Бижомарт Қапалбек
Мемлекеттік тілдің өрістей алмай отырғандығына Тіл орталықтары, олар әзірлеп шығарған жарамсыз әдістемелік құралдар кінәлі дейтін көзқарас бар. Қазір республика бойынша 400-ден аса Тіл орталығы жұмыс істейді екен. Оның 89-ы мемлекеттік. Осы орталықтар арасында өзара байланыс бар ма?
Мемлекеттік Тіл орталықтарының саны шын мәнінде 89 емес, аудандардағы орталықтарда ғылыми-педагогикалық әлеует жоқ. Тек 2 қала мен 14 облыстағы орталықтарды қосқанда мемлекеттік орталықтардың жалпы саны -16. Бүгінгі таңда, олар жекешеленіп жатыр, бұдан былай көбісі нарықта күндерін көре алмай жойылып кетуі мүмкін. Жергілікті әкімдіктерге керегі болмай, жекешелендіруге жіберілген орталықтарды алып қалу үшін Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитетінің басшылығы қазір бар күш-жігерін салып жатыр. Осы уақытқа шейін Мемлекеттік тілді дамыту жолында әр облыс өз білгендерімен жүріп келеді. Мәселен, белгілі бір облыстың тіл орталығы дайындаған оқу бағдарламасын немесе оқу құралдарын келесі бір аймақ өз тарапынан жаңадан қайта жасап, «Аққу, шортан һәм шаян» секілді әркім әр жаққа таратты. Ал, республика бойынша орталықтардың жұмысын үйлестіріп, бір жолға қою –Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының жұмысы болып табылады. Комитеттің қолдауымен бүгінгі таңда, орталықтың ғылыми-әдістемелік әлеуеті көтеріліп келеді. Жер-жердегі тіл орталықтарының басты мақсаты- мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік тілге үйрету, соларға арнап оқу-әдістемелік құралдар шығару болғандықтан, барлығы білгендерін ортаға салып, ақылдасып, республикалық орталықтан бекітіліп ұсынылған бағдарлама бойынша жұмыс жасағаны тиімді. Бірақ біз ғылыми негізге сүйенбей, көп уақытты жоғалтып алдық. Қазір осы бағыттағы олқылықтарымызды түзеп жатырмыз. Әр облыстағы тіл басқармалары мен тіл орталықтары бір-бір саланың оқу-әдістемелік әдебиетін әзірлеп шықса, содан кейін олар бір-бірімен дайын оқулықтарымен алмасса,біріздендірілген озық құралдар мәселесін бір-екі жылда-ақ шешуге болады.
Тіл саясаты ұлт саясаты, өйткені тіл дегеніміз жай қатынас құралы ғана емес. Тіл ұлттың өзі, ұлттың ішкі мазмұны деуге болады. Осыған орай, республикамыздағы тіл саясатының жүргізілуі қандай деңгейде?
Әлеуметтік лингвистика мамандарының айтуынша, тіл саясаты үш негізге сүйенеді. Бірінші, тіл саясатының заңдық негізі болуы; екінші, оны насихаттау; үшінші, тілге қатысты шараларды қаржылық қолдау. Бізде осы үшеуі де бар, бірақ жетілдіруді қажет етеді. Ата заңымызда қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде белгіленген, оның үстіне тілдерді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған бағдарламасы бар. Дей тұрғанмен, Мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыру үшін оны білуді міндеттеудің құқықтық негізін Қазтест арқылы күшейте беруіміз керек.
Екінші, насихат. Өзіңіз білесіз, біздің республикамызда медиа кеңістік қазақ- орыс деп екіге бөлінген. Орыс тілді БАҚ-та мемлекеттік тілдің насихаты аз да, қазақ тілді БАҚ-та өте көп. Республика аймағына тарайтын 8004 басылымның 2756-сы Қазақстанда, онда да оның 453-і ғана қазақ тілінде басылады да қалған 5248 газет пен журнал сырттан келеді. Қазақстанда тарайтын барлық басылымдардың шамамен 90 пайызы орысша, 6 пайызы басқа тілдерде, тек 4-ақ пайызы қазақ тілінде,- дейтін өте қорқынышты статистикалық мәліметтер бар. Яғни, тіл саясатын жүргізуге жауапты органдар осы бағыттағы жұмыстарын күшейте түсуі қажет.
Үшінші, қаржылық қолдау. Мемлекеттік тілді дамытуға арналған шараларға бөлінетін қаржы жеткілікті. Ол қаржы Комитет арқылы республикалық бюджеттен және облыстардағы Тіл басқармалары арқылы мәслихаттардың шешімімен жергілікті бюджеттен бөлінеді. Бірақ жүйелендіру жетіспейді. Жергілікті бюджеттен қаржыландырылғанымен, тіл саясатын және тілге қатысты жұмыстарды республика бойынша бірізге түсіру үшін басқармалардың жылдық жұмыс жоспарларын Комитеттен бекіткен жөн. Тіл басқармасы басшыларын тағайындауға да келісімді Комитет берсе ұтымды болар еді. Тілге бөлінетін барлық ресурсты бір мақсатқа жұмылдыру қажет. Жергілікті жерлердегі Тіл басқармалары Комитетке өңірлердегі тіл саясатын жүргізу бойынша есеп беріп отыруын заңдастырса дұрыс болар еді.
Ол үшін Комитет зор болу керек қой.Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті өңірлердегі барлық басқармаларға үлгі болып отыр ма?
Комитет қазір Тілдерді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын орындау барысында қыруар шаруа атқаруда. Қазақ тілді БАҚ-тың үлесін арттыру мақсатында «Терминологиялық хабаршы», «Ономастикалық хабаршы» бюллетендерін, «Тіл және қоғам», «Туған тіл» альманах және «Балапан» журналдарын шығарып таратуда. Сонымен қатар сөздіктер, анықтамалықтар, балаларға арналған әдебиеттер мен ұлттық танымдық энциклопедиялық басылымдардың жыл сайын 100-ден аса түрлерін 4000 данадан шығарып республика бойынша тегін таратуда. Өзге тілді азаматтар арасында мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту бойынша насихаттау жұмыстарын жүргізіп, тіл үйренуге қатысты оқу-әдістемелік құралдар мен семинар тренингтерді тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Тілге қатысты бүкіл ақпаратты жинақтау, тілге қатысты деректерді бір жерден табу, тегін көшіріп алу мақсатында «Tilgov»порталы жұмыс істейді. Қазіргі таңда, осы аталған жұмыстарды бүкіл республика бойынша бір жүйеге түсіру жұмыстары жүргізілуде. Өйткені, қазір Тіл орталықтарын бәсекелестік ортаға жіберумен қоса, өңірлердегі Тіл басқармалары да оңтайландыруға ұшырау үстінде. Жергілікті әкімдіктерде кейбір Тіл басқармалары Мәдениет басқармасымен ал кейбір өңірде мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында Білім басқармасымен қосылып кетті. Сондықтан бүгінгі таңда республикамызда тіл саясатын тиімді жүргізуде Тіл комитетінің рөлі ерекше екендігі белгілі.
Қазіргі кезде Мемлекеттік бюджет есебіне тілге қатысты шығып жатқан баспа өнімдеріне сын көп.
Иә, ештеме істемеген адамды ғана сынау мүмкін емес. Біткен іске сыншы көп-дейді халық. Комитеттің қолдауымен шығатын әдебиеттер алдымен қатаң түрде сараптамалық кеңестен өтеді. Талап бойынша баспа өнімдері төрт тақырыптық сала бойынша ғана қаржыландырылады. Олар балалар әдебиеті, оқу-әдістемелік құралдар, сөздіктер мен анықтамалықтар және ұлттық танымдық энциклопедия. Ал енді шығаруға сараптамалық кеңестің батасын алып, әрі қарайғы өзінің кәсіби жұмысын дұрыс атқара алмаған, баспа өнімін талапқа сай әзірлемеген орындаушыны жазалау керек. Қазір Комитет осы уақытқа дейін тілді дамытуға, үйретуге қатысты шыққан өнімдер және олардың әкелген пайдасы, шығарылған өнімге қоғамда сұраныс бар ма?деген сауалдарға жауап беретін зерттеу-талдау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Әлеуметтік лингвистика және практик мамандардың ұсыныстарын қорытып, болашақта шығарылуы тиіс өнімдердің тізімін жасау да бүгінгі күні аса кезек күттірмейтін мәселеге жатады. Мұндай сараптамалық жұмыстарды өңірлерде шыққан өнімдерге де жүргізу қажет деген ойдамыз.
Әңгімеңізде стратегиялық жоспар, ғылыми негіз туралы айтып өттіңіз. Осы ұғымдарды тарқатып айтсаңыз?
Менің республикалық орталыққа қызметке келгеніме бір жылдан асты. Комитеттің қазіргі басшылардың қолдауымен Республикалық орталықтың ғылыми әлеуетін көтеру бойынша үлкен жоспар құрып оны шетінен іске асыру үстіндеміз. Біріншіден, бұрын тек оқу-әдістемелік жұмыстармен ғана айналысатын болсақ, қазір іргелі ғылыми зерттеулер жүргізіп, балаларға арналған өнімдер шығарумен де айналыса бастадық. Қашанғы орыс тілділерге тіл үйретіп отыра бермекпіз? Мемлекеттік тілді дамыту өзгелерге тіл үйретумен ғана шектелмеуі керек. Біз қазір Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысы бойынша іргелі зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Яғни, біздің орталық қазір заң жүзінде ғылыми- зерттеу институттарымен теңесті. «Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы» 2014 жылғы 29 сәуірде «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабына сәйкес ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде акредиттелді, яғни акредиттеу туралы куәлік алды. Соның негізінде орталықта мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуді ғылыми негіздеу үшін әлеуметтік-лингвистикалық зерттеулер жүргізетін лингвистикалық зерттеулер бөлімі құрылып, ҚР БҒМ Ғылым комитетінен 2015-2017 жылдары жүргізілетін зерттеулерді гранттық негізде қаржыландыруға 7(жеті) ғылыми жоба ұсынылды. Енді Орталықтың атын «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Лингвистикалық зерттеулер институты» деп өзгертуге үкіметтің қаулысы шықса жеткілікті.Оның үстіне Мәдениет және спорт министрлігінің ішінен Білім және ғылым департаменті ашылды. Бұл біздің ғылыми жұмыстарымызды жандандыра түседі-деген үміттеміз.
Ұрпақ тәрбиесіне атсалысу да біздің басты міндеттеріміздің бірі – деп білеміз. Балам дейтін жұрт болмаса, ертең жұртым дейтін баланы қайдан табамыз? Балаларға арналған өнім шығаруда да ғылыми негізге сүйенбей, стратегиялық жоспар құрмай әркім өз бетінше жүріп келеді. Содан балаларымыз өзге жұрттың бақа-шаяны мен жүке-сабынын культ қылып отыр. Ал біз жүз том бабалар сөзін қаттап қойып отырмыз. Біздің ойымызша, діни экстремизм мен сыбайлас жемқорлыққа жұмсалған ресурстардың көбісін ұрпақ тәрбиесіне жұмсаса ұтымды болар еді. Бүгінгі жеткіншек кітап оқымаса, баға жетпес рухани байлығымызды күнде ұстап жүрген қолындағы электронды құралдарының ішіне, сол құралдардың тіліне ыңғайлап салу керек. Ұлттық тәрбиені молынан құйып, қазақтық өзекті сақтай алмасақ, ұрпағымызды тамыры жоқ қаңбақ секілді батыстың желі де, шығыстың желі де өз ыңғайына домалата бермек. Қолымызға қуат берсе, біз осының алдын алуға барымызды салып жатырмыз. Жастарға патриоттық тәрбие беру шараларын ұйымдастырудың ғылыми негізін жасау бойынша концепциямыз дайын. http://www.aikyn.kz/
Сұхбаттасқан: Берік Бисенұлы









Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.