Соңғы жазбалар
  • Түркияда Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы өтуде
  • Қостанай қаласында семинар-тренинг өтті
  • Журналистер марапатқа ие болды
  • «Тіл мерейі» байқауы семинар түрінде өтеді
  • Үш тұғырлы тіл туралы
«Фольклор кейіпкерлерінің бейнесін біріздендіру» байқауы
Бейнехабар
Үздік оқытушы

Тіл үйренушінің тілдік тұлғасы

Адам   – таным субъектісі,  іс-әрекет субъектісі, өмір жолының  субъектісі. Адам өмірінің мәні – стратегиялық бағыты, тәсілі, ұстанған бағыты, болашақ бағдарлары, келешек дамуы. Ал «Мен» дегеніміз – «Біз» атты психологиялық мәртебеге ие тұлғаның әлеуметтік сапасы. Адам тұлға ретінде мәдениетті тудырады және сонымен өмір сүреді. Тұлға халықтың, этностың мәдени дәстүрінің даму болашағында қарастырылады. Адамның адам болып өмір сүруі үшін мәдениет шегінде қалыптасқан мәдени-антропологиялық прототип қажет.

Мәдениет концептілері – кеңістік, уақыт, тағдыр, өмір, құқық, байлық, еңбек, бақыт, сенім, ар, тәртіп, күнә, жұмақ, тозақ, өлім тағы басқалар құндылықтар жүйесінің өзіндік белгілерін білдіреді және әлеуметтік мінез-құлық пен әлемді қабылдаудың үлгілерін көрсетеді. Бұл – тілдік тұлғаны қалыптастыратын ерекше координаттар жүйесі. Тұлға дегеніміз – ең алдымен адамның әлеуметтік табиғаты, ал адамның өзі әлеуметтік-мәдени өмірдің субъектісі ретінде қарастырылады. Атақты американ психологы А.Маслоу адамды сыртқы өмірге ешқандай бағынбайтын ішкі табиғаттың болмысы ретінде таниды. Оның айтуынша: «…непрерывный процесс развития изначально рассчитан на то, чтобы доставлять удовольствие» [1].

Тіл үйренушінің жеке тұлға ретіндегі келбеті оның тілдік тұлға келбетімен толыға түседі. Тіл  үйренуші екінші тілдің табиғатын таныған сайын, тілдік таңба арқылы санасына жинақтай береді, сөйтіп, санасы да, ойлауы да, тілі де дамиды. «Адамдар екінші тілді үйренгенде, жаңаша ойлап, сезініп, өзі әрекет жасап үйренеді және сол тілді меңгеру арқылы екінші тұлға болып қалыптасады. Жаңа тілдік «Мен» екінші тілімен араласып, жақындасып, тілге қызығушылығы артады, мәселелерді шешуге белсенді болады және өзін еркін, жеңіл сезінеді» [2]. Соның негізінде оның миы өзі өмір сүріп отырған ортамен, қоғаммен байланысқа енеді. Сөйтіп, үйренетін тілдің әлеуметтік-табиғи-қоғамдық ерекшелігі тілдік тұлғаның санасын қалыптастыра бастайды.

«Толық адам» проблемасын көтерген ұлы Абай: «Әлдебіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағуасына кіреді», – деп жазады өзінің қарасөздерінде [3]. Атақты ақын М.Жұмабаев та: «…адамның толық мағынасымен адам аталуы тіл арқасында», – деп, толық адамның  дара тұлғасын қалыптастырудағы тілдің маңызын баса көрсетеді [4]. Р.Сыздық: «Тіл – адамды тұлға ретінде тәрбиелейтін күш, ана тілі – адамды белгілі бір ұлттың, халықтың өкілі етіп шығаратын құрал”, – деп жазады [5].

Екінші тілдік тұлға мәселесі соңғы жылдары қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқыту мәселесіне қатысты зерттеулерде көтеріле бастады. Ересектерге, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді үйретудегі тілдік тұлға мәселесіне қатысты ғалым Б.Хасановтың «Мемлекеттік қызметшінің тілдік тұлғасы және тілдік орта» атты еңбегін атауға болады. Ғалым: «Мемлекеттік қызметшінің тілдік тұлғасы – нақты білім мен түсінік жиынтығын меңгерген, мемлекеттік қызметте өзін сөйлеу іс-әрекетімен танытатын тұлға», – деп атап көрсетеді [6].

Тілдік тұлға дегеніміз – мәтіндерді тудыру және қабылдай алу қабілетін иеленген адам. Ол қабілеті құрылымдық-тілдік күрделілік деңгейімен, шындықты бейнелеудің тереңдігі және дәлдігімен, нақты мақсатқа бағытталушылығымен ерекшеленеді. Тілдік тұлға ұғымына кең ғылыми мағына берген Ю.Н.Карауловтың пікірінше: «Тілдік тұлға – тілді зерттеудің барлық аспектілерін қамти отырып, адамды оның тілінен тыс қарастыратын пәндер арасындағы шекараны бұзып өтетін, ауыспайтын, алмаспайтын идея» [7].

Тілдік тұлғаның анализі түрлі деңгейлерде жасалуы мүмкін: қарапайым тілді меңгеру деңгейін көрсететін құрылымдық-тілдік деңгей және оның дамуын, мінез-құлығын басқаратын уәждемелер мен мақсаттарды айқындайтын, оның мәтін тудырушылығын басқаратын және әлемнің тілдік моделіндегі мәндер мен құндылықтар йерархиясын анықтайтын лингво-когнитивтік деңгей. Тілдік тұлға дегеніміз – тілде (мәтіндерде), тіл арқылы көрініс табатын  және өзінің негізгі белгілері тілдік құралдар базасында қайта құрылған тұлға. «Тілдік тұлға» ұғымы – адамның сапалық айқындылығын құрайтын физикалық және рухани ерекшеліктері философиялық, әлеуметтанымдық және психологиялық көзқарастар тұрғысынан айқындалатын қоғамдық мәні бар тұтастық ретіндегі пәнаралық термин.  «Ең алдымен «тілдік тұлға» ретінде сөйлесім әрекетіне қабілеттілігі тұрғысынан тілді қолданушы адам қарастырылады» [8]. Жеке тұлғаға сөйлесім туындыларын тудыруға және қабылдауға мүмкіндік беретін тұлғаның психофизиологиялық ерекшеліктерінің кешені сөйлесім тұлғасы болып табылады. «Тілді қарым-қатынас құралы ретінде қолданушы – қатысымдық тұлғаның вербалды мінез-құлығы ерекшеліктерінің жиынтығы да «тілдік тұлға» ретінде танылады» [9].

Адамды тілден тысқары зерттеу мүмкін болмайды, тілді жасаушы, қолданушы, пайдаланушы – адамға назар аудармай, тілдің шегінен аспай, тілдің өзін тану мүмкін емес. Себебі адамның бір ауыз сөзін естімейінше, оның қандай адам екені жайлы мәлімет алу мүмкін емес.

Ю.Н. Караулов көркем мәтінге сүйене отырып тілдік тұлғаның деңгейлік моделін жасап, оның үш құрылымдық деңгейін анықтап көрсетеді: 1.Вербалдық-семантикалық деңгей (немесе құрылымдық-жүйелік); 2.Когнитивтік деңгей (немесе тезаурустық); 3.Прагматикалық деңгей (уәждемелік) [10].Тілдік тұлғаны тануда Ю.Н.Караулов жеке дара зияткерлік қасиетін қарастыруды ұсынады да, тілдік тұлғаның бірінші деңгейіне сәйкес тілдік нормадағы бірлігін «нөлдік деңгей» деп атайды. Бұл деңгей – вербалдық-семантикалық (семантико-қатарлық, инварианттық) қарапайым сөйлеу тілін меңгеру дәрежесін көрсетеді, сөз тіркесі мен сөйлемнің тілдік жүйедегі қалыптасқан үлгісінен тұрады. Вербалдық-семантикалық деңгейде негізгі бірліктер ретінде сөздер қарастырылады, ал олардың арасындағы қатынас түрлі грамматикалық, парадигмалық және синтаксистік байланыстар арқылы көрініс табады, стереотиптері – стандартты фразалар мен сөйлемдер.

Екінші тезаурустық деңгей – әр адамның танымында, шығармашылығында ұғым, идея, тұжырым бірліктерінен құралатын когнитивтік деңгей. Онда әлеуметке тән релеванттық білімдер мен түсініктердің өзектілігі мен бірегейленуі және ұжымдық немесе жеке когнитивтік кеңістік тудыруы жүзеге асады. Бұл деңгей тұлғаның білім, сана, танымын бейнелеген мәтіндері негізінде қалыптасқан, мәтін түзуші, мәтін және мәтін қабылдаушы тұтастығынан тұратын дискурсын танытады. Мәтіндер арқылы көрінетін тілдік тұлға феномені – психикалық, әлеуметтік және этикалық, эмоциялық компоненттерден тұратын күрделі құрылым. Тілдік тұлға болмысы оның дискурсы арқылы анықталады. Яғни, қазақстандық тіл үйренушінің тілдік тұлғасының қарым-қатынас барысында таңдайтын коммуникативтік стратегиялары мен прагматикалық ниеті оның психологиялық, эмоциялық күйінен, сөзі бағытталған адресатпен достық қатынаста, пікірлес, мүдделес немесе керісінше болуынан байқалады.

Тілдік тұлғаның басым қажеттіліктерін, қызығушылықтарын, идеалдарын бейнелейтін неғұрлым маңызды концептілері оның тезаурусында соғұрлым кеңірек көрініс табады. Тезаурус дегеніміз – біріншіден, жиілігі бойынша реттелген сөздік, екіншіден, осындай сөздіктің негізінде айқындалған тілдік тұлғаның өзіндік бір ғалам бейнесінің суреті. Ол сурет тілдік тұлғаға тән ғалам бейнесі үзіктерімен тікелей байланыста болатын концептуалдық құрылымға негізделеді. Концепт – көп компонентті, күрделі когнитивті құбылыс, тілдік тұлғаның тілдік-когнитивті деңгейлерінің негізгі бөлшегі, әлемнің шындық немесе көркемдік негізін көрсетуші ұжымдық сананың қозғалысын айқындаушы бірлік. Адам санасындағы дүние бейнесі концептілердің көмегімен сөз арқылы таңбаланып, жарыққа шығады, вербалданады. Оның құрылымын орталық нүктесі, яғни өзегі бар және сол өзек маңына топтасқан білімдер, тұжырымдар, түсініктер мен ұғымдар, ойлар, қиялдар, болжамдар, ассоциялардан тұратын өріс түрінде елестетуге болады. Осы бағыттағы адам танымының үдерісі оның сол әлемде қандай бағдар ұстанғанына байланысты. Концептілік өріс құру арқылы белгілі бір концепт шеңберіндегі ғаламның тілдік бейнесі сипатталады. Концепт ұғымын лингвомәдениеттанымдық тұрғыдан ерекшеленетін ментальды көрініс ретінде айқындау гуманитарлық, оның ішінде лингвистикалық білімнің антропоцентристік парадигмасының қалыптасуындағы заңды қадам болып табылады.

Үшінші – жоғары прагматикалық деңгей – тілдік тұлғаның сөйлеу тілін, мәтін жасалымын түзуге себеп болатын мақсат, уәж, мүдде мен нұсқауын қамтыған уәждік деңгейі. Бұл деңгейде тілдік тұлғаның дамуын қамтамасыз ететін уәждемелер мен мақсаттар прагматикалық болмыста іске асады. «Тұлғаның сөйлеу тілін, мәтін жасалымын түзуге себеп болып тұрған уәждер, мүдделер, мәндер мен құндылықтар сөйлеушінің тілдік моделінде көрініс табады [12]. Ересек тұлғаның қазақ тілін оқып-үйрену әрекетінің уәждемесі тіл арқылы қазақ халқының ұлттық рухани, мәдени құндылықтарын меңгеру мақсатына айналуы тілдік тұлғаның ең жоғары прагматикалық – уәждемелік деңгейі болып табылады. Тіл ұстанушының өз ойын, түпкі ниетін жеткізу үшін ең тиімді деп тапқан тілдік құралдарды таңдауына себеп болған уәждерді көрсететіндіктен, бұл деңгейде тіл үйренушінің жеке басына тән, өзіндік тұлғалық белгілері айқын көрінеді. Тілдік тұлғаның уәждемелік деңгейін, немесе прагматиконын оның өмірлік мақсаттары, мүдделері мен уәждері, ұстанымдары мен ниеттері құрайды. Осы деңгейде тіл үйренушінің сөйлесім әрекеті оның тіршілік әрекетін ұғынуға әсер етеді..

Тілді меңгерудің әрбір деңгейінде тұлғаның жеке дара зияткерлік ерекшеліктерін көрсететін кеңістік болады. Жоғарыда айтылғандарды түйіндейтін болсақ, тілдік тұлғаның толыққанды қалыптасуы алдымен лингво-когнитивтік немесе тезаурустық деңгейден басталады. Осы деңгейде әлемнің тілдік бейнесі қайта жасалынуы, мәндер мен құндылықтардың иерархиясы білінуі мүмкін. Уәждемелік деңгей лингвистика шеңберінен тыс шығып кетеді, алайда, нақ осы деңгейде тілдік тұлғаның белгілері айқындала бастайды. Тілдік тұлғаның осы аспектісінің жүйе құрушылық әсерінің арқасындавербалды-семантикалық және тезаурустық аспектілер тұлғалық деңгейде әсер ете бастайды. Тіл үйренушінің тезаурусы оның болмысына тән тұрақты коммуникативтік қажеттіліктерді анықтауға көмектеседі. Сонымен «Тезаурустық деңгейде тұлға «субъект» ретінде, ал вербалды-семантикалық деңгейде – «индивид немесе жеке адам» ретінде көрініс табады» [13].

Тіл арқылы адамның  ішкі жан-дүниесі, мәдениет деңгейі, білімі, сана-сезімі көрініс табады, яғни «Тіл – адам рухының айнасы десек, ең алдымен ол айнада концептісі мәдениет константы қатарын құрайтын адам тұлғасы көрініс табады» [14]. Тілдік тұлға ұғымы тұлғаның жеке дара сана-сезімі және дүниеге көзқарасы мен тілдің өзара байланысын білдіреді. Кез келген тұлға өзін және өзінің субъектілігін заттық іс-әрекеті арқылы ғана емес, сонымен қатар тіл мен сөйлеусіз жүзеге асырылуы мүмкін болмайтын қарым-қатынас арқылы да көрсетеді. Адамның сөзі оның ішкі әлемін танытады, оның тұлғалық қасиетін танытатын мәлімет көзі қызметін атқарады. Сөзге құндылық сипат беру, бере алмау қабілеті тілді қолданушының ішкі дүниесінің дәрежесіне байланысты.

Прагматикалық деңгейде тілдік тұлға қоршаған ортамен тығыз байланысты және оған тәуелді болып келеді. Бұл  объективті қажеттілік оның психикасында көрініс табады. Қажеттілік қызығушылыққа, ал қызығушылық идеалға айналады. Адам тұлға болып тумайды, тұлға болып қалыптасады. Тұлға өзге адамдармен, әлеуметтік институттармен қатынаста, әлеуметтік байланыстар жүйесінде танылады. Тілдік тұлғаның мәні қарым-қатынас құндылығы деңгейінде ашылады.

 

Әдебиеттер:

1. Маслоу А. Психология бытия. Пер. С англ. О.О.Чистякова. -М., 1997.

2.Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас: Теориясы және әдістемесі. – А., 2000.

3.Абай Қара сөз. Книга слов. – Семей, 2001.

4.Жұмабаев М. Педагогика. –  А., 1992.

5.Сыздық Р.Қазақ сөзінің әсемдік құдіретін жоғалтпалық // Мемлекеттік тіл және рухани мәдениет (Профессор Ш.Сарыбаевтың 75 жылдығына арн. ғылыми-теор. конф. матер.). – А., 2001.

6.Хасанұлы Б. Мемлекеттік қызметшінің тілдік тұлғасы және тілдік орта. – Астана.-2008.

7.Караулов Ю.Н. Русская языковая личность и задачи ее изучения // Язык и личность.- М., 1989

8.Богин Г.И. Модель языковой личности в её отношении к разновидностям текстов: АДД. – Л., 1984.

9.Сухих С.А., Зеленская В.В. Репрезентативная сущность личности в коммуникативном аспекте реализаций.-Краснодар, 1997.

10.Караулов Ю.Н. Русский язык и языковая личность. – М., 2002.

11.Воркачев С.Г. Лингвокультурология, языковая личность, концепт: становление антропоцентрической парадигмы в языкознании // Филологические науки. – 2001.

12.Жаманбаева Қ.Ә. Тіл қолданысының негіздері: эмоция, символ, тілдік сана. – А., 1998.

13.Апресян Ю.Д. Избранные труды, т. 2. Интегральное описание языка и системная лексикография. -М., 1995.

14.Степанов Ю.С. Константы. Словарь русской культуры. Опыт исследования. – М., 1997.

 

 

(Жалпы 497 рет, ал бүгін 1 рет қаралды)

Пікір жазу

Әлеуметтік желідегі профиль арқылы: 
Жаңа өнімдер
Терминдер мен ұғымдар
Терминология-лық анықтамалық
(нормативтік-құқықтық актілер жинағы)
Мекемтас Мырзахметұлы
ЭТНОСАЯСИ СӨЗДІК
Терминдер мен ұғымдар
'; IR[1] = '
ҚАЗАҚСТАН – 2050
Терминология-лық анықтамалық
'; IR[2] = '
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ САЯСАТЫ
(нормативтік-құқықтық актілер жинағы)
'; IR[3] = '
АБАЙТАНУ
Мекемтас Мырзахметұлы
'; objIR = document.getElementById('IRHolder'); objIR.style.height = (IR_numberOfElm * IR_heightOfElm) + 'px'; IRContent(); }
Күнтізбе
Шілде (2026)
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
« Мау    
  1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31
Профиль
Соңғы пікірлер