А.Абасилов
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты
«Мемлекеттік тіл» ұғымы жаңадан пайда болған түсінік емес, ол – күллі әлемдегі елдерде ғасырлар бойында қолданылып келе жатқан бұрыннан бар ұғым. Мемлекеттік тіл – кез келген мемлекет үшін қажетті құбылыс. Демек, қандай да бір мемлекеттің өзіне қызмет ететін негізгі тілі болуы заңды құбылыс.
Егемендікке қол жеткен, дамудың жаңа жолына түскен қандай да бір үлкенді-кішілі мемлекет алдымен өзіндік ішкі сыртқы саясатын айқындап алатыны белгілі. Бұл мәселе осы екі саясатта үш үрлі көрініс береді. Біріншіден, мемлекеттің сыртқы саясатында шет елдермен қарым-қатынаста қолданылатын тіл ресми белгіленеді. Екіншіден, көптілділік жағдайында мемлекеттің ішкі саясат жүйесінде тұрақты тіл саясаты белгіленіп, онда тілдердің мәртебелері мен қолданылу аялары айқындалады. Үшіншіден, мемлекеттің ішкі-сыртқы саясаттары сол мемлекет халқының ортақ негізгі тілінде түзіле отырып, жұртшылыққа баянды етіледі. Олай болса, мемлекеттік тіл алдымен «билік тілі» өйткені мемлекет – басқарудың институты мен тетігі (механизмі) десек, мемлекеттік тіл – басқарудың институттанған тілі, биліктің өмір сүру тілі. Сан алуан тілде сөйлейтін адамдардың өз ана тілін және өзге тілдерді меңгеру мүддесін қорғау міндетіне жауап беру үшін билік пен тіл тұтастыққа бірігеді. Біріншісі екіншісіне көмектеседі, екіншінің көмегімен біріншісі қосымша күшке ие болады. Мемлекеттік тілді білудің әлеуметтік қажеттілігі табиғи түрде жүзеге асқанда одан ұтатын тек мемлекет қана емес, сол мемлекеттің әрбір азаматы болмақ.
Мемлекеттік тіл – көптілді, сондай-ақ біртілді қоғамның өзі айналып өте алмайтын аса қажетті құылыс. Ол жоғарыда айтып өткеніміздей, әрбір мемлекеттің саяси құрылымына, өзіндік ұстанған ішкі, сыртқы саяси бағыттарына байланысты әрқалай сипатталады. Мәселен, Франция, Испания, Шри-Ланка, Пакистан, Малайзия, Судан, Қытай сияқты елдерде мемлекеттік тіл – оны жариялаған ел азаматтарының барлығы міндетті түрде білуге тиісті тіл болса, Индонезия, Филиппинда мемлекеттік тіл көпұлтты елдің түрлі халқын саяси-мәдени бірлікке ұйымдастырудың тиімді құралы деп анықталады. Кейбір елдерде мемлекеттік тіл сол елдің лингвистикалық бірлігін білдіреді. Мысалы, Қытайда тіл тұтастығы – ел тұтастығы деп ұғынылады, путунхуа талабынан ауытқу ұлттық бірлікті бұзу болып табылады. Сондай-ақ мемлекеттік тіл кейбір елдерде (Мысалы Пакистанда) қарсы шығуға болмайтын тіл, оған қарсы әрекет ету мемлекетке қарсы шығу деп бағаланады. Енді бір елдерде екінші бір тілді мемлекеттік деп тану ол елдің халқын екіге жаруға әрекет ету деп бағаланады. Сол сияқты бірқатар елдерде мемлекеттік тіл – мәртебесін талқыға салуға Конституция бойынша барлық деңгейде тыйым салынған тіл [1, 230-237].
Тағы бір елдерде мемлекеттік тіл ретінде сол мемлекеттегі этностардың біреуінің кейде бірнешеуінің тілдері қолданылуы да ұшырасады. Мысалы, Канаданың Квебек провинциясында мемлекеттік тіл болып тек бір ғана тіл француз тілі жарияланса, Канаданың өзінде мемлекеттік тіл ретінде ағылшын, француз тілдері қолданылады. Ал енді бір елдерде ресми түрде көпұлтты елдегі ешбір этностың тілі мемлекеттік тіл ретінде көрсетілмеуі де кездеседі. Мұндай жағдай Америка Құрама Штаттарында орын алған. Сондай-ақ кешегі Кеңестер Одағында да орыс тілі ешқандай заңдылық актілерінсіз-ақ мемлекеттік тіл, ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде қызмет еткені белгілі.
Сонымен жоғарыда айтылғандарды негізге алар болсақ, «мемлекеттік тіл» ұғымының мәнін былайша түсіндіруге болады: Қандай да тіл болмасын, егер ол мемлекеттік тіл болып (бір өзі) жарияланса, ол сол елдің негізгі тілі. Сондықтан да ол тіл әкімшілік басқару органдарының қызмет бабында қолданылуы шарт. Сондай-ақ ол ресми құжаттарда, өндіріс, халық ағарту, заң, құқық қорғау органдары сияқты сан алуан қоғамдық өмірдің маңызды салаларында алдымен пайдаланылады.
Мемлекеттік тілге берілген анықтамалар мен оның түрлі елдердегі көрінісін сипаттағанда алдымен мынадай мәселелердің басын ашып алу қажет:
1.Көптілдік жағдайында барлық тілдерді тең сақтау немесе бірдей дамыту мүмкін бе? Тіл проблемасы – дүниедегі 200-ден астам мемлекетте зерттелетін үлгі. Өйткені мемлекет халқы мейлі бір ұлттан тұрсын, көп ұлттан құралған болсын, бәрібір өзіндік тіл проблемаларынсыз болмайды. Айталық, бір ұлтты мемлекетте тіл мәселесі таза лингвистикалық сипатта, яғни халықтық тілдің жекелеген өмір сүру салалары арасында өрбиді. Мысалы, дүние жүзінде бір ұлтты мемлекет ретінде танылатын Жапонияда мемлекеттік тіл проблемасы жапон диалектілерінің арасында өршіп отырғандығы байқалады.
Ал көпұлтты мемлекеттерде тіл мәселесі жекелеген тілдер арасында ұлтаралық деңгейде болып, саяси-лингвистикалық реңкке ие болады. Өйткені көптілділік жағдайында барлық тілдерді әрдайым тең сақтау немесе бірдей дамыту мүмкін бола бермейді. Тілдердің заң жүзіндегі теңдігі мен қызмет ету аясындағы теңдігі деген екеуі екі бөлек түсінік. Конституция тілдер теңдігін жариялауы мүмкін, алайда олар қызмет ету ауқымы жағынан ешқашан тең болмайды. Көптілділік жағдайында ылғи да бірді-екілі тіл этносаралық қарым-қатынас құралы болып, бөлектеніп отырады. Сондықтан мұндай көптілділік жағдаятты елде демократиялық бағыттағы тіл саясаты екіжақты мақсатты ұстауды қажет етеді:
1) әрбір жекелеген тілдердің өмір сүруі мен дамуын қамтамасыз ету;
2) қандай да бір тілдің бүкіл ел аумағында этносаралық қарым-қатынас құралы ретінде қызметтік мәртебесін бекіту.
Тілдерді дамыту ісі осылайша нақтылы жоспарланған түрде жүргізілуі тиіс. Бұл – әлемдік қалыпты жағдай (стандарт). Ал мұның өзі ең алдымен басқаруға (управление) байланысты. Басқару қандай болса, даму да сол деңгейде болмақ. Білікті басқару ісі қоғамдағы тілдердің өзіндік мәртебесін дұрыс та дәл анықтаудан басталады. Мәртебе белгілеу арқылы заң күшімен тіл дамыту – әлемге кең тараған құбылыс. Мәртебе – әлеуметтік лингвистикалық әрі құқықтық категория, ол тілдердің қоғамдағы құқықтық әлеуметтік жағдайын танытады [2,10].
2. Қандай тілді ел аумағында міндетті мемлекеттік деп тануға болады? Тіл мәртебелерінің ішіндегі ең маңыздысы – мемлекеттік (ресми) тіл. Қандай да бір тілдің ел аумағында мемлекеттік тіл болып танылуы үшін ол барынша дамыған тіл болуы керек. Тілдің дамығандық деңгейін белгілі социолингвист-ғалым Ч. Фергюссон мынадай үш түрлі белгіге ие болуымен анықтайды:
1.Графикаланған (графизация), яғни жазу жүйесі жасаған тіл.
2.Жүйеленген (стандартизация), яғни ауызша және жазбаша формалары нормаланған тіл.
3.Жаңарып жетілген (модернизация), яғни лексикалық, синтаксистік
және стилистикалық жағынан жетілген, терминологиясы бай, осы заманғы ғылыми-техникалық прогресс пен саяси өмірді қамтамасыз етуге жарамды тіл болуы керек [3, 28-29].
Осы белгілерге қарасақ, елімізде мұндай деңгейдегі тіл – қазақ тілі. Тек қазақ тілі ғана Қазақстан халқының басын біріктіруші, этносаралық қарым-қатынасты қамтамасыз ететін аралық тіл бола алады. Сондықтан да қазақ тілі – мемлекет қамқорлығына алынған мемлекеттік (ресми) тіл.
Қазақ тілі – әлемдегі 5661 тілдің ішінде өзінің сөйлеушілері жағынан жетінші ондықтағы тілдердің бірі. Қазақ тілі – образды да бай тіл. Ол құрылымдық – жүйелік жағының түбегейлі зерттелген, өзіндік әдеби нормасы мен стилдері қалыптасқан ұлттық тіл.
Қазақ тілі – көне түркілік құрылымды сақтап қалған түркі тілдерінің Ата тілі. Бұл Қазақстан Республикасы Президентінің Түркияға және Әзербайжан елдеріне сапары барысында ресми түрде айтылды. Бұл қазақ тілінің түркі халықтары арасындағы халықаралық тіл қызметінде қолданылуының бір айғағы болмақ. Сондықтан қазақ тілі өзіне жүктелген міндетті толығынан атқара алатын, болашағы баянды, көсегесі көгеретін ұлтымыздың қымбат қазынасы.
Адамзаттың барлық әлеуметтік-мәдени тарихы сияқты тілдердің де қарым-қатынастық иерархиясы басым көпішілінде арнайы ұйымдастырылмаған түрде (стихиялы) қалыптасқан. Ал тілдердің заңдылық мәртебелерін адамдар өздері береді. Сондықтан да бұл тілдердің субьектілік және жасанды мінездемесі болып табылады. Алайда тілдердің әлеуметтік лингвистикалық типологиясында бұл белгі өте маңызды, тіл саясатының актісі ретінде өте қызық. Сондықтан оларға жекелей тоқталайық.
Құқықтық мәртебе түрлері. Тілдердің өзара қатынасын заңды түрде реттейтін елдердің заңдарында тілдердің құқықтық мәртебелері бір, екі немесе үш терминмен анықталады. Алайда бұл терминдер жиынтығы оннан аса анықтамаларды қамтиды: мемлекеттік тіл, ресми тіл, ұлттық тіл (ағылшын тілінің national сөзі «ұлттық» дегеннен гөрі «жалпымемлекеттік» дегенге көбірек келеді), уақытша мемлекеттік тіл (Үндістан Конституциясындағы ағылшын тілінің мәртебесі), штаттың ресми тілі (Үндістанның 22 штатының 14 штаты үшін конституцияда бекітілген термин), одақтас (автономия) республика тілі, ұлттық округ тілі (бұрынғы КСРО мен одақтас республикалар конституциялары), ұлтаралық қатынас тілі, түпкілікті ұлт тілі, титулды ұлт тілі, азшылық ұлыстар тілі, көпшілік халықтың тілі, ұлыс тілі (бұрынғы Югаславия конституциясында ұлт тілінен айыру үшін қолданылған), жергілікті тілдер т.б..
Бұрынғы КСРО-ның 1989-1991 жылдары қабылданған Тіл туралы заңдарында республикаға аты берілген халықтардың тілдері жаппай мемлекеттік тіл мәртебесін алды. Мұның алдында, 1978 жылғы одақтас республикалар конституцияларында мұндай мәртебені тек азербайжан, армян, грузин және абхаз тілдері иеленген болатын. КСРО-ның ыдырауы алдында ұлттық тілдерге мемлекеттік мәртебе беру қозғалысын балтық жағалауындағы республикалар бастады. Тіл туралы алғашқы заң Эстноияда (1989 жыл, қаңдар) қабылданды. Одан соң Литвада, Латвияда, 1989 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда, қазанында Украинада, 1990 жылдың қаңтарында Белорусияда қабылданды. «КСРО-ның халықтары тілдері туралы» (1990 жылдың сәуір айында қабылданған) заң бойынша орыс тілінің құқықтық мәртебесі КСРО-ның ресми тілі ретінде анықталды. 1991 жылдың қазанында орыс тілі Ресей Федерациясының мемлекеттік тілі мәртебесін алды.
АҚШ-та федералдық деңгейде ағылшын тілінің мәртебесін анықтауға талай мәрте ұмтылыс жасалған. 1981 жылы АҚШ Сенаты конституциялық тұрғыдан ағылшын тілін мемлекеттік тіл ретінде тану туралы заңды талқылады, бірақ федералдық деңгейде ол жоба өтпей қалған. Алайда қазіргі күні АҚШ-тың 12 штатында халықтық референдум бойынша ағылшын тілі сол штаттардың ресми тіл мәртебесіне ие.
Ұлттық тіл, мемлекеттік немесе ресми тіл деген терминдердің нақтылы заңды мәні әртүрлі елде әр алуан болып келеді. Бұл кейбір елдерде ресми немесе мемлекеттік тілдің біреу, ал шамамен айтқанда 20 елде екі, тіпті үшеу болуына байланысты. Айталық, Сингапур Республикасында төрт тілге (малай, қытай, тамиль және ағылшын) мемлекеттік мәртебе берілген.
Бұл терминдердің ара жігі ажыратылып көрсетілетін мемлекеттер де бар. Мысалы, Мавритания Исламдық Республикасында «ұлттық тіл» мәртебесі араб тіліне, ал «ресми тіл» мәртебесі француз тіліне берілген.
Тілдердің дипломатиялық мәртебесі. Дипломатиялық хаттама бойынша халықаралық басқосулар мен конференциялардың барлық құжаттары, хаттамалары және қорытынды актілері сол басқосуға қатысқан барлық мемлекеттер тілдерінде берілуі тиіс. Өйткені бұлар дипломатиялық қатынастағы басқосудың ресми тілдері болып табылады.
Ал оларға қарағанда жұмыс тілдерінің шеңбері біршама тар болады. Бұл тілдерде мәмілелер жүргізіліп, баяндама немесе шешім жобалары жасалады.
Егер халықаралық шарт екі немесе бірнеше тілдерде жасалса, онда соның соңғы баптарында әрбір тілдегі мәтіндер бірдей заңдылық күші бар екендігі көрсетіледі, бәрі де түпнұсқа, бірдей мәнде саналады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, БҰҰ-да ресми тіл мәртебелері оған мүше мемлекеттердің барлығының тілдеріне емес, тек алты тілге берілген. (1945 жылы БҰҰ-ның құрылу кезінде ондағы ресми тіл бесеу болды: ағылшын, испан, қытай, орыс, француз). Бұл тілдерде БҰҰ-ның Жарғысы жасалып, қол қойылды. Кейін, 1973 жылы алтыншы ресми тіл болып араб тілі енгізілді.
Ұлттық-тілдік саясаттың деңгейлері. Қалыптасқан қызмет түріне қарай ұлттық-тілдік саясаттың өзіндік әрекет ету иерархиясы мен логикасы бар. Оның негізгі деңгейлері мынадай:
1) тілдік саясатты идеологиялық қамтамасыз етудің тұжырымдамасын жасау;
2) тілдердің қоғамдағы өзара қарым-қатынасын заңмен бекіту;
3) тілдердің өзара қарым-қатынасын әкімшілік бақылау және реттеу;
4) тілдік нормаларды кодификациялау;
5) тілдік саясатты қаржы-экономикалық қамтамасыз ету.
Жалпы тіл саясаты дегенімізді тіл қолдануды реттеуге бағытталған барлық саналы әрекеттер деп түсінген жөн.
Екі, одан да көп тілдік жағдайында тіл саясаты қатар өмір сүріп отырған тілдердің қызметі мен қолданылу салаларын анықтаудан тұрады. Ал біртілді қоғамдағы тіл саясатының нысаны жазудағы, грамматикадағы, лексика, стилистика, дыбыстаудағы норма болып табылады. Тілді нормаландыру ауызекі сөйлеу тілі емес, жазу тіліне бағытталады.
Саясат, оның ішінде тіл саясаты туралы айтқанда белгілі бір мақсатты жүзеге асыруға бағытталған саналы әрекетті көреміз. Тілге қатысты адамдардың қандай саналы әрекеті, мақсаты болуы мүмкін? Адамдар тілде нені өзгерткісі келеді? Әдетте қоғамның қажетіне қарай тіл өздігінен өзгермеуші ме еді? Егер тек өздігінен өзгеріп қана қоймай, адам арқылы өзгеруі қалай жүрмек? Адамдар тілге қалай саналы әсер ете алады, ол қаншалықты іске асады? Тіл саясатын кім жоспарлайды және кім жүргізеді?
Көптеген елдерде тіл саясатының субьектісі әр алуан мемлекеттік және мемлекеттік емес органдар мен институттар болып табылады.
Оларды өмірдің үш саласы байланыстырады:
1) мектеп;
2) кітап, кітап бастыру (кейінгі баспасөз радио, кино, теледидар);
3) қоғамның этникалық қарым-қатынасын реттеу мәселесі.
Адамдардың саналы әрекетін қажет ететін тілдің негізгі үш түрлі саласы мыналар:
1) графика және орфография;
2) терминология;
3) тілдің нормативті-стилистикалық жүйесі.
Тіл саясатын жүзеге асыратын субьектілер тізімі мынадай:
1.Этносаралық қатынастар істері жөніндегі комитеттер (министрліктер, депортаменттер).
2.Мектеп және арнаулы білім беру мекемелері (министрліктер, депортамаенттер).
3.Масс-медия
4. Ғылыми мекемелер
5.Ана тілі жанашырларының ерікті ұйымдары (қоғамдар мен серіктестіктер т.б.).
Ұлттық-тілдік идеологияның типтері. Ұлттық-тілдік саясат белгілі бір теориялық және идеологиялық негіздемелерге сүйенеді. Мемлекет, қоғамдық кластар мен жіктер, партиялар мен әр түрлі қозғалыстар ұлттық мәселе бойынша белгілі бір тұжырымдамаға, яғни өз түсініктерінде халық, ұлт, ұлыс дегендер кімдер, халықпен (этноспен) тіл, дін, мәдениет, мемлекет қалай байланысқан; мәдениетте, саясатта, идеологияда этникалық және жалпыадамилық, ұлттық, дінге сенушілік қалай сипатталады, халақтардың өзара қарым-қатынасындағы әділдік пен алға ұмтылушылықтың (прогресс) мәні не дегендерге сүйенеді.
Гуманитарлық сараптамалық тұрғыдан ұлттық мәселе бойынша әлемдік қауымдастық белгілі бір басымдылықтар, бағыт-бағдарларға негізделген шарттар жасаған. Бұл шарттар БҰҰ құжаттарында анық көрсетілген. Айталық, «Адам құқығының баршаға ортақ декларациясы (1948) мен «Адам құқығы туралы Халықаралық биллге (1966) сәйкес этнос пен мемлекет құқығына қарағанда адам құқығы жоғары басымдылыққа ие. Этнос құқығы этносты құрайтын адамдар құқығы арқылы жүзеге асады, ал мемлекет этникалық белгілеріне қарамастан барлық азаматтар құқығын қамтамасыз етуі керек. Мемлекеттік тіл – мемлекетпен байланысты туындаған саяси әрі әлеуметтік лингвистикалық категория. Қандайда бір тілдің мемлекеттік тіл ретінде танылуы, дамуы қоғамның, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық құрылымына, саяси күштерінің мүдделерінде, олардың ұстанған ішкі, сыртқы саясаттарына, халықтың әлеуметтік лингвистикалық бағыт-бағдарына байланысты болады. Демек, мемлекеттік тіл дегеніміз – елдің барлық аумағында және түрлі өмір салаларында қолданылуы баршаға міндетті болып табылатын, ресми жағдайы мемлекеттік дәрежеде белгіленген, белгілі бір мемлекеттің әлеуметтік-коммуникативтік жүйесінің негізгі компоненті.
Пайдаланылған әдебиеттер
1.Хасанұлы Б. Ана тілі – ата мұра. Алматы, 1992.
2.Абасилов А.Мемлекеттік тілдің Қазақстан Республикасының солтүстік аймағындағы қызметі: социолингвистикалық проблемалары, оларды шешу жолдары. Филол. ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. – Алматы, 1998. – 132 бет
3.Ferguson Ch.A.Language deveiopment. – Lpdh, 1973.
4.Большая Советская Энциклопедия. – Москва: Большая сов. Энциклопедия, 1953. Т.18.










Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.