Қазіргі жас ұрпақтың Алдаркөсе мен Қожанасыр сынды төл кейіпкерлеріміз тұрғанда шетелдің құбыжықтарына тамсануы қынжылтпай қоймайды. Осы мәселеге қатысты қандай іс-шаралар атқарудасыздар?
Өз кейіпкерлеріміз туралы бүгінгі таңда бірді-екілі жаңа электронды дүниелер шыққанымен, оларда бірізділік жоқ. Мәселен, Алдар көсе жайлы бірнеше мультфильм, бірнеше кино туындылар бар. Алайда олардың барлығы жиынтық бейнені бір кейіпкер ретінде көрерменге жан-жақты таныту мақсатында емес, әр жаққа тартып, быт-шыт қылып бөлу, атынан өзге ештемесін есте қалдырмау үшін шығарылғандай әсер қалдырады. Осындай сапасыз жұмыстардың қатарына Алматы қаласы Тіл басқармасының шығарған «Алдаркөсе»м ультфильмдер топтамасын да жатқызуға болады. Ондағы Алдар көсе орыстың ағаштан жасалған Буратино деген кейіпкеріне ұқсап кеткен. Мұндай келеңсіздіктерді жою үшін халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерінің портреттерін біріздендіру қажет. Бұл идеяны ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов осыдан бір ғасыр бұрын жазылған «Қара қыпшақ Қобыланды» деген сын мақаласында айтады: «Кітап бетіндегі суретте Қобылекең бір нашар бақалшы болып салынған. Қазақта «Ат ерінді, ер мұрынды» деген мақал бар. Суреттегі Қобыланды батыр мұрнынан айырылып, пұштиып тұр. Кітапты қайта басқанда Қобыланды батырдың өзінің суретін де, атының суретін де жырдағы жазуға дәл қылып беру керек».
Кейіпкердің мәтінге сай бейнеленбеуі бір ғасыр өтсе де өзгермеді. Кейбір суретшілер тіпті Алдаркөсеге тал-тал сақал, қияқ мұрт та салып қояды.
Мемлекеттік тілді дамыту институты жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында халық ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлерді біріздендіру шараларын ұйымдастыруға арналған «Бесігіңді түзе» жобасын жүзеге асыруды бастап кетті.
Ұйымдастырушылар біріздендірілетін образдарды анықтау, мәтіндік нұсқаларға әдеби сараптамалар жасау сияқты маңызды жұмыстарды М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкерлерімен бірігіп жасамақ. Осындай ауқымды шаралар арқылы қазақ баласы өз кейіпкерлерін оқулықтың сыртынан, көшедегі билбордтан, мульфильмдерден, ойыншық-қуыршақтар арасынан, жалпы қай жерден көрсе де, бірден танып, атын атайтын деңгейге жетеріміз анық.
Әңгімелескен Дарын Секер



Қазақтың тілін тұғырлайтын, мәңгілік ғұмырлауға жетелейтін оқулықтар шығарылды




Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.