Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек,» – деді.
Осы орайда, келешек ұрпаққа сапалы білім беру заман талабына айналуда. Сапалы білім көрсеткіштерінің бірі пәндік олимпиада болып табылады. Жалпы, пәндік олимпиадалар тарихы тым әріден басталады. Ал оқушылар үшін ең алғаш 1934 жылы Ленинградта математика пәнінен олимпиада өткізіліп, ал 1960 жылдары пәндік олимпиадалар халықаралық деңгейде ұйымдастырыла бастаған екен. «Олимпиада» сөзінің этимологиясы грек тілінен «ақиқат» және «түсінік, білім» деген мағыналарды береді екен. Ежелгі Грецияда басын бұлт ораған ең биік Олимп тауларынан бастау алатын осынау сөздің түп тамыры биіктік, асқақтық, шың дегенді білдірсе керек. Ендеше, белгілі бір пәннен ең үздік білім көрсетіп, ақиқатқа қол жеткізген оқушы биік шыңнан көрінеді дегенді айқындайтын пәндік олимпиадалар күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Осы олимпиадаға оқушы дайындаудың белгілі бір дайын рецептісі жоқ. Әр мектеп, әр мұғалім өткен тәжірибелері негізінде өз бетінше оқушы дайындап жүр. Мен де «Олимпиадаға оқушыларды қалай дайындап жүрміз, қандай жолдары бар?» деген сауал төңірегінде өз іс-тәжірибемізді ортаға салғым келеді.
К.Д.Ушинский: «Ана тілін толық меңгермеген бала тарихты, географияны, жаратылыс ғылымдарын өз бетімен айтып бере алмайтын күйге ұшырайды. Ана тілінің басқа пәндердің бәріне қатысы бар және олардың нәтижелерін өзіне жинастыратын басты өзекті пән екені түсінікті емес пе ?!» – дейді. Осы өзекті пәннен олимпиадашы дайындау үшін, алдымен, «дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы ана тіліміздің» білгірлерін, жанашырларын дайындап шығару үшін, алдымен, тілге бейімді, тіпті, мен айтар едім, сөзбен «ауыратын» талантты, өлеңмен «өртенетін» дарынды балаларды тауып алу керек. Екінші, өзінің, ата-анасының ризашылығы мен рұқсатын алу керек. Көбінесе, жақсы оқитын оқушылар барлық пәнге бейім болады да, жыл басында сол оқушыларға мұғалімдер арасында «талас» туады. Немесе оқушы басқа бір пәнді таңдаса, басқа мұғалімнің ренішіне қалып, ыңғайсыз жағдайлар туындап жатады. Кейде бір мұғалім бір оқушыны иемденіп алады да, оның енді ән айтып, би билеуіне, не қоғамдық жұмысқа араласуына шектеу қойып жататын жағдайлары да кездеседі. Сондықтан, алдымен, оқушы мен ата-ана таңдауы, өздерінің қалауы ескерілгені құба-құп.
Үшіншіден, олимпиадашы балаға тереңдетіп білім беру жолдары қарастырылуы тиіс, яғни даярлау бағдарламасы терең де, ауқымды құрылу керек. Келесі қадамдар былайша құрылса болады:
- Олимпиадаға дайындау жоспарын жасау;
- Сабақ кестесін нақтылау;
- Жүйелі, үздіксіз, бірізді жұмыс кестесін құру;
- Университет ұстаздарымен тығыз байланыс жасау;
- Әр оқушының ерекшелігіне қарай жеке жұмыс жасау, өздігінен жұмыс жасай білу дағдысын қалыптастыру; (облыстық, университет кітапханасында болып, Интернет жүйесіне кіреді)
- Республиканың басқа мектептеріне барып жұмыс жасату;
- Жаз айында, каникул күндерінде «Интеллектуалдық пән лагерінің» жұмыс жасауы ;
- Оқушыларға құлшыныс тудыратын жағдайлар жасау;
- Түрлі білім олимпиадаларына, сайыс, байқауларға қатыстыру; (қашықтық олимпиадалары, «Кенгуру», «Ақ бота», «Русский медвежонок», «ХХІ ғасыр көшбасшысы» т.б.)
- Марапаттау, мадақтау, көтермелеу, ынталандыру шараларын қарастыру.
Жоғарыдағы аталған дәйектерге қатысты қысқаша түсініктеме жасасақ, қыркүйек айы ұйымдастыру кезеңі болып, оқушылар өз қалауымен жетекші ұстаздарға топталып, олимпиадаға қатысатын оқушылардың тізімі, бағдарламасы, дайындық кестесі құрылады. Көпшілік ұстаздар олимпиада дайындығын кеш бастайды. Мұндай іс-әрекеттер еш уақытта нәтиже бермейтіні мәлім. Сондықтан бірізді, үздіксіз, жүйелі жұмысқа аса мән берген жөн.
Қазан айында алғашқы мектепішілік олимпиада өткізіліп, жүлделі орындағы оқушылар нақты дайындыққа кіріссін. Ұстаздар қауымы «Дарын» орталығы ұсынған бағдарламаға сүйене отырып, жекелеген оқушылардың білім деңгейіне лайықтап терең де, мазмұнды бағдарлама жасайды. Соңғы уақытта ұстаздар, мысал үшін 9-сынып оқушысына мектеп бағдарламасын толық аяқтатып, университеттің 1-2-курс денгейіндегі тапсырмаларды орындау мүмкіндігіне жеткізгенде ғана облыстық, республикалық жүлдегерлер шығатындығына көздері жетті. Мектептегі ұстаздар университет ұстаздарымен тығыз байланысқа түсіп оқушылар білімін шыңдауға жағдай жасайды.
Каникул күндерінде көпшілік пәндерді қамтитын «Интеллектуалдық пән лагері» жұмыс жасайды. Ұстаздар пән лагерінің ашылу мен жабылуын салтанатты түрде өткізіп, белсенді оқушыларды марапаттайды. Пән лагеріне деген оқушылардың қызығушылығы өте жоғары, жыл сайын саны да артуда.
Жазғы каникулға шығатын оқушыларға арнайы әдебиеттер тізімі мен тапсырмалар ұсынылады. Осылайша жұмыс үздіксіз, жүйелі атқарылады да, белгілі бір нәтижеге ие болады.
Олимпиададағы білім додасы оңай емес. Ол жарысқа «жүзден жүйрік» шыққандар ғана қатысады. Қас пен көздің арасында жаңарып жатқан ақпараттар тасқынынан, өзіне қажетті білім нәрін іріктеп ала алатын, өз бетімен ізденетін, қажырлы, еңбекқор, өзінше намысы бар оқушылар ғана жүлделі орынға ие болды.Сол себепті мектептің ұстаздар ұжымы облыстық, республикалық олимпиадаларға өз оқушыларын үлкен дайындықпен жібергені дұрыс.
Лицейімізде жыл сайын олимпиада жүлдегерлері, Президенттік олимпиада жеңімпаздарының саны артуы – жоғарыда қойылған талаптар мен жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Әр тоқсан соңында республика деңгейінде олимпиадашылардың білімін сарапқа салып, жүлдегерлер марапатталып отырылады. Олимпиадашыларды каникул күндерінде басқа облыс мектептеріне тәжірибе жинақтауға жіберу де дәстүрге айналған. Қазақ тілі пәні бойынша үстіміздегі жылы 11-сынып оқушысы Батыр Гүлзира мен 10-сынып оқушысы Нұралы Ақботаның жетістіктерін мақтанышпен айтуға болады.
«Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр», – дей отырып, Елбасы Н.Ә.Назарбаев қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнінің терең білгірі болуды ғана емес, Эдгард Хабард айтқандай, «Баланы оқытудың мақсаты – оны әрі қарай мұғалімнің көмегінсіз-ақ дамуға қабілетті ету» деңгейіне жеткізуді талап етеді. Сол талап үдесінен көріну – әрбір ұстаздың абыройлы міндеті.
Есбосын Нағиша Қожаққызы
№10 дарынды балаларға арналған
облыстық қазақ-түрік лицей-интернаты
Қызылорда қаласы




Тіл – барлық білімнің кілті




Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.