда ғана жауапкершілік артып, іс арнасын тауып, жүйеге түсіп, жүзеге асады.
«Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: « … бізге жақсы бағдарламалар, әдістемелік құралдар, сапалы оқулықтар керек. Адамдардың бойына ана тілімізге деген сүйіспеншілік сезімін терең сіңіре алатын білікті ұстаздар керек. Сайып келгенде, біздің өзіміздің ынта-ықыласымыз керек», – деген. Менің ойымша, Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының, біздің барлығымыздың алдымызға қойылатын мақсаттар мен міндеттер Елбасының осы сөзінде анықталып тұр.
Жаңа 2011-2012 оқу жылына қойып отырған мақсат-міндеттеріміздің барлығы алдыңғы жұмысымыздан қорытынды шығара отырып, келешектегі жұмысымызды барынша жетілдіруге бағытталады. Ең алдымен мемлекеттік тілді оқыту барысын жақсартып, сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар оқытушылардың біліктілігін, педагогикалық шеберлігін арттыру, тәжірибе алмасуды ұйымдастыру, әдістемелік көмек көрсету сияқты мәселелер үнемі назарда ұсталады.
Мемлекеттік тілді оқыту орталығының алдына қойған мақсаттары мен міндеттері әлі де көп. Орталығымыздың жұмысы нәтижелі болып, жақсы жетістіктерге жетеді деп сенеміз және солай болу үшін аянбай еңбек етеміз.
Ақмола облысы
Бурабай ауданы
Мемлекеттік тілді оқыту
орталығының әдіскері:
Махметова Жанар Қайртайқызы




Тіл – барлық білімнің кілті





Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.