Соңғы жазбалар
  • Түркияда Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы өтуде
  • Қостанай қаласында семинар-тренинг өтті
  • Журналистер марапатқа ие болды
  • «Тіл мерейі» байқауы семинар түрінде өтеді
  • Үш тұғырлы тіл туралы
«Фольклор кейіпкерлерінің бейнесін біріздендіру» байқауы
Бейнехабар
Үздік оқытушы

ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен  Әлеуметтік және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардың өзекті мәселелері мен пәнаралық зерттеулері нысаны бойынша 2015-2017 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру негізінде орындалатын

«Инновациялық технологияларды пайдалану арқылы фольклорлық кейіпкерлерді біріздендіру» атты ғылыми жобасының

ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

Жобаның мақсаты мен міндеттері

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтiк-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында жастарға білім беру кезінде оның тәрбиелік жағына, атап айтқанда, патриоттық пен адамгершілік, ұлтаралық татулық және толеранттылық, физикалық және рухани даму жағына аса қатты көңіл бөлу керектігін атап көрсеткен болатын. Жалпы білім беретін мекемелердің міндеті өз елінің патриотын тәрбиелеп шығару, жас өркеннің қабілеті мен дарынының ашылуына жағдай жасау, сондай-ақ оларды бәсекеге қабілетті азамат етіп дайындау болып табылады. Осы қызметті жүзеге асыру барысында білім беру мекемелері үнемі ұлттық дәстүрлерге сүйеніп отыруы тиіс. Ұлттық құндылық мәселесі сөз болғанда халықтың сан ғасырлар бойы жинақтаған алтын көмбесі-халық ауыз әдебиетіне тоқталмай өту мүмкін емес. Өйткені сөз қадірін өз қадірім деп ұққан ата-бабамыз тілі мен діліне, ұрпақ тәрбиесіне қатысты көрген-түйгендерін, насихат-өнегесін халық ауыз әдебиеті арқылы мирас етіп отырған. Қазақтың айтыскер ақындары, жыршы термешілері, сал-серілері дастан, жыр, терме т.б. да рухани құндылықтарымызды ер арасына таратушы, насихаттаушы ретінде қызмет атқарса, өскелең ұрпақты аналарымыз бесік жыры арқылы, ал аталарымыз бен әжелеріміз ертегі, хикая, аңыз-әңгімелер арқылы рухани уызбен сусындатты.

Осы рухани уыз қазақ баласының өмірлік азығы болып, соқпағы мол тағдыр жолында адами мәселелерді шешуде көп қажеттілігін өтеді.

Өкінішке орай, ғылым мен техника қарыштап дамыған бүгінгі өркениетті заманда өткен құндылықтарымыздан қол үзіп барамыз. Мұның бір себебі ретінде қазақ фольклорлық мұраларының ғаламтор бетінен, интернет кеңістігінен тиісті орнын ала алмай жүргендігін де айтуға болады. Инновациялық технологиялардың жетістігін пайдалана отырып, қолда бар мұраларымызды жастар арасында насихаттау бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі.

Халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерінің фольклорлық мәтіндердегі бейнелену барысын, ұлттық колоритін сақтай отырып  қағаз бетіне түсіру, яғни сөзбен салынған бейнені бояумен салынған бейнеге айналдыру  арқылы жас ұрпақтың санасына сіңіру байқаудың басты мақсаты болып табылады.

Бұл мақсатқа жету үшін мынадай міндеттер атқарылуы тиіс:

  • Қазақ фольклорының түрлі жанрларындағы басты кейіпкерлерді анықтап, олардың тізімін жасау;
  • Таңдап алынған кейіпкерлердің сипатын, мінез-құлқын сөзбен сомдаған мәтіндерді жинақтау;
  • Фольклортанушы ғалымдардың зерттеу еңбектеріне шолу жасап, пікірлерімен танысу, ғылыми мақалаларды, жинақтар мен монографияларды зерделеу;
  • Қазақстан Республикасында балаларға арнап өнім шығаратын ұйымдардың тізімін жасап, жобаның мақсатымен таныстыру;
  • Осы салаға еңбегі сіңген тұлғалардың (суретшілер, мүсіншілер, ғалымдар, жазушылар және т.б.) келісімін алып, салиқалы қазылар алқасын құру;
  • Халық ауыз әдебиетінен сұрыпталған кейіпкерлерді біріздендіру үшін суретшілер арасында ашық байқау жариялау, әр кейіпкердің жеке портретін (өңін) анықтап бекіту.

Ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында, инновациялық технологияларды пайдалану арқылы кең ауқымды, ұзақ мерзімді жұмыстар жүргізу, түрлі-түсті суреттермен иллюстрацияланған кітаптар, монитордан бейнесін көру мүмкіндігі  бар аудиокітаптар, мультфильмдер жасап шығару. Жасалып жатқан жұмыстарды ресми орындардың көмегімен әлеуметтік маңызы бар шара ретінде жарнама өндірісін пайдалану арқылы насихаттау және ұлттық кейіпкерлердің қатысуымен компьютерлік ойындар, бояма кітаптар, дыбысталатын қуыршақтар басқа да мүсінді ойыншықтар шығару.

Жобаның қысқаша сипаттамасы және әлеуметтік мәні

Жаһандану дәуірінде жұтылып кетпей, ұлт ретінде тұтастықты сақтап қалу үшін жас ұрпақ, жаңа буынға патриоттық тәрбие беру ауадай қажет іс. Елбасы Н.Назарбаев: «Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы.

Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік Мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Мәңгілік Елордамызды тұрғыздық. Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел!» – деген болатын.

Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген қоғамдық нормалар мен басымдықтар бола тұра, қазіргі жастар арасында асығыс түрде батыстық немесе шығыстық өмір салтын қолдану қарқын алуда. Бұл білім беру, жас ұрпақты тәрбиелеу ұйымдарының, отбасы, қоғамдық ұйымдар, діни бірлестіктер, қосымша білім беру орталықтары, спорт және мәдениет мекемелері, бұқаралық ақпарат құралдарының стратегиялық бағдарламаларында ортақ бағыттар мен әріптестік қарым-қатынастарында елеулі олқылықтар барын байқатады. Жаһанданудың басты позитивті өзгерістерімен қоса, негативті көріністері осындай ірі әлеуметтік-саяси өзгерістер кезінде орын алатындығы заңды құбылыс болып табылады. Сондықтан жастардың ақыл-ой әлеуетін барынша дамыту, ұлттық сезімдерін ояту, патриоттық рухты қалыптастыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. Қазіргі электронды ақпарат алудың жолдары кеңейіп, кітап оқу жағы кенжелеп отырған заманда жас ұрпақ өзінің төл құндылықтарынан ажырап қалмас үшін бұл жобаның мәні ерекше.

Бұрынғыдай әжесі мен атасының қойнында жатып ертегі тыңдайтын бала қазір аз. Бүгінде балалардың басым бөлігін электронды ақпарат құралдары тәрбиелеп жатыр. Онда қазақша өнімдердің үлесі өте аз. Бүгінгі бүлдіршіндердің ойнайтын ойыншықтарының Шрек, Naruto, Халк, Монстр Хай, Кун Фу Панда, Скуби-ду, Смешарики болуы, қарайтын мультфильмдерінің «Бэн-10», «Құбыжықтар мектебі», «Маша мен аю», «Фиксики», «Сам-сам» т.б. болып келуі көкірек көзі ашық азаматтың кез келгенін қынжылтары анық. Өйткені өзге халықтың фольклорлық қаһармандарын көрсету арқылы біз сәби санасын қазақылықтан алшақтатып жатырмыз.

Оның орнына қолынан жаңа үлгідегі қалта телефондары мен түрлі модельдегі гаджеттерді тастамай, интернет кеңістігінен шым-шытырық мультфильмдер мен бейнежазбаларды қарайтын жеткіншектеріміз бен бүлдіршіндеріміз өсіп келеді. Бүгінгі таңда балалардың басым бөлігін электронды ақпарат құралдары тәрбиелеп жатыр. Сондықтан да  кез келген қазақ баласы халық ауыз әдебиетіндегі желаяқ, көлтауысар, таусоғар тәрізді кейіпкерлерді емес,  шетелдерден келген бастары төртбұрышты, үшбұрышты, жасыл түсті адами сиқы жоқ неше түрлі құбыжық кейіпкерлерді қайдан көрсе де тап басып, түсін түстеп айтып береді. Өйткені олар алдымен бала санасына тәуелсіз экраннан талғамсыз беріліп жатқан мультфильмдер арқылы сіңіп жатыр. Содан кейін танымал болған әлгі құбыжық кейіпкердің бейнесі сурет, фигура түрінде шығарылып сауда жүйесімен таратылады. Соларды мысалға алып үлгі ұстаған түрлі-түсті шағын кітапшалар шығарылады. Тіпті, Қазақстанда шығатын балалардың тағам өнімдерін жарнамалайтын шаралардың өзінде әлгі шетелдік кейіпкерлер жапсырма түрінде таратылады. Сөйтіп әлгі кейіпкер баланың піріне айналады.

Аталған жоба жаһандану дәуірінде жас ұрпақтың санасына ұлттық рух, ұлттық идеяны сіңіруге бағытталған. Қазақтың ұлттық  болмысы, тілі, мәдениеті, тарихы атадан-балаға мирас болып келе жатқан аңыз-әңгімелерінде, батырлық жырларында, ертегілері мен шешендік сөздерінде, жұмбақтары мен жаңылтпаштарында сақталған.

Біздің ойымызша, бұл жобаны іске асыру арқылы базалық ұлттық құндылықтар мен ұлттық рухани құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіруге бағытталған Қазақстан Республикасындағы жалпы білім беру жүйесіне үлкен қолдау болады.

Фольклорлық кейіпкерлердің суретшілер сомдаған, бірізге түскен бейнесінің негізінде түрлі мульфильмдер қойылса, әртүрлі материалдардан жасалған қуыршақтар сомдалса, түрлі-түсті көз тартарлық кітаптар шығарылса бүгінгі бүлдіршін хат таныған уақытында фольклорлық мұраларды іздеп жүріп оқымас па, ес біліп, етек жапқан уақытта сол фольклорлық мұраларда айтылған өнеге-насихатты өмірлік ұстанымы етпес пе?!

Бүлдіршіндерімізді шет ел әдебиетінің қаһармандарына еліктетіп өсірмей, өз асылдарымызды ұлықтау мақсатында ұйымдастырылып отырған бұл бастаманы барша жұрт қолдайды деп сенеміз.

Балаларға арнап өнім шығаратын барлық мекемелер бұл жобаның нәтижесін қуана қарсы алады деген ойдамыз. Бұл тұжырымдама жалпы білім беретін мекемелердің басқа да әлеуметтік ұйымдармен (отбасымен, қоғамдық ұйымдармен, діни бірлестіктермен, қосымша білім беру, спорт және мәдениет мекемелерімен, бұқаралық ақпарат құралдарымен) бірігіп, ұлттық дәстүрді сақтауды, оны жас ұрпақ санасына сіңіруде ауқымды инновациялық бағыт болмақ. Бізде ұлттық тәрбиенің олқылығынан батыстың ағымына еріп  жалаңаштанған немесе шығыстың ағымына еріп тұмшаланған ұрпақ өсіп жатқанын көріп отырмыз. Ұлттық тәрбиеміз мықты болса, біздің жас буын  сол ағымдардан керегін ғана алып, толығып, тамырын ұлт топырағына терең жіберіп, ағымға ермей тұрар еді ғой.

Жаһандану кезінде құндылықтардың өзгеруінен қоғамдағы рухани тұтастық бұзылып, жастардың өмірлік басымдықтары өзгеру үстінде, ата буынның бабадан мирас болып келе жатқан дәстүрлік нормасы бүгінгі өмір салтынан шеттетіп қалуда. Осындай жалпы ұлттық маңызды міндеттерді шешуге жалпы білім беру және мәдениет  жүйесінің барынша атсалысуы тиіс екендігі белгілі жайт.

Тәрбие белгілі бір идеалға сүйеніліп жүргізілетіндігі белгілі. Ол нақты бір кезеңде белгілі бір мәдени-әлеуметтік ортада өмір сүретін адамның образы болуы тиіс. Бұл жағынан келгенде де ақпараттар тасқыны арқылы жас ұрпақ санасына сіңіп жатқан шетелдік жасанды кейіпкерлерге қарағанда, тәрбиелік мәні зор өзіміздің ұлттық кейіпкерлерді идеалға айналдыру дұрыс болатындығына күмән жоқ. Халық ауыз әдебиетіндегі ұлттық тәрбиеге берері ұшан теңіз керемет кейіпкерлер балалар санасына жетпей, әлі күнге қолжазба қорларында том-том болып оқылмай, ашылмай, шаң басып жатыр. Ал қолжазбадан кітап болып басылып шығу бақытына ие болған фольклорлық нұсқаларымыздың өзі мұражайдағы экспонаттар тәрізденіп сөрелерде жиналып тұрғаны қынжылтады. Фольклорлық мәтіндерді бала санасына жеткізу үшін  оларды бала күнде қолданатын электронды құралдарға енгізу бүгінгі күннің басты міндеті болуы тиіс. Ертегінің сюжеттерін монитордан көретіндей етіп аудио жинақтар шығару, қазақ ертегілерінің желісімен қызықты  мультфильмдер жасау бүгінгі күннің кезек күттірмес мәселелерінің бірі болып табылады.

Орыс халқының ауыз әдебиетіне арнап шығарған еңбектерінде, мысалы, миф, ертегі, аңыз, әпсана, хикаяларына арналған жинақтары, көбіне персонаждарының суреттерімен беріледі. Осы тұрғыдан келгенде бізде ертеректе шыққан кейбір кітапшалар болмаса, ондай жинақтар жоқтың қасы. Қазіргі таңда өзіміздің небір әдемі ертегі, аңыз, хикаяларымыздағы персонаждарды түрлі түсті суреттермен бейнелеп, бүлдіршіндер мен мектеп оқушыларына арналған жинақтарды неге шығармасқа.

Ең бастысы, ертегінің кейіпкері мультфильмде де, ертегі кітаптарда да, ойыншық-фигураларда да, оқулықтарда да бір кейіпте, бір образда болуы тиіс. Яғни, ең алдымен әр кейіпкердің портреті жасалуы керек. Оларды оқулық, жинақ, мультфильм түрінде шығаратын шығармашылық топтар осы образдан ауытқымауы керек. Сонда қазақ баласы өз кейіпкерлерін қайда көрсе де жазбай танитын болады. Мәселен, қазір қазақ ауыз әдебиетіндегі халық арасында көп тараған ұнамды күлдіргі кейіпкер – Алдар көсеге қатысты бірнеше туынды (мультфильмдер, кітаптар, қуыршақтар) бар. Бірақ әр туындыда әртүрлі бейнеде:

Халық ауыз әдебиетіндегі басқа кейіпкерлердің бейнелерін беруде де осы әркелкілік мен мұндалайды. Төменде Алпамыс батырға қатысты суреттер берілген:

 

Мұндай әркелкілікті Қыз Жібектің портреттерінен де байқауға болады:

 

«Инновациялық технологияларды пайдалану арқылы фольклорлық кейіпкерлерді біріздендіру» атты ғылыми жобасының идеясының туындауына ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың осыдан бір ғасыр бұрын жазылған «Қара қыпшақ Қобыланды» деген сын мақаласы түрткі болып отыр. Ол кісі былай дейді: «Кітап бетіндегі суретте Қобылекең бір нашар бақалшы болып салынған. Қазақта мақал бар: «Ат ерінді, ер мұрынды» деген. Суреттегі Қобыланды батыр мұрнынан айырылып, пұштиып тұр. Орыстың үш батырын салған Васнецов шебердің картинасы бар. Бұл ашық хаттың сыртына басылып, 5 тиынға сатылады. Осы орыс  батырлардың  суреттеріне қарасақ, Қобыланды батырға мінгізген боз айғыр Добрина Никитичтікі. Қобыланды батыр өзі Алеша Попович, күн салып қарауы Илья Муромец  көрінеді. Бұл менің жоруым рас болса, «Қобыландыны» басқан басқарма адасқан. Бұл ұят. Мұны мәдени жұрттарда ұрлық дейді. Кітапты қайта басқанда Қобыланды батырдың өзінің суретін де, атының суретін  де жырдағы жазуға дәл қылып беру керек. Тайбурылды тяжеловоз айғырға айырбастағанға қазақ көзі ұялады.

Міне, кейіпкердің мәтінге сай бейнеленбеуі бір ғасыр өтсе де өзгермеді. Сондықтан біздің орталық инновациялық технологияларды пайдалана отырып, жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында халық ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлерді біріздендіру шараларын ұйымдастыруға арналған «Инновациялық технологияларды пайдалану арқылы фольклорлық кейіпкерлерді біріздендіру» атты ғылыми жобасын қолға алып отыр. Біз үшін, жалпы ұлт үшін бұл жобаның әлеуметтік мәні өте жоғары.

Жобаны жүзеге асыру кезеңдері

Жобаны жүзеге асыру екі кезеңнен тұрады:

І – бекіту кезеңі:  халық ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлерді анықтап, тізімін жасау, мәтіндегі сипаттамаларын тауып, талдау жасау, филолог, этнограф мамандардан комиссия құрып байқау жариялау, қорытындысын шығарып, халық ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлердің портреттік бейнелерін бекіту жұмыстарынан тұрады.

ІІ – насихаттау кезеңі: ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында, инновациялық технологияларды пайдалану арқылы кең ауқымды, ұзақ мерзімді жұмыстар жүргізу, түрлі-түсті суреттермен иллюстрацияланған кітаптар, монитордан бейнесін көру мүмкіндігі бар аудиокітаптар, мультфильмдер жасап шығару, жасалып жатқан жұмыстарды ресми орындардың көмегімен әлеуметтік маңызы бар шара ретінде жарнама өндірісін пайдалану арқылы насихаттау және ұлттық кейіпкерлердің қатысуымен компьютерлік ойындар, бояма кітаптар, дыбысталатын қуыршақ ойыншықтар шығару және т.б. жұмыстардан тұрады. Кейбіреулер үшін бұл ұсақ-түйек шаруа болып көрінуі мүмкін. Біздіңше, бұдан маңызды, бұдан іргелі жұмыс жоқ. Балам дейтін жұрт болмаса, ертең  жұртым дейтін баланы қайдан табамыз?!

Ұйымдастырушылар біріздендірілетін образдарды анықтау, мәтіндік нұсқаларға филологиялық сараптамалар жасау сияқты алдыңғы кезекте істелетін жұмыстарды Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының  қызметкерлерімен бірігіп жасамақшы. Бұл жұмыстарды мамандар атқаруы тиіс. Өйткені, халық ауыз әдебиеті көпнұсқалы болып келеді. Мәселен, Қобыланды батырдың батыстық, шығыстық деген сияқты отыз түрлі нұсқасы бар екендігі анықталып отыр.

Инновациялық технологияларды пайдалана отырып, жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында халық ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлерді біріздендіру шараларын ұйымдастыруға арналған «Инновациялық технологияларды пайдалану арқылы фольклорлық кейіпкерлерді біріздендіру» атты ғылыми жобасының тұжырымдамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы жолдауына, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 24 қазандағы № 487-ІV «Білім туралы» заңына сай жасалып отыр. Сондықтан бұндай ауқымды шараларды жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі (Мектепке дейінгі және орта білім департаменті, Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы РМҚК, «Мектепке дейінгі балалық» республикалық орталығы РМҚК, «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы РМҚК), Мәдениет және спорт министрлігі (Мәдениет комитеті, Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс  комитеті, Ақпарат және мұрағаттар комитеті), сондай-ақ меншік нысанына қарамастан республика аумағында тіркелген барлық БАҚ-тар, балаларға арнап өнім шығаратын барлық ұйымдар (баспаханалар, ойыншық шығаратын мекемелер, анимациялық студиялар және т.б.) мүмкіндігінше атсалысулары керек. 

(Жалпы 453 рет, ал бүгін 1 рет қаралды)

Пікір жазу

Әлеуметтік желідегі профиль арқылы: 
Жаңа өнімдер
Мекемтас Мырзахметұлы
(нормативтік-құқықтық актілер жинағы)
Терминология-лық анықтамалық
Терминдер мен ұғымдар
АБАЙТАНУ
Мекемтас Мырзахметұлы
'; IR[1] = '
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ САЯСАТЫ
(нормативтік-құқықтық актілер жинағы)
'; IR[2] = '
ҚАЗАҚСТАН – 2050
Терминология-лық анықтамалық
'; IR[3] = '
ЭТНОСАЯСИ СӨЗДІК
Терминдер мен ұғымдар
'; objIR = document.getElementById('IRHolder'); objIR.style.height = (IR_numberOfElm * IR_heightOfElm) + 'px'; IRContent(); }
Күнтізбе
Шілде (2026)
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
« Мау    
  1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31
Профиль
Соңғы пікірлер