Электронды БАҚ-та (abai.kz және mtdi.kz сайттарында) және телеарнада (Алматы телеарнасы) қазақ руханиятына қатысты бірқатар іс-шараларға ат салысып жүрген «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қорының қаржылай қолдауымен Мемлекеттік тілді дамыту институты инновациялық технологияларды пайдалана отырып, жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында халық ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлерді біріздендіру шараларын ұйымдастыруға арналған «Бесігіңді түзе» жобасын жүзеге асыруды бастағандығы туралы айтылған еді. Бала тәрбиесіне берері мол осы жобаның жұмысы жайлы институттың басшысы Бижомарт Қапалбековке жолығып мән-жайды білген едік.
– Бұл жоба идея күйінде қалмас үшін тырмысып жұмыс жасап жатырмыз. Ұсыныспен Мәдениет министрлігіне шыққан болатынбыз. Тіл комитеті төрағасының атынан «мәселе министрлік назарында болады» – деген жауап келді. Жобаны бірқатар демеуші компанияларға да жіберген болатынбыз, ішінен Исламбек Салжан мырза басқаратын «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қорынан нақты қолдау таптық. Міне, бүгін концепциясы жасалды. Стратегиялық жоспары, жұмыс кестесі бекітіліп, жұмысты бастап кеттік.
– Демеуші компания жайлы кеңінен айта кетсеңіз.
– Оны сол компанияның өкілдерінен толық сұрап білген жөн шығар. Менің білетінім «Алтын қыран» Уолд Диснейдің «Көліктер-2» деген анимациялық өнімін қазақ тіліне аударуға зор үлес қосқан компания.
Мені оларға жүгіндірген де осы. Алғашқы кездескенде компания басшысы Исламбек Салжан мырза өзінің бизнестегі жора-жолдастарының ішінде «Алтын қыраннан» он есе бай компаниялардың жетекшілері бар екендігін, бірақ олар қайырымдылыққа немесе қазақ руханиятына бір тиын шығарғысы келмейтіндіктерін, барлығының шетелдерде жылжымайтын мүліктерінің барлығын, ал өзі артық қаржысын тек қайырымдылық шараларға жұмсайтындығын айтқан еді. Қоғамда оның осы игі істері бағаланып, Исламбек мырза былтыр «Алтын жүрек» сыйлығының, «Тіл жанашыры» сыйлығының иегері атанды.
– Жобаның жүзеге асу барысы, жұмыс жоспары, мерзімі туралы айта кетсеңіз.
– Жобаны іске асыру жұмыстары екі кезеңнен тұрады, бірінші кезеңде халық ауыз әдебиетінің анимацияға жарайтын кейіпкерлерін іріктеу және мәтіндегі сипаттамаларын табу, ережесін жасап, суретшілер арасында байқау өткізу, мамандардан білікті, кәсіби комиссия құрып, кейіпкерлерді таңдап, бекіту жұмыстары атқарылады. Ал екінші кезеңі – ол насихаттау кезеңі деп аталады. Менің ойымша, оған барлық ресми органдар – Мәдениет министрлігі, Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі тәрбие және орта білім комитеті, Ақпарат министрлігі, сондай-ақ балаларға арналған БАҚ, балаларға арналған баспалар жұмыла ат салысуы тиіс. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шығады».
– Ауызды құр шөппен сүртуге болмас, балаларға арналып жасалып жатқан дүние баршылық қой. Қаншама баспалар бар, балаларға арнап кітаптар шығаратын, БАҚ-тар бар. Қазақфильм мультфильмдер шығарып жатыр, Алматы қаласының Тіл басқармасы Алдар көсе туралы мультфильмдер желісін түсіртіп, таратып жатыр дегендей.
– Иә, балаларға арналып жасалған дүние көп, бірақ ортақ жүйелі бір бағдарлама жоқ. Жай ғана мысал, Қазір «Алдар көсе» туралы анимациялық фильмдер, көркем фильмдер, балаларға арналған кітаптар баршылық, бірақ ортақ концепция жоқ, әркім білгенін істеп жатыр. Қазір интернеттен Алдардың суретіне сұрау салсаңыз, сізге отыз түрлісін шығарып береді.
Бала да ересектер де оның қайсысы Алдар екендігін нақты айта алмайды. Есесіне шетелдік анимациядағы бастары үшбұрышты, төртбұрышты құбыжық кейіпкерлерді бірден таниды. Бұл деген масқара емес пе? Ата-бабам қалдырып кеткен мол мұраның үстінде отырып, ұрпақты содан сусындандыруға жарамай, жаһандануға жұтылып бара жатқандаймыз.
– Сонда не істеу керек деп ойлайсыз, бала тәрбиесіне арнап бір ресми орган құру керек пе? Бәрін жөнге, ортақ арнаға салып отыратын.
– Жоқ, ешқандай ресми органның қажеті жоқ. «Мәдени мұра» сияқты немесе Білім және ғылым министрлігіндегі «Балапан» бағдарламасы сияқты балаларға арналған арнайы үлкен ауқымды іс-шара қажет. Қазір ақпарат алуда баспа өнімдерінен гөрі электронды құралдар күш алып тұрған кез. Мәдени мұра бағдарламасы өте қажет, бірақ ол жинап, сақтау жұмыстарынан ғана тұрады. Ата-баба мұрасы мұражайда тұратын реликвийлер болып қалмауы керек. Ол мұра бүгінгі өмірдің қажеттілігіне айналуы керек. Бүгінгі қоғамда жұмыс істеуі керек. Сол үшін оларды заманауи электронды құралдарға салу керек. Оны насихаттауда немесе бала тәрбиесінде пайдалануда тек кітап емес, бүгінгі барлық инновацияны пайдалану керек және әркім өзбетінше шаппай, ортақ бағыт белгілеп, жұмыла жұмыс істеу керек.
– Барлығын бір шыбықпен айдау деген кешегі кеңестік жүйенің әдісі емес пе?
– Рас, кеңестік жүйеде ондай әдіс болған, бірақ ол жүйе сол арқылы өз мақсатына жетіп отырған. Біздің шығармашылық еркіндік дегенде тапқанымыз Алдар көсенің отыз түрлі суреті ме? Дәл осылай кете берсе, ұрпағымыз жаһандануға тұтастай бой алдырып, өз өзегінен айырылып, мәңгүрттеніп, өзге мәдениетке бой ұрып, өзінікін өткен тарих деп қана қабылдай бастайды. Біз қазір халықтың ғасырлар бойы жинаған білімін пайдаланбай, мансұқ етудеміз. Ауыз әдебиетінде торы, күрең құла, жирен боз, шұбар, бурыл – деген тұлпар атаулары кездеседі. Бұның бәрі жылқының түстеріне байланысты қойылған. Осыларды мал көрмеген қаладағы қазақ баласына заманауи инновация арқылы сіңірсе ол түстерді «пепельный», «асфальтный», «апельсиновый», «морковный» – деп атамас еді.
– Қазіргі Тіл комитетіне, Қалалық, Облыстық Тіл басқармаларына тілді дамыту үшін қыруар қаржы бөлінетіндігі белгілі. Солар қайда жұмсалады? Сол қаражатпен-ақ тілге қатысты, бала тәрбиесіне қатысты барлық қажеттілікті өтеп отыруға болмас па?
– Өткен күзде Үкіметтік емес ұйымдардың біріккен комитеті Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік тілі туралы» заңының жобасын жасап, көпшіліктің талқылауына ұсынды. Онда Тілдің дамуына бөлініп жатқан қаржы, жалпы алғанда қомақты болғанымен, сарапталып айқындалған мақсаттарға емес, жолай және субъективтік пікірлердің ықпалымен анықталған бағыттар мен жобаларды қаржыландыруға жұмсап келеді – делінген. Мен осы тұжырымға толықтай қосыламын. Бұған қосарым, мемлекеттік тілді орыс тілділерге үйретуге қатысты өнімдер шығаруды күрт азайту керек. Өйткені, бүгін қазақ тілін қазақ аудиториясында оқыту әдістемелері артта қалып қойды. Қазақ баласына қазақтығын сақтау бойынша жұмыстар ескерусіз қалды. Жапондар бала тәрбиесінің бас кезінде көпке дейін өзге тілді жолатпауы неден деп ойлайсыз? Бұл дегеніңіз мынау жаһандану дәуірінде өзін ұлт ретінде сақтаудың бірден бір жолы. Ағылшын тілін, орыс тілін үйренбей қалады деп бесіктен белі шықпаған балаға тықпалаудың еш қажеті жоқ. Ол тілдер ақпарат кеңістігі арқылы баланың өкпесін тесіп өздері-ақ кіреді. Бізге қазір өзгеге тіл үйреткеннен гөрі өзімізді сақтау амалын көбірек ойлап, қаржыны соған көбірек жұмсау керек. Ал өзгелер қажеттілік пен сұраныс тудырсақ өздері-ақ ертең сайрап шыға келер еді.
Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен,
Өміржан ӘБДІХАЛЫҚ
20.04.2012 «Дала мен қала» газеті









Пікір жазу
Пікір орналастыру үшін кіруіңіз жөн.